Қабдеш Жұмаділов. Аққа түскен дақ

Қабдеш Жұмаділов. Аққа түскен дақ

Бүгін – Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туған күні. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дара қаламгер 82 жасқа келді.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы.

Жазушы 2017 жылдың маусым айында Массагет сайтының "Айна" жобасында қонақта болды. Қос Империяның да дәмін татып, 200 мыңнан астам қазақты ата қонысына бастап келген тұлғаның көкірегі тұнған қазына. Әдетте бағдарлама түсірілімі 30 минутта аяқталатын. Ал қазыналы қарт жазушымен болған сұхбатымыз 1 сағаттан асық болды. Нәтижесінде қаламгердің сырлы сұхбаты бағдарламамыздың екі бірдей санына арқау болған еді.

Бүгін жазушының туған күніне орай "Аққа түскен дақ" атты туындысын назарларыңызға ұсынамыз.

I

Астанадан оқу жұмысын тексере шыққан Сәкен бұл ауданға кеше жеткен. Қонақ үйде жатып жақсы тыныққан ол, таңертең оқу бөліміне қарай бет алды. Селоның ортасын қақ жарып, жергілікті ел «Лайбұлақ» деп атайтын қара су атып өтеді екен. Сәкен су жағасына келіп, өткелге оң аяғын сала берді де, тұрып қалды.

Дәл көпір түбінде бір топ бала ойнап жүр. Сырт киімдерін шешіп жағаға үйіп қойған. Уралап, айғайласып, бір-біріне қап-қара батпақты лақтырысып жатты.

«Бұл не қылған бейсауат жүрген балалар? — деп ойлады ол. — Бұл туралы да сөйлесу керек екен».

Өкіл жігіт қалтасынан блокнотын алып, әлденені түртіп қойды да, судан өтуге ыңғайланды. Солқылдаған тақтайдың үстімен аяғын санап басып, «көпірдің» ортасына таяғаны сол еді, кенет екі жаурынның арасынан бір шеңгел батпақ былш ете түсті. Түктің мәнісіне түсінбей, артына жалт қарап еді, жанағы балалар быр етіп ұша жөнелген торғайдай жан-жаққа безіп барады екен.

Ызаға булыққан Сәкен, ойланып жатпастан тұра ұмтылды. Селтиіп жағада қалған кішкене қыз қолын шошайтып, «саған балшық лақтырған анау» деп қоңыр көйлекті баланы нұсқады. Қашқындардың алды шолақ көшенің біріне ілініп көзден ғайып болды да, арт жақта бортаңдап, жүгіре алмай қалған бірнешеуін Сәкен ұстап қалды. «Айыпкер» де қолға түскен екен. Басқалар оның «ісін» мойнына қойып берді де, тостағандарын бір-бір шайып ап, жайына кетті.

Маңдайында кішкентай кекілі бар қара домалақ бала «жау» қолында жалғыз қалып бара жатқанын байқап, еңкілдеп қоя берді. Бір жағынан қарсылық көрсетіп, терекке жабысқан тоқылдауықтай Сәкенді түйгіштеп ұрып жүр.

Сәкен оның екі білегінен қапсыра ұстап алды.

— Кімнің баласысың?

— Апамның баласымын...

— Үйің қай жерде?

— Міне, мынау... — деп бала бұрышта тұрған шатырсыз үйді нұсқады.

— Апаң бар ма?

— Өліп қалған...

— Үйлерінде енді кім бар?

— Мамам бар.

«Қалайда, шешесімен сөйлесейін, — деп түйді Сәкен, — баланы осылай бетімен қоя бергені үшін, ұялтуым керек».

