Әдебиет саласы бойынша "Нобель" алған алғашқы америкалық әйел

Әдебиет саласы бойынша "Нобель" алған алғашқы америкалық әйел
Фото: calendar.am

Перл Комфорт (Сайденстрикер) Бак 1892 жылы 26 маусымда АҚШ-тың Хилсбор штатында өмірге келген. Оның әкесі ұзақ жылдар бойы інжілді грек тілінен қытай тіліне аударатын миссионер ретінде Қытайда өмір сүрген. Бак сәби кезінде олар Қытайдың Чинкьянь қаласына көшіп келген. Нәтижесінде ол бала кезінен-ақ ағылшын тілінен гөрі қытай тілін жақсы біліп өседі. 

1898 жылы "Ихэтуаньдер көтерілісі" кезінде Сайденстрикер жанұясы Шанхайға қашып барып паналайды. Себебі бұл одақ шет елдің басқыншылары Қытайды бөлшектеуіне қарсылық ретінде “Циньді қолдайық, шетелдіктерге өлім келсін” деген ұранмен халық бұқарасын көтеріліске шақырған. 

Бак алдымен жеке оқытушының қол астында мәлімет алады. 15 жасқа толғанда Шанхайдағы пансионға барып оқиды. 1910 жылы АҚШ-қа барып Вирджиния штатындағы "Рэндольф-мансонский" колледжінде тәлім алады. Оны 1914 жылы аяқтап, Қытайға келіп балаларға сабақ бере бастайды.

1927 жылы Қытайдағы азамат соғысы кезінде оның үйін тонап кетеді де жоғалған заттар ішінде Бактың алғашқы романының қолжазбасы бірге жоғалады. Осыдан соң оның жанұясы соғыстан қашып, Жапонияға қоныс аударады.

Жапонияда ол екінші романын жазып бастайды. Бұл шығармасы 1930 жылы АҚШ-тан "Шығыс самалы, батыс самалы" ("East Wind: West Wind") деген атпен кітап болып шығады. 1931 жылы кезекті романы "Құнарлы жер" ("The Good Earth") деген атпен шығады. Шығарма қысқа уақыт ішінде үш рет басылады. Бір сөзбен айтқанда бестселлер романға айналады. Бұл кітабы сол жылы "Пулицер" сыйлығына лайық деп табылады.

"Құнарлы жердің" жалғасы ретінде тағы да екі роман жазады. Олар 1932-35 жылдар аралығында "Ұландар" ("Sons", 1932) және "Бөлінген үй" ("A House Divided") деген атпен баспа жүзін көреді. Бұл үш роман біріктіріліп 1935 жылы "Құнарлы жердің баспанасы" ('"The House of Earth") деген атпен трилогия болып басылады.


1938 жылы Швед академиктері "Қытай шаруаларының эпикалық өмірін жан-жақты етіп сипаттап, шеберлікпен суреттегені үшін" әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Бак бұл сыйлықты алған тұңғыш америкалық әйел ретінде тарихта қалды.

Перл Бак 80 жасында АҚШ-тағы Вермонт штатындағы Данби қаласында өмірден өтті. Ол 80 жылдық өмірінде 80-ге жуық шығарма жазған.

Т. Раушанұлы