Кәкімжан Қазыбаев. Рақымжанның Рейхстагқа ту тігуі #6

Кәкімжан Қазыбаев. Рақымжанның Рейхстагқа ту тігуі #6
Фото: vk.com

Алдында тас құрсаулы Шпрее өзені. Одан өтетін Мольтке көпірін жау бұзып үлгермеген. Бірақ осы көпірге совет әскерін жуытпауға барын салары сөзсіз. Картада бәрі сайрап тұр. 674-інші Плехадановтың полкі рейхстагқа шешуші шабуыл жасауға әзірленуде. Ол шабуыл осы өзеннен өтісімен басталмақ. Шпреенің оң жағындағы бекініс керемет күшті. Эсэсшіл батальондар, арнайы әзәрленген «фаустниктер», зенит, авиация бөлімшелерінің ең таңдаулы бөлімдері осында төгілген. Әр үй емес, әр метр жер үшін қиян-кескі ұрыс болмақ.

***

Бірінші батальон бір кварталды тұтас алып жатқан көп қатарлы биік үйдің ауласына келіп бекінген еді.

Таңертең ертемен батальондағы барлық командирлер комбат шақырады деген хабар алды. Штаб кіре берістегі төменгі этаждың бір бөлмесіне орналасқан екен. Твердохлеб мұнтаздай боп киінген. Жағасын ауыстырып, түймесінің бәрін жарқыратып тазарттырған. Сақал-мұрты да жып-жылтыр боп алынған. Офицерлердің алды кіргенде кішкене флаконнан иіссу жағып тұрған-ды. «Батьканың» мұндай жасанғанын офицерлер көрген емес-ті. Өзі де көңілді.

– Жеңіс жақын. Біз ең алдыңғы шепте тұрмыз. Мені полк командирі шақыртыпты. Шешуші шабуылдың жайы болса керек. Жиын-терін тұрыңдар!

– Құп, жолдас майор! – деп офицерлер тік тұрды. Күткеніміз комбаттың жаңа бұйрығы. Қандай міндет, қандай қамал тұр алдыда.

– Комбат оққа ұшты,– деген әлдекімнің даусы естілді.

Рота, взвод командирлерінің бәрі де жүгіріп-жүгіріп жетті. Бас киімдерін алып мелшиіп тұр. Рахымжан соңын ала келді. Жаңа ғана жарқырап тұрған «батькасы» серейіп жатыр. Мана мұрын жарған одеколонның иісі әлі кетпеген. Бірақ онда тірі адамның үстінен аңқыса, енді өлі адамның үстінен мүңкіп тұр. Батальонның парторгі Исаковтың, политрук Атаевтың көзінде мөлтілдеген жас. Аяныш жасы, қарапайым да кішіпейіл командиріне деген қимастық жас. Жеңіс табалдырығында аяулы ақылшыларына ажал оғын кезеген мейірімсіз жауға деген ашу-ыза жасы.

Тұрғандардың дәл жанынан тағы бірдеңе гүрс ете қалды. Қираған үйдің үшінші этажынан сержант Серебряковтың саңқ еткен даусы естілді.

– Комбатты өлтірген ана сұмырай!

СС формасын киген офицердің өлігін көрсетті. Гүрс еткізіп оны жоғарыдан құлатқан Серебряков екен.

– Бұл сұмырайды екі аяғын терезе түбіндегі діңгек басып қалыпты. Ол шамасы кешегі соғыста болған оқиға. Мүмкін, бұл бүгін есін жиып, терезе жақтауынан ұстап, тысқа көз салғанда совет майорының жүгіре басып, әлдеқайда асығып бара жатқанын көрсе керек. Содан гранат лақтырған-ау деймін. Жанында жатқан пистолетке, самайынан сорғалай аққан қанға қарағанда, өзін-өзі атқан болу керек.

Көп кешікпей генерал Шатилов пен подполковник Плехаданов келді. Қаралы митингіні батальон парторгі Кәрімжан Иса­ков ашты...

Комбаттың қазасы жанына батпаған батальонда ешкім болмаған шығар. Осы батальонды өз қолымен шыңдап, өз баласындай мәпелеген командир еді ол.

Әр солдаттың өлімі оның қабырғасына қатты бататын. Адъюданты оққа ұшқанда жұрт жылағанын да көрген. Сұм ажалдың жеткен жерін көрдің бе? Рахымжанның да денесі дір етті. Әлдене тамағында түйіліп тұрып қалғандай булығып кетті.

