Толымбек Әлімбекұлы. "Әйелдерге төрт ақыл"

Толымбек Әлімбекұлы. "Әйелдерге төрт ақыл"
Фото: vk.com

Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлының  "Әйелдерге төрт ақыл" атты сатирасын ұсынамыз. 

Әлем жайлы, әлемнің әдемісі әйелдер жайлы әңгіме таусылған емес, таусылмайды да. Ақындар да, ақын еместер де әйел тақырыбына келгенде көмекті өлеңнен іздейді, аузының суы құрып жырлайды. «Әйел құлағымен сүйеді» деген қағида бар емес пе?! Сондықтан әйелдің құлағына лапшаны салақұлаш қып іле бер, іле бер. Лайықты теңеу таппай тентіреп кете жаздайды. Күнге теңейді – күндіз күйдіргі екенін, Айға теңейді – түндегі түнерген салқын екенін айтқысы келетін болуы керек. Мен де әйел дегеніміз жайқалып өскен гүл дер ем, жұлып аласың да құшырлана иіскейсің, иіскейсің, әбден мейірің қанады, сенің мейірің қанғанша ол да біртіндеп солады, сосын амалсыз тастай салуға тура келеді, тастайсың.
Немесе, әйел дегеніңіз әдемі, әуезді әуен - құмарлана тыңдайсың, тыңдайсың...тыңдай бересің... Оу, бір әуенді қашанғы тыңдай бересің, жалықпайсың ба, зарықпайсың ба, ол әуеннің күндердің күнінде масаның ызыңына ұласып кетуі мүмкін ғой, күйтабақтың да аракідік екінші бетін ауыстырып тұрмай ма екен, лажсыз ауыстыруға мәжбүрлісің.
Сұлулық туралы, әдемілік жайлы айтылса соның барлығын әуелі әйелден іздейміз. Еркектер тек жамандықтың көрінісі. Бұрын керісінше еді. Нанбасаңыз қараңыз: мыстан кемпір, жалмауыз кемпір бар да мыстан еркек, жалмауыз еркек атымен жоқ, жезтырнақ әйел бар да жезтырнақ еркек түп-тұқиянымен жоқ. Сол тарихи шындық бұрмаланып келеді. Қазір еркек жеті жасқа келгенше жерден таяқ жейді, есейгенше елден таяқ жейді, есейген соң әйелден таяқ жейді. Соңғы кезде «дүниедегі ең сұлу әйел екіқабат әйел» деп жүрміз. Демек, дүниедегі ең сұлу еркек сол әйелді екіқабат қылған еркек.
Осыған қарама-қайшы мысал: дүниедегі ең сұмырай еркек арақ ішіп, маскүнем боп кеткен еркек. Бұдан шығатын қортынды: дүниедегі ең сұмырай әйел сол еркекті маскүнем қылған әйел. Таразының басын тең ұстау керек. Мақтай берген соң әйелдер еркектерге қарағанда ұзақтау өмір сүреді. Себеп?
Су тамызбай шөліркеткен, шөлдеткен,
Бұл тағдырды қойсаңызшы кері кеткен.
Еркектерден аямайды қысымын
Туғаннан-ақ бесігінен, жөргектен.
Керісінше, әйелдерге кең пейіл
Аялаған, әлпештеген, ерке еткен.
Сондықтан ба, жер бетінде әйелдер
Ұзақ өмір сүреді екен еркектен.
«Неге?» деген бұл сұраққа ғалымдар
Жауап іздеп, шарқ ұрып жүр жер-көктен.
Иә, еркек
Әйелдерден тым ертерек өледі.
Білесіз бе, оның қандай дерегі?
Ертеңді –кеш ызыңдайтын құлақ жеп,
Әйелдердің...
әйелі жоқ...себебі...
Міне осындай. Ертеректе көнекөз кемеңгерлер айтқан: «Хандарда да бір мін бар, қарашасын тең көрмейді, Билерде де бір мін бар, әйелде де бір мін бар, ажары сұлу болғанмен, ақылы сай келмейді» деп. Расында да солай. Негізі Әйел еркектің қабырғасынан жаралған ғой. Ал енді осыған байланысты сүйектердің жаратылысын талдап көрейікші. Бас сүйекте мый бар ма, бар. Омыртқада мый бар ма, бар. Тоқпан жілікте, асықты жілікте, тіпті кәрі жілік пен сирақта да мый бар. Ал қабырғада ше? ... 
Сондықтан да әйелдерге ақыл-кеңес беретін бюро бар ма, бар! Газет-журналдарда «Әйелдерге ақыл-кеңес» деген бұрыш бар ма, бар! Соның барлығы жетімсіздіктен. Махаббатта да олар көзсіз көбелек секілді. Ұрынып қалады. Ол ұрынып қалғаны ұрылып қалған алма сияқты тез бұзылады. Сол себепті бұл мәселеде оларға мен де азын-аулақ ақыл айтуды жөн көрдім.
Әйелдер-ай!
Қызықсыңдар, қызық-ақ,
Жүректерді жүзімдердей үзіп ап,
Ойнайсыңдар,
Тоймайсыңдар қылыққа
Сендер жайлы әңгіме көп тым ұзақ.

