Әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығын алған саясаткер

“Табыс – бұл энтузиазмді жоғалтпастан сәтсіздіктен сәтсіздікке жылжи білу”, - дейді  Уинстон Черчилль. Қоғамдық өмір сахнасында ұзақ уақыт бойы орнын сақтай білген саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері жиі кездесе бермейді. Олардың ішінде өз өмірлерін аянбай саясатта табысқа жету жолына арнаған қайраткерлер сирек кездеседі. Черчилльдің саясаттағы жолы үлкен табыстарымен де, маңызды сәтсіздіктерімен де белгілі болды. 2002 жылы Би-би-си-дің сауалнамасы бойынша Черчилль тарихтағы  ең ұлы ағылшын атанған.

Уинстон Черчилль 1874 жылдың 30 қарашасында Blenheim сарайы, Мальборо герцогтардың (Спенсер әулеті) атақонысы Бленһайм сарайында (Оксфордшир, Англия) дүниеге келген. Черчилльдің әкесі - лорд Рэндольф Генри Спенсер Черчилль, Мальборо әулетінің 7-ші герцогының үшінші ұлы, атақты саясаткер болған: ол консервативтік партиясының қауымдар палатасының мүшесі және Қазынашылық канцлер қызметін атқарған. Анасы - леди Рэндольф Черчилль, қыз кезінде Дженни Джером (ағыл. Jennie Jerome), бай америкалық бизнесменнің қызы болған.

Әскери қызметін атқару барысында Черчилль Британия Үндістаны, Судан және екінші бур соғыстарында әскери қимылдарға қатысқан. Соғыс тілшісі ретінде және сол соғыстар туралы жазған кітаптары туралы кең танымалдылыққа ие болды. Қысқа уақыт бірінші дүниежүзілік соғыстың батыс майданында қызмет етіп, корольдық шотланд мылтықшыларының 6-шы батальонын да басқарған.

Саясатпен алпыс жыл дерлік айналысқан көптеген саяси және үкіметтік лауазымдарға ие болған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін  1905-1915 жылдары сауда комитетінің төрағасы, ішкі істер министрі, Адмиралтействоның (әскери-теңіз министрлігі) бірінші лорды қызметтерін атқарды. Соғыс кезінде сол бірінші лорд қызметін зор жеңіліс және сәтсіздікпен біткен Галлиполи операциясына дейін атқарды. Үкіметтен сол үшін кетуге мәжбүр болған Черчилль кейінірек қайтып келіп, әскери жабдықтар министрі, әскери министр, әскери әуе күштері министрі қызметтерімен айналысты. Екі дүниежүзілік соғыстың арасында ол консервативті үкіметтің құрамында қазынашылық канцлері болған.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Черчилль қайтадан адмиралтействоның бірінші лорды болып тағайындалды. 1940 жылғы мамырдың 10-да Невилл Чемберленнің отставкаға кетуімен премьер-министр болып тағайындалды. Оның жетекшілігіндегі Ұлыбритания соғыста Германия мен оның одақтастарын жеңе білді. Әрқашан өзінің шешендік өнерімен белгілі болған Черчилль сөйлеген сөздері арқылы британия халқына және одақтастар әскерлеріне зор рух беріп отырды.

1945 жылы болған сайлауда партиясы жеңілген Черчилль оппозиция жетекшісіне айналды. 1951 жылы қайтадан премьер-министр болып сайланып, 1955 жылы түбегейлі отставкаға кетті. 

1953 жылы 10 желтоқсанда оған “Адам құндылықтарын бірінші орынға қойған керемет шешендік өнері үшін” әдебиет жөніндегі Нобель сыйлығы берілді. 1953 жылы Нобель комитетінің қарауына екі кандидатура – Уинстон Черчилль және Эрнест Хемингуэй ұсынылған. Хемингуэй әдебиетке қосқан үлесі біраз жылдан кейін бағаланды.

Уинстон Черчилль 1965 жылы 24 қаңтарда инсульттан қайтыс болды. Патшайым Елизавета ІІ тарапынан мемлекеттік жерлеуді ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Черчилльден бұрын патша отбасының мүшелері емес он танымал адам ғана осындай құрметке ие болған. Олардың ішінде физика ғылымдарының докторы Исаак Ньютон, адмирал Нельсон, Веллингтон герцогі, саясаткер Гладстон бар.