Нұрбек Нұржан. Қош бол, зебра!

Нұрбек Нұржан. Қош бол, зебра!
Фото: vk.com

Жас әдебиетші Нұрбек Нұржан Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақмерен ауылында 1995 жылы 29 мамырда дүниеге келген.

Ол – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Өлеңдері жас ақындардың "Алатау жырлайды", "Күн сәті" және қазақ поэзиясының антологиясы "Жыр маржаны" сияқты ұжымдық жинақтарға енген. Баларларға арналған әңгімесінің бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Асан әдетінше жұмыстан үйіне троллейбуспен қайтып келеді. Іңір төселген қызыл-ала көшелер. Күннің ұзын қызылға боялған кірпігі троллейбустың жанары, яғни терезесін қағып-қағып қояды. Троллейбус шіркінді кім ойлап тапты екен!? Асанның өз көлігі болса да, осы троллейбуспен жүретіні несі екен! Бала күнінде көгілдір экраннан көлік емес, ұшақ емес, автобус емес, осы троллейбусты көріп, «өскенде осыны алам» деп мақсат қойғаны бар. Балалық құштарлық, арман жасандылықсыз таза әрі шынайы емес пе?! Мақсатына жетпесе де, соны айналшықтап жүр. Троллейбуспен жүру күнделікті әдетіне айналған.

Асан «жұмыс, жұмыс» деп ауылға да барғанды қойды. Күндер зулап өтіп жатыр, ал жұмыстың бітер түрі жоқ. Ауылын сағынып жүргені сарғыш тартқан келбетінен белгілі. Жүзі сынық, жанарын көкке немесе ашық алаңға тігеді. Шаһарда кең жер қайдан болсын! Әйтеуір еркіндікті, бостандықты аңсап жүрген түрі де. Шал-кемпір көрсе, көкірегі қыз-қыз қайнап, мейірімі оянады. Өзінің ата-әжесін сағынғаны соншалық, олардың суретін қалтасынан тастамайды. Тағы да қалтасынан түспейтін жусаны бар. Ауылға барған сайын жусан теретін әдеті. Бір талын төс қалтасына салып ап, Алматыға келеді. Жусанын жұмысында, үйінде, көшеде болсын, еш тастаған емес. Терең иіскеп алады, сосын көзін жұмып-ап, бір-екі минут отырады. Онысы қиялдап, сағынып, аңсағаны да. Арасында түшкіріп те алады.

Ол троллейбустың терезесінен көз алмай тағдырына қарап отырды. Троллейбус бір кезде күрт тоқтай қалды. Іштегі жұрт абыр-сабыр боп күңкілдеп кетті. Орыс келіншектер заң баптарын айтып, қоғам жайлы лекцияларын тағы бастады. Троллейбустың тоғына зақым келді ме, кім біледі, бір шеті бұзылды! Шопыр сайман толы жәшігін алып сыртқа шықты. Ойымның бөлінген жерінен ары қарай жалғастырайын деп терезеге қарасам, бір қара торы бала бақырып жылап тұр. Білегінен анасы ма екен, жеңгесі ме екен, тас қып ұстап алған! Бала бірдеңені айтып жұлқынады. Бет, аузын көз жасы айғыздап тастаған. Өзіне қарама-қарсы жиырма қадамдай жерде бір ересек бала жәшік көтеріп барады. Жылаған қара балаға бұрылып бірнеше рет қарады. Тоқтап қайта жүріп «кетсем бе, кетпесем бе» дегендей боп тұр. Ақыры кетті. Ал баланың жыламсырап сөйлеген сөзінен не айтып жатқанын естиін деп, кешегі жауынның айғызы қалған терезені аштым. Терезеден ішке неше-түрлі у-шу дыбыстар төгіліп кетті. Арасынан баланың дауысын тауып алдым. Ол «Қооо-ыыы-мм» деп жартысын жұта бақырып тұр. Дұрыстап, баланың жүрегімен құлағымды түрсем, «қояным» екен. «Қояным» былай тұрсын «досым-досым» деп қояды. Е-е, сонда әлгі жәшіктің ішіндегі қоян екен ғой. Сол қоянын алып бара жатқанға жылап тұрған түрі ғой. Не деген таза жүрек, адал достық! Осы бір сәт менің есіме қайдағы жоқты түсіре бастады. Жүрегім езіле бір түрлі күй кештім.

