Ғабит Мүсірепов. "Қыран жыры"

Ғабит Мүсірепов. "Қыран жыры"

22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні! Сондай-ақ 1902 жылы дәл осы күні қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің туған күні. 

Назарларыңызға қаламгердің "Қыран жыры" атты әңгімесін ұсынамыз.

"Қыран жыры"

- Осының маған ұнады,
- Онда саған арнадым.
- Осының маған ұнаған жоқ,
- Онда саған да арнадым.

Автор

- Кәл, кәл, кәл!..

Ауыл өмірінде күнде естілетін көп сөздің ішінде көміліп кетпесін деп, бүркітші қыранын «Кәл, кәл!» деп шақырады. Онысы басқа елдің де тілі емес, құстың да тілі емес, кәдуілгі «Кел, кел!» деген қазақ сөзі.

- Кәл, кәл, кәл!..

Қыран иесіне қайрылған да жоқ, қараған да жоқ. Құлаштан сермеп, қайқайып жоғары өрлеп кетті. Томағасын сыпырғанда-ақ көзі шалып қалған қоянға да түскен жоқ. Торғайдай бұлдырап жоғарылап алды да қанатын қақпай сырғып кетті. Тауға барып соғылар найзағайдай сырғып барады. Апырау, немене көрді? Түлкі ме, қарсақ па? Әлде тіпті қасқырдың өзі ме? Соңғы күндерде тыншыға алмай қойып еді, неменеге құмартты екен? Көзіне сол құмартқаны ілікті-ау, сірә!..

- Кәл, кәл, кәл!

Торы атты тебініп-тебініп қалып бүркітші де өрге қарай салып еді, омыраудан тіреген қалың қар ұзаққа жіберген жоқ. Беті шып-шып терлеп, азғана бусанып, күнге шағылысып жатқан аппақ қарды бауырымен сызып, төрт-бес аттап омбылады да торы ат тұрып қалды.

- Қап, айрылып-ақ қалғаным ба! Кәл, кәл, кәл!..

Алдынғы күні Ержан аңшы үйіне екі түлкі әкеліп еді. Екеуі де алтайы қызыл, алтындай жымыңдайды екен. Сызық түсірмей сойып алған екі теріні кергішке керіп, құба жонынан бір сипап қалғанда құлпырып сала берді. Қалың қызыл алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс сызықтар бар. Пұшпақтары қара алтындай жалтылдайды. Төрт жасар қызы түлкінің мамықтай жұмсақ құйрығын мойынына орап ойнай бастады. Екі жасар Есентай - маған түлкінің бүйрегін әпер деп, қылшылдап жүр. Қой бүйрегін, қоян бүйрегін жеп үйренген балаға керегі де сол ғана.

Құттықтау айтып ауылдастары жиналып қалды.

- Е, бәрекелде, үйірімен үш тоғыз!

- Босаған қандана берсін, аузың майлана берсін!

Аңшының аузы жалғыз майлана ма, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезіне шыжымдап-созып, әрең үнемдеп отырған азғана етті ауылдастары жеп кетті. Құрт-май, шай-қант дегендердің де түбі көрініп қалды. Ауыл арақты судай сіміреді емес пе, Ержанның қалтасы да қағылып қалды.

- Пай, пай, сенің Сар-балағың құстың патшасы ғой! - деген сайын сылқ-сылқ етіп арақ құйылмасқа не шара!

- Биыл сен осы бір жиырма түлкі алғыздың-ау, Ержан! - десіп қояды.

- Жиырмаға жете қойған жоқ әлі... - дейді де Ержан қолын ақмойнаққа созады. Тағы сылқ-сылқ, тағы бүлк-бүлк...

- Бүркітке түлкі алдырғаннан асар не қызық бар дейсің! Абай ағаңның да бір құмары осы болған ғой...

- Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара, шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда...

дейтін бе еді?

- Фермаға бастық болмай аңшылық қуып кеткен осы Ержанның өзінде де Абайдан жұққан бірдеме бар...

Ақмойнақ қырлы стакандарға тағы да еңкейеді.

Тыстан қыран саңқылы естіледі.

- Пай-пай, бүркіттің бабында екен-ау!.. Құдай қосса, қызыл залымды тағы біраз ұйпалақтар!

