Диана Серікбайқызы. "Отаным, саған айтамын!"

Диана Серікбайқызы. "Отаным, саған айтамын!"
Фото: Диана Серікбайқызы

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Диана Серікбайқызының шығармасын ұсынамыз.  

Серікбай Диана Серікбайқызы, 1998 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Темірші селолық округінде дүниеге келген. Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетін "құрылысшы" мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Отаным! Мен сенің перзентіңмін! Қаһарлы қысың аязымен дірдек қақтырса да, жалындаған шілде ыстығы от болып күйдірсе де, мен сенен бас тартпақ емеспін. Жарықтық әжем айтатын: "Өз балаң өзекке тепсең кетпес. Кісі баласы кісендесең тұрмас". Пенде болған соң, әркім басына түскен тағдырды көрері хақ. Мейлің қара бол, мейлің хан бол, бұл-жазмыш. "Жазмыштан озмыш жоқ". Осынау ұлтарақтай жер үшін басын бәйгеге тіккен, кешегі өткен ата-бабаларымыз да өз заманында ел мен жер үшін небір қиын-қыстау заманды бастан өткерді. Алла қолдап, ұрпақтары бүгінде өз елінде, туған жерінде бейбіт заман кешуде. Мұраты – құлшылық болуы тиіс әрбір құлға Алла бейнетсіз зейнет, еңбексіз жеміс, қиындықсыз жеңіс жазбаған. Менің қалауым – бауырында ойнақтап жүріп бой жеткен Отанымыздың тыныштығы мен берекесі, халқымыздың ынтымағы.

Әр заманның өз қиындығы мен сындарлы сынағы болады, бұл тарих беттерінде тайға таңба басқандай анық жазулы тұр. Отан атты алтын ұямыздың іргесі берік, тарихының тереңге бойлап, ғұмырлы болуы – әр қазаққа сын әрі міндет. Тентіреп жат жерге өгей ұл болғанша, өз жеріңде қайғысыз қара су ішкенге не жетсін?

Қала өмірінің күйбең тірлігіне алданып жүріп, жан-жағымызға, Алла жаратқан әсем жаратылысқа сүйсіне көз тіге алмай жатамыз. Жаратылғандардың ісіне бар жан-тәнімізбен беріліп кеткеніміз сонша, жаратқанның кемшілік атаулыдан пәк, тіл мен сөз жетпес бағалы құндылықтарын көзімізбен көре тұра, жүрекпен үңіле бермейміз.

Мен туып-өскен жер – кең де байтақ Отанымыздың, қазақ байлығының көзі, мәдениет пен өнердің алтын кені болған Сарыарқадай жазиралы өңірінің ортасынан ойып орын алған Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Темірші селолық округі.

Отбасы атты шағын Отанымда шыр етіп дүниеге келген төрт қызғалдақтың бірі болған мен, табиғатпен тілдесуге жаны құмар жандардың қатарындамын. Бұл маған әке қанымен келген қасиет болса керек. Әкем туған жерін ерекше жақсы көретін. Қолы босай қалса, туғандары мен достарын жинап алып, табиғат аясына серуен құрғанды жаны сүйетін. Оңашалау тұсқа бой жазып, жан-жағына сүйсіне көз тастап, табиғатпен үнсіз сырласқан талай сәттеріне куәгер болдым...

Алтын бесік – ауылымдағы үйіміздің дәл жанында шағын, бірақ мен үшін ең биік те алып көрінетін тау болатын еді. Қолым қалт еткен сәттерді пайдаланып, сол тауға қарай тартып отыратынмын. Таудың басына шығып алып, етекте көрінген қым-қиғаш ауыл тірлігін сырттай бақылау – ес білгелі үйреншікті әдетіме айналған. Таудан ескен самал жанымды жадыратып, айқайлап ән салатын едім. Қарсы бетімдегі, алыстан мұнартқан ақ басты таулардың ар жағындағы маған беймәлім әлем бала қиялымды алысқа жетелейтін. Енді бәр сәт тау етегіне түсіп, тастармен тілдесемін. Құрт пен қоңыздың тірлігін бақылаймын. Көкжиекке көз жіберіп, бұлдыраған сағымға қанат біткендей ойша қол созып, небір бала қиялға ерік беретін кездерім көп еді. Қызығы, тауға беттегеннен – ақ жаным оңашалықты қалайтын. Ол кезде мұндай сұлулықты кемшіліксіз жарата білген Ұлы Күштің барын сезетінім болмаса, аса хабарым жоқ еді. Қазір ойлап отырсам, табиғатты шебер жаратқанымен қоймай, Алла маған соны көретін екі көз, басатын аяқ пен ұстайтын қол, сезінетін жүрек те беріпті. Ең бастысы – бақытты балалығым тыныш өткен, аспаны – көкпеңбек, жері – бай Отан нәсіп еткен екен. Не қызықтырса соған елітіп, зейін ауа беретін балғын шақта оны сезіну қайдан болсын... 

