Зұлымдықтың бастауын іздеген жазушы

Зұлымдықтың бастауын іздеген жазушы
Фото: liveinternet.ru

Француз жазушысы әрі драматург Франсуа Шарль Мориак 1885 жылы 11 қазанда Бордо қаласында ауқатты кәсіпкердің отбасында дүниеге келген. Ол өзінің тәрбиесін негізінен діннен алды.  Колледжде оқып жүріп Дж.Рафаэль, Р.Декарт және Б. Паскаль жұмыстарымен танысты.

Франсуа оқуды лицейде, одан кейін Бордодағы филология факультетінде жалғастырды. Парижге кетіп, археолог болуға дайындалғанымен ол жерде ұзақ оқымады. Кейін өзін толығымен әдебиетке арнады.

Оның “Дұға” өлеңдер кітабы (1909) сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл ашық және армандайтын жаны бар католик отбасындағы жас жігіттің бала кезіндегі естеліктері еді. Арадан екі жыл өткесін  Мориак “Жастармен қоштасу” (1911), “Із-түссіз хабарсыз кеткен” (1918), “Найзағай” (1925), “Атеистің қаны” (1940) өлеңдерін жарыққа шығарды. Бірақ бәрібір проза оның шығармашылығының негізгі бағыты еді. Ол “Шынжыр ауыртпалығындағы бала” (1913) романында  рухани және физикалық адамдағы мәңгілік дау туралы тақырыпты қозғады. 

Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Мориак екі жыл бойы дәрігердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Демобилизациядан кейін жазылған “Ранг бойынша орын” (1921) романы назардан тыс қалды, бірақ келесі романы “Алапес адамға берілген махаббат” (1922) оқырмандар мен француздардың сын-пікірлерін қоздырды. Онда жас сұлу қызға үйленетін байдың арсыз, физикалық тұрғыдан мүгедек баласы туралы айтылады. 

“Ата-ана” (1924) және “От өзені” (1924) романдары буржуазиялық отбасындағы тартымсыз қарым-қатынастарды бейнелейді, сондықтан бұл жұмыстарды католик шіркеуі “жағымсыз шығармалар” деп айыптады. 

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Мориак  қарсыласу қозғалысының белсенді мүшесі, босқындарға көмектескен, босқындарды қабылдау орталығының бастығы болған.

1952 жылы Швед академиктері Франсуа Мориакты “Адамдардың қилы тағдыры, өмірдің ащы тақсыреті, тағылымы суреттелген өз романдарында пенденің рухани жан дүниесіне терең бойлап, тысылым сезімдерін дөп басудағы хас шеберлігі үшін”  Нобель сыйлығына лайық деп табады. Әйгілі романист, публицист, ақын және драматургтің бір томдық жинағы қазақ тіліне аударылған. Ол 1958 жылы Құрметті легионның Ұлы Крестімен марапатталды.

Жазушы Нобель сыйлығын алған кездегі баяндамасында: “Біз өзімізді дара сезінеміз, жалғыз сезінеміз. Бізге таңдай қақтырған Джордж Элиоттың немесе Диккенстің, Толстойдың және Достоевскидің әлде Сельма Лагарлефтің кітаптары өзіміздікіне ұқсамайтын басқа елдерді, басқа халықты және басқа нанымға жататын адамдарды суреттейтінін ұмытып кетеміз. Сөйте тұра біз оларды ұнатамыз. Өйткені олардан өзімізді танимыз. Жазушының таланты да осында – біз дүние келіп, сүйіну мен күйінуді үйренген жұмыр әлемді баршаға жақын ете аламыз”, - деген еді.

“Өткеннің баласы” (1968) соңғы романында Мориак А.Дрейфусты қудалауға қатысқан католик шіркеуінің саясатына күрт қарсы болды.

Жазушы  1970 жылы 1 қыркүйекте Парижде қайтыс болды. 

Жазушының әлі жарияланып келе жатқан мол мұрасы оның ойшыл қаламгер болғанын дәлелдеп отыр. Нобель сыйлығын аларда, Стокгольмде сөйлеген сөзінде ол бәрінен де бұрын адамзат тарихында көрінген және кез келген адамның бойында қылаң беріп жататын зұлымдықтан қорқатынын, соның шығар бастауын анықтауға ұмтылып келе жатқанын атап өтті. “Роман” деген эссесінде Мориак бүкіл өмір бойы үш тақырыпта: адам және Махаббат, адам және Құдай, адам және Ар-ождан тақырыбына қалам тартқанын айтады. Құдайды, Арды және Махаббатты біртұтастыққа алған автор адам қай тұрғыдан қарастырғанда да адам деп тұжырымдайды. Достоевский сияқты Мориак та еркіндіктің астарын нұсқайды. Бетімен жіберілген еркіндік адамды, тіпті тұтас халықты азғындыққа ұшырататынын айтады. 

Т. Раушанұлы