Салқын ауыз қорада тақтаймен қоршалған томарша - тұғырда отырған қыран тағы саңқ етіп қалды. Күн батқан соң тәкаппар шаншылған бойы қалғып кетуші еді.. Бүгін екінші түн бүркіт ұйқыдан айрылыпты. Бұл оның бір тыншыға алмай қойған кезі. Әлде, өзі бүктеп-бүріп алған түлкінің төсін сұрай ма, әлде, алдырмай кеткен бір түлкіге ызасын шаға ма, әйтеуір қыранда тыныштық жоқ. Ұшуға сұранады, далаға сұранады, аспанға сұранады. Қанаттары тақтай қоршауды сырт-сырт тырналап, балақ-бауларын шойын тұмсығымен жұлып-жұлып қояды. Бостандық сағынышы, азаттық жыры, аспан жыры өн бойын өртеп бара жатқандай.

Қыранның сырын Ержан аңғарған жоқ. Бабына келген алғыр қыран аңға шығуды сұранып отыр деп жорыды. Қонақтары тарап кеткен соң әйелі Гүлбалаға:

- Есетжанды төсегіне апарып жатқызшы. Өзің де жатсайшы... - дегенде де қыран зары есіне келген жоқ...

* * *

Жабайы торы атын бір күн тынықтырып, Ержан бүгін тары да аңға шығып кетіп еді. Талма түс кезінде тобылғы түбінен қоян ыршып шықты. Секіріп, атқылап, қалай қарай қашарын біле алмай, азғана бөгеліп те қалды. Әйелінің -бүгін бір-екі қоян әкелмесең, кешке қазандық астына от жағылмайтын шығар дегені есіне түсті. Дағдылы қолмен томағасын сыпырып алды да, Ержан бүркітін қоянға қарай сермеп қалды. Қыран қоянға қараған жоқ. Қанаттарын көре серпіп жоғарылай берді, жоғарылай берді.

- Апыр-ау, бұл не көрді? Таутеке ме, қасқыр ма?

Ондайға түсер ойы болса, қыран ендігі орай-орай жүйткіп, шүйілер кезі болып қалды. Жоқ, шүйілер емес. Бұлтсыз көк торғын аспанды көсілте кезіп, ойнақ салып кетті. Біресе аспанға өрлеп көрінбей кетеді де, біресе төмен қарай ағады. Ұйыған денесін, талған қанаттарын жазып жүргендей көк аспанды тілгілеп жүр. Кейде қос қанатын қомдап алып жерге қарай құлай шаншылады да ұзамай желге қарсы жалт бұрылып қайта жоғарылағанда екі қанаттың асты күн көзіне айнадай шағылысады.

- Кәл, кәл, кәл! - Жоқ, қыран қайрылар емес. Оны үлкен тіршілік толқыны айдап әкетті.

Қыран көзі құмарын шалған еді. Ол оны мана сезінген, томағасын сыпырмай тұрғанда-ақ сезінген. Оны оған шаңқан ашық, желсіз тынық күн айтып еді. Биік аспанда зу етіп қалған қанат дыбысы барын құлағы айтып еді. Қыран болсаң бір талпындырмай қоймас жүрегі айтып еді. Тұтқында болған бесті бүркіттің бойына жиналған отты қызуы айтып еді.

Қыран құмарын енді Ержан да көрді. Көрді де түсіне кетті. Аңшы көзі ғана шалар биік аспанда екі қыран сайыс салып жүр екен. Үшінші бір үлкен қара алыстан орай ұшып, сайыс немен тынарын бақылап жүрген сияқты. Бір кезде бас балуанға өзі түсіп жүрген кәрі қыран енді соны көрген қызығына қанағат ететіндей қызбай-қызынбай баяу қалықтайды. Ана екеуінен төменірек қалықтайды.

Сайыстың жана басталғанын алыстан-ақ таныған Сар-балақ бірден кимелеп кеткен жоқ. Екі жаққа алшақтасып кетіп, қарама-қарсы қайта ұмтылған екі қыранның арасы жақындай бергенде нақ үстерінен бір зу етіп өтті де ағып алыстап кетті. Сайыста жүрген екі қыран желдетіп зуылдап өткен үшінші қыранға амалсыз жалт етісіп қалды. Ие, күш иесі екен, тәкаппар екен. Екпіні қандай еді өзінің! Дауылдай ықтырып өтті-ау!.. Аяқтарында салбыраған бірдемесі бар... Салбырағандарының ұшында жалтыраған бірдемесі бар...

