Нұрбек Нұржан. Көктемгі жылу

Нұрбек Нұржан. Көктемгі жылу
Фото: vk.com

Жас әдебиетші Нұрбек Нұржан Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақмерен ауылында 1995 жылы 29 мамырда дүниеге келген.

Ол – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Өлеңдері жас ақындардың "Алатау жырлайды", "Күн сәті" және қазақ поэзиясының антологиясы "Жыр маржаны" сияқты ұжымдық жинақтарға енген. Баларларға арналған әңгімесінің бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Менің атым Біржан. Алып Алматыға, кішкене бір ауылдан келдім. Мен биыл бесінші сыныпқа, жаңа мектепке көштім. Ауылда нағашы атам мен әжем қалды. Келгеніме екі күн болса да, екі ай өткендей. Атам мен әжемді қатты сағындым. Олар мен кеткенде шарбақтың алдында қия алмай ұзақ қарап тұрған-тын. Мен де автобустың терезесінен олар қап-қара нүкте болғанша көз алмадым. Екі күн бұрын өмірімнің бір парағына нүкте қойып, жаңа парақты көп нүктемен аштым... Аяулы Алматыға аяулы апаммен келдім. Ол мені қалада оқысын, үйренсін, білсін деп қасына алды. Бір жағынан мені «алыстатып алам ба» деп, қорықса керек. Апам мен әкем үшеуміз үш жыл бұрын бірге тұрған едік. Ол кездер менің есімнен әлі күнге кетер емес... Біз Шымкент қаласында тұрушы едік. Анам – мұғалім. Күні-түні мектепте, жұмысымен шапқылап жүретін. Ал әкем... Әкем өміріне риза емес еді. Ылғида ішіп жүретін. Сөзге сараң, іске шорқақ жан еді. Қолынан гитарасын тастамайтын. Пештің қасына отырып алатын да ән айта беретін. Кейде «шешең, студент кезінде менің даусыма, сосын өзіме ғашық болды, ал қазір ше?» дейтін күрсініп. Аузынан бір-ақ сөз шығушы еді «мені ешкім түсінген емес, түсінбейді де...». Расында біз әкемізді түсіне алмадық. Ол күндердің күнінде ешкімге ештеме деместен үшті күйлі жоғалып кетті. Біз оны іздемеген жеріміз жоқ. Полиция шақырып жер, көкті іздедік. Ақыры таппадық. Апам қайғыдан құса болды. Жүдегеніміз соншалық анам ауырып, жерге ас, ішерге сусын таба алмадық. Амалсыздан анамның бұл хәлін көріп қайыр тілейтінмін. Біздің үйге орталық базар жақын еді. Анам қайта-қайта менен «тамақтарды қайдан алып жүрсің?» дейтін. Мен «көршілер» берді деп бөсе салатынмын. Әйтседе орыс және шала қазақ көршілеріме кірмедім емес, талай рет бардым. Амандассаң жауап қатпайтын бұлар, анамның ауырып жатқанын естігенде маса шаққан құрлы көрген жоқ. Бетіме бажырая бір қарады да есігін «тарс» жапты... Қайыр тілегенімді ешкімге айтқан емеспін. Басында намыстандым. Алайда анам намысымнан әлдеқайда биік тұрды. Бәрінің реті келіп, анам екеуміз өмір сүре бердік. Анам осы күнге шейін атам мен әжеме көмектесіп тұратын. Оларға ақша жіберуші еді. Өзімізге жетсін жетпесін анам атам мен әжеме қарайласуды ұмытқан емес. Апам олардың жалғыз қызы.  Уақыт өте келе әкемнен үмітімізді үзген едік. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде үй жақтағы дүкендегі сатушы әйелдің туысқаны әкемді таудан көріпті. Бір кішкене үйшікте жалғыз өзі тұратын көрінеді. Кәдімгі жабайы адамдарша... Апам бұны естіп жүрегі тіптен тілінді. Бірақ апам мықты еді. Ол сына қоймады. Квартирамыздың ай сайынғы жалақысын төлей алмағандықтан біз бұл үйімізден шығуға тура келді. Менің әкемнің исі қалған, гитарасының үні қалған үйімді тастау мен үшін өте ауыр еді. Апам мені атам мен әжемнің қолына тастап өзі Алматыға жұмыс істеуге кетті. Мен атам мен әжемнің қасында ең тәтті һәм ең бақытты сәттерді бастан кештім. Балдағымен жүретін шал, кемпірге қолғабыс әрі жұбаныш болдым. Олардың ертегі, жырлары мен құлағымды қандырдым. Біздің ауылда ақсақалдар көп еді. Балаларды көрсе маңдайынан иіскеп бата беруге даяр тұратын. Біз қолымызды жаятынбыз ұзын сонар бата айтып «әумин» дейтін. Кей қылжақбас шалдар есік алдынан өтіп бара жатып, менің ата-әжеме жәрдем беріп жүргенімді көрген соң «Өй, әкиңнің! Өркенің өскір. Ата мен әжеңнің жанын тындыр, Мұғалімдердің жағын сындыр» деп, насыбайларын түкріп қойып өтетін. Демалыс сайын анам ауылға келіп тұрушы еді. Ауылда балғын шақтарым өтсе де, апам бір есімнен кетпейтін. Ол келген сайын мені қатты сағынғанын, жанына алғысы келетінін айтатын. Бірақ «менімен қиналып қалмас па екен» деп тағы уайымдайтын. Апам мұғалім болғандықтан келген сайын сабағымды тексеріп тұратын. Менің гумманитарлық сабақтарым жақсы болатын да, ал математика, орыс тілі дейтін сабақтарым тіпті нашар еді. Ол сабақтарға еш қызықпайтынмын. Анам барған сайын сабағымның нашарлап бара жатқанын көріп, қалайда сені оқытуым керек дейтін. Ақыры үш жылдан соң Алматыға алып кетті...

