Толымбек Әбдірайым. "Аюдың ашуы"

Толымбек Әбдірайым. "Аюдың ашуы"
Фото: ribalych.ru

Толымбек Әбдірайым балалар жазушысы, 1955 жылы 12 қыркүйекте Семей облысының Аякөз қаласында туған. 2006 жылдан бастап ҚР Мәденит және ақпарат министрлігіне қарасты "Жас өркен" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астанадағы өкілетті өкілі. Алғашқы әңгімелері мен очерктері 1970 жылдан бастап газет-журналдарда жарияланып келеді. 1988 жылы "Елегізу" атты әңгімесі "Арман қанатында" жинағына енген. Бірнеше Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің "Ыбырай Алтынсарин" медалімен марапатталған. "Еркешора", "Балауса", "Мақтаншақ сары сағат" т.б балаларға арналған кітаптары жарық көрген.

***                  

-Онда кішкентай кезім, - деп бастады самайын ақ дендеген, ақсары өңді апам. Ол кісі қандай әңгіме бастаса  да, нақыштап, болған-көрген оқиғаларды әсерлеп, әдемілеп, тамсана жеткізетін. Содан да шығар, Күнімхан әпкеміздің айтқанын тым-тырыс, тапжылмай отырып тыңдаймыз.

- Өз басыңыздан өткен бе? – дейміз әуесқойлықпен.

-Әрине, - дейді апамыз одан сайын бізді ынтықтыра түсіп.

-Шамасы он жастағы кезім. Кішіжан ағам менен үш жас үлкен ғой. Үлкендердің сөзімен айтқанда, он үштегі – отау иесі! Бойшаң әрі иықты, болғандықтан ба, өз жасынан ересектеу көрінеді. Күзде жетінші класқа баратын ағам кітапті көп оқиды.

- Адам әуелі туған өлкесінің, кең байтақ еліміздің арғы-бергі тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, аң-құстардың тыныс-тіршілігін жақсы білуі тиіс дейді. Және өзінің білгендерін үнемі айтып жүреді.

Тарбағатай жеріндегі түз тағылары – қасқыр, аю, түлкі, қоян, қарсақ, борсық, жабайы шошқа жайлы әңгімелегенде құдды биология пәнінен сабақ беретін Жәмила апай сияқты ежіктеп, тәптіштеп түсіндіреді. Кішіжан ағам әкем айтқан әңгімелерді де құлағына құйып алады. Есте сақтау қабілеті ғажап! Қай кезде сұрай қалсаң, жаттап алғандай сайрай жөнеледі.

Екеуміз жаз бойы алыс жайлаудағы әке-шешемізге қол ұшын береміз. Әкеміздің алдында жеті жүз қаралы қоғам малы, бірыңғай саулық қойлар. Ол күні бойы мал  бағып, ымырт жабыла үйге  бірақ оралады. Көк кілемдей жайнаған көк майсаға мейлінше тойған отар ағаш шарбақпен қоршалған қотанда тырп етпей жатады. Әкеміз аса сақ адам. Көзі ұйқыда болғанымен, тырс еткен дыбысқа елең етіп, орнынан ұшып тұрады. Шапшаң киініп, таяғын ұстап қотанды бір айналып шығады.

Тамылжыған жаз. Биік таудан бастау алып сарқыраған арналы Аягөз өзені барып-барып, арнасы кеңейіп жуаси ағады. Күн қатты ысып кеткен кезде өзенге жетіп әй бір, рахаттана суға шомыламыз, қармақпен балық аулаймыз. Бізді ерекше қызықтыратын  дүние – уылжи піскен жеміс-жидек, жайлаудың сұлу табиғаты! Таулы өлкенің ауасы қандай таза! Жеген ас та сіңімді! Тоймайсың, жей бергің келеді.  Ұшар басына сүріқар бекіген Тарбағатай тауының сілемі – Барлықтың етегі сыңсыған орман. Қалың қарақат, қызылқат, бармақтай бүлдірген, мөлдіреген мойыл көз жауын алады. Үй ішінің жұмыстарынан қолымыз босай қалса, тау бөктеріне зытамыз. Жеміс-жидектерге келе сала бас қойып, қарнымыз сыздағанша асаймыз.

                                                      ххх

Көк майсада алаңсыз жайылған қоңыр кірекейдің  жүрегі өрекпи соқты. Апандағы қос қонжығына жетуге асығып, өрге қарай тоңқаң-тоңқаң жүгірді. Бұлайша алаңдамайтын. Қарақұлақтанған немелер апаннан ұзап кетіп, бірдемеге ұшырады ма? Әлі кішкентай ғой! Мұндай кезде екі аяқтылардан сақ болған ләзім! Аяп-мүсіркеу жоқ оларда?! Ана бір жылы көздерін ашып үлгермеген қонжықтарын ұрлап, сан соқтырған. Өзі болғанда қорқып, жолай алмас ешкім! Не деп болады?!.