Сөйтіп ол қарадомалақ баланы дедектете жетелеп, үйіне қарай алып жүрді. Бала да қияңқы екен, асау құлындай шыңғырып, бір рет Сәкеннің саусағын қыршып алды. Тек үйінің қасына келгенде ғана қарсыласуын қойды. Есіктің алдында Сәкен шешініп қарап еді, ақ костюмнің артқы өңірі оңбай былғаныпты. Іші өртеніп кетті. Костюмді білегіне іле салып, ашумен үйге кірді. Алдыңғы бөлмеге еніп, төргі үйдің есігін шертіп-шертіп қалды. Аржағынан «кіріңіз» деген әйел даусы естілді.

Үй иесі әйел осынын алдында ғана бас жуып, енді тарануға отырса керек. Сәкен кіргенде, тарқатылған дымқыл шашын төгілдіре терезе алдында тұр екен. Әйелдің көрікті ақша жүзін көмкерген қара шашы толқынданып, құс қанатындай екі иығын жауып тұр.

Жігіттің көзі кенет әйел көзімен түйісе кетті. Түйілісті де тайқып шықты. Неге екені белгісіз, жүрегі қысылғандай болып, маңдайынан суық тер бұрқ етті. Есіктен шыға жөнелсем бе дегендей оқталып еді, бірақ екі аяғы өзіне бойсұнбады. Осы халде тұра беру ыңғайсыз болды да:

— Сәлематсың ба, Хадиша? — деді өзін-өзі зорлап.

Әйел үн қатқан жоқ. Өңі қашып, орнынан сәл шегініп кетті. Оң қолымен түймесі ағытылған ашық омырауын қымқыра ұстаған күйі, көз шарасы үлкейіп, тас мүсіндей қимылсыз тұр.

— Неге шошыдың, Хадиша? Күтпеген шығарсың...

Осы сөз Хадишаға жан бітіргендей болды. Дірілдеген қолдарымен асығыс жағасын түймеледі. Бағана сырттан қашып кірген бетінде, көйлегіне оралып, тығылып тұрған баланы қолымен ысырып, төргі үйге қарай жіберді де, өзі бұрыштағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

Бұл кезде Сәкен есін жинап алып еді; ешкім отыр демесе де, әйел алдындағы еркекке ғана тән батылдықпен диванға барып жайғасты. Бөлме іші тым-тырыс. Жігіт темекі тұтатты. Хадишаға жайлап көз тастады. Оның мөлідей қара шашына, ақша бетіне, толық кеудесіне, аппақ жұмыр балтырына қарап өтті. Шашын жайып отырған қазіргі қалпында мына әйел шынында сұлу еді. Бір қырын отырған күйі аппақ саусақтарын тез-тез қимылдатып, салалы, тоқ бұрымдарын өре берді. Кірпік қақпай, бір ноқатқа қадалып қалған.

Осы сәтте «не болар екен» дегендей, бағанадан төргі үйдің есігінен сығалап тұрған қара домалақ өзі жайлы ештеме айтылмаған соң, жылыстап сыртқа қарай зытуға айналды.

— Қайда барасың, Қанат? — деп қалды Хадиша ашулы дауыспен.

— Ойнаймын.

— Тез кел, мен жұмысқа кетемін.

Қанат басын бір шұлғып тастап, «сондағы қиратқаның осы ма?» дегендей Сәкенге тұмсығын шүйірді де, есіктен ата жөнелді.

«Тәңірім-ай! — деп ойлады Сәкен жаны түршігіп, — мынау сол баяғы баланың өзі болмаса не қылсын? Тұр-тұлғасы да маған келіңкірейді-ау өзінің. Сұмдық-ай, туған баласымен адам деген осылай да кездеседі екен ғой?.. Бар қаны басына теуіп, жігіттің жүзі өртеніп кетті.

II

Кеш батуға айналған. Батыс тауға иегін артқан күн жер бетіне қызғылт сәуле төгеді. Үй іші ала-көлеңке. Терезеден қиғаш түскен күн нұрынан қабырғаларда соңғы сағым ойнайды.