Троллейбусты шопыр жөндеп болды-ау деймін, шопыр орнына жайғасып, қозғала бастадық. Тас жолдар, темір рельстер күннің қып-қызыл шұғыласын жамылған. Біз қызыл теңізде жүзіп келе жатқандаймыз. Күн мұхитының жағалауын кешіп келеміз... Асанның кеудесін толқытқан әлгі әсердің не екенін таба алмай әлек. Санасының сан мың альбомын ақтарып жатып, тапты-ау әйтеуір! Балғын балалық шағын саяхаттап, ой жетегіне ілесіп кете берді. Қашан оралары белгісіз...

Мен апамның арқасына отырып алып ауыл аралағанды сүйемін. Біз солай әр үйдегі кемпірлердің хал-жағдайын біліп кіріп шығамыз. Ол әжелер апамның достары. Мені апам қайда жүрсе де, жанынан тастамайды. Ал атам трактор, комбайн айдайды. Ол әрдайым жұмысында. Маған апамның арқасына отырғанның ұнағаны соншалық шаршамасам да, «шаршадым» деп, мініп алатынмын. Ал апамның арқасындай жылы һәм жұмсақ жер бетінде бірде-бір көрпе, төсек жоқ шығар. Апамның орамалында түрлі-түсті гүлдердің суреті бар. Шын секілді, иіскесең жұпар аңқып тұрады. Көйлегінде сары-қызыл жапырақтар бар. Кәдімгі күзгі жапырақтар. Олар да шын секілді қағып қалсаң, ұшып кетердей. Апам жүргенде оңға бір, солға бір қисайып жүреді. Сол сәтте мен өзім бесікте тербелгендей боламын. Әр кемпірдің үйіне кіру мен үшін әр қалаға барғандай еді. Ол үйлердің күшік, мысығымен, ескі-құсқы ойыншықтарымен ойнаудың өзі бір ғанибет. Мен қатарлы балалары бар әжелердің үйінде ойнау тіпті қызық. Әр келгенде болмаса да, анда-санда бір төбелесіп қалатынбыз. Ал кемпірлердің бізбен шаруасы болмайтын. Олар бір отырғанда екі, үш самаурын ауысып жатады. Осы жүрегі жұмсақ, жүзі қатал әжелердің ортасында жүру қатты ұнайтын. Олар құбылып тұрады. Кейде мейірімді болса асып, төгіледі. Ашуланса, ұрысып, көк шыбықты ала жүгіреді.

Апаммен жазғы қыдырысымның аяқталатынын бүгін түсіндім. Себебі, ауылда құстар азая бастады. Жапырақтар да сәл солғындау тартты. Сосын, кеше атам-апам, мен үшеуміз базардан маған мектепке киім алдық. Енді, мен мектепке барамын. Өзімнің жігіт болғанымды мақтан тұтамын. Апам да костюм, шалбарымды қайта-қайта кигізіп «Әй, шал, балама қарашы! Жігіт болды деген осы!» деп бетіме «тфә-тфә» деп түкіріп қоятын.

Солай мектепке бардым. Мектепке барған күндер тамаша әрі қызықты өтті. Тек жаманы: таң азанмен 6:30 тұру болатын. Ұйқыны жанымдай жақсы көремін. Киініп, жуынып, шәй ішкенше 7:00 болады. Үйден шығып, мектепке барғанша 7:30 болады. Содан он минут жаттығу болып. Одан кейін «линейка» болады. Сол кезде жүрегімізді ұстап әнұран айтамыз.

