Қыздардың жүрісі

Қыздардың жүрісі
Фото: Нұрболат Досжан

Түскі тамақты ішіп болғаннан кейін жарым сағат, бір сағат есіктің алдында тұратыным бар. Шопырлардың қасында. Өткен-кеткенге қарап, өткен-кеткенді әңгіме қылып дегендей. Төмен жақтан салық бөлімінің, ана тұстан ҚБТУ, мына тұстан тағы бір мекеменің қыздары келе жатады. "Қағанатқа" қарай. Тамақтануға. Соның бәрі біздің алдымыздан өтеді. Біз сол ұрмада тұрамыз ғой. Тұрайық деп тұрмаймыз. Тұрар жеріміз де тұрысар жеріміз де осы. Тұрғаннан кейін жай тұрмайсың, қарай тұрасың. Шопырлар тұрғысынан айтып тұрмын. Ал мен онша көп қарамаймын. Қарасам да ғылыми-зерттеулер тұрғысынан қараймын. Ал аналар тап-таза жігіттік көзбен қарайды. Жас қой енді. Ал біз ерте қартайған жандармыз. Жә, ақтала бермей сөзге көшейік.

Ол шопыр жігіттер қыздардың бәденіне (түріне, фигурасына) қарайды. Ал, мен жүрістерін қызықтаймын. Әр қыздың жүрісі әртүрлі. Әр қыздың екі түрлі жүрісі бар. Асханаға келе жатқандағы жүрістері бөлек те шыққаннан кейінгі жүрістері мүлде бөлек. Келе жатқанда аяқтарын тық-тық басып, тез-тез келе жатады. "Өшірет көбейіп кетпесе екен" деген асығыстық бар және аш қарынның әсері бар. Ал шыққандағы жүрістері мүлде басқа. Бағанағы жылдамдық екі есеге азайған. Асықпай, аяқты баппен басып келе жатады. Екі-үш қыз шықса тіпті керемет. Маңғаз, мамыражай, сабырлы. Ойсыз болса да салиқалы қадамдар. Қарын тойған, уайым жоқ. Бұл бір сағаттың ішіндегі, асханаға кіру мен шығудағы айырма ғана.

Ал, енді мезгілдегі айырманы қараңыз. Күн жылы кезде қыздар әрбір қадамын сәнмен басады. Арқасы тырыспаған, денесі құрыспаған. Алпыс екі тамыры иіп, өмір сүйіп бара жатады. Ал, аяқ-асты күн салқындап, жаңбырдың соңы қарға айналып, суық азынап кеткенде көріңіз. Баяғы сәнді жүрістердің бірі де жоқ. Адамды жүрісіне қарап тану керек болса, өз әйеліңді танымай қаласың. Айыру қиын. Бәрі бір ғана жүріс тауып алады. Арығы да, толығы да, ұзыны да, қысқасы да. Арқа тырысқан, дене құрысқан. Ол кезде ненің сәнді жүрісі? Түсіндіре алмадым-ау деймін иә. Онда әнмен, күймен түсіндірейін.

"Қағанатқа бара жатқанда қыздар:
чип-чип-чип,
чип-чип-чип,
Мария Магдалена аруым" - деген ән сияқты жылдам кетіп бара жатады.

Ал шыққандағы жүрістері мынаған келеді:
Арманды дара қумаймыз,
Құстың қос қанатындаймыз,
Тауларды бетке алып нәнәнім-нәнәнім. Немесе: Біз екеуміз бәйшешектей ерте гүлдедііііік.

Ал жаздағы жүрістеріне қарасаңыз Секен Тұрысбековтың "Көңіл толқынын" елестетуге болады. Ал мына күн қақап тұрғандағы жүрістері "Сары арқа", мен "Адайды"тартып бара жатады ғой. Дыңғы-дыңғы-дыңғы-дыңғы-дыңғы-дыңғы деп бара жатады. Общым не керек жүрісіне қарап қыздарды тануға болады.

"Маң-маң басып, маң басып,

Шудаларын шаң басып" жүретін кезге жетулеріне тілектеспін.

Қыздарға қарауға болады. Бірақ сұлулықты тамашалаушы, табиғатқа сүйсінуші адам ретінде ғана. Нәпсіңе ие болсаң болды дегенді бір жерден естігесін жай адам ретінде қарағанда ойлаған ойымыз ғой. Мен көп қарамаймын негізі. Шопырлар ғой көп қарайтын.

Бейбіт Сарыбай

@. @assel_assanova