Аяқталмаған туындылар: Мұхтар Әуезов. "Америка әсерлері"

“Америка әсерлері” – Мұхтар Әуезовтың 1960 жылдардағы ақпан, наурыз айларында АҚШ-ты бір ай аралағаннан соң жазған жолжазбасы. Бұл сапарға жазушы Л. Леонов, О. Гончар, С. Щипачевтермен бірге аттанған. Жазушы мұхиттың арғы бетіндегі Вашингтонда, Нью-Йоркте, Калифорнияда, Лос-Анжелес пен сол штаттың Фресно графтығында, одан кейін Аризона штатының орталығы Феникс қаласында, қайтарда Бостон шаһарында бірнеше күн болған.

Мұхтар Әуезов: “Мен өзім жазатын сөздерімде өзіміздің оқушының білгендеріне, сезіп-танып жүргендеріне аз да болса қосымша боларлық жөн-жосықтар баяндай түспекпін. Америкаға барып-көріп білген оқушы сол өз көргеніне менің көрген-сезгендерімді қоса түссін. Америка жайын оқып білген кей достар оқыған мен танығанына менің де тоқып-танығанымды жалғай түссін, Американы ғылымдық жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің кейбір көзбен көрген,құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске салар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы” - деп оқырман, Американы көрмегендер, оны осы жазбадан біршама танып білсін деп тәптіштеп түсіндіреді.

Ұлы суреткердің қай шығармасынан болсын, анық сезілетін “мың бояудың той-тоғысы” бұл очеркте де жеткілікті. Мысалы, алғаш мұхиттың арғы жағындағы Нью-Йорктың Айдл-Уайл аэропортына келіп түскенде, әр түрлі ұшақтар қозғалысын бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, эр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбінің өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне бірі жылжи тақай келіп турысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт турып қалып, енді бірде унсіз ағыза жөнелетін тәрізді” дейді.

“Америка әсерлері” – Әуезовтің дерегі мол, танымдық талдауы терең, көркемдік қуаты биік публицистикалық шығармасы. Жазушының науқастануына байланысты шығарманың екінші бөлімі жазылмай қалған. Ал бірінші бөлімі алғаш рет “Социалистік Қазақстанда” 1960 жылы 24 сәуір күні жарияланды. 1961 жылы Мұхтар Әуезов Кремльдегі ауруханада ота кезінде қайтыс болды.

Жазушы дүниеден өткесін араға 3 салып, 1964 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің 3, 10, 17, 24 шілде күнгі нөмірлерінде “Сапарлар, кездесулер, әсерлер” жинағында (1966 жыл, 10-45-беттер) “Америка әсерлері” жарияланды. Жазушының 12 томдық (3-кітап) және 20 томдық (8-кітап) шығармалар жинақтарына енгізілді.