Қыран құс көкте шағылысады. Оның алды ұзаққа созылатын үлкен сайыс. Болашақ ана, болашақ әкенің бар тауқыметін танып болмай, бойына дарытпайды оны. Ұсақ қулық, бос қалжақтың құсы болса, сайыса жүріп кеудеден теуіп жібереді. Бұл кезде жемсауына сақ болмаса, жабайы шәулі қалбақтап барып жерге құлап түседі. Кеудесі жарылып, жарбиып құлайды.

Ұябасар - ана қыран сайыс ойынын тоқтатқан жоқ. Қызынып алған екен, кеудесін желге тоса шарықтап жоғары кетті де қайта оралды. Ата қыран бір айлакер тас-қара, ол биікке көтерілмей оралыпты. Айласы ма, аспан аязынан ығысқаны ма, әйтеуір төменірек ағып келеді. Бұл жолы ана-қыран оның үстінен өтіп кетті.

Таң ата етек тауларды тұншықтыра жауып алған қалын қарағайдың ішінен ұшып шыққанда бірден кездесе кеткен еркек қыран көзге қораш көрінбеген. Әуелі тым жоғары көтерілмей төменіректе ойнады. Таныса келе жоғарылай беріп, қазір талма түс шағында биік аспанда сайысып жүр. Жоғарылаған сайын аспан суына бергені рас. Еркек қыран тас-қара содан ығысса, онысы көңіл қалдыратын қылық. Әзірге ұябасар ойына ол келмеген сияқты, ұзап барып қайта оралды. Бұл жолы тас-қара да ойдағы биіктен оралыпты. Соқтығысардай, қанаттасып қалардай екпіндесіп келіп, шалқайысып кетті. Тас-қарада тәсіл көп сияқты. Орай келсе-ақ жабыса кеткелі жүр. Бірақ, тәкаппар ұябасар жақындатар емес.

Қыран баласына дүние әрі кең, әрі тар. Достары да аз емес, жаулары одан да көп. Азияның аязына, Африканың ыстығына шыдар ұрпақ керек. Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Оңай көріп сарышұнақ аулап, ін күзетпейтін ұрпақ керек. Қыран баласы осыны ойламай біледі. Қыран баласы осыны ойламай істейді. Оның аты -табиғат тылсымы.

Сар-балақ кешке дейін сайысқа араласқан жоқ. Анда-санда әлдеқайдан сап ете түседі де еркін жүйткіп, ағып өтіп кетеді. Бір-екі рет оңаша қалықтап жүрген кәрі бүркітке де барып оралды. Сәлем бере барғандай соқтықпай-ұрынбай бой тежеп, едәуір қатарласып ұшты.

- Қанат қағысында мін жоқ, неге шеттеп жүрсін., ақсақал?

- Өкшелес буын ойыныңа, ойыңа қараймын... Биік ұшсаң - қуаныш, төмен ұшсаң - өзің өкінерсің... Мен де қуанып көрген, өкініп көрген ағаңмын. Қызығып та қоямын, қынжылып та қоямын... Өзім ұшып жете алмаған биікті сендерге тілеймін. Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше, өзін төменде, ойың аспанда жүрсің, жаным. Биік деген немене, төмен деген немене, сонда түсінерсің.

Қыран мылжың болмасқа керек. Екі қыран бұл ойларын айтыспай ұғынысты.

Осы кезде сайыста жүрген тас-қара мақтанам деп бір қатерге ұрынып қалды. Қор мінез көрсетіп алды. Ұябасарға бір ерлік көрсеткісі келіп төменде жүрген кәрі бүркітке қарай қадала ұшып кетті. Қуып тастамақ па, жұлып тастамақ па, әйтеуір қатал төніп барады. Қанаттарын біресе керіп жіберіп, біресе серпе қағып барып, кәрі қыранның үстінен түйілді. Жоғарыдан орай-орай айналып барып, төбесінен тік шүйіліп қалды. Бас салатын қалпы бар.