Көлбең-көлбең көкжиектен мұнартып,
Құштарлыққа құрық салып, құмартып,
Жүресіңдер,
Күлесіңдер наздана
Желпілдеген көңілдерге мұң артып.

Ыстықсыңдар, суықсыңдар – мұз, аптап,
Ерікті де, желікті де тұзақтап
Қоясыңдар,
Ой, асылдар, арулар!
Шытынатып сезімдерге сызат сап.

Қылығы да, қызығы да – бәрі арман,
Тағдыр дейтін түк бермейтін сараңнан
Сұлулықты тартып алған тәкаббар
Сендерсіңдер сүю үшін жаралған.

Әйелдер-ай!
Күмбір, сыңғыр күй-үндер,
Күй-үндер де ынтығыңдар, күйіңдер!
Күйікке сап Еркектерді өртемей,
Сүйгізіңдер, өздерің де сүйіңдер!

Сұлулыққа сұлу сөзін сарқатын,
Сендер жайлы жыр толғайды өрт ақын.
Сүю , күю турасында бар онда
Әйелдерге айтатұғын төрт ақыл.

Махаббатты қадірлесең шын егер,
Ал, әйелдер, еңсе көтер, түрегел!
Сендер үшін мәңгі керек болатын
Төрт ақылға құлағыңды түре бер!

Ғашық болып көрінетін бір демнен,
Сөздері де шар секілді үрленген
Құлағыңа салақұлаш кеспе ілер 
Сүйе көрме бойдақтарды сүрленген.

Үйленбеген әлі күнге соры қайнап,
Саған да енді үйленбейді ол бойдақ.
Тұрмыс құрар сәт туғанда көр де тұр,
Қырық сылтау тауып қашар «ойбайлап».

Ән салыңдар, ойнап-күліп, билеңдер,
Бастарыңды көрінгенге имеңдер.
Ынтызар боп жүрек құлап тұрса да
Ажырасқан Еркектерді сүймеңдер!

Сезімдерін алаулатып от-арай,
Ол Еркектің боздап келіп ботадай
Үйреншікті әдетімен бір күні
Ажырасып кетуі де оп-оңай.

Тыңдай-тыңдай аңыздар мен ертекті,
Талай әйел өкінішпен жер тепті.
Сүймеңдерші «сүй» десе де елжіреп,
Әйелдері тастап кеткен Еркекті!

Қыздырмайтын махаббаттың шекесін,
Оны сүйсең өкінішпен өтесің.
Ерисің де,
жерисің де бір күні
Ол Еркекті өзің тастап кетесің.

Қонбас бақыт құнын төмен түсірсең,
Ұғына біл махаббаттың күшін сен!
Ажырасқан, бойдақтарды қайтесің,
Әйелі бар Еркекті сүй, түсінсең!

Нағыз солар тағдырыңның тиегі,
Махаббатқа алтын басын иеді.
Қос тізгінді қатар ұстап, тепе-тең
Әйелін де, Сені де адал сүйеді,
Қалғандардың қышымасын иегі!
Қыз-қырқыннан жамау-жасқау жүрегі
Оны білсе, бір Толымбек біледі.

Ш. Талап