Хенрик Понтоппидан: "Мен жазушы емеспін, бірақ адал жауынгермін..."

Хенрик Понтоппидан: "Мен жазушы емеспін, бірақ адал жауынгермін..."
Фото: kristeligt-dagblad.dk

Даниялық романист Хенрик Понтоппидан 1857 жылы 24 маусым күні Ютланд аралындағы Фредерисии қаласында дүниеге келді. Ақсүйек әулетінен шыққан Динес Понтоппидан мен Мария Оксенбел жанұясында 16 перзент болды, Хенрик солардың төртіншісі еді. Хенрик алты жасқа толғанда Понтоппидандар жанұясы Ютланд орталығындағы Рандерс қаласына көшіп барады. Біраз уақыттан соң қаланы Пруссия мен Аустрия әскері жаулап алады.

Понтоппидандар жанұясы ауқатты еді және де елдегі болып жатқан соғысқа наразылығын білдіретін. Сондықтан Хенрик өзімен замандас Дания демократикасына үлесін қосу мақсатында орта мектепті бітіргесін, Копенгаген политехника институтына тапсырады. Ол оқып жүріп мұражайлар мен суреттер галереясына барып, сол кезде атақты болған Фримодт пен Георг Брандес дәрістерін қалдырмай тыңдап жүрді.

1877 жылы Хенрик Швецарияға саяхаттап бірнеше очерктер жазады. Міне, сол кезден бастап ол жазушы болуға бел байлайды.

1879 жылы Политехника институтымен қош айтысып, Фрерслеве дихандар мектебіне мұғалім болып барады. Бұл мектепті оның ағасы Мортен ашқан болатын. "Бәрінен де мені кедейлердің өмірі қызықтырды, оларға деген теңсіздік пен әділетсіздікке жаным ашитын",– дейді Хенрик кейінгі естеліктерінде.

Мектепте ұстаздық ете жүріп көптеген кітаптар оқиды. Солардың ішінен оған Ницше, Достоевский, Харальд, Серен Кьеркегор сияқты бірқатар философ-жазушылар қатты әсер етеді. 1882 жылы Мортенді саясатқа араласқаны үшін айыптап, мектебін жауып тастайды.

1880 жылдың жазында құрылысшылар бөлімінде әскери міндетін өтеп жүріп тырнақалды "Өмірдің соңы" (Et Endeligt) шығармасын жазады. Сол жылы әңгімелерден тұратын кітабы – "Қайрылған қанаттар" баспадан шығады.

Хенрик 1881 жылы ұстаздық ете жүріп танысқан қызы Метте Мариға үйленеді. Олар екі балалы болып, 1884 жылға дейін ауылда тұрады. Ауылдың адамдары мен тұрмысы туралы бірнеше әңгіме, повесть жазды.

Жазушы Германия мен Италия сапарынан соң Копенгагенге көшіп келіп, қаланың әдеби өміріне бел шеше араласады.

1883 жылы диханшылардың өміріне арналған атақты трилогия "Уәде етілген жер" ("Det Forjoettede Land") туындысын жазып шығады.

Жазушының кейінгі ірі шығармасы арада 5 жыл өткенде жазылады. Оны "Жолы болғыш Пер" деп атап, 8 том етіп басып шығарады.

Хенриктің "Марқұмдар салтанаты" деп аталатын 5 томдық романы жазушының үшінші ең ірі шығармаларының бірі болады, оны 1912-16 жылдары баспадан шығарады. Алдыңғы екі романынан соңғы шығармасының ерекшелігі мұнда бас кейіпкер болмайды.

Аталған шығарма бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында жазылған, бір жағынан ұлтжандылығы, екінші жағынан Данияға ешкім қауіп төндіре алмайтындығын білдіру мақсатындағы үндеуі еді. Романның соңын жазушы "Мен жазушы емеспін, бірақ адал жауынгермін...", – деп аяқтайды.

1917 жылы бұдан бұрын жазғанымыздай Карл Гиллеруппен бірге Хенрикке Швед академиктері "Данияның заманауи өмірі ақиқатын ашып бере алғаны үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты сыйлықты тапсыру рәсімі өткізілмей қалады.

Осыдан соң Хенрик жиырма жыл бой жазудан, шығармашылықпен айналысудан қол үзбейді. Сол дәуірдегі ең атақты шығармаларының бірі бес кітаптан тұратын ғұмырнамалық – "Балғын шақтың сәттері" ("Drengeaar", 1933), "Теріні ауыстыру" («Наmskifte", 1936), "Мұра мен міндет" ("Arvog Goeld", 1938),  "Отбасылық өмір" ("Familieliv", 1940), "Өзіме қарай жолда" ("Undervejs til mig selv", 1943) шығармалары еді.

Хенрик Понтоппидан 1943 жылы қайтыс болды.

Т. Раушанұлы