Бірақ бас сала алған жоқ. Кәрлі көздерін бір түйреп қалып, қат-қабаттап өрген темір сымдай шор саусақтарын тоса берген кәрің, ұстасса-ақ айрылмастай екен. Жемсауын шалқайта ұстап, темір найзаларын тоса берді. Тырнақты да білекті екен. Шүйіліп келген сотқар қыран тайқып кетті, зу етіп соға алмай өтті.

Ұябасар оны өлімге жұмсаған жоқ-ты. Осындай ұлы ойынның үстінде қан төгіс болсын деп тілеген де жоқ. Бұл ерлік сыналар, еркектік сыналар ойын. Неғұрлым мырзалық, неғұрлым кеңдік, неғұрлым шыдамдылық байқалса, аналық соған бейім, соны таңдайды. Тас-қара мінезін ұнатпай қалған ұябасар үнсіз томсарып, тау жоталарын бөктерлей, күншығысқа қарай тартып берді. «Өз бетімен жүрген шал-қыранға соқтығып несі бар еді? Соқтыққан екенсің, көрсеткен ерлігің қайсы? Тақала бергенде тайқып кеткенің бе?

- Рақмет, жолдас... Сау болыңыз...»

***

Ұябасар ұшқыр да, ағынды құс екен. Қанаттарын еркін сермеп, ұтымды сырғып барады. Тас-қараға қанаттарын тез-тез қағуға тура келді. Күн бойы биікке бір көтеріліп алып, жақыннан оралып, екеуі де қиналмай шарпысып жүрген. Енді еркекті ұзақ ұшу сынына салғысы келгендей. Сайыстың бұ да бір түрі сияқты. Төбе шашына қырау тұрып ақ иықтанып алған ана қыран суықты да, қарсы соққан желді де елер емес. Қонақтар жерін өзі ғана білетіндей алысқа тартып барады.

Тас-қара ат шаптырым жер еріп отырды да кейіндей берді. Сылан қыздың бір он жағына, бір сол жағына шығып қалбалақтай беру дүниенің азабы екен. Антұрғанның алымдысы-ай Аянына желіп ере алмайсың...

Қап, бәлем, ертең көрерміз... Аспанда шарпысып жүріп қарсы бір келіп қалғаныңда шап беріп шаншыла кетпесем көр де тұр!.. Шегедей шаншылармын!.. О, сонау қалбаңдап келе жатқан ақ бас кәрі ғой... Тәңірі деген, жұрттың соны мен емес екенмін...

Ұябасар бір сәт жалғыз ағып келе жатыр еді, қанаттарынан жел гуілдетіп келіп Сар-балақ қатарласты.

- Есенсіз бе?..

- Шүкір...

Енді екеуі қатар сырғып келеді. Төбе шаштарына қырау тұрып екеуі де ақ иықтанып алған. Екеуінің ұшқырлығы да теңдес екен.

- Аяғындағы неменең?

- Балақ бау ғой.

- Жалтырағаны неменесі?

- Жез сақинасы ғой.

Қатар ұшып келе жатқан қос қыран біріне-бірі осыны айтысқандай көздерін бір шағылыстырды да ұзай берді. Қайда барарын, қайда қонақтарын екеуі де біліп келе жатқандай, айтқызбай ұғынып келеді. Енді абайласа екеуінің қанат қағыстары да, құлаш сермеулері де, серпіндері де бірдей екен. Төрт қанаттан саулап суылдаған үндері де қосылып салған әндей үйлесе кетіпті. Суық аспанды иықтарымен тіліп, қанаттарымен сабалағанда екеуі де шімірігер емес. Шарықтау құмарын, екпіндеу құмарын тарқатар ұзақ сайыс енді басталған сияқты. Жел қызығар екпін, тасқын қызығар жүйтку бар.

Күн бата екеуі тарбиған-тарбиған жуан бұтақтары бар кәрі қарағайға келіп қонды. Тау жоталарын жауып кеткен қалың қарағайды көп кезіп, таңдап келіп қонды. Қазір екеуі қарсы отыр, сақ отыр.

- Осыған ұяласақ қайтеді?

- Мен ұяны сізбен бірге саларымды қайдан білдіңіз?.. Қызық екенсіз...

