Тәке (әдеби әпсана)

Тәке (әдеби әпсана)

Тәке

(әдеби әпсана-I циклі)

Ертеректе, біздің ауылда бір кісі өмір сүрген-ді. Тәуекел ме екен, Тәңірбай ма екен, Тәліп пе екен, нақты есімде емес. Бірақ, ел оны «Тәке» деп еркелететін. Әлгің түске шейін ұйықтайды. Сосын тоя тамақ ішіп, ауыл ішін аралайды. Салпаң-салпаң бос жүріс, одан қалса елге билік айтқыш. Жұмысы өте қиын, енді. Ақшасы да, күші де көп. Кезінде күреспен шұғылданған деседі, жұрт. Қайбірде, ауыл әкімі оның шамына тисе керек, жаңағың басшыны жерге басымен тік шаншып, талдырып тастап кетіпті. Нағыз – идеал!

Өскелең ұрпақ ағамыздың аузынан ұшып шыққан әр қанатты сөзді қағып алып, жаттап өскенін мақтан тұтушы еді. Ағайындар үлкен іс бастамас бұрын Тәкеңнің суретіне сыйыну – қалыпты нәрсе-тін. Емтихан кезінде суырған билетке бір қарап, Тәкеңнің туысқаны екенін айтса болды, мұғалімдер сондай жарымдарды «5»-пен жарылқайтын. Бар мәселені қоңырау арқылы шешетін ағамыз телефон құлағын бұрап, тұтқаның арғы жағындағы бейтаныс біреуді ұрысқан күні көңілді жүретін.

Тәкең өңді кісі еді. Бойы – ұзын, шашы – бұйра, мұрны – қыр, қасы – қалың. Шырттай киін­­ген оның жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, өзін-өзі ұстауы көбіне-көп шен-шекпендіге ұқ­сап кететін. Өмір бойына ба­қан­дай төрт кітап оқыпты. «Оның өзін бітірмеген екен...», – деп естідік. «Көктен 4 кітап түс­ті... Мен – Тәке, сол 4 кітапты да оқы­дым. Ха-ха-ха», – деп өз қал­жыңы­на өзі рақаттанып күліп ала­тын.

Тәкең кітаптің бір бетін оқы­са, екіншісін елемей өте шығатын әдеті бар-тын. Кейіндеу бұ дағдыны ауылдың мектеп жоспарына «Тә­кеңнің оқу тәсілі» деген атпен ен­гізді. Содан ба, әйтеуір оқушы атаулы кез келген көркем шы­ғарма мазмұнын баяндап келе жатып, бір сүрінетін де қайта жалғап кететін... Тәкеңді таң қал­дыру мүмкін емес.

– Тәке! А, Тәке!
– Иә-ә-ә? – дейтін ыңы­ра­нып.
– Сенсация, Тәке! Әлем ға­лым­дары марсияндықтардың «Ақ­қоян» тұсында «Қызыл жұл­дыз­ға» көшіп кеткен қазақтар еке­нін анықтады.
– Бопты.
– Тәке! Нобель сыйлығының бү­кіл номинациясын бір жылда-ақ біздің қазекеңдер сыпырып ке­тіпті...
– Е-е-е.
– Тәкем-ау, мына ғажапты қа­­расаңызшы! «Массондар ложасын» қазақ басқарады екен.
– М-м-м.
– Тәке! Америкада бір зәңгі қа­тын қырық ұл туыпты. Құда­ның құдіреті, Алла, Алла...
– Со да сөз боп па?!
Ешнәрсеге таң қалмайтын Тә­кеңнің талғамы кісі таң қалар­лық еді.
– Менің Талғам-таразым ал­тын­нан жасалынған. Оны білемі­сің­дер, сендер?! О, таразы артық-кем дегенді білмейді, тұп-тура етіп өлшеп береді.

Тәкең рас айтады.

Сауаты жетпесе де бір кездері орыс тілінен сабақ беруге талпынып көрген. Жастарға воск­ре­сенье­ні – оскресенье, субботаны – уббо­та, вторникті – торник деп үй­ретіпті. Содан ба екен, әйтеуір ба­ла­лар әр сөздің бірінші әрпін жұтып қоятын. «Әр кәлләда – бір қиял» деген, ағамыз өз сөзді­гін кітап етіп басып шығаруды ар­ман­даған. Содан... құзыретті ор­ган­дардың құлағын ұстағандар осы­нау бастаманы «генийальный дү­ниеге» балап, қағаз-құжатына қуа­на-қуана қолын қойып, мөрін ба­сып беріпті. О, ғажап сөздік әлі бар!..

