Әдебиеттің әуені – Ромен Роллан

Әдебиеттің әуені – Ромен Роллан
Фото: klassikaraadio.err.ee

Франциялық жазушы, публицист Ромен Роллан 1866  жылы 29 қаңтар күні Франция оңтүстігіндегі Кламси деп аталатын шағын қалашықта, дәулетті адвокат отбасында өмірге келген. Әкесі Эмиль қаладағы белгілі адвокат, анасы Мари Куро тақуа әйел болып, осы анасының қалауымен Ромен жақсы оқу мақсатында Парижге көшіп келеді.

Бала кезінен анасы Ролланды пианинода ойнауға үйретіп, осының салдарынан ол музыканы, әсіресе Бетховен шығармаларын қатты сүйеді. Ұлы Людовик лицейінде оқып жүргенде Вагнер шығармаларын да ойнауды үйренеді.  1886 жылы Ромен танымал "Эколь Нормаль Сюрпер"-ге оқуға тапсырып, ғалым болу мақсатында тарихты тереңінен зерттей бастайды. Бұл да анасының арманы еді. 1889 жылы тарих оқытушысы дипломын алады.

1889-91 жылдары Ромен тарихты тереңдеп үйрену мақсатында Римге барады. Бірақ көп өтпей Роменде ғылыми ізденістерге деген қызығушылық төмендеп, әдебиетке бет бұра бастайды. Ол Шекспирдің тарихи пьесалары әсерінде Италияның қайта өркендеу дәуірі уақытындағы оқиғалар мен адамдары жайындағы тарихи драмалар жаза бастайды.

1891 жылы болашақ қаламгер  Парижге қайтып келеді. Ол тарихты зерттеумен бірге драматургиямен де айналыса бастайды. 1892 жылы Ромен Клотильда Брелге үйленеді. Сол жылы-ақ жас жұбайлар Римге қайтып келіп, Жан Батист Лили және Александро Скарлатти опера өнері туралы диссертациясын жазуға кіріседі.

1893 жылы диссертациясын аяқтап, оны Парижде сәтті қорғап шығады. Сарбондағы арнайы өзі үшін ашылған музыка кафедрасына жетекші етіп тағайындалады. Осыдан соң 17 жыл бойы ол Сарбоннда әдебиет, музыка, сурет өнері туралы дәрістер оқиды.

Роллан мәдениет тарихына көбірек қызығатын. Әсіресе оған сол тарихтың "қаһармандық" дәуірлері қызық болатын. Сондықтан ба, ол белгілі бір тақырыптағы емес, ауқымды тарихқа қатысты шығармалар жазуға тырысатын және оның көбісі аяқталмай қалып жататын.  Солардың қатарындағы "Орсино" ("Orsino", 1890), "Эмпедокл" ("Empedocle", 1890), "Бальони" ("Baglione", 1891), "Ниобея" ("Niobe", 1892), "Калигула" ("Caligula", 1893), "Мантуи қоршауы" ("Le Siege de Mantoue", 1894) сияқты доамадары – ешқандай да сәттілікке жете алмады.

1901 жылы қаламгер жұбайымен ажырасады. Осы жағдай оның рухына қатты әсер етіп біраз уақыт әдебиеттен де, мәдениеттен де қол үзеді. Тек, 1905 жылы ғана Микеланджоның өміріне арналған кітабын шығарады. Осыдан соң қаламгер атақты адамдардың өміріне арналған шығармаларды жазбаймын деген шешім қабылдайды. Себебі бұл түрдегі кітаптар оқырманды қызықтырмай, еңбегім зая кетеді деп есептейді. Бірақ сонда да осыдан соң Толстой, Гендель, Рамакришна т.б өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптарын жазып шығады.

1904-12 жылдар аралығында жазған ең атақты "Жан-Кристоф" ("Jean-Christophe", 1904—1912) романы ұлы музыкант Бетховен өмірінен сыр шертетін шығарма еді.

1915 жылы Швед академиктері Ромен Ролланға негізінен "Жан Кристоф" романы үшін, ал ресми түрде "әдеби шығармалардағы биік идеялары, түрлі кейіпкерлерді жаратудағы шыншылдығы мен адамдарға деген махаббаты үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Бірінші Дүниежүзілік соғыс себепті марапаттау рәсімі өткізілмейді.

1934 жылы Ромен Мария Кудашеваға үйленеді. Арада 4 жыл өткесін ол Швецариядан Францияға қайтып келеді. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде нацизмге қарсы күреседі.

Ромен Роллан 1944 жылы 30 желтоқсанда өмірден өтеді.

Т. Раушанұлы