Гүлжан Амангелдіқызы: "Қазақ халқының салт-дәстүрінде терең философия жатыр"

Гүлжан Амангелдіқызы: "Қазақ халқының салт-дәстүрінде терең философия жатыр"

22 сәуірде Алматыда Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында жазушы Гүлжан Амангелдіқызының "Раушангүл" атты тырнақалды прозалық жинағының тұсауы кесіледі. Массагет порталы автормен тұңғыш кітабы және бүгінгі әдебиет туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрды.

 ***

– Гүлжан Амангелдіқызы, жақында  "Раушангүл" атты прозалық жинағыңыз жарыққа шықты. Өзіңіз туралы оқырманға кеңінен айтып берсеңіз.

– Қалыптасуы кезеңі Тәуелсіздіктің сындарлы жылдарымен тұспа-тұс келген ұрпақтың өкілімін. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Жоғарғы Егінсу ауылында дүниеге келгенмін. Өр Алтайдай маңғаз тауы бар, жазиралы жайлауы бар, жеміс-жидек деймісіз, мың түрлі шөп дейсіз бе табиғатқа бай, елдің бәрі жаз болса келіп демалып кететін Алакөлдей көлі бар киелі жерде өстім. Әке – шешем қарапайым адамдар. Әкемнің мен ес білгелі істемеген ісі қалмаған сияқты. Комбайн, трактор айдады, ұсталық та қылды, мал да бақты. Шешем тоғыз баланы дүниеге әкеліп, біз есейген соң колхоздың сиырын саууға жұмысқа шықты. Таңбозынан кеткеннен кешке сүрініп келіп құлайтынын, сосын таңғы төртте тұрып қайта кететінін білемін. Осылайша қысы-жазы колхоздың жұмысын істеп, бізді қатарымыздан кем қылмай өсірді. Қанша бейнетке толы өмірін көрсем де мен әке-шешем туралы жаза алмайды екенмін. Неге екенін білмеймін. Әйтпесе әкем бала кезден әкесі қайтыс болғаннан кейін оқуын тастап, ерте жұмыс істеуіне тура келгенін айтып отыратын. Тағдырының қиын болғанын әкемнің ұзынсонар әңгімесінен байқайтынмын. Бала болдық па сол әңгімелеріне сол кезде аса мән бермеген екенбіз. Әкем оқымай қалса да гармонда құйқылжытып ойнайтын еді. Тіпті ауылда әкеме тең келіп, гормон ойнайтын адам жоқ еді. Қазір ойлаймын ешқандай музыка сауаты болмаса да қандай шебер ойнаған деп. Менің күйсандықта ойнауым әкемнен берілген қасиет шығар деп ойлаймын. Әкем өте қатал адам болды. Біз ешқашан әкемнің бетіне келіп көрмегенбіз. Ол не айтса, сол заң біздің үйде. Ал шешем ешқашан әкемнің бетіне қарап сөйлеген адам емес. Мен ес білгенге дейін шешемнің тек әкемнің қабағынан ұғып, алдында зыр жүгіретінін көріп өстім. Тіпті қартайғанда да шешем әкемнің алдынан қия өткенін, бетіне қарап дауыс көтергенін естімеппін. Қазір ойласам, әкемнің жүрегінің түбінде терең мұң жатқан екен ғой. Соны бізге көрсетпеу үшін өзін суық ұстаған екен. Сол мұң жүрекке тереңдей еніп, әкем ақыры жүректен кетті...   

Әкем мен шешемнің бейнетке толы өмірін көрген соң ба, өскенде оқып, үлкен адам боламын, сосын  әке-шешеме көмектесемін дейтінмін. Бала арманымның қаншалықты орындалғанын білмеймін, бірақ бір әке-шеше он баланы асырай алатындығын, ал он бала бір әке-шешені асырай алмайтындығына көзім жетті. Олай дейтінім сегізіміз есейіп, бір әпкем ерте қайтыс болған, жан-жаққа кетіп өз отбасымызбен болып кеткенде солардың қалін біліп тұруға уақыт таппай қалатынымызды жасырмаймын.