- Мына бір жақын тарбиысқан үш жуан бұтақтың үстіне құрықтай-құрықтай он шақты жас қарағайды айқастыра төсесек ұяның іргесі тастай берік болатын сияқты... Одан соң осы қарағайдың бас жағында жалбыр шаш қалқаны да қою көрінеді. Жаңбыр-шашын кезінде балаларға пана да керек қой... Ұямыз көзге де көп шалына бермес еді...

- Еңбегіңіз босқа кетіп жүрмесін... Мен сізге әлі ешнәрсе дегенім жоқ қой...

- Оны ертең көрерміз де...

- Қойыңызшы, қызық екенсіз...

Кейін қалған Тасқара да жетіпті. Күндізгі есек-дәме үміті есінде екен, ұябасарға жақын қонбақ еді, ол бір иығын қозғап қалды. Әрірек отыр дегені сияқты. Сарбалақтың көздері де қара жалын атқандай бір жарқ етіп қалды. Тасқара сасқалақтап, тез орналаса алмай, қанаттарын қалбаңдатып, бұтақтан-бұтаққа көшіп, ақыры анау екеуінен биігірек барып қонды. Жоғарырақ отырып алған соң аруақтанып та кетті. Шен беріп, биік тұғырға отырғызсаң, қандай орынға болса да ұялмай-ақ отыра кететін сияқты, жараса кеттім деп ойлауы да мүмкін. Сәнді отыр, салмақты отыр...

- Е, мен бір жұмысқа айналып қалдым... Әйтпесе сенен қалатын емес едім! - дегісі келгендей, ұябасарға қыр көрсетіп қояды.

Қарағай бастарын желімен жайқап кәрі қыран да келді. Оның жастарда не жұмысы бар, оңаша қонақтап жатыр. Белдеуін шешініп, тымағын сілкіп, күйбеңдеген қарт адам сияқты, оралымы азайған ауыр дене бірнеше бұтақты сындырып барып әрең тыншықты.

Енді төртеуі де тым-тырыс. Ағаш басы, қараңғы түн қырандар үшін ойын-сауық орны емес. Олардың ойын-сауығына шаңқай түс, биік те кең аспан керек. Қызынған денелер амалсыз тынышталып, қара тас болып қатып қалды.

* * *

Таң сәріден кәрі қыран жөнелді. Шор алақан қышығандай болды. Кім біледі, қоян кездесер, суыр да шығып қалған шығар...

- Ұшпаймыз ба? - Сарбалақ иықтарын қозғап сілкініп қойды.

- Е, ұшайық!

Ұябасар дүр сілкінді де ұша жөнелді.

Ұйыған дене жазылғанша үш қыран қатар ұшып келеді. Сұңғақ денелі ұябасар ортада. Екі жағында екі еркек қыран. Ұябасар көңілі Сарбалаққа біржола ауып болса да Тасқараны да қуып жіберген жоқ. Көк сұлуы да айналасында шұлғыма жігіттердің бола бергенін жек көрмесе керек. Көз қиығы екі қыранға да түсіп келеді.

Түске тармаса қырандар таудан алыстап жазық даланың үстінде келе жатыр еді. Қауіп-қатер жасырынар еш нәрсе байқалмады. Ал енді бастаңдар дегендей, ұябасар аспанға тік қарғып кетті. Қанат асты күнге шағылысып жарқ етіп қалды. Сарбалақ пен Тасқара да жоғарылай берді. Ұябасар суық аспанға шаншыла қадалып, әлі биіктеп барады. Әуелі аз шегініп қалған Сарбалақ ұябасарды қуып жетіп, алға түсіп кетті. Жемсауында алқымынан тіреп, бөгеп жүрген иленіп-жұмарланып қалған жүн-жұрқа бар екен, оны аузынан ытқытып жіберді де жеңілденіп кетті.

Көк сұлуы көпке денін ойынға қатынаспай қойды. Еркек қырандар екі жағынан орап келіп шарпысуға шақырса да елең қылар емес. Не тік қарғып жоғарылап кетеді, не сүңгіп төмен кетеді.

- Өздерің біраз сайыссаңдаршы...