Мен мектепті жақсы оқи бастадым. Әр алған бесім үшін ата-апам балаша қуанатын. Апам ауылдағы барлық кемпірлерге, ал атам барша шалдарға айтып мақтанатын. Алғашында мектепке апам әкеліп жүрді, үйренген соң өзім келе бастадым. Бір күні апам «тұр» деседе тұрмай, ыңырсып жатып алдым. Апам ұрыса бастағаннан кейін амалсыз тұрдым. Беті, қолымды шала-пала жуа салдым. Апам костюм, шалбарымды киіндірді. Менің ұйқымның ашылар ниеті жоқ. Апам «Бар да, тамағыңды іш. Кесеге сүт пен айран құйып қойдым. Қасында нан мен бөлішке де тұр. Тойып жеп ал, сосын сабағыңа бар» деді де, өзі сиыр саууға кетті. Мен «Иә» дегендей басымды изей салдым. Дастарханның қасына келіп отырдым. Жиналмаған жып-жылы төсегіме қарадым. «Кел-кел, ұйықта!» деп шақырып тұрғандай. «Бес минут жата тұрсам ештеме етпейді» деп ойладым. Киіміммен барып, төсекке қисая кеттім. Қанша уақыт өткені белгісіз, көзімді аштым. Қабырғадағы сағатқа қарасам, бес минут емес, жарты сағат өтіпті. Әй-шәй жоқ, тамаққа да қарамай, сөмкемді асына салып, мектепке қарай жүгірдім. Сабақ басталуына он минут қалыпты. Үйден жүз қадам алыстағанымда апамның «баж» еткен дауысы естілді. Айтқан сөзінің жартысын жел іліп әкетіп, маған жартысы ғана жетті. Апам жұдырығын түйіп ап көтеріп «Сені ме, бәлем!» деп тұр. Өзімнен дәу сөмкемді арқалап, мектепке әзер жеттім. Алыстан бұндайда оқушылар сөмкелерімен өзінен дәу жүк көтерген құмырысқаға ұқсап кетеді. Бірақ, көбіміз құмырысқа іспетті еңбекқор емеспіз. Сабаққа, дегенмен, үлгердім. Бірінші сабақ аяқталғанда апам сыныпқа кіріп келді. Мен шошып кеттім, «Не бүлдірдім екен, апамды соған шақырды ма?» деп. Апамның қолында пакеті бар. Мұғалимаға қарап:

- Балам таңғы асын ішпей кетіп еді, қарғам. Соны әкелдім, - деді. Апай жымия күліп алды да:

- Беріңіз, әкпе, - деді. Апам пакетінен ып-ыстық тоқаштарды шығарып,

әкпиден бастап, бүкіл балаларға үлестіріп шықты. Танауыма бауырсақтың исі келгенде қарным ашқанын аңғардым. «Апам менен бұрын менің қарыным ашқанын қайдан біліп қойды екен» деп іштей апама таңғалдым. Бәріне тәтті-пәттісін балаларға беріп болған соң кезек маған келді. Сүт пен айранды 0,5 литрлік баклашкаға құйып әкеліпті. Басымнан апам сипап «сүтсіз жүре алмаушы ең, іше ғой, тоқаштан же!» деді. Сыныптағылар апама алғысын жаудырып жатты. Мен сүтке сылқия тойып алдым. Аузымның айналасына жағылған сүтті тіліммен жалап алдым. Сылқия тойдым. Мұғалім апама қарап:

- Екінші сабақ басталды, апа?! – деді. Апам:

- Түсіндім, айналайын, рақмет! – деді де, есіктен шығып кетті. Алда екі сабақ бар. Солар біткен соң үйге бәрібір қайтатын едім. Тамаққа да шыдар едім. Апам неге сонша уайымдады екен! Сабақ біткен соң апамның әкелген сүтін көріп, менің жақсы көретінімді біліп, «бұзау» деп мазақтай бастады. Бірнеше күннен соң барлық мектеп мені солай атады. Бірнеше аптадан соң ауылдағылардың баршасы солай атап кетті.