Өлді деуге қимай тұр. Әкесінен де мұндай тәрбие көрген жоқ. Өмірдің шытырман шимайын оқи білуді үйреткен осы адам еді. Қан майданда кімнің кім қабағына қарағандай. Бірақ бұл барлық командирлердің көңіл күйін тап басып біліп тұратын. Бойында адамға деген үлкен мейірім бар-ды. Сол мейірім қан майданның небір қиын минуттарында оның бүкіл командирлік тұлғасын кесек көрсетуші еді.

Күні кеше өз бас боп кепілдеме берді, партияға өткізді. Кепілдеме берерде айтқан сөзі әлі құлағында:

– Сен бірінші кепілдікті Одерде, одан кейін Берлинде алдың. Сендей жүректі ұлдарды партияның нағыз адал перзенті деу керек.

Сол адамның көзді ашып-жұмғанша жоқ болғаны-ай. Ажал сұм неткен мейірімсіз ең.

Осы кекті сөздерді Рахымжан бүкіл жауынгерлердің де жүзінен оқығандай болды. Олар да өзі секілді зығырданы қайнап, өшпенділік отымен өртеніп тұр екен.

...30 апрельге қараған түн жарымында Шпрее өзені артта қалды. Шабуылшы батальондар жауды қыса берді, қыса берді. Өзеннен қайта өткізіп тастамақ әрекетінен ештеме шықпады. Алдыңғылар бес этажды үлкен қызыл үйге жақын келді.

Осыдан екі күн бұрын комбаттың қаланың картасын қабырғаға іліп қойып былай дегені барды:

– Міне, мына бір үш жағы доғалана келіп, солтүстікке созылып жатқан ирек – Шпрее өзені. Осының оң жағын ала түзу сызық тартылып барып, «105» деген цифрға тіреліп тұр емес пе. Көрдіңдер ме? Сол цифрдың тұсында «рейхстаг» деген жазу бар. Доғаның қайқы басы жағында – солға қарай белгіленген Моьтке көпірі. Міне, осы жерден рейхстагтың батыс жақ қабырғасына дейін 550 метрдей.

Ал мынау Швейцария елшілігінің қарсы бетіндегі Германияның ішкі істер министрлігі немесе «Гиммлер үйі». Осы үйден рейхстаг 360 метр. Рейхстагтың оңтүстік жағында екі жүз метр­дей деп жазылған мына бір белгі – Брандербург қақпасы.

Шабуылшылар алдында түксиген, терезе есігінің бәрі бітелген қиқы-жиқы қызыл үй тұрды.

Бұл күн ауа райының қандай болғанын жауынгерлер білмейді. Күн ашық па, бұлт па? Әйтеуір түнерген бірдеңе. Шынында, аспанда оймақтай да бұлт жоқ-ты. Түнерген сұрапыл соғыстың түтіні еді және ол Берлиннің үстінде ғана үйіріліп тұрды.

Бүкіл дүниені бір тарының қауызына сыйғызбақ болған «батырың» сол қауызға енді өзі кірердей жанталасты. Бұл үйдің маңындағы әрбір кірпіші оққа айналып, қарсылық көрсеткендей. Рейхстагқа барар жолды ұстап тұр. Осы бір қарғыс атқан қанды ұя – рейхстаг қалса, бүкіл Германия аман қалатындай жанталасады.

Гитлер де жаннан безгендерінің миына солай деп құйыпты.

Бұл маңға Росток қаласынан баскесердің жаңа тобын парашютпен әкеп түсіріпті. Ол құпияны жаңа ғана қолға түскен тұтқын айтты.

«Гиммлер үйіне» үдемелі күшпен екі дүркін лап қойғанда екеуіне де қатты қарсылықтан біздің әскерлердің беті қайтып қалды. Әсіресе, Тиргартен паркі тұсынан бас көтертпей ұрып тұр. Артиллерияның жақынға ататын орудияларынан от төгеді. Ал «Гиммлер үйі» қабаған иттей маңайлатпайды.

Шешуші шабуылға әдейі әзірленген 674-інші полк Плехадановтың полкі таң біліне лап қойды. Төрт сағат шайқас. Танктер де жақын келді. Қандары қарайған солдаттар қандай қарсылыққа болса да қарар емес. Ет қызуымен танктердің үстіне шығып кетіпті. Жалаңбас, көмірдей қара шашы жалбырап, танктің үстінде Рахымжан да келе жатыр. Қолқаны атқан көк түтін, қан иісі, көктемде бусанған жер иісі. Бәрі аралас адамның сезім мүшесі еш уақытта байқап көрмеген бірдеңе. Алдыңғы танктен қарғып түскен сол­даттар өлген-тірілгендеріне қарамай, уралап үйге кіріп жатыр. Бұл взводтың келуі осы бір қиын қамал боп тұрған үйдің тағдырын шешкендей болды.