Қызынып алған еркек қырандар өзара сайысып кетті. Сарбалақ ұзақ ағып кетіп, кең орап қайтады. Тәсілқой Тасқара жақыннан орап, табан астынан тап береді. Бірақ тырнаққа тырнақ ілігер жерге келгенде тайқып кетеді. Төмен сүңгиді, бұрылып кетеді, ұябасардың тасасына қарай ұмтылады.

Ойында қандай тәсіл қолдансаң да айып емес. Бірақ бар тәсілін бас сауға болса, оны қыран көп көтермейді. Сарбалақ ызалана бастады. Тасқара тағы бір жақындай беріп тайқып кеткенде, қанаттарын қиғаштай беріп, оң иығымен соғып кетті. Үстінен соқты. Иығы темірдей екен. Тасқара сол жақ қанатым үзіліп кетті ме деп қалды. Енді көтерілер шама жоқ құлай төмендеп, әлде қайда төмпе үстінде суыр жеп отырған шал-қыранның қасына келіп қонды.

- Бір жапырақ асатып жіберші, көкем!...

Тасқараның қарасы өшкен соң ұябасар ойынға өзі түсіп кетті. Қыран құс жасырына да білмейді, сығалап сықылықтаған ұры көздерді де, күңкілі тынбас күндес көздерді де ұнатпайды. Бұл ойынға бөгесін керек емес. Бұл ұрпақ ойыны, ұрпақ күйі. Бұл ойынға аспан кеңдігі керек, жер биігі керек. Бұл ойынға қуана білер жүрек керек.

Сарбалақ ызалы қабағын жадырата алмаған бойы ағып келе жатыр еді, ұябасар жақындап келіп, қылаң етіп бұрылып кетті. Қыран қабағы да жадырап сала берді. Енді екеуі кең аспанды кере орағытып, қарама-қарсы келіп, төс тақасып қалардай жақындасып, қайтадан тік көтеріліп кетіп жүр. Қатты ағынымен келгенде төске төс тақасып қалса араларында сығарланған суық ауадан басқа ешнәрсе жоқ-ты. Бірінде аналық күйі, бірінде аталық құмары, екеуі кешке дейін сайысты. Күн бата кешегі қарағайдың басына қайта келіп қонғанда біреуі әке, біреуі шеше болып қалғандарын таныды. Ұяны қалай салу, қайда салу дауы болған жоқ.

* * *

Жазғытұрғы екі сары үрпек балапан қазір қонырайған-қоңырайған құс болып қалыпты. Енді ұшар кездері жақын. Әке-шешелері осының қамында.

Әуелі бұлар жұдырықтай-жұдырықтай көк-шұбар жұмыртқа еді. Бар қызуын, бар мейірімін соларға беріп, ана қыран қырық күн тапжылмай отырып басып шығарды. Үкідей сап-сары ұлпа жүн екі балапан жұмыртқадан шыққан соң ғана қалжыраған ұябасар бірінші рет ұядан ұшып, арқан бойы барып қонды. Төс сүйектері сорайып, арықтап қалған екен. Қанаттары да әрең қағылады. Сарбалақ азық-түліктен кенде қылмаса да қатты жүдепті. Үш күндік ойын сайыс емес, армандары осы екі балапан еді ғой. Ұябасар қалжырап қалғанына өкінер емес. Бүгін ол қанаттарын жазып алады. Таң сәріде суға шомылып қайтады. Жұмыртқа басып отырғанда көбінесе аузын қар мен жаңбырға тосып сусындап еді. Енді ол күндер артта қалды.

Қос қоңырлары адам болып келеді. Қоян жіліктерін бітеу жұта бастады. Түлкінің төсіне таласып қалады. Өкпе тұстан тесіп жіберіп қызыл қанды сораптағанда көздері шатынап біріне-бірі ырық бермейді. Тырнақтасып та алады. Тек Сарбалақтың ызғарынан ғана ығысады.