Ештеңе бітірмесем де әкем менімен мақтанып жүрсінші деген ниетпен жазған шығармаларымды газетке бергенде әкемнің атымен беретінмын. Гүлжан Амангелдіқызы деп жазатыным да сондықтан. Бірақ әкем менің тұңғыш кітабымның жарыққа шыққанын көрмей кетті. Бәлкім, ана дүниеде бір аунап жатқан шығар... 

– Бірқатар әңгімелеріңіз ауыл өмірін суреттейді екен. Ауыл тақырыбына баруыңызға не себеп болды екен?

–  "Ауылдан адам кеткенмен, адамнан ауыл кетпейді" деген ән жолдары бар ғой. Сол айтқандай біз ауылдан кетсек те ауыл біздің жүрегімізде мәңгі өмір сүреді. Ауылдан он жеті жасымда кетсем де әлі күнге дейін ауылды сағынып тұрамын. Тіпті ол жерден әке-шешем көшіп кеткен. Үйіміздің орыны да жоқ. Бәрібір ауыл менің сарқылмас сағынышыма айналған.  Өйткені онда менің балалығымның іздері қалды. Тай құлындай тебісіп ойнаған достарыммен, сыныптастарыммен, көрші достарыммен ойнаған, сырласқан естеліктерім қалды. Кей сәттері жүрегімді мұң басқанда, көңілім құлазыған сәттерде ауылға қарай тартып кеткім келеді. Бірақ ол жақта мені күтіп тұрған ешкім жоқ... қара шаңырағымыздың құр орны ғана қалған. Сол жақта қалған туған-туыстың қуаныш-қайғысына барғанда көзіме оттай басылып біздің кішкене кезімізде әкемнің тоғыз баласына ырымдап отырғызған ағаштары ғана жайқалып, қарсы алады. Өзегіңді өртеген ыстық жастың кермек дәмін ішіңнен жұтып тұрасың сол сәт. Отыз жыл Алматыда тұрсам да бәрібір сол қабырғасы қисық үйімнің сұлбасы ойымнан еш кетпейді. Кейде түсімде де сол баяғы үйімді көремін... Сондықтан ауыл тақырыбы  мен үшін таусылмас  тақырып. Шығармаңа арқау болатын шынайы образ да ауылда ғой негізі. Ауыл адамдарының аңғалдығы, тазалығы, ең қу деген адамының өзі қала адамымен салыстырғанда ойнамай қалады.  

Әңгімелерімнің ауыл тақырыбына арналғандығы да сол себепті.

– Кітабыңызда қазақта өзекті мәселесін көтерген "Менің жеңешем" әңгімесі кірген. Не себепті  біз өзгеде жоқ әдетті дәстүр етіп енгізіп жібердік.        

– Қазақ қауымдасып өмір сүретін халық қой. Аға-бауыр, туыс, жекжат, рулас деп кете береді. Баласы жоқ туысқанға бала беру немесе бірге туған бауырдың бауырына баласын  салып беру дегеннің түбінде жанашырлық, татулықты үзбеу деген дүние жатқан сияқты. Әйтпесе бауыр еті баласын кім біреуге бергісі келеді дейсіз? Өзім өмір сүрген ортада да баласын берген оқиғалар кездескен. Бірақ біз соны бала болсақ та айтпайтынбыз. Өйткені үлкендер шегелеп тұрып, миымызға құятын. Ойнап жүрсек те, төбелесіп, шекісіп қалсақ та сол сөзді айтпайтынбыз. Не деген сөзге беріктік деймін де. Қазір бұл түсінік өзгерген. Ешкім баласын бір туғаны болса да бергісі жоқ. Өзім де болсам  баламды қимас едім. Қазір біз балажанбыз ғой. "Менің жеңешем" деген әңгімемді жазуыма түрткі болған қазақтың осы дәстүрі еді. Осы әңгімемді инстаграмм әлеуметтік желіге салған екен сол жерде біраз талқыланыпты. Сондағы бір пікірге еріксіз көңіл аудардым. Ағасының бауырына салып берген бала есейе келе өзінің туған әке-шешесі емес екенін білгеннен кейін өз әке-шешесін де, баққан ата-анасын да кешірмей кетті деген. Қарап отырсаңыз бұл – трагедия. Бір адамның тағдыры бүлінді. Енді ол ешкімге сенбейтін болады. Өзге тұрмақ өзін кешіре алмайтын болады. Бәлкім бала кезден там-тұмдап болсын балаға жеткізу керек пе еді? Не десек те бұл дәстүр тек қазақ халқына ғана тән дәстүр сияқты. Жалпы қазақ халқының тәрбиесінде, салт-дәстүрінде терең философия жатыр ғой.

