"Қола дәуірінде" өмір сүрген Нобель иегері

"Қола дәуірінде" өмір сүрген Нобель иегері
Фото: parchiletterari.com

Италиялық жазушы Грация Деледда 1871 жылы 27 қыркүйек күні Сардиния аралындағы Нуоро қыстағында өмірге келген. Әкесі үш рет мэр болып сайланған, дәулетті, танымал заңгер болған. Анасы Франческо Камбоса оқымаған адам болғандығы себепті,балаларының жақсы білім алуы үшін барлық жағдайды жасаған. Сондықтан Грация бала кезінен француз, италянь тілдерін оқып өсті. Жастайынан әдебиетті сүйген ол Гюго мен Бальзак шығармаларын сүйіп оқыған. 

Ертектегідей еш өзгермейтін Нуоро өмірі мен тұрғылықты халықтың италянша емес латын тіліне жақын логудоресс тілінде сөйлесуі кейін Грацияның өмір бойы Сардиния аралы тұрғындары туралы жазуына түрткі болған. бұл туралы естелігінде: "Нуорода өмір ешқашан өзгермейді. Ол қола дәуірінен қалып кеткен мекен", – деп еске алады. 

Жазушы 8 жасынан бастап халық аңызына негізделген өлең, әңгіме жаза бастаған. 15 жасында "Сардиния қаны" деп аталатын әңгімесі Римдегі журналда жарияланады. Оның 1892 жылы жарыққа шыққан "Сардиния гүлі" ("Fior di Sardegna") романын сыншылар жылы қабылдайды. 1895 жылы кітап болып шыққан "Адал жан" ("Anime oneste") романына  италияндық танымал философ Руджеро Бонги алғы сөз жазып береді. Бұл шығармасы француз тіліне аударылып, көп қаламақы төленеді. Осыдан соң редактор Мария Манкинидің шақыртуымен Сардиния астанасы Кальяри қаласына келіп, ол жердегі "Донна сарда" журналына жұмысқа орналасады.

Кальяриде жүріп жергілікті шенеунік Пальмиро Мадесанимен танысып, көп өтпей екеуі отбасын құрады. 1900 жылы Пальмиро Мадесаниді Римге әскери министрлікке жұмысқа шақырып Грация өмірінде алғаш рет Сардиния аралынан сыртқа шығады. Осыдан соң Деледда өмірінің соңына дейін әр жылы бір роман жазып отырады. Римде өмір сүру жазушыға қолайлы болғанымен оның шығармаларындағы барлық оқиғалар туған аралы Сардинияда болды. Оның ең жақсы романдарындағы кейіпкерлерінің барлығы замануи өмірмен мүлде сәйкес келмейтін арал адамдары еді. Өзінің естелігінде: "Мен Сардинияны білемін һәм сүйемін. Оның халқы менің халқым. Оның тау-тасы, даласы менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен. Не үшін басқа тақырып іздеуім керек. Сардиния адамдарының тағдыры менің романдарыма көшкен", – дейді. 

Оған танымалдылық әкелген шығармасы "Күл" ("Cenere" 1904) романы. Осы шығарма желісімен фильм түсірілді. Басты рөлді италяндық танымал актриса Элеонора Дузе ойнады. Көптеген сыншылар Грацияның шығармашылығындағы шың деп "Ана" ("La madre" 1920) романын атайды. 

1927 жылы Швед академиктері Грация Деледдаға "өзі туған аралды жарқын суреттегені үшін, адам психологиясына тереңдей енгені үшін" 1926 жылғы әдебиет саласына берілетін "Нобель" сыйлығына лайық деп тапты. Грация марапаттау рәсіміне барды, бірақ Нобель баяндамасын оқымады. Екі-ақ ауыз сөзбен алғысын білдіреді. Арадан көп өтпей жазушыда қатерлі ісік бар екендігі анықталды. Бірақ Грация сонда да берілмей 9 жыл бойы тынымсыз еңбек етті. 

Грация Деледда 1936 жылы ұзаққа созылған аурудан 65 жасында қайтыс болды. Жазушы өмір бойы Сардиния туралы қалам тербесе де, жалпыға бірдей, адамға арналған, адам психологиясын түсінген нәрселер туралы ашық та айқын жаза білді.

Т. Раушанұлы