Испанияның «Галиоты»

Испанияның «Галиоты»
Фото: massaget.kz

Испан драматургы Хосе Мария Вальдо Эчегарай-и-Эйсагирре, яғни, Эчагарай Хосе 1832 жылы сәуірдің 19 күні Мадрид қаласында өмірге келді. Ол 3 жасқа толғанда Эчегарайлар жанұясы Жерорта теңізі жағалауындағы бұрынғы Мавритания жеріндегі ескі қалашық Мурсияға көшіп келеді. Хосе бала кезінен дарындылығымен айналасындағыларға таңдай қаққызған. Әкесі Мурсия университетінде грек тілінен сабақ беретін профессор болғандықтан, жастайынан грек және латын тілдеріне қанық болып өседі.

Ол 14 жасында философия бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, Мадридке қайтып келеді. Астанаға келген соң, техника университетінде математикадан білім алып, оны да мерзімінен бұрын аяқтайды. Университетте математикадан біршама уақыт сабақ та береді. Сабақ бере жүріп, бірқатар ғылыми, сыни мақалалары жарыққа шығып, Мадридтегі зиялы ортада біршама танылып үлгереді.

Хосе  біржола әдебиетке бет бұрмай тұрып, өзін саясатта да сынап көреді. 1868 жылы Изабелла ханшайым тақтан түскен соң, ол қоғамдық істер министрі болып тағайындалады. Арадан бір жыл өткеннен кейін үкімет басындағылармен жақсы тіл табысқан Хосе сауда минстрі болып ауысады. 1869 жылы парламентке мүшелікке өтеді. Бірқатар жауапты орындарда қызмет етеді. Қаржы министрі болып жүргенде Испания банктерінің дамуына өз үлесін қосады.

1874 жылы Бурбановтар әулеті үкіметке келген соң, Хосе Эчегарайға біраз уақыт шетелге кетуге тура келеді. Парижден тұрақ тапқан Хосе әдебиет жолына бет бұрады. Сол жылдың соңында Мадридке қайтып келіп, алғашқы пьесасы «Чек дәптерін» жазып шығады. Оған Хорке Айасека-и-Эйсагирро деп қол қояды.

Хосе өте еңбекқор жазушылар қатарынан еді. Ол жылына 3-4 пьеса жазатын. Сол себепті, оның шығармашылық ғұмыры кезінде Испанияның барлық театрында әртүрлі шығармалары сахналанып жататын. Оның бұлай төгілтіп жазғанының екі себебі бар екен. Біріншіден, ХVII ғасырда өмір сүрген испан ақыны, драматургы Педре Кальдерон деле Барка шығармаларынан нұсқалар алған. Екіншіден, ол сол кездегі қоғамның тамырын басып, сұранысын қанағаттандыра алған қаламгер болды.

Ол шығармашылық жолында алпыстан аспьеса жазып, оның жартысынан астамын өлең түрінде жазған болатын. 1874 жылы жазған «Әйел кегі» (исп. La esposa del vengador) шығармасы авторға үлкен абырой алып келді. Келесі жылы жазған «Найза сабы» (исп. En el puño de la espada) пьесасы әдебиет әлемінде оның өз орнын қалыптастырды.

1877 жылы Хосе «Жынды әлде қасиетті» (исп. О locura o santidad) шығармасын жазып шығады. Шығарма кейіпкері дон Лоренц өте шыншыл, арманшыл, қияли болғандықтан, айналасындағылар оны жынды деп атайды.

Міне, осы шығармасы 1895 жылы ағылшын тіліне аударылады. Өз кезегінде Бернард Шоу шығарманы оқып көріп, шығармасындағы бояулардың түстілігі  Эчегарайды Гюго, Шиллерлер мектебінің өкілі екендігін білдіреді деп бағасын береді.

Хосе Эчегарайдың «Ұлы Галиот» (исп. El gran Galeoto) пьесасы оның шығармашылық жолындағы ең биік шың болды. Көп өтпей Испан патшалық академиясына мүшелікке өтеді. Бірақ, испан әдебиет әлемінде жаңа жазушылар келе бастайды. «1898 жылғы ұрпақ» деп аталған бұл жазушылар өздері жылаңқы, ескірген әдеби стильде жазатын деп атап кеткен жазушылармен күресе бастайды. Аталғандардың арасында Хосе де бар еді. Олар ЭчегарайдыиИспан халқының өзекті мәселелеріне тоқталмағандықтан айыптап, қудалай бастайды.

1904 жылы «Испан драматургиясы дәстүрлерін қайта тіктеуде үлкен үлес қосқаны үшін» Хосе Эчегарай әдебиет саласында Фредерик Мистральмен бірге «Нобель» сыйлығына ие болады. Хосе марапаттау кешіне бара алмады. Сол кезде оның «Нобельді» алуы испан әдебиетшілері арасында үлкен дау тудырды.

1916 жылы 84 жасқа қараған шағында испандық драматургтың жүрегі өзі жазған кейіпкерлеріндей арманшыл, шыншыл болашаққа сеніп соғысын тоқтатты.

Т. Раушанұлы