Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Абай Аймағамбет. Демократия

Абай Аймағамбет. Демократия

Абай Аймағамбет. Демократия

Жуантық денелі, түрі сырт қарағанға сұсты көрінетін, білдей шаруа қожалығының иесі Боранғалидің ауданға жиі барғыштайтынын сезген ауыл халқы соңғы уақытта пыш-пыш әңгімеге көшкен.

– Анау, мес қарын кеше екі тайыншасы мен бір биесін сатыпты, сірә тегін емес, – дейді поштадан пенсиясын алуға келіп тұрған Күлпәш көзін алысқа тігіп.

– Әкім Жұмаділ кетеді дейді ғой, соның орнын көздеп жүрмесе неғылсын, – дейді Күлпатша сөзге қосылып.

– Ибәй, Боранғали әкім болса – қарық болармыз, – дейді Пәтимә сылқ-сылқ күліп.

– Ойбай, рас дейм, – дейді Күлпәш аузы аузына жұқпай, – анау мыңғырған малын әкім болу үшін сатпағанда, зовхоз болу үшін сатады дейсің бе?!

Олар бұл әңгімесін пенсияларын алып болған соң да доғармайды. Көшенің шаңын көтеріп, борп-борп басып, ауыздарынан шыққан «саяси болжамдар» шашауы шықпастан әуеге көтерілген қалпы, ауылдың келер бөлігіне қарай «жөңкіле көшіп бара жатады». Әйелдер айтқан әңгіменің көп жағдайда жалған болып, тасқа отырғызып кеткені де шамалы еді...

Боранғали бүгін де бабы келісіп, желіні сыздап тұрған сиырын таң азанымен ГАЗ-53-ке тиеп, қаланың солтүстігіндегі мал базарға апарған. Алатын адам да табыла кетті. Шәпкесін басып киген, тап өзі секілді алып денелі жігіт ағасы екен. Аса көп саудаласып та жатпады.

Желдеткіші жоқ көлігінің кабинасында шып-шып терлеп отырып ақшасын түгелдеген Бөкең де көңілденіп сала берген.

Ауылдағы жалғыз жеке кәсіпкер Тоғанастың үйінен қарызға жаздырып жарты келі май мен 500 грамм пешеней алған Күлпәш қарап тұрмай тағы да бір әңгіменің шетін шығарған.

– Апырым ай, той жасаймын деп кредит алғанды көріп едік, енді жұрттар әкім болу үшін кредит алатынды шығарыпты, – деген бетін шымшып.

Келген-кеткен адамнан осындай су жаңа өсек күтетін Тоғанастың ақсақ кемпірі Сәлимәға да керегі осы.

– Оның кім тағы? – деді еміне түсіп.

– Кім болушы еді, пысық Жәкібай да! 500 мың теңге алған. 100 мыңын деректір бажасына, 400 мыңын аудан әкіміне береді дейді.

– Апырым ай, ә-ә, – деді дауысы қашанда қарлығып шығатын Сәлимә, – Жәкібай әкім болса, менің мәгәзінімді жауып тастамас па екен, кеше қарызға зат бермей қойып едім, – деді енді ауылдағы саяси ауа-райының қалай өзгеріп кетерін болжай алмай күңіреніп.

Бүкіл ауыл малшы Боранғали мен өмірі мал құтаймаған қу тақыр Жәкібайды қайта-қайта «әкім етіп» әлек-шәлектері шығып жүргенде үшінші кандидаттың да есімі белгілі бола бастаған. Сыпсың сөз десе қаны қызып, ерні шүйіріліп, белсеніп әңгіме бастайтын Күлпәш тап сол жолы қан қысымы көтеріліп ауырып қалған.

Бірақ Мәриәм мен Айнаш сөзуар Күлпәштің орнын жоқтата қойсын ба. Мектеп директоры Қайролланың үлкен қызы қашып кетіп, әке-шешесі соның өлі-тірісін беріп, мал сойған. Ауылдың ірі бастыларын шақырған. Әйелдер жағы бастапқыда кеткен қыздың бақытын тілегенсіп бірер әңгіме айтты да, одан кейін «Жұмаділ кеткелі жатыр екен», «Боранғали малын сатып жатыр дейді» деген баяғы соқпақтарына қайта түскен.

Ішке кіріп-шығып жүрген Қайролланың көзін ала бере Айнаш: «Сендер білмейді екенсіңдер» деп сыбыр ете қалды.

– О, не тоба? – деді Сырбикеш екі адамның орынын алатын бөксесін ырғап-ырғап қойып.

