"Нобель" алған алғашқы ағылшын әдебиетшісі

"Нобель" алған алғашқы ағылшын әдебиетшісі
Фото: sandhillskids.com

Джозеф Редьярд Киплинг (Joseph Rudyard Kipling) 1865 жылы 30 желтоқсанда Бомбей қаласында Өнер мектебінің директоры, профессор Джон Локвуд пен Алиса Киплингтер жанұясында өмірге келеді. Киплинг 6 жасқа толғанда Үндістандағы сол кездегі ағылшындар дәстүрімен Англияға оқуға кетеді.

Ол жеке пансионатта тәлім алған уақытында, пансионат иесі Мадам Розаның оған көрсеткен озбырлығы мен қаталдығын кейіннен "Қап-қара жуас адам" хикаясында, 1890 жылы жарық көрген "Шырақ ұшты" (The Light That Failed) романында, 1937 жылы шыққан өмірбаянында кеңінен баяндайды.

1878 жылы болашақ қаламгер Девон графтығындағы оқу орнына білім алуға барады. Ол жерде Англия зиялы отбасыларының балалары болашақта үлкен шендерге қол жеткізу үшін әскери академияда оқитын еді.

Бұл әскери академияның директоры Кормелл Прайс Редьярдтың әкесінің досы болатын. Алғаш болып осы Кормелл  болашақ ақынның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан адам. Бұл оқу орны Оксфорд немесе Кембридж сияқты атақты білім ордасына жолдама бермейтін. Ал, Киплингтің жоғары әскери оқу орындарында білім алуға көзінің нашар көруі кедергі келтіреді.

Ұлының әскери академияда оқып жүргенде жазған әңгімелеріне сүйсінген әке ол үшін Үндістаннан "Азаматтық және әскери" (Civil and Military Gazette) атты ағылшын тілінде шығатын газеттен жұмыс тауып қояды. Сөйтіп, 11 жыл Англияда болған Киплинг Үндістанға, Лахорға қайтып оралады.

Болашақ "Нобель" иегерінің бала кезде үнді балаларымен жақын дос болғаны себепті үнді тілін еркін меңгергендігі газет жұмыстарында қоғаммен байланыс кезінде көп көмегін тигізеді. Ол газет үшін хикаялар мен өлеңдер жазып тұратын. Бұл оның болашақта үлкен қаламгер болып жетілуіне көп септігін тигізеді.

1887-89 жылдары "Үндістан темір жолдар" кітапханасы үшін жазып берген 6 хикаяты оған үлкен танымалдылық әкеледі. 1889 жылы Англияға келеді, сосын Бирма, Қытай, Жапония елдеріне саяхаттайды. Содан соң бүкіл АҚШ-ты шарлап шығады. Сол кезден бастап оны "Чарльз Диккенстің мұрагері" деп атай бастайды.

1890 жылы Киплингтің алғашқы романы "Шырақ ұшты" (The Light That Failed) жарыққа шығады. "Шығыс пен батыс жайлы баллада" (The Ballad of East and West)  өлеңдер топтамасы оған біршама атақ пен танымалдылық әкеледі.

Лондонға келгеннен кейін баспашы Уолкотт Бейлстирмен танысады. Екеуі бірігіп "Наулахка" (The Naulahka) повесін жазады. 1892 жылы Уолкотт терлеме (тиф) ауруынан қайтыс болған соң, Киплинг оның қарындасы Королинаға үйленеді. Жас жұбайлар саяхаттап жүргенде Редьярдтың қаржысы бар банк банкрот болып, қолындағы аз қаражатымен екеуі Вермонтқа (АҚШ), Королинаның туыстары тұратын жерге дейін әрең жетеді. Вермонтта Редьярд 4 жыл тұрақтап қалады. Бұл уақыттарда жазушы балалар үшін тағы да шығармалар жаза бастайды. 1894-95 жылдары оның атақты шығармасы бәрімізге "Маугли" кейіпкерімен жақсы таныс – "Джунгли кітабы" (The Jungle Book) және "Екінші Джунгли кітабы" (The Second Jungle Book) жарыққа шығады.

Содан соң "Жеті теңіз" (The Seven Seas) таңдамалы өлеңдер жинағы баспа бетін көреді. Осы жылдары Джозефина және Элси атты екі баланың әкесі атанады.

1897 жылы жанұясымен Англияға қайтып оралады. Арадан 2 жыл өтіп қызы Джозефина өкпе қабынуынан қайтыс болады. Бұл жазушыға ауыр соққы болып, нәтижесінде ол Африкаға саяхаттап кетеді.

1901 жылы Киплингтің ең таңдаулы шығармасының бірі "Ким" (Kim) оқырмандарға жол тартады. Африкада жүргенде болашақта балаларға арнап жазатын шығармасы үшін материалдар жинай бастайды. Ол кейіннен "Жай ғана ертегі" (Just So Stories) деген атпен жарыққа шығады.

Сол жылдары Киплинг Сассекс графтығынан жер сатып алып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрақтап қалады. Бұл жерде ол "Төбеден келген Пак" (Puck of Pook’s Hill), "Марапаттар пен Перизаттар" (Rewards and Fairies) атты ертегілерін жазады. Бұл ертегілері 1906 жылы кітап болып шығады.

1907 жылы "қырағылығы, жарқын фантазиясы, ұлы идеялары мен хикаядағы мінсіз шеберлігі үшін" швед академиктері ақын, балалар жазушысы Джозеф Редьярд Киплингке "Нобель" сыйлығын беру туралы үкім шығарады.

Сөйтіп, Киплинг "Нобель" алған алғашқы ағылшын әдебиетшісі болып тарих парақтарына жазылады.

Бұл уақытқа дейін қаламгер 13 томдық хикая, 4 роман, балалар үшін 3 кітап, бірнеше өлең, сапарнама, очерк, мақала жазып үлгерген еді. Дәл сол жылы Париж, Страсбург, Афины және Торонто университеттерінің сыйлықтарымен қоса, Оксфорд, Кембридж, Эдинбург жоғары оқу орындарының да марапаттарын алады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Киплинг жалғыз ұлынан айрылып қалады. Жұбайы екеуі "Қызыл жарты ай" көмек ұйымында жұмыс істеп, ел аралап саяхаттап кетеді. Нобельден кейін жазушыда шығармашылық тоқырау басталады. 1926-32 жылдар бар жоғы екі кітабы жарыққа шығады.

Редьярд 1915 жылы басталған асқазан жарасы уақыт өте келе асқынып, 1937 жылы ішке қан құйылуы себебінен қайтыс болады.

Джозеф Редьярд Киплингті Вестминистер аббаттығындағы ақындар бұрышына жерлейді.

1890 жылы Оскар Уайльд Киплингке "данышпан" деген ат берсе, Генри Джеймс оны "Ағылшынның Бальзагі" деп бағалайды.

Т. Раушанұлы