Ұя басуға отырған кезде аналық Сарбалақтың өзінен де жатсырап кеткен. Бауырындағы екі жұмыртқаны одан да қызғанатын. Қазір балапандар есейген сайын әке ызғары керектігін де мойындады, ерлі-зайыптылық сезімі де қайта оянды. Қойшының төрт қанат үйіндей көп ұяның аналық пен аталық екі шетіне қонақтайды. Ойнағылары келіп, ұшқылары келіп дамыл таппайтын ересектеніп қалған балаларын иықтарымен қағып, қанаттарымен жайқап ұяның ортасына қарай ығыстырады. Тезірек ұшса екен, дүние таныса екен... Қоянды ала алмай ызаланса екен... Аяз келіп қалғанша әке-шешелеріне еріп ұшып ананы-мынаны үйренсе екен... Ұяда күнде жеп жүрген тамақтары жүгіріп жүрген төрт аяқ екенін таныса екен. Алысар, жұлысар барын білсе екен.

Ата-ана қарлы-боранды дауыл күтеді. Қара дауыл соғып тұрғанда ықтап-ығысып отырған қос қоңырды желге қарсы итеріп жіберу керек. Қанаттарын еріксіз қағатын болсын. Кеудеден тіреген қатты жел құлатпайды да қанат қаққан сайын жоғары көтеріп әкете береді. Сонда балалар қорқып шырылдар ма, қуанып саңқылдап жіберер ме!.. Ата-ана осыны күтеді, қуана күтеді. Бұл олардың алты ай күткен арманы. Алты айғы азаптың бар төлеуі осы ғана.

Күзгі қара дауыл көп күттірген жоқ. Соғар кезінде соғып кетті. Аналық қанша асықса да Сарбалақ дауылдың күшейе түсуін күтті. Қалың орманның өзегі шіріген кәрілерін аударып тастап, барлық қоқысты, барлық иіс-қоңысты айдап әкететін сұрапыл дауыл арман ғой бір! Ұрпағың сондай дауылда аяқтансын да.

Сарбалақ кешеден бері аналықтың өзін де шеттетіп тастап, екі балапанға дамыл бермей отыр. Ұяны айнала қуып еріксіз қанаттарын қақтырады. Еріксіз бұтаққа жармастырады. Жас тырнақтар ұяның жуан бұталарын тырналап тастады. Құламау керек. Тырнақтар қадалып үйренсін, білек бұлшық еттері ширатылып үйренсін. Қанаттары қағыла берсін, қатая берсін.

Екінші күн соққан қара дауыл бәсеңдеген жоқ еді. Таң ата Сарбалақ саңқ етіп, жақын қарағайға қонақтаған қосағын шақырды.

- Немене, ұшырамыз ба?

- Ұшырайық!

Әуелі ата-ана ұяны айнала ұшып өз қанаттарын жазып алды да ұяларына қона беріп, қос қоңырды желге қарсы итеріп-итеріп жіберді. Әшейіндегі нұқып қалу емес, темірдей тегеурін бар екен, балалар ұяға жабысқан жоқ. Тырнақтарын баурына қысып алып, қанаттарын тез-тез қағып, көтеріле берді. Шырылдаған да жоқ, саңқылдаған да жоқ, көздері ғана өжет түйіліп алған. Аумаған әкесінің көздеріндей, ызғарлы қара жалын шашады. Әуелі тыпырлай қағылған қанаттар енді байсалды қағыс тауып ала бастады. Дауыл ырғағын аңдай бастады. Ара-тұра қанаттарын қақпай, кеуделерін дауылға тосып қалқып-қалқып алады. Енді бір кезде ата-аналарына көз тоқтата қарап, бір қоңыр саңқ етіп қалды. Оған екінші қоңыр жауап берді. Бұл қуаныш саңқылы ғой!

- Түу, ұшу деген қандай жақсы еді! Неғып сонша ұшпай отырғанбыз? Дүние деген қандай кең еді! Тар ұяға қалай сыйып отырғанбыз? Дауыл деген қандай жақсы еді! Ұша алмасты ұшырып әкетеді екен-ау!. Қанша уақыт бөстегін бұлғап отыра берген мешеу едік қой. Дауыл көтеріп аспанға шығарды емес пе! Енді осылай шарықтай беретін шығармыз. Арман деген осы да, қуаныш деген осы да!

Манадан балапандарының астын ала ұшып келе жатқан ата-ана енді қатарласып ұшқалы жақындап келеді. Қауіп жоғалды. Құлау қорқынышы жоқ енді.

Дауылда ұшырған балапандарымен қатарласа ұшып келе жатқан ата-анада қуаныштан басқа бір сезім қалмаған сияқты.

 





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

RaiM – Baila