Әне, осы үйдің терезесінен қарғыс атқан рейхстаг көрінді. Алды ашық алаң, төбесінде күмбезі бар секілді. Алдыңғы жағынан биікте атты адамның, кісінің мүсіні еміс-еміс көрінеді. Барлық терезесін кірпішпен бітеп тастаған.

Бір кезде бұл үй паң-ақ көрінуші еді. Алдында Бисмарктың ескерткіші тұратын. Қолында қылыш. Әйнектен дөңгелене келтірілген биік күмбез өзге үйден ерекше даралап тұратын. Күмбезден төменірек фонтан, атты адамның құйылған мүсіні. Негізгі кіреберісте зілдей-зілдей, үйдің тіке биігіне дейін созылған, мрамор діңгектер. Ол діңгектер айрықша ажар беруші еді бұл үйге. Оның алдында шыбын тайып жығылғандай жылтыр асфальт, сорғалаған фонтандар болатын.

Бұл көріктен қазір дым жоқ. Қаланың басқа жері сияқты бұл маңның да ойран ботқасы шыққан. Ағаштардың, алаңдардың орнында жентегі шыққан жер. Бисмарк ескерткішінің орны да көрінбейді. Мрамор діңгектердің жұлма-жұлмасы шыққан. Соғыстың жегі қотыры сұрқын алып жіберіпті. Неміс басқыншылары қандай жиіркенішті болса, оның соңғы қанды ұясы да сондай, тозығы жеткен моладай үңірейіп тұр.

Бірақ осынау алаңның бір кездегі атақты Король алаңы, анау үйдің рейхстаг екенін ешкім білмейді. Мүмкін, осы алаңда Гит­лер жеңіс тойын жасамақ та болған шығар. Шабуылшылар әлі білмейді, қырғынына көз үйренген Берлиндегі көп үйлердің бірі екен деп жүр. Жаңағы «Гиммлер үйінің» әр баспалдағына, бөлмеден бөлмеге, этаждан этажға көшудің өзі жөбішенді шепті бұзудан кем соққан жоқ.

Твердохлеб қаза болған осы 674-полктың бірінші батальонын басқару капитан Давыдовқа тапсырылған. Қанаттас жатқан Неустроевтың батальоны 756-ыншы полктан. Жауынгерлер жоғары этажға тіпті зеңбіректі де алып шығып барады. Бөлме сайын үйіліп-үйіліп қалған немістердің өз фаустпатрондары. Жігіттер оны атуды да игеріп алыпты.

Осы кезде генерал В.И.Чуйков бастаған тегеурінді 8-армия Бранденбург қақпасына таяп, ал генерал Н.Э.Берзарин бастаған тегеурінді 5-армия қаланың шығыс жағынан келіп қоршаған еді. Бәрі де рейхстагтың жан-жағынан анталап келіп қалған. Мұндай халге душар болғанын сезген дұшпан үшін бір-ақ жол бар. Ол – өлімге бас тігу. Міне, мынау өлер кездегі өшпенді қарсылық. Әсіресе, солтүстік батыстан келген 3-інші тегеурінді армияның, оның ішінде 150-інші дивизияның шабуыл бағытындағы жаудың жанталасы тіпті қатты.

Рахымжанның взводы «Гиммлер үйінің» жоғары этажында жүрген-ді. Әр терезе сұрғылт сүреңсіз биік үй жақтан секунд сай­ын от букетін қабылдайды.

– Сізді комбат шақырады, – деген хабар алды.

Төменде батальонның штабы орналасқан бөлмеге келсе, адам көп екен. Бәрі қабырғаға жабысып тұр. Бұл бөлменің терезесінен де нөсерше сауылдаған оқ. Политрук Васильченко қолымен қабырғаға жабыс дегендей белгі берді. Рахымжан да жабыса қалды. Сәл толастайды да, от бұршағы қайтадан төпей жөнеледі. Жұрттың бәрінің көзі сұрғылт биік үйде. Сол үйдің әр кірпішін әркім анықтап көргісі келгендей.

Давыдов Рахымжанға қасына жақындауды сұрады. Жаңағы елдің бәрі телмірген үй жақты саусағымен нұсқады да:

– Көрдің бе, рейхстаг! – деді.

Рахымжан біресе үйге, біресе комбатқа қарады. Васильченко күлімдеген күйі қайтер екен дегендей өзіне қадала қарап калған екен.

