Мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеген жазушы

Мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеген жазушы
Фото: Yernar Almabek

Швед жазушысы, ақын әрі драматург Пер Фабиан Лагерквист Швецияның оңтүстігінде орналасқан Векшё деген шағын қалада дүниеге келген. Ол – Иоганн Лагерквис пен Андерс Иоганн Лагерквистің жеті баласының кенжесі. Әкесі алдымен фермада жұмыс істеген, содан кейін теміржолшы болған. Мектеп оқушысы ретінде Пер Чарльз Дарвиннің “Түрлердің пайда болуы” және оның лютерандық отбасының консервативті көзқарастарынан мүлдем өзгеше идеяларын қалыптастырған басқа да шығармаларын оқыды.

1910 жылы мектепті бітіргеннен кейін, Упсаль университетінде екі жыл бойы өнер мен әдебиет салалары бойынша тәлім алды.

Болашақ Нобель иегерінің әдеби дебюті 1912 жылы бірнеше ғашықтық өлеңдер мен “Халық” (Manniskor) романын жариялаған кезде басталды. 1913 жылы ол Парижге барады, онда қазіргі заманғы кескіндеме жас жазушыға үлкен әсер етеді. Әсіресе фовистердің батылдығы мен кубистердің интеллектуалдық тәртібі оны қатты таңғалдырған. Сол жылы ол “Сөз өнері және бейнелеу өнері” (Ordkonst och bildkonst) аталатын эссесін жарыққа шығарды. Шығармада автор скандинавиялық және грек эпостарын салыстыра отырып, натурализмнен бас тартты. Бұл сыни эссе сыншылар мен оқырмандардың назарын аударды да,  ол көп ұзамай өзінің теорияларын 1914 жылы жарық көрген “Мотивтер” (Motiv)  атты поэзия мен проза жинағында, сондай-ақ “Темір және адамдар” (Jam och manniskor 1915) қысқаша әңгімелер жинағына енгізді.

1916 жылы Шведтің алғашқы экспрессионистік шығармасы саналатын “Сағыныш” (Angest) поэтикалық жинағын Лагерквистке үлкен бедел мен танымалдылық әкелді. Бұл кітаптың жарқын бейнесі, оның өрескел стилі жазушының фавизм мен кубизмге деген қызығушылығын көрсетті. “Сағыныш” шығармасы Бірінші дүниежүзілік соғыстың қасіретінен туындаған қайғы мен үмітсіздік сезімін де білдірді. Америкалық ақын және сыншы Кеннет Рексрот автордың поэзиясына жасаған шолуында: “Сағыныш" шығармасы тек саяси елестердің жоғалуы туралы ғана емес, сонымен бірге жазушының рухани бөлінуі туралы да айтады”, - деді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазушы Данияда өмір сүрді. Осы уақытта ол театр үшін  өнімді еңбек етті. Оның алғашқы жарияланған пьесасы “Соңғы адам” (Den sista manniskan, 1917) жер бетінде қалған соңғы адамның қайғы-қасіретін суреттейді және соғыстан туындаған үмітсіздік тақырыбын жалғастырады. “Театр” (Teater 1918) жинағындағы эсседе ол натуралистік драмаға қарсы шығып, Август Стриндбергтің символдық пьесаларына таңданатынын жазды.

“Өмір сүрген адам” (Han som fick leva от sitt liv. 1928) пьесасы  және оның 30-жылдары жазылған осы және басқа да пьесалары керемет айшықтығымен, күнделікті тілді қолдануымен ерекшеленеді.

30-жылдарда фашизмнің қаупі өскен сайын Лагерквист шығармасы рухани гуманистік сипатқа ие бола бастады, жазушы зұлымдықпен күресу қажеттігін баса айтты.

Германияның Дания мен Норвегияға басып кіруі Лагерквисттің “Поэзия мен шайқас” (Sang och strid) жинағындағы көптеген өлеңдеріне арқау болды.

Жазушының 1940-жылдардағы ең маңызды шығармасы “Ергежейлі” (Dvargen 1944)  Италияның Қайта өрлеу кезеңінде өмір сүрген зұлым ергежейдің өмір тарихын баяндайды. Осы арқылы күрескер қаламгер  фашизмді өткір сынға алды, адамның ашкөздігі, екіжүзділігі мен қаскүнемдігін масқаралады.

Оның “Бараббас” (Barabbas) романы 1950 жылы жарық көрді және бірден сыншылар мен жазушылардың назарын аударды. Андре Жид аталған романды “керемет шығарма” деп бағалады. Мәсіх сынды айқышқа шегеленген және одан босатылған қатыгез қарақшы туралы әңгіме қозғаған жазушы адамның Құдайды іздеуге талпынысы, сенімнің қажеттілігі туралы ой қозғады. 9 тілге аударылған “Бараббас” сыншылардың сұранысына ие болды және жазушының ең танымал кітабына айналды. 1952 жылы осы роман негізінде фильм түсірілді.

1951 жылы Швед академиктері Лагерквистті “адамзат алдында тұрған мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуге тырысқан жазушының пайымдауларының көркемдік қуаты мен абсолютті тәуелсіздігі үшін” әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына лайық деп тапты. Швед академиясының мүшесі Андерс Остерлинг: "Лагерквист адамзаттың ең өзекті мәселелерін, біздің өміріміздің іргелі мәселелерін батыл және ашық айтқан жазушыларға қатарында” деп жоғары баға берді.

Ұялшақ Лагерквист марапаттау рәсімінде баяндама жасаудан бас тартты. Оның орнына, марапаттарға алғыс айтқан бірнеше сөзден кейін, бұдан 30 жыл бұрын жазылған және жарияланбаған “Адамзат аңызы” (Myten on manniskorna) шығармасынан үзінді оқыды.

Жазушы 1974 жылы 11 шілдеде сал ауруынан Стокгольм ауруханасында 83 жасында қайтыс болды.

Т. Раушанұлы