...Екі күн болды Алматыға келгеніме. Әдемі қала, Алатау таңертең тіпті әдемі көрінеді. Мектептің айналасы гүл мен алма ағаштарына толы. Мектептің спорт алаңынан кешке қарай сан түрлі адамдарды көресің. Бір-бірін қуалаған кішкене балалардан бастап қол ұстасқан шал-кемпірге дейін. Біз де апам екеуміз кешкі ақшамда қол ұстасып серуендейміз. Апам менің қолымды еш жібермейтін. Мен сұрамасамда балмұздақ алып беретін. Апамның ақшасы аз екенін білетінмін, сол себепті «балмұздақ жегім келіп тұрған жоқ»  дейтінмін. Апам сонда да қоймай «енді не жейсің, айтшы алып беремін» дейтін. Мен де қайтпай «тоқпын» дей салатынмын. Анам балмұздақты жақсы көретінімді білгеннен бе, әлде көкейімді оқып қоя ма? Қояр да қоймай балмұздақ алып беретін. Бірақ өзіне алмайтын. Мен:

- Жартысын жеңізші, тойдым, - десем, апам болмай:

- Өзің же,- дейді. Мен:

- Ең болмаса бір тістеңізші, мен үшін, - деймін. Анам:

- Сен үшін, - деп, кішкене ғана балмұздақтың шетін жалайтын. Біз кешкі

Серуеннен соң үйге оралатынбыз. Біздің үй – мектеп. Оқушылар «мектеп – біздің екінші үйіміз» деп алғашқы қоңырауда шуласып жататын. Ал мен үшін мектеп – бірінші де екінші үйім еді. Анам үй алам деп өз-өзіне мақсат қойды. Басқа мұғалімдер апамның мұнысын әзіл көріпті. Себебі «Алматыдан үй алу, оның үстіне жалғыз басты әйелге, сосын жалақысы өзіне жетпейтін мұғалімге тіпті мүмкін емес» депті. Бірақ апамның айтқанынан танбайтын әдеті. Бұл мақсатынан қайтпады. Мектепте төрт жұмыс істеді. Таңертеңгі сабағы бар, түскі сабағы бар, кешке қосымша байдың балаларына сабақ берді. Сосын түнгі кезекшілікке қалып жүрді. Директор апай анама көмек болсын деп, мектепке тұрғызды. «Солай ақша жина» деді. Бұл құпия болып қалды. Апам өзгеге айтуға арланатын. Апам екеуміз сол өмір сүріп жүрдік. Апам екеуміз 306 кабинетте тұрамыз. Бұл үшінші қабатта. Ол жерде әрі сабақ оқимыз әрі қонамыз. Парталарды бір-біріне жақындатып үстіне көрпе төсеп, көрпе жамылып көрпеден де жылы бір-біріміздің құшағымызға жылынып жаттық. Кейде анамды қатты аяйтынмын. Ол соншама жұмысты істеп келіп кешкі 20:00, 21:00 ға таяу орындыққа келіп отыра қалатын. Мөлдіреген қос жанары қып-қызыл болатын. Маған қарап «тамақ іштің ба? Шкафтың ішіне анау-мынау қойып кетіп едім ғой» дейтін. Мен басымды изеймін. Апам жымияды