Ата-апам менің көңілімді еш қалдырмайтын. Мен не сұрасамда айтқанымды екі еткен емес. Балмұздақ па, шоколад дейсің бе, нәпсіме жағатын не керектің бәрін әперетін. Бір күні кешкі астан соң үшеуміз теледидар көріп отырдық. Көгілдір экраннан әлемде болып жатқан жаңалықты, не бар, не жоқтың бәрін көрсетеді. Кейде менің сүйікті мультфильмдерімді, үнді фильмдерін көрсетіп тұрады. Атам теледидармен сөйлесіп отырып көреді, радиоға да қатысы бар. Міне, теледидарда кешкі жаңалық басталды. Бұның маған еш қызығы болмайтын. Тезірек бітсе екен деп тостым. Қызық бір нәрсе басталар деген үмітім бар. Күткендей-ақ жаңалық та бітіп, «Мир животных» деген бағдарлама басталды. Неше түрлі аң, құстардың өмір-тіршілігін көрсетті. Бағдарлама орыс тілінде екен, не айтып, не қойып жатқанын түсінсем бұйырмасын. Тек қызығы бір-бірін жегені, қашқаны, тойғаны еді. Сол сәтте ақ-қара араласқан терідегі жануарды көрсетті. Не деген сұлу, хайуан еді! Одан еш көзімді алмастан, кірпік қақпастан қарап тұрдым. Сұлулығына тамсанып, қайран қалдым. Біздің ауылда бұндай жылқы жоқ еді. Бұл қай ауылдың тұлпары болды екен! Атама қарап:

- Ата, мынау қандай аттың түрі? - дедім. Атам:

- Бұл, балам, зебра, - деді. Мен таңырқай түсіп «зебра... зебра...» деп ішімнен қайталай бердім. Міне, қаншама уақыт болды, бірнеше күн мен түннің өткеніне. Ал мен болсам зебраны ұмыта алар емеспін. Жатсам да, тұрсам да шапқылап жүрген зебраны елесте бердім. Тіпті, түсімде де өзімді зебраға мініп алып, бәйгеге қатысқанымды көремін. Ақыры атама барып «әпер» деп айтуға бел будым. Атамның қасына барсам, қос қолы май-май болып, трактормен әбігер боп тұр екен. Мені көріп, «Құлыным, маңдайды әкелші» деді. Мен шекемді тосып едім, құшырлана терең иіскеп алды. Мен атама жаутаңдап қарап тұрдым да:

- Ата, маған әлгі жылқыны әперші, - дедім. Атам түсінбей:

- Қай жылқыны айтасың, балам? -  деді.

- Анау-шы... Зебра. – дедім, әрең тыныстап. Атам маған бір, тракторына бір

қарап ойланды да:

- Әперемін, - деді. Мен қуанышымда шек болмай жүгіре жөнелдім.

Қуанышымда шек болмай, сабағымды одан да бетер жақсы оқыдым. Тентектігімді қойып үлгілі бола бастадым. Атамның зебра әкелетін күнін күндіз де, түнде де көп тостым. Мектептегі достарыма мақтанып, кітаптағы зебраны көрсеттім, «Атам маған мынанда қасқа алып береді» дедім. Олар бір-біріне айтып, ақыры апайдың құлағына жетіпті. Апай мені сабақтан кейін қасына шақырып алды. Көзілдірігін сәл еңкейтіп, маған тесіле, күле қарады:

- Әй, бала! Сен бе едің сыныпты «Зебра деген атым болады» деп шулатып

Жүрген? – деді. Мен басымды изедім. Әкпиім ішек-сілесі қата күліп:

- Зебра біздің ауылда жоқ, балақай. Ол Африкада, оны «Алам да, алам» деп

қайдан шығарып жүрсің. Қиялисың ғой, Асан, - деді апай. Артынан қарқ-қарқ күліп, ұзақ уақыт езуін жия алмады. Менің қуанышым су сепкендей басылды. Атам мені алдаған емес, «Әкелем» деді, ендеше әкеледі деп өз-өзіме бой берер емеспін. Сонда, атам мен үшін Африкаға тракторымен бара ма? Африка өзі қай ауыл? Біздің ауылға жақын ба? Осылай ойдан ойға еріп, үйге де жеттім. Үйге келсем, атам мен апам мені шарбақ алдындағы орындықта күтіп отыр. Екеуінің құшақтарына жүгіріп барып тығыла кеттім. Атам маған күлімдей қарап, «Батырым менің, жұрттың балалары тай мінем десе, бұның зебра мінгісі келген түрінен» деді. Мен атама әлгі апайдың сөзінен кейін сәл күмәндана қарадым. Бірақ, атам жүзіме қарап тұрып, «Бара ғой, саған зебраңды әкелдім, қора жақта» деді. Менің қуанышым қойныма сыймай, қора жаққа жүгіріп емес, ұшып барғандай болдым. «Дәл осы сәтті әкпиім көргенде ғой» деп ойлап та үлгердім. Қора жақа барсам, шитаға байланып қара қодық тұр. Айналасынан зебра көрінбейді. Мүмкін қораның ішінде шығар деп, есігін ашып қарадым. Ол жерде де жоқ. Атамның «зебра» дегені ешек боп шыққанын түсіндім. Апайдың айтқаны рас... болмай шықты. Атам «әперемін» деді әперді, сөзінде тұрды. Әйтсе де ақ сызығы жоқ демесең, зебрадан аумайды. Ер-тоқым, жүген, тұсау керектің  бәрі бар. Атамның көзі бұлдырап көруші еді, мүмкін зебраны осылай көрген шығар. Мен қодықтың арқасынан сипап, жан-жағын қарап шықтым. Оған қарап «қош келдің, зебрам» дедім де, үстіне қарғып міндім. Зебрам да жуас, жақсы екен. Атам мен апама қарай мініп бардым. Атама қарап, дауыстап «Ата-а-а рақмет, зебра үшін» дедім. Атамның жүзі бал-бұл жанып, мәз болып тұр. Мен қуансам атам екі есе қуанатын. Ата-апама қарап:

- Ауылды аралап келем, - дедім. Достарыма көрсету ниетімен. Атам:

- Бара ғой, - деді. Апам жанұшыра айқайлап:

- Жығылып қалма, абайлап мін, - деді. Атам сөзін жалғап апама:

- Үлкен жігіт болды ғой, жығылса жығылар. Мінсін, еті үйренсін, - деді.

 Ал менің ойым тек қана зебрамда еді. Жазғы каникулда басталайын деп жатыр. Зебраммен бірге өткізетін тәтті күндерді асыға күттім.