– Молда Қыдырбектің қатынын көрдім бағана, – деді Айнаш шәйін сораптай түсіп, – екі өкпесін қолына алып қайнысы Жүсіптің мотоциклімен үйіне оны-мұны тасып жатыр. Шалы бір аптадан бері ауданда көрінеді.

– Ол да дәмелі деші? – деді Мәриәм жақтырмағансып,

– Дәметпей ше, біз оны Құран оқығаннан басқа түкті білмейтін жуас біреу екен десек, өзі аудан әкімінің туған нағашысының кластасы екен ғой...

– Ойбаай, онда Қатира құтырады дей бер. Онсыз да жан-жағын тиып-жиып отырушы еді, енді ешкімге күн бермес ол, – деді Сырбикеш Қыдырбектің кандидатурасына қатысты біржола үкім шығарып.

– Әй сол Қыдырбегің мына сараң, қылжақбас Жұмаділден әлдеқайда жақсы, – деді Сырбикеш молданы жақтай сөйлеп.

– Қайдам, – деді Айнаш ернін сылп еткізіп, – Жәкібай дұрысырақ қой. Аштықты да, тоқтықты да көрген. Әр нәрсенің қадірін білед те!

Ызы-шу әңгіменің ортасынан Боранғалиді де жақтаушылар табыла кетті.

– Қайта бай адам ақшаны жұмсай біледі, – деп бағанадан бері томаға-тұйық отырған Сәнімкүл самп ете қалды, – Әйтпесе ауыл әбден азып-тозып кетті ғой. Не жол жоқ, не су жоқ.

– Ойпырым ай, рас, – дейді Сырбикеш енді әуелгі ойынан айнығандай болып,

– Талқайыңда тұратын абысындарымыз газ жағып қолдарын жылы суға малып отыр. Болмаса ауылдары жердің түбі ғой, – деп күпінді.

Осыдан соң-ақ Жұмаділді қосқанда төрт кандидаттың әкім болудан үмітті екені туралы әңгіме өрттей қаулап шыға келген. Біреу-міреу сұрай қалса әлгі үшеуі де тайғанақтап, әңгіме ауанын басқаға қарай бұрып әкетісетін көрінеді.

Кезекті рет ай толып, жаз аяқталды дегені болмаса, күздің сызы әлі орнай қоймаған қыркүйектің басында Жұмаділ қайтадан әкім болып тағайындалған. Ың-шыңсыз. Тағайындала сала тымырсық кештердің бірінде ескі де жаңа әкім Күлпәш бастаған бір топ әйелді кабинетінде қабылдапты. «Жарадыңдар!» депті қақ төрде шалқайып отырып.

– Біз демократиялы ел емеспіз бе?! Сондықтан билікке қатысты қоғамда алуан түрлі пікір қалыптасуы керек. Сендер сол жолда жақсы жұмыс істедіңдер! Бәрі келіскеніміздей болады, – деп жымың-жымың еткен көрінеді.

– Әсіресе, Күлеке сізге рахмет, – дейтін көрінеді Күлпәшқа қарата.

– Тегін ақ айтып жүрген әңгімеміз ғой, – депті оған Күлпәш кемпір, – Қайта бұл жолы қарап жүрмей, пайдалы боп отырмыз. Ісіңізге сәт болсын, Жұмеке! – депті өздері секілді қаусаңқырап, шаршаңқырап, болдырып отырса да, тізгінін бермей ытырылып тұрған құрдасына қарап.

Боранғали жаз бойы мал сатқан ақшасына қызын ұзатып, ұлын аяқтандырған. Жәкібай 800 мың қылып қайтаратын кредитіне даңғарадай сарай соғып алды: «Әкім болу не теңім. Күлпәш та аузына келгенін аңқытады келіп» депті насыбайын түкіріп тұрып. Баяғыдай емес, есіктері аңқиып жататын қорасына мал біткен... Молда Қыдырбек жаз ортасынан аумай жатып көрші ауылға ауысып кеткен. Қазір бұл ауылдағы құран оқу, жаназа шығару, ас беру сияқты діни шаралардың бел ортасында байырғы коммунист, өмір бойы денешынықтырудан сабақ берген Сағындық жүр: «Мынау бір жақсы болды. Өстіп-өстіп арақты біржола қоярмын әлі» дейтін көрінеді.

0
Рейтинг: +1

Фото: zhasalash.kz
Қосылған күні: 19 желтоқсан 2019, 13:14

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.