– Арман ғып жүрген рейхстагымыз осы ма?

– Иә, иә. Ендеше, сол рейхстагқа апарып ту тігу керек. Соны сізге тапсырамыз, жолдас лейтенант Қошқарбаев!

– Құп болады!

– Міне, полктен келген барлаушылар тобы. Бұлар да сізбен бірге аттанады. Яғни сізді, сіздегі туды қорғаушылар.

Ту да дайын болған екен. Васильченко Рахымжанның қолына берді де:

– Жолың болсын, Рахым! – деп бетінен сүйді. Рахымжанның бойын суық тер басып кетті. «Тура ажал аузына». Сәл босап, осы тұрғандардың бәрімен қоштасқандай болды. Жоғарыда өз орнында Гончаровты қалдырған. Взвод жігіттерімен де қоштаса алмады-ау. Көз алдынан бір сәт туған жер, өскен өлке өтті. Қазақтың кең даласы да қара баласын қапсыра құшақтағандай болды. Бұл сапардан аман оралуы екіталай!

Небір жүрек жанышқан ауыр ойлар қазір келіп, қазір жоқ боп сейіліп жатыр. Қойнында сабына ораулы ту, аттануға әзір. Мұнымен бірге шықпақшы жауынгерлердің бәрі де ыңғайланды. Бірін-бірі үнсіз, іштей ұққандай. Біріне-бірі сәт сапар тілеп тұрғандай. Сыртқа шығатын жалғыз ғана тесік бар, ол осы үйдің терезесі. Бұл терезені де фашистер дамылсыз өршелене атқылап тұр.

От бұршағы бөлмені тағы бір соғып басыла қалған сәтте Рахымжан сыртқа қарай мысықша атылды. Ұмар-жұмар болып бір шұңқырға топ ете түсті. Аман секілді. Өзінің артынан тағы біреу келіп жығылғандай болды. Бірақ кейін қарауға мұрша жоқ. Адамды көріп қалған дұшпан пулемет оғымен қатты шүйлікті. Атыстың қаттылығы ма, әлде шынымен-ақ басқа ешкім шыға алмады ма, артынан басқа адам иісі аңғарылмады.

Басын бауырына тығып бұққан күйі қолтығының астынан ақырын сығаласа, екі адым жерде бір уыс болып біреу жатыр.

– Амансыз ба, жолдас лейтенант?

– Аманмын. Өзің ше?

– Мен де сау секілдімін. Бірақ басқалары шыға алмай қалды.

Бұл арада көп күтіп жатуға болмайды. Неде болса ілгері жылжу керек. Бұлардан бұрын шыққан талай жайсаңдар жансыз жатыр. Жүректері зу ете қалды.

Нөсердей сорғалаған оқ астында олардың қорықпауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олар да сүйек пен еттен жаралған. Секунд сайын қорқыныштың алуан түрлі алапат хабарын миына сорғалата құйып тұрған бұларда да нерв жүйесі бар. Айналасының бәрі – алдында 360 метр жерде тұрған рейхстаг та, қуырған бидайдай бырт-бырт етіп, снаряд сабауымен жүнше түтілген асфальт та, қарыс жер басса қаза боп жатқан жауынгер жолдастары да анталап тұрған ажалдың аузында екенін тағы да аңғартты.

Өлімді естігеннен гөрі көрген қорқынышты. Бұл қорқыныш жаңағы қарғып шыққан үйдің бірінші этажынан басталған-ды. Сені қорғайды, қолдайды деп полктен әдейі жіберген барлаушылар бөлімшесінен қасына бір-ақ адамның – Григорий Булатовтың ергені де қорқыныш. Григориймен Рахымжан оқ астында, ажал аузында танысты.

Ту тігу жөніндегі тапсырма Берлинге кіргелі аты шықкан 674-полктің өзінен, оның командирі, подполковник Плехадановтан шыққан-ды. Батальон командирі Давыдов пен политрук Васильченко Рахымжанға полк командирінің тапсырмасын орындауды аманат етті.

Із тастап ілгері жылжу керек. Кейін жылжу да – өлім. Өйткені ол – қорыққандық. Жаудың ең соңғы ұясына жеңіс жалауын тік деп жібергенде кейін жылжысаң... Одан масқара өлім бар ма! Кейін жылжығаннан гөрі мына алдында жатқан жауынгерлердей опат болғанның өзі жақсы. Осы ой ілгері сүйрейді. Бірақ қаза болғандарға көзі түссе, керемет бір үрей келеді. Орыстың ұлы суретшісі Верещагин мына көріністі өз көзімен көрсе, XX ғасырдағы соғыс атты сұмдықтан адам баласының жаны шошитын полотно жасаған болар еді.