Сәкен қонақ үйдегі номерінде шалқасынан түсіп жатыр. Екі қолын желкесіне қойып, бір ноқаттан көзін алмайды. Отыз жасқа келгенше, ой тереңіне дәл осылай бойлаған емес-ті. Кешеден бері қарбалас қызмет бабында жүрсе де, кешегі бір оқиға көз алдында көлбеңдеп тұрып алды. Осының өзі о баста неден басталып еді?

... Ол кезде Сәкен университеттің үшінші курсында оқып жүрген. Бір жылы қысқы каникулда ауылға келді. Үйі совхоз орталығынан бес шақырымдай жердегі фермада тұратын. Автобуспен орталыққа кештетіп жетті де, фермаға баратын көлік іздеді. Дәл осы сәтте уәделескендей мектепке фермадағы оқушыларды таситын пар атты шана келе қалды.

Оқушылармен бірге шанаға бұл да отырған. Ұлы-қызы аралас көп баланың ішінен сонда Сәкеннің көзі осы Хадишаға түсті. Осыдан аз жыл бұрын бұрымы селтеңдеген кіп-кішкене қыз еді. Лезде қалай бойжетіп үлгірген?!

Жас қыз Сәкеннің назарын аударып-ақ әкетті. Студент жігітке ол да қыз көзімен қылмия қарағандай болды. Жол бойы, шана үстінде бұлар оқушылармен қосылып, көп-көп ән шырқасты. Екеуі тіл қатысқан жоқ, бірақ бәрі де түсінікті болатын. Оқта-текте, қия жолда шана ауытқып кеткен шақта, Хадиша сықылықтай күліп, неге екені белгісіз, Сәкеннің құшағына әлсін-әлі құлай берген...

Сол бір жарық айлы кеш Сәкеннің көз алдында толықсып тұра қалды. Аязды түнде қас-кірпігіне қырау тұрып, уылжыған өңі алабұртып, жайнай түскен жас Хадиша сол шақта қандай сұлу еді?..

Осы жолы Сәкен ауылда он шақты күн демалды. Ойын-тойда, кино мен биде Хадишамен әлденеше рет бірге болып, ықыласы ауып, әбден танысып қайтты. Алматыға келген соң да Хадишамен хат жазысып тұрды.

Сол жылдың жазында Сәкен тағы да демалысқа келген. Ауылға жеткенше асығып, қатты сабырсызданғаны есінде. Бұл келгенде, Хадишалар мектеп бітіріп, аттестаттарын алып, ауылда жүрген еді. Сәкенді гүлдей жайнап, күлімдеп қарсы алды.

Сол өткен жаздағы жарқын кештерді ойласа, бүгінге дейін Сәкеннің өзегін бір ыстық ағын жарып өтеді. Сондағы ауыл жастары қандай сауықшыл! Кеш батып, қас қарайысымен қыз-жігіттер топ-топ болып клубқа қарай ағылатын. Жастар гармоньдатып ән шырқайды, би билейді. Не болмаса, ауыл сыртындағы көк майсаға құрып тастаған алтыбақанда тербеліп, жалындаған жас жүрекке бір аужал, қанағат іздейді. Түн ортасына дейін, кейде бөдене шақырып, торғай шырылдағанға дейін, сауық-сайран салқын тартпайды.

Осындай кештерде Сәкен үнемі Хадиша қасында болды. Екеуі жұбын жазбай, алтыбақанда отырып тербелгенде, өзіне қараған Хадиша көзінен жарқылдаған бір от көруші еді. Кейде бұлар жұрттан оңаша шығып, аяққа оралып ойнаған көк шалғынды жара, бел асып кететін. Сондай шақтарда Хадиша мұның мойнынан қатты құшып тұрып:

— Сәкен, сіз мені ұмытпайсыз ба?.. — деуші еді.

— Сен сияқты періштені ұмытуға бола ма екен, — дейтін жігіт ойланбастан, жөне сол сөзін дәлелдеген адамша, бүлдіргендей уылжыған еріннен тоймай сүйе беретін, сүйе беретін...

