Э. Хемингуэйдің қазақ тіліне аударылған таңдамалы туындылары

Э. Хемингуэйдің қазақ тіліне аударылған таңдамалы туындылары

Хемингуэй шығармаларында адам мен табиғат арасындағы тылсым байланыс байқалады. Өзіндік жазу стилімен ерекшеленеді. Табиғат жаратылысы мен адам психологиясын терең түсінуге аса мән берген. Шығармаларында адамның жай-күйін көркем баяндайды. Жазушы шығармаларының бірсыпырасы қазақ тіліне аударылған.

“Қош бол, майдан” романы (A Farewell to Arms ) 1929 жыл, аударған Құрманғазы Қараманұлы

Америкалық сәулетші Фредерик Генри Италиядағы Бірінші дүниежүзілік соғысқа ерікті ретінде қатысады. Ол лейтенант шеніндегі санитарлық бөлімнің көлік командирі қызметін атқарады. Мұнда Фредерик ағылшын ауруханасының медбикесі Кэтрин Барклаймен кездесіп және олардың бір-біріне деген сезімі пайда болады. Одақтас әскерлердің бірқатар жеңілістері мен шегінуінен кейін көп ұзамай Фредерик америкалық акцентіне байланысты итальяндық дала жандармериясының тыңшылық айыбына ілігеді. Кэтринмен бірге ол бейтарап Швейцарияға қашады. Сөйтіп соғыстан да айыптан да құтылғандай болады. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмайды. Фредерикпен қарым-қатынасынан Италияда жүкті болған Кэтрин Швейцария ауруханасында босану кезінде қайтыс болады.

"Килиманджаро – қарлы тау" (The Snows of Kilimanjaro and Other Stories), 1936 жыл, аударған Н. Әбуталиев

Жазушы Гарри Смит африкалық сафариінде тізесін жарақаттап алады. Сол жарасы асқынып Танзаниядағы Килиманджаро тауының етегіндегі шатырда гангренадан өлім аузында жатады. Топтың жүк көлігі бұзылып Гарри емханаға бару үшін ұшақты күтеді. Осы уақыт аралығында ол өзінің шынайы махаббатымен кездескен Испания, Париж туралы, жазушылық қабілетін жойған ұстанымдарына опасыздық жасау туралы ойланады. Осының бәрі мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуге әкеліп, кейіпкер дүниеге неліктен келдім, келген екем кімге қандай жақсылық жасай алдым? Деп бас қатырады.

Шығарма соңында Гарри қайтыс болады.

"Шал мен теңіз" (The Old Man and the Sea), 1952 жыл,  аударған Н. Ғабдуллин

"Шал пен теңіз" – 1952 жылы Биминиде, Багам аралында жазылған шағын повесть. Хемингуэйдің көзі тірісінде жарық көрген соңғы көркем шығармасы. Кубалық балықшы қарт Сантьягоның өміріндегі ең үлкен олжаға айналған алып балықпен ашық теңіздегі күресі туралы әңгімелейді. Осы шығармасы үшін жазушыға 1954 жылы "Нобель" сыйлығы берілді.

"Қызығы мол сол жылдар" (A Moveable Feast), 1964 жыл – аударған Н. Әбуталиев

Кітапта жас жазушының алғашқы әдеби тәжірибелері мен 1920 жылдардағы бірінші әйелі Хэдлимен болған өмірі суреттеледі. Париж өмірінің кезеңі туралы автобиографиялық кітап жазу идеясы Хемингуэйге Францияға келгенде туады. Себебі ол жоғалтып алған қолжазбаларын тауып алады. 1956 жылы тамызда Хемингуэй мен әйелі Мэри Уэльс Хемингуэй Еуропаны аралап, қайтып келе жатқан жолда Парижге тоқтайды. Сол жерде жазушыға сонау 1928 жылы Париждегі Ритц қонақ үйінің жертөлесінде ұмытып кеткен екі кішкентай чемоданы қайтарылады. Бұл чемоданда жазушының Франциядағы өмірін сипаттайтын дәптерлер бар еді. Күтпеген жаңалық жазушыны қуантты және ол бұл жұмысын жалғастыруға шешім қабылдайды. Жазушы 1957 жылдың күзінен 1958 жылдың көктеміне дейін «Қызығы мол сол жылдар» деп аталатын естелік кітабын жазады.

Т. Раушанұлы