Рахымжан өздерінен бұрын да көп жайсаңдардың рейхстагқа ұмтылғанын білді. Алдындағы үйдің рейхстаг екенін бірі білген, бірі білмеген. Григорий екеуі ылғи өліктердің арасымен келді. Мынау таныс жүз. «Гиммлердің үйіне» атой салып кірген бірінші ротаның командирі тәжік жігіті Атаев. Көмірдей қара шашы ағаш басынан құлап түскен құстың ұясындай қобырап жатыр. Аузын­да қан аралас топырақ. Жүрегі дір ете түсті. Соғыстың өзінде тойдағыдай шыттай боп таза жүретін әдемі жігіттің халі осы. Өлген жерін көрдің бе ердің. Ең болмаса аузындағы топырақты сүртіп кеткісі келді. Неге екені белгісіз, ақырайып жатқан көзі аулақ, аулақ дегендей болды. Денесі мұздап, тер шықты. Кәдімгі ажалдың суық теріндей. Сол сәтте тап жандарынан фауспатрон гүрс ете қалды. Жан тәтті, әлгінде ғана жақындауға жүрегі дауаламай тұрған Атаевтың артына тығылды. Гриша да бір өлікті қалқалап жан бағыпты.

Тағы да ілгері жылжу керек. Тасбақа да бұлардан шапшаң шығар. Қолы жүрек тұсына тиіп кетті. Тайша тулап тарс-тұрс етеді. Мынау айналадағы азынаған соғыс оркестрінен гөрі жүрегінің соғуы қатты секілді. Жүрек тұсында бүгін ғана тапсырылған партбилеті, содан кейін тігуге әкеле жатқан ту бар екенін сезді. Манадан бері әйтеуір жан қорғап келе жаткандай еді, енді бұл тозаққа түсулерінде үлкен бір мән бар секілді көрінді. Иә, тек ілгері, қарыс сүйем болса да ілгері жылжу керек. Мынау өліктерге қанша көз тоқтатпайын десе де болмайды. Қалай тоқтатпайды, кәдімгі қалың шөптің арасымен ұрланған мысық секілді, пана ғып келе жатқандары солар.

Иә, қандай ауыр сапар! Мынау солдаттың басын тура қылқа мойнынан жұлып, үш метрдей жерге ұшырып түсіріпті. Бөлек жатқан бас кәдімгі бауыздаған қойдай тілін тістеп қалыпты. Басты сұлық жатқан дененің қасына қойды. Өзге қолынан келері жоқ. Ең болмаса өлі денесі тұтас жатсын. Өлген адамның бөлек басына қол тигізу қандай ауыр. Қазір өз басы да тап осындай қырқылып түсетіндей көрінді. Денесі дір етті. Жаңа ғана ұйықтап кеткен адамдай қимылсыз жатқан жауынгерлердің қасына келгенде, жаралы емес пе екен деп қозғап көріп еді, бірінен де тірі адамның белгісі білінбеді. Тағы да жантүршігерлік көріністер. Ет жүрек адам қарауға шыдамайтын соғыс салған сурет. Кейбіреулердің кеудесі бар, аяғы жоқ, кейбіреулердің адам екенін, әлде жаншылған ет екенін айыра алмайсың.

Ауылда түнде мола қасынан өтуге қорқатын Рахымжан енді қалың өліктің, онда да бірі ақсиып, бірі быршиып, бірі тыржиып, бірі бүгіліп, бірі үгіліп жатқан өліктердің арасымен келеді. Соғыста адамның денесі өлімге үйреніп, өліп кетеді дейді ғой. Бұл сөздің де шындығы бар шығар, бірақ қанша үйренгенмен, тірінің аты тірі, өлік оған үрей туғызбай қоймайды. Рахымжан да майданда талай достарынан айырылып, талайын қолымен көмді. Бірақ мынадай қырғынды көрген жоқ. Соңғы шайқастың сойқаны. Тірі тұрып өлікті паналаудың аса азапты екенін тап осы арада сезді. Өздері де осы өліктердей жансыз жылжып келе ме екен, бұларға әзірге дәлдеп тиген неміс оғы жоқ. Бұл көріністі көзбен көріп, жүрекпен сезгеннен өліп кеткеннің өзі жақсы ма еді? Жоқ, тірліктің өз заңы бар. Бір секунд болса да өмір сүргің келеді, сол үшін арпалысасың, күресесің. Тіршілікке деген құмарлықтың күштілігі де осында. Сол ауыр арпалыс басталғалы қанша уақыт өтті. Кеудеде – жүрек, қойнында – жалау. Осы жалау аман жетсе анау үйге. Жаудың соңғы ұясы. Жеңіс! Секунд сайын жанды жанышқан үрейді осы бір үміт құйындай қуып шығады. Өлі денелердің арасында мәңгі сөнген жанарларға жабырқай қарап келе жатқанның өзінде де осындай сезім атой салады. Өмір мен өлімнің, үміт пен үрейдің арпалысы. Ол арпалыс Рахымжан мен Гришаның жұдырықтай жүрегінде. Ол арпалыс қарға адым жері мұң болып тұрған осынау қарғыс атқан аланда.

