Дулат Исабековтың шығармалары швед тілінде баспадан жарық көрді

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Дулат Исабековтың кітабы швед тілінде баспадан шықты. Жазушының швед тіліндегі кітабы Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» деп аталады. Оны аударған Нобель сыйлығының лауреаты Бенгт Самуэльсон.

2019 жылы жазушының қазақ оқырмандарына жақсы таныс "Біз соғысты көрген жоқпыз", "Дермене", "Гауһартас", "Сүйекші", "Өкпек жолаушы" повестері Gün Publishing House және Hertfordshire Press баспасынан  Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp (От үрлеген күн, Мұз бүріккен жел, Жанды дала) атпен жарық көру жұмысын бастаған еді.

Бұдан бөлек швед тіліндегі жазушы жинағына "Қабылан", "Тыныштық күзетшісі" әңгімелері де енген.

Дулат Исабековтың швед тіліндегі кітабының мұқабасы

Бұл шығармалардың ішінде «Өкпек жолаушы» повесті Лондондағы Lion & Unicorn» театрында сахналанған болатын. Премьерадан кейін ағылшын театртанушылар Дулат Исабевтың пьесасы туралы жылы лебіздер айтты.

Кейіннен жазушының мерейтойына орай "Балуан шолақ" пьесасы Лондонда сахналанды.

Жалпы, Дулат Исабековтың пьесалары Еуропа елдерінде сахналанып келеді. Енді 2022 жылы Аустралия да Дулат Исабеков пьесасын сахналауды жоспарлап отыр.

Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp жинағы Швецияда ғана емес, Лондонда және Еуропаны бірқатар еліне таралады.

Кітаптың промо-презентациясы былтыр Лондонда өтті. Оның ресми тұсаукесері биыл Стокголмде жоспарланған.

Кітаптың онлайн нұсқасын Discovery Bookshop ресми сайтынан сатып алуға болады.

© inform.kz

2017  жылы жазушы Дулат Исабеков өзінің 75 жылдық мерейтойын Лондонда атап өтті. Ағылшын еліндегі Лордтар палатасында сөз сөйледі. Жалпы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук пен Шыңғыс Айтматовтан кейін Лордтар палатасында сөйлеген үшінші Түркі жазушысы болды.

Айта кетейік, Дулат Исабековтың "Қарғын" романы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша әлемнің алты тіліне аударылған болатын.

Атап айтқанда, "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" аудармалары Қытай Халық Республикасының "Ұлттар баспасы" арқылы қытай тіліне сондай-ақ, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арқылы араб тіліне және Мәскеу мемлекеттік университеті (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баспа үйінің, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен орыс тіліне, бұдан бөлек испан, француз және ағылшын тілдеріне аударылған болатын.