Жазғы демалыста басталып зебра екеуміздің араламаған тау-тасымыз, кезбеген дөң-қырымыз қалмаған шығар. Ауыл балалары зебра екеумізді көрсе «әне қараңдар, зебра мен бұзау» деп қарқ-қарқ күлетін. Алайда зебрамен бірге шуақты ғана емес бұлыңғыр күндер де өтті. Оны таяқтамайын, ұрмайын дедім. Алайда, кейде қырсығып жүрмей қоятын әдеті бар екен. Сол үшін қамшымен оны аямай сабайтын болдым. Бірақ артынан жүрегім сыздай бастайды. Амалым жоқ, әйтпесе, барар жерге бара алмай, шығар жерге шыға алмай қаласың. Зебраға бауыр басып та кеттім. Бірақ, аңырағаны жаман, құлағыңды жарып жіберетіндей. Апам да «ешегіңнің көзін құрту керек, аңырап берекені алды ғой» деп ашуланатын болды. Мен достарымнан гөрі зебрамен көп уақыт өткіздім. Онымен ауылдың ана басынан мына басына шейін шауып, тоқтап, мініп, түсіп жүрдім. Күннің қалай өткенін аңдамай қалатынмын. Атам зебра екеумізді қой қайыруға күнде жібереді. Қойды ақшамда айдап келеміз. Зебрадан аз құламадым, талай рет жығылдым. Құдайға шүкір еш жерім сынып, шықпапты. Одан құласаң оңбайды екенсің. Бел-аяғың ауырғанда жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Ата-апамның алдында еш құламағандай, түк те болмағандай жүремін. Әйтпесе, құлағанымды білсе зебраға мінгізбей қоя ма деп қорқамын. Зебраның осындай қырт мінездері үшін аямай сабадым. Соның кесірінен соңғы күндері тым ашуланшақ боп кеттім.

Бірде зебра екеуміз ауылды аралап үйге қайтып келгенде таныс велосипед үй алдында тұрды. Өзі ескі, рулі қисы еді. Отырғышына кілемнің қиығын кесіп, пресс жіппен байлап қойыпты.Бұл велосипедтің иесі атамның досы Қапан атаныкі. Ол мен есбілгелі біздің үйге келе беретін. Қапан ата мені көрген сайын 5, 10 теңге береді. Сол ақша маған бірнеше күндерге жететін. Зебрамның ер-жүгенін шешіп, біраз жайылсын деп босатып жібердім. Есік алдындағы тапшанда атам, апам, Қапан ата үшеуі самауырыннан шәй ішіп отыр. Ауылдағылар Қапан атаны «Пелсебед» деп атайды. Өйткені ол кісі бала күнінен бері велосипед айдап жүрген көрінеді. Мені Пелсебед ата көріп «әй, Ашөнтаймысың? Келе ғой» деді еркелете. Алдыңғы екі, үш тісі жоқ. Кейде басқа тілде сөйлеп жатқан шығар деп ойлап қаласың. Қолымды беріп амандасып едім бетімнен шөлп еткізіп сүйді. Менің ең жеккөретінім бетімнен сүйгені. Бұл бетіңнен сүймейді құдды бір бетіңді жалап жеп тастайтындай. Сосын қып-қызыл болып жүзіңде ізі қалады. Оны жеңіңмен ысқылайсың. Қызарғаны үш, төрт күнде әзер кетеді.

Шәйға келіп отырғанымда дастарханда небір тәтті-пәттілер көздің жауын алып тұр. Бірнешесін қалтама салып, бірнешесін жедім. Пелсебед ата малдас құрып отыр, түкіре сөйлеп ананы-мынаны әңгіме етті. Сосын келген сайынғы әдеті барымен мақтанады. Мақтанғаны бір қымбат дүние болса бір жөні, үстіннен жиырма жыл тастамаған көйлегін, тақиясын айтады. «Бұларды маған кемпірім әперген» дейді кеудесін көтеріп. Сосын костюмының қалталарын ақтарып «мына қалтамда бәкім бар, мына қалтамда насыбайым бар, төс қалтамда сағатым бар, ал жүрек тұстағы төс қалтамда кемпірім бар» деді сарғыш тартқан суретті алып. Қолын көтере сөйлеп «мен баймын» деді. Суреттегі ылғи көрсете беретіні бір жас қыз. Ол Пелсебед атаның кемпірі Халкен апаның жас кезі екен. Халкен апа бес жыл бұрын жаман аурудан қайтыс болған көрінеді. Менің есімде Халкен апа жоқ. Менің ол кезде тілім енді шығып, ауылыммен енді танысып жатқан кезім.