Өлімнен қорықпайтын адам жоқ. Қорықпау деген сол үрейлі сезімді жеңе білу.

Осы тозақ алдында қалай сау қалғанын кім білсін, бір транс­форматор будкасы тұр. Рейхстагтың төңірегін қоршап бекініс салып жүргенде құрылысшылардан қалса керек. Ұзыннан-ұзақ қазылған ордың жағасында қалқиып тұр. Оның сол жағында үш жер­дей қазандай ойығы бар үй орнындай темірбетон плиткасы жатыр. Бірақ ол жермен-жексен. Ес тұтқандары будка болды. Мына өліктер осы будкаға жетеміз деп жетесінен үзілгендер ғой. Есіл ерлер-ай. Осы жерге дейін келулерінің өзінде қандай ерлік жатыр. Танымайды, танымаса да бәрінің ерлігіне бас иді. Құрбан болған құрбылар. Мүмкін, көп кешікпей өздерінің де ақырғы демі осы арада үзілер.

Оқ нөсері кілт тына қалды. Будка қайдасың. Шыбын-шіркей боп ұша жөнелгендерін біледі. Қасқырдан қашқан еліктей ағып келіп қойып кетті. Мал-жан аман болсын, мынадан жаңағы жер қамалдай берік еді. Каркас будканың оқ бөгер бұдыры жоқ. Әрі бұлардың кіргенін көзі шалып қалса, қорғаның емес, молаң болады дей бер.

Ендігі көңілге демеу 50 метр жердегі танкіге қарсы қазылған ор, оның үстінде қолдан жасалған жаяу көпір. Тәуекел. Тағы бір толаста ілгері қарай ыта жөнелді. Жанындағы серігі бұлдырықтай лыпып тұр. Бұлардың шыққаны-ақ мұң екен, әлгі будканы бір-ақ төңкерді. Арт жақ әлемтапырақ болып кетті. Ордың іші тізеден су. Сонда да оның бір қуысына тығылғанда әкелерінің үйіне жеткендей болды. Біздің солдаттардың аяқ алып жүргісіз өлігі де осы араға дейін созылып келіп тоқтапты. Одан әрі рейх­стаг әлі жарты жол, әрі бұдыры жоқ ашық алаң. Қылт етсең қиып түседі. Өліктерде ес екен, жансыз жатса да жаппай шабуылға шыққан жауынгерлердің ішінде сияқты еді. Әрі олар өздерін жау көзінен қорғады ғой. Өлі денесімен болса да серік болған отандастары жоқ енді. Олардың қазасы байқап қарасаң, әрі аянышты, әрі ерлік қаза. Аянышты болатыны – жеңіс табалдырығында тұрып көз жұмғандары. Ерлік болатыны – осы алаңға жетіп құлағанша олар жаудың қаншама үрейін алды. Мынау жеңіс жалауының жақындап келе жатқаны да солардың арқасы шығар.

Не істерін білмей, әлгі жерде екеуі біраз отырды. Бастары мәңгіріп кетті. Солдаттың арқа сүйеп, медет тұтары Рахымжан. Офицер ғой, амал табар, айла істер. Рахымжан кімді медет тұтпақ. Ауық-ауық қойнындағы жалауға қарап қояды. Көпірдің астындағы осы бір қуыс құт мекен болар ма екенсің, қу мекен болар ма екенсің?!

Ауырмай сандырақтап отырған сәтте бір ой найзағайдай жарқ ете калды. Қойнындағы жалауды жұлып алды да, бұрышына: «674-інші полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жазды.

– Дұрыс істедіңіз, жолдас лейтенант. Өлсек, ең болмаса қай жерге жеткенімізді білсін.

– Өлсегің не? Өлу үшін шықтық па? Ту тігу үшін емес пе?