Алақанға салғандай анық көрінетін ауылымның сыртқы бейнесі мен тау қызығын тамашалай жүріп, бар дүниені ұмытатыным сондай, үйге қайтар мезгілдің де әлдеқашан өтіп кеткенін аңғармай қалатын сәттерім көп болатын. Көрші ауылда қызмет ететін әкемнің ақ "Москвич" көлігі ауыл шетіне іліккен кезде ғана үйім есіме түсіп, екі өкпемді қолыма алып, құстай ұшатын едім. Осылайша, үй мен тау арасында бақытты балалықтың бал дәмімен армансыз сусындай жүріп, бой жете бастадым. Бірде үй ішінде қалаға көшу туралы сөз қозғалды. Әңгіменің басталуына себепкер болса да, әжем мен анамды үнсіз тыңдаған әкем шешімін айтпастан, орнынан тұрып, тысқа беттеді. Мен тауды қимадым...

Әкемнің жүзінен де туған ауылына деген қимастық табы сезіліп тұрды. Сондай күндердің бірінде, әкем жүрегімен сүйе білген, өзі адал ұлы бола білген туған жерінен мәңгілік мекен тапты... Араға бір жыл салып, біз отбасымызбен, талай ақын мен дүлдүлдің шабытын қоздырған, небір біртуар дара тұлғаларды әлдилеп, қазақтың батыр да өнерлі азаматтарының киелі бесігі болған қасиетті Қарқаралы жеріне қоныс аудардық. Жүк артқан көліктің терезесінен соңғы рет тауға көз салдым. Маған биік болып көрінетін тау жол артқан сайын аласарып, бір нүктеге айналып бара жатты. Таудан ескен самалмен келген әкемнің иісі де артта қалып бара жатқан ауылымның желіне сіңіп, тағдырыммен үндескен күз суығы бойымды тоңазытты...Бала кезімнен менің құпия мекенім болған, небір балалық қиялымның куәсі әрі сырласым болған тау – туған ауылым мен әкемді бауырына алып, бұйығып қана қала берді...

Иә, осылай мен кезінде, Отанымның бір бүйірінен орын тепкен, шағын ғана елді мекеннің жас тұрғыны едім. Бүгін міне, елімнің есті де естияр азаматшасына айналдым. Біз – Алла бақ берген елміз. Замандастарымыз, ата-анамыз, ата-әжелеріміз де тілегі қабыл болған бақытты жандар. Өз елімізде, өз жерімізде ботадай ойнақтап, ер жеттік. Әркімнің туған жерге таласы бар, өзіндік ауыз толтыра айтатын қызықты естелігі де жетерлік. Елсіз, жерсіз күй кешіп жүрген өзге ұлт өкілдерінен бір саты жоғары тұратынымыз жасырын емес. Тәуелсіз еліміздің бақыты баянды болып, аспанымызды бұлт торламаса екен! Отаным! Алла мені сенен, сені менен айырмасын! Шаңырағымыз шайқалмай, мамыражай тірлік кешіп, бейбіт елде бұлаңдап өсіп, ер жеттік. Білім алдық, ұйқымыз қанық. Әлем мойындаған, тарихта да өзіндік ойып алар орыны бар қасиетті де қадірлі жерде тірлік етіп жүрміз. Ата заңымыз, тіліміз, дініміз, Елордамыз бар. Отанымыздың атын әлемге әйгілеп жүрген ұл – қыздарымыз қаншама. Еңбек етем, оқимын деген жанға қолдау бар. Елдің ертеңі, үкілеген үміті – біз, жастар. Бізге тән қасиет- сабыр мен төзім болуы тиіс. Кімге, қашан және қалай бейнетсіз зейнет, күрессіз жеңіс келіпті? Талай жан қимасын берді, жастығын алып жығылды, ащы тер төкті. Осы күнге жету жолы оңай болды ма? Дәл солай, Тәуелсіздік- тұғырымызды да теңселтпей ұстап тұру- жеңіл салмақ болмасы анық. "Бектер кетсе, ел қалады. Бетеге кетсе, жер қалады. Берекең кетсе, нең қалады?" демекші, еліміздің ынтымағы мен бірлігін бір қалыпта ұстап тұру – бізге сын. Жатпай - тұрмай еңбек етіп, елге аянбай қызмет ету- қасиетті борышымыз.

Отаным, сен бар бол! Сенің кішкентай ғана бір бөлшегің, туған жерім– Теміршім! Ең тәтті шақтарымның куәсі болған, мен үшін құтты мекен – ауылым! Егеменді еліміздің көркеюіне өзіндік үлесіңді қосып, гүлдене бер! Дәл мендей, тауыңда ботадай ойнақтап, туған жеріне алаңсыз еркелеп, бір тұлымды қыз жүрген болар. Оның да бейбіт заманда, Алла жаратқан әсем тау-тасыңмен еркін сырласып, шарықтаған бала қиялының үнсіз ғана куәсі болып, жасай бер...!!!   

Т. Раушанұлы