да отырған жерінен оң қолына басын қойып ұйықтап кететін. Мен әдеттегіше парталарды жақындатып үстіне көрпе, жастық төсеп апама «жатыңыз» дейтінмін. Кейде апам киімшең жата қалатын. Таң азанмен 6:00 де бізге ерте тұру керек. Әйтпесе еден жуатын әкпелер келіп қалады, басқа да мұғалімдер, ерте келетін оқымысты оқушылар бар дегендей. Біз көрпелерімізді жинап болып, ұзыннан ұзақ коридордың шетіндегі әжетханаға барып беті, қолымызды жуатынбыз. Сол сәт біз үшін ең үрейлі кез еді. Баспалдақтан біреу-міреу көтеріліп бізді көріп қоятындай болатын. Аяғымыздың ұшыменен барып келеміз. Қайтып келіп сыныпты реттестіріп қоятынбыз. Сосын мен мектеп формамды киетінмін. Апам мұғалімдерге арналған киімін киеді. Осылай әр таңымыз атады... Мен сабағыма барам, апам сабағын береді. Менің сабағым біткен соң апам маған бос сынып тауып қоятын. Кілтін беретін. Ішіне кіргенімде, сыртқа шығарымда сыртынан құлттаймын. Сол жерге тамақ, сосын көрпе қойып қоятын. Мен тамақ жеп болған соң, біраз ұйықтап алатынмын. Сосын сабағымды оқимын, сосын далада біраз ойнаймын. Апаммен тек кешке ғана көрісеміз. Маған кешкі тамақты шкаф ішіне қойып кетеді. Тек жексенбі күндері ғана апам екеуміз қол ұстасып серуендейміз. Оған дейін апам жұмыста. Менің ең сүйікті күнім жексенбі еді. Мен жексенбіні асыға күтетінмін. Апам бірде тамақ ішсе, бірде тамақ ішпейтін. Маған өтіріктен «тамақ жеп алғанмын» дей салатын. Апамның қарыны аш екенін оның шұрылдаған асқазанынан білетінмін.  Апам барған сайын жүдеп кетті. Сондайда менің тез есейгім келетін. «Шіркін, Ер Төстік болсам ғой сағат сайын өсетін. Апамның орнына жұмыс істеп, ата-әжемді, апамды өзім-ақ бағар едім» деп қиялдайтынмын. Әкемді жиі сағынатынмын. Әкем бір күні мектепке келіп «Жүріңдер, Шымкентке! Өз үйімізге барайық» деп айтатын секілді күтетінмін. Алайда әкем келмейтін, мен ол келетін күнді алып сеніммен, үлкен үмітпен күттім. Тауда тоңып қалмады ма деп тағы ойлайтынмын. «Ол апамның қиналып жүргенін неге түсінбейді» деп жақсы көріп тұрып, жек көретінмін. Апам кей түндері ұйықтай алмай «уфілеп» шығатын. Мұрнын қайта-қайта тартып қоятын. Ол түнде жиі жылайтын... Мен өтірік ұйықтағансып пысылдап қоямын. Менің бетімнен, маңдайымнан иіскеп алады. Сондайда бетіме оттан да ыстық мөлдір тамшылар тамып кетеді...