Рахымжанның өз көңілі де алай-дүлей. Жаңағы айтқаны – көрсеткен офицерлік доңы.

Осыбір кездегі екеуінің жан азабы мана өліктер арасымен жылжығаннан кем болды дейсіз бе! Жоқ, әрине. Алды бұдырсыз алаң, артында тудың көрінуін күткен полк. Екі жақтан да барған сайын үдеген атыс. Жарылған снарядтың, оқ-дәрінің иісінен тамақ қаңсып, көз ашиды. Түтіннің қалың тұманы. Отырған жері сыз. Олардың табанында қан аралас су жатыр. Өрттей болып екеуі де түтіккен. Тандайлары кеуіп, шыдамаған соң, амал қанша, қанды суды жұтып-жұтып жіберді.

Тіршіліктің өз заңы бар. Қанды суды ішкізген де өміріңді соза түс деген сол заң. «Тұр, қозғал, жүр ілгері» дейді ол тағы да. Қол созым жерде тұрған рейхстаг та «жеттің, кел енді» деп алдайды. Арса-арсасы шығып, бұлыңғыр түтіннің арасында дүрдиіп тұр. Фашизмнің бір кездегі «бәрің маған бас иесің» деген паң сарайына қазір мүлде ұқсамайды. Аузы-мұрны бітеу мола секілді. Бірақ қабырғасының бәрі от бүркіп, жолатпай тұр. Бір кезде мрамордай жалтылдаған мынау алаң жүнше түтіліп жатыр.

Тап осындай жағдайда жылжып көр. Ердің ері, жігіттің жігіті ғана таба алар ондай қайратты. Марқұм комбат Твердохлеб Рахымжанды «жүрек жұтқан» деуші еді. Одерден өткенде, Берлинге кіргенде сан батылдық жасап, командирін риза еткен-ді. Мынадай аласапыран атыста, сүйем жерде сүйегің қалар шайқаста осынау орға дейін келудің өзі де жүрек жұтқандық. Осы бір қауіпті сапарға аттандырған да сол алған бетінен қайтпас қайсарлығы, «арымнан жаным садаға» деп аттанар сарбаздық қасиет болса керек. Жан күйттесе жатпас па еді өліктердің арасында, осы бір орда отырмас па еді! Жоқ, оның бойын намыс оты, тәуекел буып кетті. «Тәуекелі тау бұзбайтын жігіт болсаң, неге шықтың бұл сапарға» деп өзін-өзі қайрайтындай.

Сабыр ет ғаламат! Сабыр етіңдер, тынымсыз күткен жауынгер достар. Төгілген қан жетер. Сол қанға малынған мына туды сенген достарың нысанаға тірі апарсын! Бірі – 21-де, бірі – 18-де. Екеуі де он екіде бір гүлі ашылмаған өрендерің. Бұлардың артында кімі бар? Екеуі де детдомнан. Мүсіркемеңдер, бірақ. Бұлардың да ар­тында Анасы бар. Соның жасы тыйылсын деп жетті емес пе осы жерге! Соның ақ сүтін ақтайын деп сан майданнан ерлікпен өтті емес пе!

Аспан айырылғандай үн естілді. Қоюланып келе жатқан қараңғылық жұтып қойғандай жоқ болды. Айнала жап-жарық боп кетті. Міне, ғаламат! Артиллерия рейхстагты мылжалап жатыр. Ине түссе табылғандай жарық.

– Григорий, қолайлы сәт, кеттік!

Қол ұстасып ұшып келеді. Көздеріне түк көрінбейді. Құлақтары да тарс бітелгендей. Бәрін ұмытты. Осы сәт бұл дүниеде өздерінің бар екенін де ұмытты. Әлден уақытта аяқтары баспалдаққа тиді. Жүгіріп келеді, өрлеп келеді. Шын ба, өтірік пе? Үйдің қабырғасы, үлкен де зілдей діңгектер. Жау ұясы. Соңғы ұясы... Қолдары қабырғаға тиді.

«Тірісің, тірісің!»

Жүректері осылай деп соғады. Бірақ одан да қатты тулатып тұрған бір жай бар. Сәл естерін жиды.

– Шық иығыма! Ал мына туды.

Осы сөздің естілуі-ақ мұң екен, Григорий ыршып Рахымжанның иығына шықты.

– Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!

– Суыр кірпішін. Міне, мына тұсың терезе.

Әлден уақытта Григорийдің:

– Все! – деген даусы естілді. Жерге қарғып түсті. Рахымжан екеуінің құшағының қалай айқаса кеткенін білген жоқ. Бірін-бірі сүйіп жатыр.

