Швед аспанындағы ең жарық жұлдыз

Швед аспанындағы ең жарық жұлдыз
Фото: howlingpixel.com

Швециялық ақын һәм романист Карл Густаф Вернер фон Хейденстам (швед. Carl Gustaf Verner von Heidenstam) 1859 жылы 6 маусымда мемлекеттің оңтүстігіндегі Эльсхаммар өзеніні жағалауында оналасқан Ветерн қаласында дүниеге келген. Әкесі Нильс Густаф фон Хейденстам әскери инженер болып, анасы Магдалена Шарлотта Рюттершелд жергілікті зиялы қауым өкілінің қызы болатын. Вернер бала кезінен өте аурушаң болып, Стокгольмде емделіп, тек жазда ғана отбасына Эльсхаммарге оралып жаз айын кітап оқумен өткізетін.

Жереорта теңізінің ауа-райы бала денсаулығына пайдалы деп ата-анасы оны шетелдерге жиі саяхатқа жіберетін. Таяу Шығыс, Греция, мен Италия елдеріне саяхаттаған Вернер түрлі елдердің мәдениеті мен әдебиетін жас кезінен үйреніп өсті. Кейін өзі туралы естеліктерінде ол: "провинциал университет дәрісханаларында антикалық әдебиетті оқу орнына Афина Акрорполиде саяхаттап, заманауи христиан мәдениетін үйрену орнына жан-тәніммен шығысты үйренуге бел байладым", – дейді.

Қаламгер 1880 жылы Швецияға қайтып келіп, Эмилия Углге үйленеді. Оның болашақ туралы өмірлік тәжрибесі жоқ болса да ұзақ саяхат барысында "өнер" дейтін дертті жұқтырып қайтқан-ды. Ата-анасы Вернерді білім алу үшін Парижге жібереді. Жас отбасы бірінші Италияны саяхаттап сосын Парижге барады. Ол жерде Вернер Жан Леон Жеромнан суретшілікті үйренеді.

1886 жылы болашақ "Нобель" иегері драматург Август Стриндбергпен танысады. Стриндберг Вернерден бірнеше жас үлкен болып сол кездің өзінде-ақ жазушы ретінде танылып қалған болатын. Олар арғы-бергі әдебиет, мәдениет жайында сөйлесіп, Швеция әдебиетінің болашағы туралы пікірлескенді ұнататын.

Эмилия қайтыс болғанан кейін Вернер екінші рет Ольга Вибергке үйленеді. Бірақ бұл некенің өмірі ұзаққа бармай қайтадан ажырасып кетеді. 1900 жылы ол өзінен 20 жас кіші Геретта Шебергке үйленеді.

1887 жылы отанына қайтып оралған ақын тырнақалды туындысы "Мінәжат және саяхат жылдары"  ("Vallfart och vandringsar") деп аталатын өлеңдер жинағын кітап етіп шығарады. Кітапты оқырмандар жылы қабылдап Вернер ақын ретінде біршама танымалдыққа жетеді.  Өлеңдері өзінің түрлі елдерде саяхат кезіндегі шикзат болған көріністер еді. Стефан Бьорк жазғаныдай: "оның моральдық құндылықтар мен әшекейлі шығыста кездесетін сезімтал, сиқырлы түстерден тұратын дастандары мен өлеңдері  оқырмандардың қызығушылығын бірден тудырды". Шынында да Вернер өлеңдері сол кездегі натуралисттік сарындағы ақындардан гөрі өзінің түрлі-түстілігімен, оптимситілігімен оқырманды өзіне тартты.

Кейінгі онжылдықта қаламгер өнімді еңбек етті. "Эндимион" ("Endymion", 1889), "Ренессанс" ("Renassans", 1890), шығармаларын жазды. 1892 жылда  жазған "Ганс Альенус" ("Hans Alienus", 1892) кейіпкері Фаустқа ұқсап өмірден өз орнын іздеді.

Ақын екінші өлең топтамалары "Поэзия"-ны ("Dikter")   кітап етіп жарыққа шығарғаннан кейін барып Швеция әдебиетіндегі белді қаламгерге айналды. Америкалық сыншы Альрик Густафсонь: "Поэзиядан оптимистік өмірге деген терең құмарлық сезіледі, жинақ тарихқа толы, Швецияның батырларындай оқырманды сүйіспеншіліккке өмірді сүюге жетелейді", – деген еді.

Оның "Карл ХІІ соғысы" ("Karolinerna", 1897-1898) деп аталатын ең әйгілі шығармасында отанының тарихына қызығу негізінде жаңа қаһарман ойлап табу арманы жатқан болатын.

Вернердің "Қасиетті Биргитта зияраты" ("Heliga Birgittas pilgrirnsfard", 1901), екі томдық "Фолькунгтер шежіресі" (Folkunga Tradet", 1905-1907) романы, екі томдық "Швед және олардың көшбасшылары" ("Svenskarna och deras hovdingar", 1908-1910) поэмасы да Шведтің тарихына арналған болып отансүйгіштік рухында жазылған шығармалар еді.

1915 жылы жазылған "Жаңа өлеңдер" ("Nya Dikter", 1915)  топтамасы Густаф Вернердің шведтің қайталанбас дара ақын екенін оқырмандарға тағы да танытты.

1916 жылы Швед Академиктері Карл Густаф Вернерге "әлемдік әдебиетте жаңа дәуірдің ең көрнекті өкілі ретінде" ретінде "Нобель" сыйлығын тапсырады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты сыйлықты тапсыру рәсімі өткізілмей қалды. Швед сыншысы Свен Седерман Вернер "Нобель" сыйлығын алғаннан кейін: "Өткен ғасырдың соңында шведтік поэзияны жандандырған суретшілердің соңғы жүз жылдығындағы ең жарқын жұлдыз" деп баға береді.

"Нобель" сыйлығынан кейін қаламгер бірде-бір жаңа шығарма жазбады. Тек, өлімінен кейін бір жылдан соң 1941 жылы балалық өміріне арналған "Каштан гүлдегенде" ("Nar kastanjerna blommade") романы баспа жүзін көрді.

Швед тарихын жандандыруға еңбек еткен романист, швед поэзиясында натуралисттік  бағыттан өзге жанрда қалам тербеген алғашқы ақын Густаф Вернер өткен ғасырдың 20-жылдарында Веттерн бойындағы Эвралида қалашығынан үй тұрғызып сол үйінде 1940 жылы 20 мамырға дейін тыныш та бейғам өмір сүрді.

Әдебиеттанушылардың пікірінше Вернердің шығармалары оқырмандар арасында бүгінгі күнде де қолдан қолға түспейтіндей бағалы деп айтуға болмайды. Тек, оны өткен ғасырдың басында Швед әдебиетінің гүлденуіне  үлкен үлес қосқан қаламгер ретінде ғана таниды.

Т. Раушанұлы