"Нобель" сыйлығын алған үшінші италиялық қаламгер

"Нобель" сыйлығын алған үшінші италиялық қаламгер
Фото: tonb.ru

Италиялық драматург, жазушы Луиджи Пиранделло 1867 жылдың 27 маусымында Сицилияның Джердженти (бұрынғы Агридженто) қалашығында алтынкүкірт кеніне иелік етуші ауқатты жанұяда 6 перзенттің екіншісі боп өмірге келген. Ол бала кезінен-ақ әдебиетке бейім болып, мектеп қабырғасында жүріп "Варвар" ("Barbaro") атты трагедиялық поэма жазған. Өкінішке орай қаламгердің бұл шығармасы сақталмаған. 

Луиджидің әкесі ұлын өзінің бизнесіне қанша баулығысы келсе де бұл оның қолынан келмеді. Болашақ жазушы 20 жасында Рим университетіне тапсырады. Бірақ бұл жердегі білімге көңілі толмай Бон университетіне ауысып кетеді. Ол жерде философия және әдебиет факультетінде тәлім алып, 1891 жылы роман филологиясы бойынша диплом алады. Бон университетінде ол 1 жылдай лекция оқиды.

1893 жылы Римге келіп тек шығармашылықпен айналысады. 1894 жылы "Сезімсіз махаббат" ("Amori senz amore") әңгімелер жинағы шығады. Осы жылы әкесінің досы Портулатоның қызы Антуаньеттаға үйленеді. 

1898 жылы жазушы Рим педагогика колледжінде Италия әдебиеті профессоры ретінде ұстаздық етеді. Бұл жерде ол 1922 жылға дейін лекциялар оқиды. 

1899 жылы оның Джозуэ Кардуччи әсерімен жазылған тырнақалды өлеңдер топтамасы "Көңілді дерт" ("Mal giocondo") деген атпен кітап болып шығады.

1901 жылы оның алғашқы романы "Басы байлаулы әйел" ("L'esclusa") деген атпен баспа жүзін көреді. Пиранделло драматургияға алғаш рет 21 жасында келген. Ол "Эпилог" ("L'epilogo") атты бір перделі пьесасын 1898 жылы жазғанымен бұл шығармасы арада 12 жыл өткеннен кейін ғана сахналанады.

1903 жылы Сицилиядағы су тасқыны кезінде Пиранделлолар жанұялық бизнесі кен орнынан айрылады. Енді жазушыға күн көру мен шығармашылықпен айналысу үшін ұстаздық етуден басқа жол қалмайды.

1904 жылы жазушының өмірінде қаржылық мәселеден басқа отбасында да біраз қиындықтар болады. Оның жұбайы Антуаньетта Портулато жүйке ауруына шалдығып, жазушы бұл аурумен 15 жыл күреседі. Жұбайы жазылмағасын 1919 жылы психиатриялық ауруханаға жатқызады.

Жазушы қаржылық қиындықтарға байланысты драматургияға бет бұрады. 1915 жылы оның үш перделі пьесасы "Егер олай болмаса ..." ("Se non cosi...") қойылады. Луиджи 1915-1921 жылдар аралығында 16 пьеса жазып, оның бәрі сахналандырылған. Сыншылар оның 1922 жылы қойылған "Генрих IV" ("Enrico IV") пьесасын шығармашылығының шыңы деп есептейді. 

Уақыт өте келе Луиджи Пиранделло тек жазушы ғана емес, драматург ретінде де Еуропа, Африка құрлығына танымал болады. Ол 1923 жылы Рим ұлттық театрын құрып, 5 жыл бойы Еуропа, Африканы аралап пьесалар қояды.

1934 жылы Швед академиктері Луиджи Пиранделлоны "драматургия және сахна өнерін дамытудағы еңбегі мен шеберлігі үшін" әдебиет саласы бойынша "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. 

Жазушы осыдан екі жыл өткесін 1936 жылы 10 желтоқсанда қайтыс болады. Оны өзінің өсиеті бойынша артық рәсімсіз, туған жері Сицилияға жерлейді. 

Жазушы драматург ретінде Генрик Ибсен және Август Стриндбергтердің жолын ұстанса, өз кезегінде Луиджи де драматург ретінде Жан Ануй, Жан Поль Сартр, Сэмюэл Беккет, Эжен Ионеско және Жан Жене сынды қаламгерлерге ықпал еткен.

Т. Раушанұлы