Жайшылықта недәуір жүретін апанға шапшаң жетті. Сезімі алдамаған екен?! Апан бос жатыр. Аласұрып маңайды тегіс шарлады. Жер жұтқандай қонжықтарын ізім-қайым. Бар пәле екі аяқтылардан келді! Екі-үш күн бұрын мылтық асынған  адамдарды көзі шалған! Кеше де көрді. Көрді де тіксінді. Соның ақыры – қос қонжығы қолды болды. «Бәлем, тұра тұрыңдар! Кеш батып, түн қоюлансын! Көрермін сендердің әуселеріңді! Анау тау етегіндегі қойшылардан бастайын сойқанды!..» Қоңыр түнгі жорыққа тас-түйін бекінді.

                                                      ххх

Ақшам мезгілі. Маңай – мөлдір, төңірек – тымық. Әдеттегідей тау-тасты аралап, қалаған жеміс-жидектерін теріп жеп, артылғанын қалайы кішкентай шелекке жинап жүрген екі бала биік тау сілемдерінің басынан ақырған  дауыс естіп, зәре-имандары ұшты. Көл-көсір қуаныш, лепірген көңілдеріне су сепкендей.  Бір-біріне тығыла түсіп, дыбыс шыққан жаққа жалтақтай қарайды. Дауыс тағы естілді.  Бұл жолғы үні тіпті зор! Діңі жуан қарағайдың түбіне  келіп тығылды.

-Бұл не? – деді ағасын құшақтап жабыса түскен Күнімхан.

-Аю! – деді Кішіжан ағасы байсалдылық танытып.

-Қайттік енді?!

   - Не істеуші едік, қорбаңбай көрінбей тұрғанда үйге қашайық!

- Онда тезірек кетейікші, аға?  Бізді көріп қалып, қуса қайтеміз! Өлтіреді ғой?

- Қорықпа!

- Қорқып тұрмын, аға!

- Аю албаты адамға шаппайды. Өзің тиіспесең, жоламайды. Жыртқыш дегеніңмен, момын. Ал қонжығын алсаң, бітті дей бер! Ертеректе, мына Қытай елінде еріккен әскерлер, көзін енді ғана ашқан екі қонжықты апаннан ұрлап алып, сойып жеп, онымен де қоймай басын кесіп алып ағаш басына іліп кеткен ғой! Аналық аю аңдып жүріп әскерлердің бастығын өлтіріп, ертеңінде басын допша лақтырып кетіпті. Одан кейінгі күндерде де шабуыл жасап, бірнеше әскерді мерт қылған.

Кенет тау бөктерін жаңғыртқан зор дауыс естілді де, артынша шомбал денелі, басы үлкен, құлақтары кішкентай, қалың жүнінен қысқа құйрығы көрінбейтін қоңыр аюдың өзі де көрінді. Балалар орындарынан ұшып тұрып, құйын-перен зыта жөнелді. Бір абыройы, аю қашып бара жатқан оларды көрсе де қуған жоқ.  Ағайынды екеу киіз үйге жеткенше соңдарына қарауға да жүректері дауаламай, жүгірген бойда жүгіріп отырып, сиыр саууға шыққан аналарының қасына келіп бірақ тоқтады.

-Үйге қарай жүгіргені несі, жаман ырым бастап?! – Қорыққаннан зәрелері ұшқан балаларына қарап тұрып қалыпты. Қарына ілген шелегін жерге қойып:

- Не болды сендерге? – деді үрейі ұшыңқырап.

- Анда... тауда, аю! – деді Күнімхан ентігіп.

- Аюы несі? Адамның зәресін ұшырмай, рет-ретімен айтыңдаршы?!

Кішіжан болған оқиғаны тәптіштеп түсіндіріп берді.

- Құдай сақтаған екен! Қашып құтылғандарың абырой болар ма?! Бүйтіп бүлінбеуші еді, жануар! Не болды екен?! Қой, мен сиырларды жылдамдата сауайын да, әкелеріңнің алдынан шығайық, - деді аналары қасқа сиырдың бауырына отырып жатып.

Бұл кезде отағасы отарды таудан құлатып, үйге тақап қалған. Төртеулеп жүріп, қойларды қотанға қамады. Балаларының әңгімесін естіген әке кешкі шәй үстінде:

-Біреулер қонжығын ұрлаған ғой! Әйтпесе, тапай тал түсте момын жануар өйтіп шала бүлінбейді! Босқадан-босқа ашуланбайды, - деді ойланып. – Бүгінгі түн сақ болайық! Қап, әттеген-ай! Қосауыз мылтығымды Сейілхан қоярда-қоймай сұрап алған болатын. Жайратып тастамасам да, үркітуге, қорқытуға қажет еді! Болар іс болды! Өкінгенмен не пайда? – деді қасы қалың, қыр мұрынды бұжыр бет жігіт ағасы.

