Нобель "философы" – Рудольф Кристоф Эйкен

Нобель "философы" – Рудольф Кристоф Эйкен
Фото: ndr.de

Неміс философы Рудольф Кристоф Эйкен 1846 жылы 5 қаңтарда Голландия шегарасы жақын маңындағы Аурих қаласында дүниеге келеді. Әкесі Аммо Баккер Эйкен поштада қызмет етіп, анасы  Ида Мария Гиттерман зиялы қауым жанұясынан шыққан оқымысты болатын. Эйкен бала кезінен ауруға шалдығып, әкесі мен ағасының өлімі оған ауыр соққы болып тиеді. Анасы отбасын асырау мақсатында, Эйкеннің жақсы білім алуы үшін үйлеріндегі бірнеше бөлмені жалға беруге мәжбүр болады.

Аурихтегі гимназияда оқып жүріп ол алғашында математика мен музыканы үйренеді, кейін ұстазы Вильгельм Рейтердің әсерімен философияны тереңнен зерттей бастайды. Эйкен Геттинген университетіне оқуға түскенде өте жас еді. Университетте классикалық философия мен көне тарихты зерттей бастайды. Философ Герман Лотценің лекцияларына қатысады. Кейін Берлин университетінде Аристотельдің ізбасары Адольф Тренделенбургпен танысады. Бұл ұлы философ Эйкенге тарих пен философия ортасындағы өзара ұқсастықтықтың аражігін ашып, түсіндіріп береді. Адольф өзінің биік идеализмімен Эйкен шығармашылығына  қатты әсер етеді.

Геттинген университетінде докторлық дәрежесін алғаннан соң, осы оқу орнында 5 жыл ұстаздық етеді. Сол жерде жүріп 1870 жылы Аристотельге қатысты екі көлемді мақаласы жарық көреді. Келесі жылы Базель университетіне кафедра меңгерушісі болып ауысады. 1872 жылы "Аристотель ізденістерінің әдістері" ("Die Methode der anstotelischen Forschung") атты шығармасы жарыққа шығады.

Арадан екі жыл өткеннен кейін Эйкен Йена университетінде философия бойынша профессор атанады. Сол оқу орнында 1920 жылға дейін ұстаздық етеді. Оның "Заманауи философияның фундаменталь түсінігі" ("Die Grundbegriffe der Gegenwart", 1878) шығармасы ғылымда үлкен резонанс тудырады. Автор бұл шығармасымен түрлі философиялық көзқарастардың тарихи негізін ашып көрсетеді. 1908 жылы Эйкен осы шығармасын "Қазіргі заманғы ойдың негізгі ағымдары" ("Geistige Stromungen der Gegenwart") деген атпен қайта бастырып, философияның тарихи негіздерін философия идеаларымен байланыстырады.

1908 жылы Швед академиясы Рудольф Кристоф Эйкенге "ақиқатты іздестіру, ойдың кең таралған күші, идеяны қорғап, идеалистік философияны дамытқан кең көзқарасы" үшін әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығын беруге үкім шығарады.

Әдебиет бойынша осындай жоғары сыйлықтың Эйкенге берілуі көпшілік үшін күтпеген жай болады. Швеция академия мүшесі Харальд Нерпе осыған байланысты сөйлеген сөзінде: "Альфред Нобельдің мінсіз идеалар үшін деген сөзін есепке ала отырып, Швед академиктерінің осындай шешімге келуі дұрыс деп ойлаймын. Себебі, Эйкен 30 жылдан бері философия мен тарих саласына маңдай тері сіңген қаламгер", – дейді. Эйкен өзінің "Натурализм мен идеализм" деп аталатын Нобель баяндамасын арадан бір жыл өткесін жарыққа шығарады.

Осыдан соң қаламгер Англияда бірнеше лекциялар өткізгеннен кейін Американы аралап кетеді.

Бостон, Колумбия университтеттерінде лекция өткізеді. Эндрю Карнеги мен Теодор Рузвельтпен танысады. Эйкен осыдан соң Азия елдерін, Қытай мен Жапонияға сапар шекпекші болатын. Бірақ, бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанына байланысты жоспарларын өзгертуге тура келеді. Соғыс кезінде Эйкен Англияны айыптайды. Оны "қатігез эгоизмде" деп сынайды. Бұл соғыс үшін Германия жауапты еместігін түсіндіруге тырысады.

1926 жылы философия мен тарихты тереңінен зерттеген неміс философы Рудольф Кристоф Эйкен Йена (Германия) қаласында өмірден өтеді.

Т. Раушанұлы