Тықыр естілді. Шошып кетті. Қаруларын кезене қалса, өзіміздің офицер.

– Кімсіздер, қай батальоннан?

– Давыдовтың!

– Молодцы!

Осы сәтте уралаған үн жер тітіретті. Манағы өздері өте алмаған алаң үсті ине шаншар жер жоқ, қайысқан адамқаптап келеді...

Бұл 1945 жылдың 30 апрель күні кешкі сағат жетінің шамасы болатын.

* * *

1945 жылдың 2 майы жылы болғанмен, бұлтты еді. Күн анда-санда ғана жылтың етіп, қайта жасырынады, фашизмнің жендеттерін көруге жиренгендей. Олар болса лек-легімен келіп қаруларын өткізіп жатыр. Еңселері түсіп, естері кетіп мәңгірген. Әншейіндегі сұсты, тәкаппар офицерлерінің де сұры қашыпты, сүмірейіп мойындарына су кеткен. Тура қарауға жүздері шыдамайды. Кешегі немістің «жеңілмес армиясы» бүгін тұтқын. Жан-жақтан айдаумен ағылып келіп жатыр, келіп жатыр. Бір полкі, бір батальонына біздің бір солдат қана ие. Оның жалғыз мылтығының қаһары жаңағының бәріне сұсты.

Осы масқараны Гитлердің өзі көргенде еді ғой?!

Жоқ, ол 30 апрель күні сағат 15-те өлерден 40 сағат бұрын үйленген «жары» Ева Браунмен бірге у ішіп өлді. Адыра қалған герман үкіметін Геббельс пен Борманға мұраға қалдырған-ды.

Геббельс Гитлер өлгеннен кейін де ойраны шыққан неміс қолбасшыларын шақырып алып, қарсылық көрсетуді талап етті. Құрыған мемлекеттің құрдым премьері эфирден үкімет үндеуін оқытты. Онда:

– Немістер, саспаңдар! Батыс майдандағы бүкіл әскер шығысқа төгіледі, – деді. Бұл оның ең соңғы алдауы еді. Сол күні әйелі Магда бар баласын өз қолынан өлтірді де, өздері де масқара өліммен сеспей қатты. Басқа тандау жоқ еді.

Иә, осы бір екі-үш күннің ішінде қаншама тарихи оқиға болды. 30 апрель күні кешкі сағат 7-ге жуық рейхстагқа алғашқы Жеңіс жалауы желбіресе, сол күні түнде биіктігі 70 метрлік рейхстагтың күмбезі үстіне Жеңіс туы тігілді. 1 май күні ертемен оны бүкіл Берлин көрді. Бұл 150-інші дивизияға 3-інші тегеурінді армияның әскери советі тапсырған ресми туы болатын. Оны тіккен 756-ыншы полктың барлаушылары Мелитон Кантария мен Миха­ил Егоров.

2 май күні таңғы сағат 6-да немістің танк корпусының командирі және Берлиннің коменданты генерал Вейдлинг өзі келіп қолға түсті. Неміс әскеріне қарсылықты қойып, тізе бүгу жөнінде бұйрық берді. Дәл осындай бұйрықты сол күні үкімет атынан бір жарым тәулік канцлер болған Геббельстің орынбасары Фриче де оқыды.

Қару-жарақты өткізу, тұтқындарды қабылдау ұзақты күнге біткен жоқ. Империя канцеляриясының бағынан немістің небір чиновниктерінің, генералдарының өлігі табылды. Бәрі де өзін-өзі атқан. Солдаттар «масқара өлім бағы» деп орынды атады бұл жерді.

Анда-санда тырылдаған пулемет үні естіледі. Бұл әлі де болса жеңілуді ар көрген есерлер еді. Көп кешікпей олардың да үні өшті.

Әр жерден ән, жеңіс әні, орыс әні естілді. Рейхстагтың алдын, Тиргартен паркін, Бранденбург қақпасын қуаныш күйі кернеді. Жеңімпаз Армияның солдаттары жеңіс биіне басты...

 Соңы

Кәкімжан Қазыбаев. Отпен жазылған өмірбаян #1

Кәкімжан Қазыбаев. Тарылған тыныс #2

Кәкімжан Қазыбаев. Қошқарбаевтің взводы #3

Кәкімжан Қазыбаев. Рахымжанның ерлігі #4

Кәкімжан Қазыбаев. Шешуші шабуыл #5

Кәкімжан Қазыбаев. Берлин үшін шайқас #6

Т. Раушанұлы