Карл Шпиттелер: "Олимпия көктемі"

Карл  Шпиттелер: "Олимпия көктемі"
Фото: amazon.in

Швецариялық ақын, романист Карл Фридрих Георг Шпиттелер 1845 жылы 24 мамырда Базел маңындағы Листал қаласында шенеуніктің жанұясында өмірге келген. Отбасы Бернге көшіп кеткенімен, ол әпкесінің үйінде қалып гимназияда оқиды. Кейін Листалға қайтып келіп, Базелдегі гимназияға қатынап оқып, жоғары оқу орнынына тапсыруға дайындалады.

Шпиттеллер гимназияда оқып жүріп алғашында музыка мен сурет өнеріне деген ынтасы оянып, суретші болуды армандайды. Бірақ филолог Вильгельм Вакернагел мен тарихшы Якоб Буркхардтардың әсерінен өлең жазуға деген қызығушылығы оянады. Әсіресе Карл Италияның қайта дәуірлеу уақытындағы Лудовико Ариосто шығармаларын көп оқиды және көп өтпей өзі де өлеңдер жаза бастайды.

1863 жылы Цюрих университетіне құқықтану мамандығына оқуға түскен Карл Цюрих, Гайдельберг, Базелде дінтанушылықты тереңінен зерттейді. Осыдан соң ол діни қызметкер болуға бел байлайды. Бірақ әдебиетпен айналысу үшін Граубюндегі Арозға діни насихаттаушы болып барудан бас тартады.

1871 жылы орыс генералы үйінде оқытушылық қызметте жүріп, 8 жыл Питербургте жасайды. Финляндияға ара-тұра қатынап жүріп ол өзінің студент кезінде-ақ қағазға түсірем деген "Прометей және Эпиметей" ("Prometheus und Epimetheus", 1881) дастанын жазып шығады. Бұл прозамен жазылған өлең еді, қазіргі дәуірдің жауапкершілігі мен қарама-қайшылықтары метафоралық параллельдермен сипатталатын заманауи аллегория еді.

1879 жылы Карл Швейцарияға қайтып келеді. Ол тырнақалды туындысын Карл Феликс Тандем бүркеншік атымен жариялайды. Бірақ, шығарма оқырман қызығушылын оятпай назардан тыс қалады. Осыдан соң Шпиттеллер әдебиетпен жан бағуға көзі жетпей Берн өлкесіндегі Нойвевилледе оқытушылық қызметін бастайды.

Арада екі жыл өткенде өзінің оқушысы Мари дер Хоффқа үйленеді. Олар үйленген кезде Карл Базел мен Цюрихтегі газеттерде журналист болып жұмыс істейтін. 1883 жылы ол ақ өлең түрінде "Тылсым туралы" ("Extramundana", 1883) поэмасын, 1889 жылы "Көбелектер" ("Schmetterhnge", 1889) өлеңдер топтамасын, 1891 жылы "Колдери әулетінің кіші ханзадасы Фрейд" ("Fnedli der Kolderi", 1891) шығармасын, 1892 жылы "Густав" ("Gustav", 1892) және "Әдеби хикаялар" ("Litteransche Gleichnisse", 1892) өлеңдер топтамасын кітап етіп шығарады.

1892 жылы жұбайының ата-анасынан оларға үлкен көлемдегі мұра қалады. Бір күнде байып кеткен Карл енді өзін біржола әдебиетке арнайды. Жанұясымен Люцернде тұрған уақытында ақынның "Балладалар" ("Balladen", 1896), "Сен-Готард шатқалы" ("Der Gotthard", 1897),  "Лейтенант Конрад" ("Conrad der Leutnant", 1898), "Күлкілі шындық" ("Lachende Wahrheiten", 1898) шығармалары баспадан шығады.

Шпиттеллер идеалист және классицист ретінде танымалдыққа жету қиын екенін білді. Бірақ оның шығармалары "Бернер бунд" ("Berner Bund") баспасының редакторы жазушы, сыншы Йозеф Виктор Видманн мен неміс философы Фридрих Ницше назарына ілігеді. Тіпті Ницше Карлды 1887 жылы Мюнхенде шығатын "Кунстварт" журналына редактор болуын ұсынады.

Карлға зор танымалдық ең атақты шығармасы "Олимпия көктемі" ("Olympischer Fruhlmg") жазғасын жетті. Бұл дастан 1900 жылдан 1905 жылға дейін бөліп-бөліп жарияланып, 1910 жылы ғана толық кітап болып шығады. Аңыз, қиял, дін бір-бірімен араласқан бұл дастанның жалпы көлемі 600 бет еді. 1904 жылы атақты дирижер Феликс Вейнгартнер "Олимпия көктемі" туралы жылы пікір білдіргесін, бұл дастанды неміс әдебиетінің жауһары деп атай бастайды.

Шпиттеллер саяси және діни мәселелер бойынша мәлімдемелерден аулақ бола отырып, жалғыз өмір сүруді жақсы көретін. Соған қарамастан, 1914 жылы ол Швейцарияның бейтараптығына қолдау жасап, неміс тілінде сөйлейтін Швейцарияны Германияның "нәсілдік одақтасы" деп санауға тиіс екенінен батыл бас тартады. Нәтижесінде, жазушы өзінің танымалдығына, өсуіне үлес қосқандардың қолдауынан айырылды, бірақ 1916 жылы ол Францияның "Француз тілінде жазатын жазушылар қоғамы" сыйлығымен марапатталды.

1920 жылы Швед академиктері Карл Фридрих Георг Шпиттелерді "теңдесі жоқ эпикалық шығарма Олимпия көктемі үшін" 1919 жылғы әдебиет саласындағы  "Нобель" сыйлығымен марапаттайды. Жазушының өзі сырқат болғанына байланысты сыйлықты Швециядағы Швецария елшісіне табыстайды.

Арада 4 жыл өтіп, яғни 1924 жылы жазушы Карл Фридрих Георг Шпиттелер Люцернде қайтыс болды.

Люцерндегі Карлды жерлеу рәсімінде Ромен Ролланның қоштасу хаты оқылуының өзі оның әдебиетшілер арасында үлкен абыройға ие болғанын көрсетті. Роллан Шпиттеллерді "Гете дәуірінен кейін неміс тілінде шығармалар жазған ұлы ақын, біздің Гомеріміз, Мильтондан соң эпик жанрдың шебері, заманымыздың өнерінде үлкен орны бар ерекше жан" деп көкке көтереді.

Бірақ, уақыт өте келе Шпиттеллердің шығармалары әдебиетшілер тарапынан да, оқырмандар назарынан да тыс қалды...

Т. Раушанұлы