– Шығармаларыңызды оқып отырып, балалар тақырыбын қозғайтыныңызды байқадық. Қазіргі балалар әдебиетін қалай бағалайсыз, қандай кемшілігі мен артықшылығы бар?

– Балалар тақырыбына көп ақын-жазушы бара бермейді. Өйткені баланың әлеміне жеткізіп жазу, баланың тілінде сөйлеу, балаша ойлап жазу деген оңай емес. Дегенмен бізде балалар тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылар жетерлік. Ділдар Мамырбаева, Баян Болатханова, Лиля Клаус,  Асхат Өмірбай, Әлібек Байбол, Серікбол Хасан, Қуат Адис, Мейіржан Жылқыбай сынды ақын-жазушылар өндіріп жазып жүр. Былтыр  астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасы  балаларға арналаған шығармалардың байқауын өткізді. Жас жазушы-ақындар көптеп қатысты. Сол кезде өсіп келе жатқан таланттардың барын байқадым. "Атамұра" баспасынан жақында  "Балалар шығармаларының антологиясы" жинағы жарық көрді. Дегенмен де бұнымен балалар әдебиетіне қолдау тоқтап қалмау керек. Балаларға арналған шығармаларға байқаулар болып тұрса, тіпті мектеп оқушылары арасында эссе жазудан байқаулар ұйымдастырылса әдебиетке деген баланың құлшынысы оянар еді. Қайбір жылы Айжан Тәбәрәк ұйымдастырған "Қаламгер" сайтында  оқушылар арасында эссе жазудан байқау болған. Баланы ынталандыру мақсатында бірінші орынға қалтателефоны, планшет, ноутбук тікккенде қаншама оқушы қатысты. Біздің бала да қатысып, бірінші орын алып, телефон алған. Бұл да болса баланың құлшынысын арттыру, жазуға деген икемін ояту ғой. Осындай байқаулар, бағдарламалар болып тұрса көптік етпейтін еді. Биыл балалар жылы деп жарияланды ғой. Енді нәтижесін де көргіміз келеді. Әзірге көңіл қуантарлық  іс көріп тұрған жоқпын. Әлі жыл аяқталуға жарты жыл бар. Бәлкім болып қалар деген үміттеміз.

– Алматыда кітабыңыздың таныстырылымы өтеді екен. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Иә, Жамбыл атындағы кітапханада руханият жанашыры Ғазиза  Құдайбергеннің ұйымдастыруымен өтейін деп жатыр. "Раушангүл" менің тұңғыш жинағым. Оның таныстырылымын жасауды кітапхана ұжымы өтінді, жүрексінгенім рас, өйткені жазушының әр жинағы жанының бір бөлшегі ғой. Жалпы, ізгі ниетті жан үшін кітаптан аяулы, кітаптан құнды дүние болмаса керек. Ал рухтың түлейтін, мәдениеттің тоғысатын жері – кітапхана. Жарық көрген әрбір жаңа кітап әуелі оқырман қолына жетсін деп ерлікке пара-пар еңбек етіп жүрген бір орта болса, осы – кітапхана деуге әбден лайық. Сол үшін "Раушангүлді" оқырманға таныстырып, таныстырылымын жасап отырған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына құрметіміз шексіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Т. Раушанұлы