Ия, ол күндері бұл екеуі өз қылықтары үшін ешкімге есеп беріп көрген емес. Бастықпаған асау жастық шақ нені бұйырса, соны орындаған. Бұлар үшін сол сәттерде тек махаббат қана жер дүниені жеке билеп тұрғандай болатын. Осынау жасыл аспанның астында бұлар да бір кезек дәурен сүріп, ата-баба жоралғысын жасаған. Бірақ махаббаттың бал шарабын бастарына көтере сіміргенде, түп жағында не жатқанын бұлар сезген жоқ.

Сонан кейін не болды?.. Жазғы демалысын аяқтап Сәкен Алматыға аттанды. «Келесі жылға дейін» деп Хадишамен қош айтысты. Туған ауылға, құрбы қыздарға, қыз ойнақ қырларға жалғақ-жалғақ қарап кете барды. Алматыға барған соң Хадишаға үзбей хат жазып тұрды. «Мені күт. Келер жылы Алматыға ертіп кетем. Оқисың» деп қыз көңілін жұбатты.

Сонан кейін не болады?.. (Сәкен орнынан аунап түсті). Сол жылы қыста ол ауылға қайтпады. Жана жыл кешінде, тағы бір жарық айлы түнде басқа қызбен табысты...

Осының артынан іле-шала Хадишадан хат келді. Сүйікті Сәкеніне бар сырын ақтара келіп, өзінің ауыр аяқ екенін жазыпты. Ақырында «қысқы демалысында келіп кайт. Өзін душар еткен ұяттан мені арашалап ал!» деп тілек етіпті.

Бірақ бұл хатқа Сәкен жауап жазбады. Бір-екі күн толқып ойланып жүрді де, «қызбен кім жүрмейді, жұғысып кетсең-ақ, алуын керек пе екен? Оқымаған балалы әйелге шырмалып қайтем», деп, өзінше бір бәтуа тапты.

Бұдан кейін келген екінші хатта: «Күнім таяу, бар сенерім, сүйенішім — өзіңсің. Ауылға келіп, балаңның атын өзің қойып кет» деп жазыпты Хадиша. Сәкен бұл хатты да жауапсыз қалдырды. Жан көзіне түсірмей жасырын оқыды да, Хадишадан келген барлық хатты өртеп жіберді...

Төсекте жатқан Сәкеннің ойы осы араға келгенде, тынысы тарылып, сүйретіліп орнынан әрең тұрды. Маңдайынан бұршақтаған терді сүртті. Алқынып барып графиннен су құйып ішті. Сонан соң сүлдесін сүйрете орындыққа барып отырды. Ой ұшығынан айрылған жоқ.

Сонан кейін не болып еді?.. Содан қайтып Хадишадан хабар болмай кетті-ау. Талайға дейін Сәкеннің жүрегі жұдырықтай боп жүрді: деканат немесе комсомол комитеті шақырады десе, селк ете түсетін-ді. Бірақ түбі қайырлы болып, шошыған жүрек орнықты. Жабулы қазан жабулы күйінде қала берді.

Бұдан соң ол жарасынын аузына тиетіндей Хадиша туралы ойламауға тырысты. Келесі жазда ауылға барғанда, Хадиша шешесі мен жас баласын алып, басқа жаққа көшіп кеткенін естіді. Қайда баратынын айтпастан, бір түнде ғайып болған...

Келген күннің ертеңінде оңаша шақырып алып, әкесінің былай дегені бар:

— Балам, — деп бастаған әкесі ашуланғандағы әдетімен мұртын тістелеп отырып, — осында сен туралы өсек тарап жүр. Хадиша қолда өскен бала еді. Шешесі байғұс заманнан бергі көршіміз болатын. Күйеуі соғыста өліп қалғанда, жалғыз қызын аузына тістеп жүріп өсірген. Егер сол бейбақтарды сенің қор еткенің рас болса, менен тумай кет! Илайым, екі дүниеде оңамын деп ойлама! — деп зекіп, ұрыса отырып, — егерде сондай бір ақымақтық іс өткені рас болса, Хадишаны көшіріп әкеліп, қолымызға келін қып түсірейік, — деп ауыр салмақ салған.