Мектепте күзетші шал бар. Есімі – Ханбай. Ол кісі күндіз бейнелеу өнерінен сабақ береді. Түнде мектепті күзетеді. Суретші һәм күзетші атаның шаштары аппақ бұйра, көзі қысыңқы, жүзі ою-өрнекке толы. Уақыттан асқан суретші бар ма? Суретші атаның жүзіне неше түрлі бояу мен реңкті сурет салып тастаған «заман» десеңші! Мен кейде анам кешіккенде Ханбай атаның қасына барып шәй ішемін. Ата бірінші қабаттағы кішкене бөлмені сурет картиналарға толтырып тастаған. Оның суреттері кілең табиғат туралы. Мен суреттеріне қарасам болды неге екенін білмеймін жүрегім «дір» етіп, денем түршігеді. Әсіресе бір үй салынған сурет. Айналасы гүлдерге, құстарға толы. Есік алдында үш аяқ киім тұр. Бірі - еркектікі, бірі - әйелдікі, бірі - баланікі. «Көктемгі жылу» деп аталады екен бұл картина... Ханбай атаның қолдарына түрлі бояу қатып қалған. Ылғида шабыт үстінде, ой үстінде болады. Мені өз немересіндей көреді. Кейде еркелетіп «Бекентай» дейді. Кейде есейтіп «Беке» деп атайды. Мен атамен көп әңгімелесемін. Ханбай ата мені тыңдаудан, мен сөйлеуден жалықпаймын. «Баланың ұрлығы үйде жатпайды» демекші, мен атаға өз ойымды ашық айтатынмын. Ата маған:

- Есейгенде кім боласың? – деп бастады сұрағын. Мен ойланып:
- Анам секілді мұғалім боламын, атам секілді қойшы боламын, әкем сияқты әнші боламын, сіз сияқты суретші боламын, сосын президент боламын, – дедім. Ата:
- Арманың көп екен, арманыңа жет балам, - деді. Мен:
- Сіз кім болғыңыз келеді? – дедім. Ата жымиып:
- Сен сияқты бала болғым келеді, - деді. Мен:
- Қойыңызшы мен тез есейгім келіп жүрсе, сіз «бала болғым келеді» дейсіз.
- Не үшін? – дедім?
- Бәрін басынан бастағым келеді, оқығым келеді сен сияқты. Біздің заманның балаларының бәрі оқи алды дейсің бе? Байдың балалары болмаса. Сондықтан жақсылап оқы, - деді. Мен:

- Оқимын ғой... – дедім оңай секілді. Сәл ғана ашық терезеден күзгі жапырақтардың зікір айтқан сыбыры, қарғалардың бір қонып, бір ұшқан қанаттарының дыбысы, қарқылдаған үні естілді. Не көп Алматыда қарға көп. Мен қарғаларды ұнатпаймын. Кептер мен торғайды жақсы көремін. Ата маған қарап:
-  Шешең келсе бар, жат! Демала ғой, - деді. Мен:
-  Апам әлі келмеді. Келсе осында келіп мені әкететін еді. Ата:
-  Ендеше, сыныбыңа өзің барып жата ғой, - деді. Мен:
-  Дәліз қараңғы, сосын мен жүргенде жаңғырып артымнан біреу келе жатқандай болады. Оның үстіне қазір түн ғой, қорқамын, - дедім. Қорқынышымды жасыра алмай. Ата жүзіме қарап:
-  Әй, сен жігіт емессің ба? Неден қорқасың?
-  Қарғадан...
-  Қарғаның не қатысы бар? Қарға далада ғой.
-  Өмірде қарғалар болмаса түн болмас еді. Аспанда қарғалардың көптігінен түн болады. Олар ұшып өткенде күн шығады. Қарғалар болмаса ғой... Мәңгі күн болар еді. Біз ұйықтамас едік. Тығылып жүрмес едік. Анам түнде жыламас еді... Қарға деген – түн. Түн деген – қарға, - деп, өзім зерттеген ойымды атаға айттым. Ата маған күлімсірей қарап: 