Ағамыз қолына түскен гәзет-жор­налды оқи береді, оқи береді. Айдарына, мақала мен автордың атына, мезгіліне, тақырыбына қа­рамайды. Тәкең үшін Әлем хаос пен Сөз-Сөйлемнен ғана тұ­ра­ды. Сондықтан болар, Тәкең үшін:

Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауру көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты,
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген, –
се­кілді Абайдың поэтикалық күш-қуаты ға­ламат жауһар-жыры не:
Менің Отаным – Қазақстан!
Ол – ғажапстан.
Басқа да ел бар ғой,
Ауғанстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, – 

сынды жұрт арасындағы тақпақ не, бәрібір. Шөп те өлең, шөңге де өлең деген осын­дай­да айтылған-ау, сірә! Үйінде кемпірауызбен тетігін дырылдатып ауыстырып отыратын ескі теледидар емес, су жаңа техника. Көкэкранға телміргені телмірген. Ағамыз күлетін жерде жылайды, жылайтын жерде күледі, қол шапалақтайтын тұста бұйығылау отырып, ал қажет емес кезде: «Жа­­райсың! Молодец! Айың оңы­нан тусын», – деп елдің есін шы­ғара бөлмені айнала жүгіріп, ерек­ше қуанатын тосындау мінезі барын мұқым ауыл біледі. Тәкең адамның атақ-дәрежесін таны­малдылығымен өлшейді. Жазушы бол, ақын бол, суретші бол, мейлі «өнердің өгізі» бол, бәрібір, саған адам деп қарамайды. Ал, ай­маққа атың шықса, сенен сыйлы жаратылыс жоқ. Алдында біреу халық алдында артын ашқан, тұрсиын шешкен. Сол тәп-тәуір танымал боп, Тәкең арнайы сыйлық берді: «Елге сіңірген еңбегі үшін».

Тәкеңнің тамақ ішкені де – бір қызық: алдына келгенін отай береді, талғамайды, жеркенбейді де. Ол той-томалақ, өлім-жітім, жиын-шара, басқосулардың – сәні, онда көсемдерше көсілгенде Сайтан­ның өзін састырады. Со жылдары депутаттыққа таласқан еді, өтпей қалды, байқұс. Оған мұңайған Тәкең жоқ.

– Билік пен дүние – қолдың кі­рі. Жазып алыңдар. Бұны айт­қан, мен – Тәке...

Ағамыз жанында жүрген пы­сықтарға, барынша жағын­ған­дар­ға қамқор боп, қолдан келген көмекті аямайтын. Ал, мінезділер мен ойшылдардан аулақ жүретін.

– Оу, Тәкесі көңіл-күйіңіз жоқ қой. Біреу ренжіткеннен сау ма? – деді көршісі қас-қабағын аң­дып.
– Ренжітті!
– Не болды?

– Асанбайдың асында біреу маған қарсы шықты. Өзі ешкімді менсінбейді, түге. Әлі ешкімнің ау­зынан шыға бермейтін: «Кітап оқымаңдар, ойын-күлкіге ден қойыңдар...», – деген керемет ой ай­тып қалып ем, беттен алып, төстен шапқаны бар емес пе, әлгі жерде?!

– Ойбай, Сіздей Ұлы да ақыл­ман­ға қарсы шығуға кімнің дәті жет­ті екен?
– Ана бір топас. Әне... Кетіп барады.
– О, неменің осы ауылға кө­шіп келгеніне апта да болған жоқ. Атын да білмеймін. Қазір...
– Шара қолданыңдар!.. Дереу...

Со күні әлгі жас жігіт жер ау­дару­ға мәжбүр болды. Жоқ, мәж­бүрледі.

– Менімен сөйлесудің этикасын білмесе, онда үйретіңдер!
– Кешіріңізші, Тәке! Кеші­ріңіз­ші, Тәке! – деді Чеховтің бір кейіп­кері сияқты қайта-қайта иі­ліп.
– Бүгіннен бастап бұ ауылға Ме­нің айтқаныма көніп, ай­дағаныма жүретін адамдар ғана кірсін.
– Мақұл, мақұл, мақұл... – де­ді тұрғындар бүгежектеп.

***

Тәкең бір қарағанда, сонша­лық­ты жаман адам еместей к­ө­ріне­тін. «Ел құлағы – елу» ғой. «Же­тім-жесір, жоқ-жітік, кедей-кеп­шікке жәрдемдесуді өзіне па­рыз санайды екен», – дегенді бір емес, бірнеше рет естігенмін. Алайда, со баяғы талғамсыз­ды­ғы­мен-ақ бәрін жуып-шайып кету­ші еді. Соның әсерінен ненің жақ­сы, ненің жаман екенін де айыра алмайтын. Кейде... жоқ кейде емес, көп жағдайда кінәні өзінен гөрі өңгеден іздеп, бар айыпты біреуге аудара салудың шебері болатын, ағамыз. Нәзіктік пен сезімталдықтан ада болған­дық­тан әдебиет, сурет, музыка, би, мүсін, ән, күй, жыр-термені аса түсінбейтін. Поэзияны сұлу теңеулері үшін, ал прозаны мазмұн байлығы үшін ғана оқуға тырысатын. Бірде мерейтойы – алпыс жылдығы қарсаңында өзі туралы кітап шығарды. Осы сәт айрықша есімде қалыпты-ау. Жи­нақты парақтап отырып, өңір­дің кіл мықтыларының Тәкең туралы мақтауға толы мақа­ла­ларын көріп, бас шайқа­дық. Ондай метафоралар Верги­лийдің де, Қазтуғанның да түсіне де кір­меген шығар.