Алайда, Сәкен «ақпын да саумын» деп ант-су ішіп, екі қолын төбесіне қойды. Әке алдында мойындамай кетті. Келесі жылы оқуын бітіріп, Алматыда қызметте қалды. Үйленді. Үш-төрт жылдай семьялы өмір кешті. Бірақ бұл өмірдің өзі соншалық ғажайып шеберлікпен қиюластырылған ғой. Сәкен Хадишаға қандай сыбаға көрсетсе, алған әйелі Сәкенге одан екі есе асып түсетін сый табақ тартты. Ақыры екеуі айрылысып тынған. Қазір ол әйел де Алматыда. Көшеде, театрда кезігіп те қалады. Кезіккенде, жәй бір таныс адамдардай бас изесіп өте шығысады.

Сәкен өз өмірінің түпкір-түпкірін түгел шолып шықты. Қараңғы көкірегіне бір жарық сәуле түскендей болды. Өмірінің баяғы парағы шанадан басталған жалғыз аяқ соқпағын, нақ бір із кесер аңшыдай қуып келіп, өзін осы қонақ үйге әкеліп індетті. «Осының бәрін істеген, шынымен, мен бе? — деп ойлайды ол, — сірә, ақыл-есім дұрыс болмаған шығар... Неткен өзімшілдік, қандай зұлымдық еді?..»

Осыдан кейін ол кешегі өз ұлымен ұшырасқан оқиғаны есіне алды. «Иә, сәби жүрегі шынында, бірдемені сезген ғой. Қасынан өтіп бара жатқан опасыз әкені танып, әдейі тас атқан шығар. Өзінің кішкентай жүрегі қандай шерлі? Сол балалар есейгенде не ойлайды екен?.. Адамға сене ала ма енді олар? Сенбесе, сөгесін бе?..»

Осыны ойлағанда, Сәкеннің жақ еттері бұлтылдап, тістері шықыр-шықыр етті. «Не істеу керек?»

«Ақ костюмге жұққан дақты жуып кетіруге болар, — деді ол өзіне-өзі, — ал арыңа жұққан кірден тазару оңайға түспес. Менің алдымда бір ғана жол жатыр. Қазір барам да, Хадишаға бәрін жайып салам. Мені ая, күнәмді жууға мұрсат бер, ұлым мен екеуімізді жат адамдай екі жаққа тентіретпе деп жалынам».

«Бірақ соның көңілінде саған деген сенім жұрнағы қалды ма екен? Кеше ғана бір ауыз жылы сөз ести алмай қайтпап па ең?» — деп үн қатты көңіл түкпірінен бір сыншыл ой. «Жоқ, сенеді ол... сендірем. Сол сенімге қол жеткізу үшін, қалған өмірімді арнаймын», — деп Сәкен ойы өктеп кетті. — Көнсе, осы жолы Алматыға екеуін де алып кетем. Қанаттың тәрбиесін өз қолыма алам. Егер бұл жерден кеткісі келмесе, қызметімді ауыстырып, өзім келем. Сендірем Хадишаны. Ісіммен, ендігі қалған өміріммен сендірем».

Сәкен орнынан ұшып тұрып, тез жинала бастады. Асыққаны сонша, костюмінің бір жеңін сыртқа шыға беріп киді. Бұл кезде күн батып кеткенімен, қызыл шапақ әлі тарай қоймаған. Сол шапақты жамылып, ол Хадишаның үйіне қарай батыл адымдап жүріп кетті.

1964 жыл.

Ө. Сансызбай