-  Сен ғалым боласың, - деді. Сол сәтте біреудің келе жатқан аяғының дыбысы шықты. Бұл менің апамның табанының дыбысы екенін бірден танып қойдым. Сондай нәзік әрі батыл, өз-өзіне сенімді дегенмен, шаршаған жүрістің дыбысы. Әйткенмен, мекетепте апамнан басқа кім жүруші еді. Апам есікті қаға кіріп атамен амандасты. Ата:
-  Аман бол, шырағым! Кел шәй іш! –деді, анам:
-  Рақмет, ата, біз демалайық ертең ерте тұру керек еді, - деді. Ата:
-  Олай болса қайырлы түн шырағым!
-  Қайырлы түн, ата! – дедік те сыныпқа-бөлмеге қарай жүре бердік.

Ұзын дәлізбен сыныпқа барғанша күн жүретін секілдіміз, ай жүретін секілдіміз... Сыныпқа кіріп, төсекті салып қисая кеттік. Түн қарқылдап ұшып жүрді, қарғалар қап-қара еді. Қашан кетеді, қашан басқа жақа ұшады бұлар? Қашан таң атады?..     

Сыныптағы ілініп тұрған домалақ кішкене «а» әрпінің ішіндегі сағаттың қанша айналғаны белгісіз, әйтеуір кабинеттің терезесінің арғы жағында аппақ нұр, аппақ гүл, аппақ қар жауып жатты. Кейде мен осы сыныптың терезесіне ұзақ қарап отырамын. Бұл да бір картина секілді. Тек өзгеріп отыратын сурет. Мен тағы да терезеге аппақ талдарға, далаға қарап отырып ата-әжемді еске алдым. Ауылды еске алдым. Достарымды еске алдым. Оларды сағындым. Мынау майдалап жауған қарлардан қанша елестетпейін десемде солардың бейнесі бола қалатын несі-ей! Миымнан кетер емес. Бір жағынан осындай мектепте тұрғанымды елестетіп көңілімді алдаймын. Кәдімгі үлкен мектепте біз ғана тұрамыз. Қанша сыныптарымыз-бөлмелеріміз бар. Керемет емес пе?!

Қыс тіпті суи бастады. Ал анамның құшағы екі есе жылынды. Апам екеуміз кей түндері қанша шаршасақта ұйықтай алмай әңгімелесіп жатушы едік. Апам:

- Біздің кейін өз үйіміз болады. Сенің өзіңнің бөлмең болады. Сонда сабақ

оқисың, сурет саласың. Саған компьютер әперем. Жаңа киімдер әперемін. Екеуміз тығылып кріп-шығып жүрмейміз. Есікті еркін ашып, еркін жабамыз. Өз үйіміз болады. Көп қонақтар шақырамыз. Ата-әжеңді қасымызға аламыз. Олар саған ертегі, дастан, жыр айтып береді. Сен мектепке тек оқу үшін ғана келетін боласың... – дейді апам, тәтті арманға батып. Мен:

-  Апажаным, мен сабақты беспен оқып, содан соң сізді бағамын. Сіз ешқашан, ешқашан жұмыс істемейтін боласыз. Ұйқыңыз қанғанша ұйықтайсыз. Мен жұмыс істеймін. Ата-әжемді бағамын.Сіздің аяғыңызды ыстық суға саламын. Ең әдемі көйлектер әперемін. Шетелге қыдыртамын. Сізге көп балмұздақ әперемін. Содан соң... «Әкемді қасымызға қайтып алып келемін» деп айтайын дедім де, анамның жүрегін ауыртып алам ба деп қорықтым. Апам:

-  Сосын, не? – деді, қуанып.
-  Сосын, біз бақытты боламыз.
-  Біз онсызда бақыттымыз...
-  Сіздей анам бар мен қалай бақытты болмайын, апашым! – дедім.

Апамның жүрегі елжіреп мені қатты құшағына қыса түсіп:
-  Балапаным, батырым, жаным, ақылдым, - деп еркелетіп бетімнен сүйе берді. Қыстан кейін көктем келетінін білетінмін... Көктемді көп күттім...

