Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Бауыржан Момышұлы. Солдат махаббаты

Бауыржан Момышұлы. Солдат махаббаты

Бауыржан Момышұлы. Солдат махаббаты

Бүгін – даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлы туған күн.

Бауыржан Момышұлы – көрнекті жазушы, шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Шетел тілдеріне аударылғандары да бар. Алғашқы кітабы 1954 жылы Калинин қаласының баспасында "История одной ночи" деген атпен басылды. Одан кейін "Наша семья" (1956), "За нами Москва" (1958), "Жауынгердің тұлғасы" (1958),"Москва үшін шайқас" (1959), "Генерал Панфилов" (1963, 1966),"Куба әсерлері" (1965), "Ұшқан ұя" (1974) тағы басқада әңгімелері мен повестер жинақтары шықты. Дүниеден озғаннан кейін 1990 жылы "Қанмен жазылған кітап" (орысшасы "Психология войны") атты кітабы жарық көрді.

Соғыс кезінде дивизия басқарған екі қазақтың бірі болған Бауыржан Момышұлы Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, "Құрмет белгісі" ордендерімен және өзге де құрметті медальдармен марапатталған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді.

Бүгінде "намысты нанға сатпаған" арлы ұлын қазақ халқы мақтан тұтады. Ұрпағына "Өршіл рухтан өлмес ерлік туады" деп сөз қалдырған біртуар батырдың ерлігі өлмек емес, есімі әрқашан қазақ жүрегінде.  

Батыр ұлдың туған күні қарсаңында "Солдат махаббаты" әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Солдат махаббаты
(әңгіме)

Тауда Қазақ ССР Министрлер Советінің демалыс үйінде жатыр едім. Зеріккеннен қалғып кетіппін. Біреу есікті қақты...

— Кір кім болсаң да, — дегенмен, көкірегім ояу, көзім ұйқыда еді... Ала тақиялы бір қара өзбек кіріп келді. Таң қалып қарап қалдым. Мен өзбек тілін ептеп білетін қазақпын.

— Иогары шигиң, — дедім.

Қонағым жоғары шықты. Мен орнымнан тұрмастан жатырмын.

— Исимиңиз кім? — дедім.

— Баһадур — деді өзбек сасқалақтап, — Мениң исимим — Исмайыл Рахимов.

Мен таңқалып қарадым..

— Сизни танимаймын — дедім өзбекшелеп. Қонағым:

— Әкажан! — деп мені құшып құлады.

Мен сасып қалдым. Менің сасқан себебім — көз тоқтатып қарасам, шашы аппақ, жасы менен үлкендеу екен, не айтарымды білмедім. Біраздан кейін есімді жинап, айқай салдым.

— Ей, өзбек, тұр орныңнан! Кім екеніңді маған дұрыстап айт!

— Әкажан, мен сиздиң солдатыңыз булэмэн.

Мен қайта қарадым да:

— Қай солдатсың, соныңды айт! — дедім. Солдат еңкейді.

— Минаган қараң, бұяққа қараң, — деді.

Мен қарадым. Сөйтсем, желкесінің сол жағынан тиген оқ оң жағынан шығып, тыртық болған жері бар екен. Есіме сап етіп түсе қалды.

Қыстың күні еді. Үш-төрт күн сәтсіз соғысып жатыр едік, отыздағы полковник кезім. Алғы шепке бара жатыр едім. Бізді немістер пулеметпен атты. Зуылдаған оқтан қаймығып, қардың үстіне құладық. Біреулерімізге оқ тиді. Маған оқ тиген жоқ. Орнымнан тұрдым. Қарасам, бір солдат талып жатыр, желкесіне оқ тиген екен. Күре тамырынан аққан қызыл қан ақ қарта шапшып жатыр. Қасына келіп шошып кеттім.

«Е, енді мынау адам болмайды екен» деп ойладым. Қасымда адъютантым капитан Ложкин бар еді.

— Ложкин, жерлеңдер, — дедім. Соны айттым да, алдыңғы шепке кетіп қалдым...

Мен бұл солдатты бұдан отыз төрт жыл бұрын өлдіге санап қойған болатынмын. Сонша уақыттан кейін есен-сау мен жатқан бөлмеге кіріп келгенде, есімнен танып қала жаздағаным да рас еді.

Мен командирмін ғой. Өлді деген солдатым отыз төрт жылдан кейін тіріліп келіп отырғанына сенер-сенбесімді білмедім. Әйелім қасымда жоқ еді. Оған үйреншікті қонақжайлылық та таныта алмадым.

— Иогары шигиң.

Бұдан өзге мен ештеңе айта да алмадым. Ұзақ үнсіз отырып қалдық. Өзіме-өзім келгеннен кейін оған өзбекшелеп:

— Гапырың, — дедім.

Ол маған өзінің басынан өткен қайғылы тарихын айтып берді. Күре тамырынан ақ қарға атқылап жатқан қызыл қанды есіме түсірдім. Ол сонда тірі қалыпты. Отыз төрт жыл өткенде, мені іздеп келіпті. Соғыстан кейін ол Өзбекстанның Наманган облысындағы бір аудандық партия комитетінің секретары болып істепті. Соғыстан кейін үйленіпті. Қазір бес баласы бар екен. Өзі құрметті демалысқа шығыпты. Бірде, жақында радиодан мен туралы хабарды естіпті.

— Ох, полковник, әлі тірі екен ғой, барып сәлем берейін, — деп шешіпті.

— Естигән кезимда юрагим ярылып кита яздади, Әкажан. Ертаңина райкомға бардим. Әмапам тири икан, рұқсат биринлар, чол кисига барип қайтамын дедім. Рұқсат берди. Сизниң дидариңызды көргели келдім, Әкажан. Әкажан, мен сизга ала топпы алып келдим, мен сизга ала шапан алып келдим. Мархабат етиңиз. Қабылдаңыз.

Мен солдаттың ықыласына қатты тебірендім. Шапанды, тақияны киіп, оны құшақтадым. Ол қайта жылады. Мен әмір еттім:

— Не плакать, солдатам не полагается плакать, — дедім орысшалап.

Екеуіміз иық тіресе отырып тамақтандық. Оның маған айтар ешқандай өтініш-тілегі жоқ екен, көріп-көріскелі, сәлем бергелі ғана келіпті.

Ол қоштасып, ауылына қайтты...

Ол кеткен соң, менің жанымды толқытқан бұл әңгімеге қандай тақырып қою керек екенін ойлап, ұзақ жаттым. Ақыры «Солдат махаббаты» дегенім дұрыс болар деп түйдім...

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: матрица.kz
Қосылған күні: 24 желтоқсан 2018, 13:03

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.