Уақыт өте келе менің зебрадан құлауым үдей түсті. Ол неше түрлі қылықтар шығарып, қырсыға бастады. Арамыз барған сайын суи берді. Менің де шыдамым таусылып кейде оны сабап та алдым. Кейде рас қатты жаным ашиды. Бір күні ат үстінде сыныптасым мені мазақ қылып шауып бара жатты. Өзінше «Еу, бұзау сенің қодығың менің пырағыма жете алар ма екен? Жарысайық, кәні!» деді. Намыс үшін бәріне көнетін аңғал басым зебраммен шаба жөнелдім. Ол қаттырақ шапсын деп сабай бердім. Ол бір баяу, бір тез шауып зығырданымды қайнатты. Әлгі сыныптасым менен әлдеқайда алыстап кетті. Артына жалт қарап , бірдеңе деп айқайлап, шалқалап күледі. Мен одан бетер намыстанып зебрамның құлақ, шекесінен сабай беріп едім, жарықтық жануардың да намысы бар-ау, тоңқып-тоңқып жіберді. Құламайын деп жүгенді тас қып ұстап алсам да, тақымымнан әлсіздік кетті ме, екі аяғымды көкке лақтырып тоңқалаң асырды. Жерге құлап бара жатып сол қолымды тірей түстім. Денемде бірдеме «ғырт» еткенін байқадым. Қолымды біреу балтамен шапқандай күй кештім. Оңбай жығылдым. Басым айналып, құсқым келді. Біресе көгеріп, біресе сұрланып кеттім. Жер сілкініп жатқандай. Сонда ғана барып қолымның сынғанын түсіндім. Сол сәтте қараң-құраң адамдардың бейнелері бұлдырап кетті. Маған қарай келе жатыр.

Қолымды ауданнан гипске орағанына мінекей бірнеше күнге жуық уақыт болды. Әжем қайта-қайта таңдайымды көтеріп, бетіме түшкіре берді. Көп келіндер менің жығылғанымды көріпті. Олар апама «Жазым боп қалмады ма деп қорықтық. Анау есегі құрғыр асау екен. Бұл бір рет емес, мың рет құлаған шығар. Бұл жолы енді оңбай құлады. Бүйте берсе анау көк ешегі бұның түбіне жетеді», деп ауылдың қатындары жандыра берді. Апам атама дүрсе қойды «сол ешегі құрғырдың көзін құрт деп едім, қоймадың «бала ғой, мінсін» деп. Әне, мінді саған,» деп апам бұлқан-талқан болды. Атам да «е, несі бар жұрттың балалары есектен де, аттан да, түйеден де жығылып жатыр. Ештеме жоқ көрсін, піссін. Сен кемпір жауды жақындата берме,» деді. Алайда апам өз әуеніне салып жылап-сықтап шықты. Ақыры апам жеңіп есекті сататын болдық. Ал менің жүрегіме оқ қадалды. Ішкен асым да батпай, түнімен аунақшып шықтым. Бір жылдан аса уақыт бірге болған досым зебраны енді ешқашан,  ешқашан көрмейтінімді, басқаның зебрасы болатынын елестету мен үшін ең ауыр азап болды. Ата-апама «сатпаңыздаршы» деп те көрдім. Айтқанынан танбайтын, екі сөйлемейтін атам сөзінен танбады. Тіпті ақшасында алып қойыпты. Бес мың теңгеге ауылдың ана басындағы Ергентайға сатыпты. Біз ауылдың аяғында, ол басында. Не деген қиянат! Құдай-ау ең болмаса ауыл ортасынан  алғанда еді, жақыннан бақылап жүретін. Атам маған ертең Ергентайдың алып кететінін айтты. Зебрама соңғы рет бір мінейін деп едім апам рұқсат бермеді. Тіпті қасына жолатқызбады. Қораны айна оны бақылап тұрдым. Ол да менің алдымда бәрін түсінгендей, қателігін білгендей мүләйімсіп тұр. О, сорлы зебрам сенімен өткен күндерім не деген жарқын да, қуанышты еді. Неге ғана соңғы кездері қырсыға қалдың екен? Енді бәрі де кеш. Сен ендіге өзгенің арманын, қуанышын көтеретін боласың. Енді, Ергентай сенің үстіңнен әлемге, аспанға қарайтын болады. Кей де боқтап та алады. Кейде сенің үстіңде Ергентай өзін батыр сезінетін болады...