-Әке, - деді Күнімхан жай отырмай, ана Қажымұрат ағадан мылтық сұрасаңыз болмай ма?

-Ой-бу, балам-ай! Ол сараңнан қысты күні қар сұрап ала алмассың!

-Өзіңіз айтқандай, долы аю киіз үйді төңкеріп тастаса не болады?!

-Төңкермейді!

-Оны қайдан білесіз?

-Аналық аю қонжығын ұрлаған адамды анық білсе, мерт қылуы әбден мүмкін. Біздің жазығымыз жоқ. Жыртқыш болғанымен, жөнді-жөнсіз келе сала бас салмайтын шығар!

-Қызым-ау, жатар алдында қорқынышты әңгімеге үйір болма, - деді анасы сабырлық танытып. – Әкең мен ағаң, ана екі дәу ит тұрғанда  қорбаңбайға да жан керек шығар! Ұйықта!

Шешелері төсек салып, ағасы үшеуі жатып қалды. Отағасы қолына таяғын алып, отар жаққа кетті де көп уақыт кешікті. Көзі бақырайып, көпке дейін қорқып жатқан қыздың кірпіктері айқасып, ұйықтап кетті.

 

                                             ххх

Түсі ме, өңі ме белгісіз, құлақ жарған даңғыр-дұңғырдан оянса, әке-шешесімен Кішіжан ағасы киініп алыпты. Ондық шамның болымсыз жарығы себездейді. Әкесі киіз үйдің табалдырығы алдында тізерлей отырып алып, темір тегенені қысқа сапты оқтаумен тарсылдата ұрып отыр. Жүз метрдей жердегі қотан іші азан-қазан! Маңыраған қойлардың үні тымық түнді тітіркендіргендей. «Жеткен екен ғой?!  «Әкем білгендей айтыпты,  деп ойлады кішкентай Күнімхан қорбаң-қорбаң ете жүгірген қоңыр аюды көз алдына елестетіп. Долы неме киіз үйге кіріп келсе қайтеміз?! Осы ой басына келуі мұң екен, үрейі тіпті ұшты.

-Тиісе қоймас! Оған керегі қой шығар! Нешеуін жейді дейсің?! Ашуы да қайтар, аптығы да басылар! – Анасының даусынан байсалдылық аңғарып, тынышталайын деді.

Шаршады ма екен, әкелері темір тегенені тарсылдата соғуын тоқтатып, бас бағып есік алдына шықты да, жылдам ішке енді.

Осы сәтті күткендей,  ешкінің бақырған жан дауысы шықты. Апырым-ай, даусы мұндай ащы болар ма?! Көпке дейін жағы семген жоқ байғұстың. Бір кезде бақырған ешкі даусы сап тиылды. Кірекей кеткен сияқты. Төңірек құлаққа ұрған танадай  тым-тырыс бола қалды. Одан арғысы есінде жоқ.

Оянса, киіз үй іші самаладай жарық. Жалғыз жатыр. Кішіжан ағасы да тұрып кеткен бе? Шапшаң киініп, есік алдына шықса әке-шешесі қотан жақта жүр. Жүгіріп жетті. Мына ғажапты қараңыз! Қоңыр аю бір ешкіні ұстап, құйрығын дөңгеленте жұлып алып, басын қылтитып тірідей көміп тастапты. Байқұс ешкі бақырып-бақырып, сілесі қатып, қатты шошынғаннан жан тәсілім еткен сияқты. Анандай жерде екі тоқты теңкиіп жатыр.

-Ашынған аю енді маза бермейді, көшпесек болмас, - деді әкелері.

Сол күні олар бес-алты шақырымдай жерге барып қостарын тікті. Ол жерде тау етегі. Белуардан келген шөп. Сыңсыған орман. Бұл жерде де қарақат, қызылқат, қой бүлдірген көп екен.

Арада үш күн өткен. Тас қараңғы түн ортасы. Үй іші шырт ұйқыда жатқан. Қатты гүрсілден оянды.

- Қоңыр аю ғой тау басынан тас домалатып жатқан. Не деген кекшіл жануар?! – деді әкелері.

Домалаған тастар киіз үйге жеткен жоқ. Есесіне қотандағы қойлар лап қойып, есікті жапыра далаға шығып, өріп кетті. Шопан үйі тайлы-таяғымен жабылып,  үріккен отарды әрең қамады.

Ертеңіне тағы көшуілеріне тура келді. Бұл жолы алысырақ кетті. Сөйтіп қоңыр аюдан құтылды.

Т. Раушанұлы