Мен түскі сабақтар аяқталып далға балалармен шықтым. Біз біраз спорт

алаңында күш сынасып, турникке тартылып, доп тептік. Ойын мен үшін енді қыза бастағанда балалар үйге қайтамыз деді. Олар менен жиі:
-  Сен осы қай жақта тұрасың? - деп сұрақ қоятын. Мен:
-  Ана жақта, - деп қолымды шошайтып тау жақты өтірік көрсете салатынмын. Олармен қоштасқан соң мектептің темір қақпасынан оларға ұзақ қарап тұрушы едім. Олар бір-бірімен әзіл қалжың айтысып, үйлеріне қайтып бара жататын. Өз үйлеріне барады, партада емес төсекте ұйықтайды. Аналары бір ғана жұмыс істейді. Олардың ұзын коридорлары жоқ. Қараңғы болса шам жағып қоя салады. Үйлерінде қарғалар жоқ...

Анам түстен кейін сыныпқа қуанып келді:

-  Балам, мен ипотекаға кезекке тұрдым. Құдай қаласа біздің үйіміз болады.

Тек күту ғана қалды. – деп, мені бар күшімен құшақтады. Менің қуанышым қойныма сыймай ұшып кетердей болдым. Анам екеуміз осы қуанышты атап өтуге кафеге бардық. Анам маған менің сүйікті тағамым «қуырылған манты» әперді. Анам өзіне сүйікті асы «борщ» алды. Артынан тәттімен анам шәй ішті мен кока-кола іштім. Сосын біз қол ұстасып кешке дейін қыдырдық. Ананың сөзінен жылы - сөз, құшағынан ыстық – құшақ жер бетінде бар ма екен, десеңші!?

Мен әр түні ұйықтар алдында атамнан үйренгенім бойынша дұға тілеп жататын болдым. Түнде анама білдіртпей қолымды жайып Аллаға жалбарынамын. Барлық арман, тілектерімді Құдайыма айтамын ішімнен «Я, Аллам! Мен сенен көп нәрсе тілеймін. Бәрін орындашы өтінемін... Анам бақытты болсыншы. Бір ғана жұмыс істесінші. Шашршамасыншы. Әкем үйге оралсыншы. Біздің өз үйіміз болсыншы... Ата-әжем бізбен тұрсыншы. Мен тез есейейінші. Анамды бағайыншы. Бастық болайыншы. Мектепте тек қана сабақ оқиыншы. Суретші Ханбай ата да арманына жетсінші, ол бала болғысы келеді.Өскенде анамды Меккеге апарайыншы. Менің анам ауырмасыншы. Мен де ауырмайыншы, әйтпесе анам уайымдайды... (әумин)» деп күнде осыны қайталап жатып ұйықтап кететінмін... Осылай екі жыл өтті...

Біз қазір апам екеуміз орындалған арманымызға, қабыл болған тілегімізге бара жатырмыз. Өз үйімізге... Апамның оң қолында менің қолым. Сол қолында үйдің кілті. Қатты қып қысып ұстап алған. Біз таксименен зуылдап келе жатырмыз... Өз үйімізге... Аспан ап-ашық, көкте мен сүйетін кептерлер мен торғайлар қалықтап барады... Көктемнің жаймашуағы... Бәрі біздің үй алғанымызды тойлап жатқандай. Бастысы, менің қуанышты жүзіме қарап анам бақытты... Анамның нұрлы көзіне қарап мен де бақыттымын. Бүгін анам маған, ертең мен анама қорғанмын. Қайда тұрсақ та, қайда жүрсек те ешқашан бір-бірінен айрылмайтын, қапсыра байланған екі қол, бір жүрек. Ана –күн мен бала – көктем болдық. 

Әкем бірнеше жылдан соң оралды, мүлде басқа жан боп оралды. Ол енді ішпейді. Біз бір бүтін отбасы, шаңырақ болдық. Ал, анам бір жұмыс істей бастады. Менің барлық тілегім орындалды тек біреуінен басқа: Ханбай ата бала бола алмады. Бірақ, балалардың қиялындағы суреттерді салады. Ылғида көктемгі жылуды бейнелейді... 

А. Оралқызы