Таң атты... Оң жақ тереземнен бір қораз, сол жақ тереземнен бір әтеш «Нұрбек, тұр жата бермей дегендей» қоразда қайта-қайта шақыра берді. Олар қоймаған соң амалсыздан тұрдым. Беті, қолымды жуып таңғы асты ата-апам үшеуміз бірге іштік. Түк болмағандай сондай көңілді таңсәрі еді. Ештеме болмағандай, қолым сынбағандай, ата-апам қолымды ұмытып кеткендей, знбраны сатпағандаймыз... Мен қазір зебрама қайта мініп әдеттегідей ауыл аралауға шығатын секлдімін. Қайтадан өмірмен танысатын сияқтымын. Бір сәтте шитаның есігі ашылып, жабылып біреу кірді. Сосын «гүрс-гүрс» етіп жүрген дыбысы шықты. Барған сайын жақындай берді сол дыбыс. Сөйтсек, әттең, Ергентай аға екен! Ол бәрімізбен суық амандасты. Өзі затынан суық адам екен. Апам:

- Кел, шәй іш, - деп еді, Ол:

- Асығыспын жише. Есегіме мініп қойлауылға кетпекпін, шаруаларым тығыз еді, - деді. Атам:

- А-а-а, жүр ендеше есегің дайын. Қорада тұр. Сауыт сайманы қақадай сай, -

деді. Мен қастарында ілесе жүрдім. Ол қораға кіріп менің зебрама бұрыннан танитындай оңды да қарамады. Гүрс етіп отырды да «Қош бол, аға! Қош, жеңге» деп есіктен шыға берді. Дәл осы сәтте менің жан дүнием алып қимастықты сеніп тұрды. Ойымда алай-дүлей боран болып жатты. Зебрамды қияалмай жанарымнан екі, үш тамшы ытқып кетті. Ергентай алыстай бергенде зебрамнан айрыла алмасымды түсініп «қайтарыңдар зебрамды, қайтар» деп айқайлап жылап жібердім. Зебрама тұра ұмтыла беріп едім атам қолымнан қысып ұстап алды. «Зебрам, зебрам, досым» дегеннен басқа аузыма сөз түспеді. Ол менің көзіме алғаш көргеннен ақ қара-ақ араласқан терідегі кейпінде көрінетін. Мен оны ешқашан ешек деп ойлаған емеспін. Мен зебра мінген бала болғам. Өзгелер бұған сенсін, себесін бұл менің ақиқатым. Бәрі маған мысқылдап «әй, мынау қап-қара ешектің қай жерін ұнаттың?» дейтін. Өзгелердің көзіне қалай көрінегенін қайдам, менің жанарымда алғаш рет теледидардан көрген зебра қалпында қалып қойған...

Асан троллебустың терезесінен үнсіз ғана сол балғын балалық шағын бір күліп еске алды. Есіне қайта-қайта қара-ақ араласқан зебрасы түсе берді. Қара-ақ араласқан зебрасын тағы да бала жүрегімен сағынды. Терезеден Ергентайды көрді. Ол бұның зебрасына мініп-ап қойлауылға кетіп барады. Бұл қимай-қимай «қош бол, зебрам» деді...

Асан қара-ақ араласқан күндер мен түндерді өткеріп, ақ-қара аралас ғұмырын сүре берді...

А. Оралқызы