– Ақша берген ғой... – деді шылымын езуіне қыстырған бір кісі іштегі қызыл-түлкі қызғаны­шын жасыра алмай. – Қара­май­мысың, қас-дұспанының өзі өл­ген­ше мақтаған-ды.

Ең сорақысы сонда – Тәкең өз ұстанымын абсолютті дүние ре­тінде ұсынатындығында. Аға­мызды құбылыс деуге болар. Уа­қыт құрсағында жетілген құбы­лыс... Тәкең өмірге сынаптай ике­мді бола тұра, үлкен идея кезін­де сырғанақтамай, өзін «ел қамын ойлаған Едіге» ретінде көрсетуге бейім-тұғын. Сөйтіп, ұлт алдында ұпай жиып, билік ба­сындағылардың бейресми тізі­міне ену – басқы мақсұты. Бірде: «Жаратушы бар!» – деп жар салған ол, көңілсіз кезде бірден жоққа көшеді де, аузына келгенді оттайтын. Белгілі бір кітапты оқы­маса да: «Оқыдым!» – дей сала­тын да, сырттай пікір айтатын еді ғой. Өтірікті соққанда Тазшаң да, барон Мюнхгаузен де жолда қалатын. Тәкең бір нәрсені айта бастады дегенше, сөз ауаға сіңді дей бергін. Содан болар, біздің ауылда Сөз өз салмағын жоғалтып, Жер мен Көктің арасындағы сан қабаттың бірінде қалқып жүруші еді. 2 беттен аспайтын мөлтек әңгімені талдағанын көрсеңіз, жасырып қайтейік, ұяттан жерге кіріп кете жаздайтынбыз. 1-ші сынып оқушысы – Тәкеңнен гөрі талдампаз, Тәкеңнен гөрі бай­қам­паз. Сонысымен қоймай, әде­биет жөнінде ірі-ірі, ұстынды әрі ғылыми-танымдық рецензиялар жазып әуре. Оның өзін Әлемге аты мәлім ғалымдардың кітабынан көшіріп алған. Соның біразы орысша, ағылшынша, немісше, французшаға аударыл­ған-ды. Кейін со «классикалық үлгідегі еңбегі» үшін белді де, беделді сыйлық алды. Ағамыз:

– Құран-Кәрімде: «Қара қы­тай қаптайды» деген сөзді оқып қал­дым. Қазір тіл үйреніп жүр­мін. Қытайша. Шанхай немесе Пе­кинге барып бір-екі жыл тұ­рып қайтсам ба екен, а?! – деп қойып қалғаны бар емес пе.

Бір кездері әдеби-мәдени мұ­ра­сы өте бай қытай халқы шайыр­ларының өлеңдерін жаттап жүрген. Ду Фу мен Ли Бо өлеңдерін мен­сінбейді. Кейде шабыты қысқанда ұйқаспайтын ақ өлең аузынан ағылады дейсің. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған соң оған... оған емес оларға Сот жоқ. Бір күні... таңертең ғой дей­мін.

– Бір роман жаздым. Махаббат туралы. Соны Нобель сыйлы­ғы­на ұсынбақшымын, – деді Айды аспанға шығарып. – Оның да амалын табармыз.

Айтқандай-ақ, еуропалықтар Тәкеңді мәртебелі басекенің есігінен де сығалатпай қойған екен. Көргендер айтады...

Тәкеңнің дүниеден өтерде айт­қан соңғы сөзі: «Талғамға талас жоқ!». Ағамыздың дәл осы сөзі рас, енді. Себебі, басқа-бас­қа, бі­рақ «талғамға талас жоқ» екені бұлтартпас шындық. Бірақ, оған әркім өз биігінен қарайтыны тағы бар. Ең қорқыныштысы – бүгіндері арамызда Тәкеңдер өте көп. Мольер ақсақал айтпақшы: «Қызған­шақтар өлсе де, қызғаныш өлмейті­нін­дей», Тәкеңдер тірі тұрғанда тал­ғ­ам­сыздық та жойылмайтын шы­­ғар!..

Әлібек Байбол

Т. Раушанұлы