Ақберен Елгезектің проза кітабы жарық көреді

Ақберен Елгезектің проза кітабы жарық көреді
Фото: massaget.kz

2020 жылдың 14 наурыз күні сағат 15.00 де Алматы қаласындағы “Атакент молл” сауда үйінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің “Болмаған балалық шақ” атты проза жанрындағы тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді.

А.Елгезектің “Көлеңкелер күбірі”, “Ғаршы”, “Шексіздік сыртындағы шам”, “Fantasmagoria” (түрік тілінде) атты жыр жинақтары жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, француз, испан, араб, қытай, түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне аударылып, көптеген антологияларға енген. Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының, Қазақстан жастар Одағының “Серпер” және  “Алтын қалам”, “Семсер” ұлттық сыйлықтарының иегері. Көптеген республикалық мүшәйралардың жүлдегері.


Оқырмандардың сұрауы бойынша кітап болып басылып шыққан “Болмаған балалық шақ” повесті 2008 жылы жазылып, ғаламтор арқылы кеңінен тарап, бестселлерге айналған бірегей шығарма. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама нәтижесінде “ХХІ ғасыр басындағы үздік 20 прозалық туынды” тізіміне енген.

Көпшілік оқырманға жете таныс шығарманың бұл толықтырылған, әрі ең алғашқы басылым нұсқасы.

Басынан өткен оқиғаларды арқау еткен кітап арқылы автор еліміздегі меценаттар мен кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға шақырады. Яғни, кітап сатудан түскен қаржы әдебиетке бейімі бар жетім балаларды оқытуға жұмсалады.

Кішкентай жүректің үлкен өмірмен арпалысын суреттейтін, эмоциялық күрделі тебіреніске толы табиғаты оқырманды баурап алатын кітаптың тұсаукесер рәсіміне көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет және елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, қазақ эстрадасының жұлдыздары Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Арман Дүйсенов, айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов және Талант Арғынғали қатысады.

Т. Раушанұлы