Асқар Алтайды ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Асқар Алтайды ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Фото: golos.io

Қазақ әдебиетіндегі үлкен серпіліс жасаған буындардың тұяғы, өзінің жаңаша көзқарасымен келген Асқар Алтай жайлы не айтуға болады? Ұмытып кеткен жоқпыз ба? 

Қай авторды алып оқысаңыз да ең алдымен аты аталса, шығармасын еске аламыз. Мәселен Мұхтар Әуезов деген кезде «Абай жолы», Сайын Мұратбеков дегенде «Жусан иісі», Әбіш Кекілбаев «Күй» деген сынды үлкен шығармаларын, яғни романдарын, әңгіме-повестерін атай бастаймыз. Сол секілді Асқар Алтай деген кезде бір роман бір әңгіме еске қатар түседі: «Туажат» және «Казино». 

Асқар Алтай тегінде Оралхан Бөкейдің жерлесі, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан өңірінің тумасы. Ең үлкен жетістіктерінің бірі – «Т. Айбергенов атындағы» сыйлықтың иесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 

Асқар Алтайдың қазақ әдебиетіндегі орны қандай? 

Асқар Алтай – модерн жазушы. Оның шығармаларынан кейінгі постмодерн мен оған дейінгі модерн аралас сюжеттер байқалады. Әсіресе оның миф пен аңызға жақын жаңаша ойлауға бет алған шығармалары адамды ойландырады. Оқырманға қоғамның қисайған тұсын тікелей емес, жанама әрі көркем түрде жеткізе білу үлкен шеберлік. Сол шеберлікті ішкі идеологиямен, авторлық позициямен ұштастыра білген Асқар Алтайдың «Казиносы», «Кентавр», «Бүкір», «Түсік» әңгімелері белгілі. 

Әдебиетте жанрлық жағынан салыстырмалы түрде автолар бір-бірімен үндесіп, сәйкесіп жатады. Асқар Алтаймен үндесе алса, қазақ әдебиетінде ойып орын алатын адам ол – Ахметжан Талаптан. Екеуінің шығармаларындағы психологзим ұғымымен беру тәсілдері ұқсас. Тек Асқар Алтайдың шығармашылығы жаңаша көркем құбылыстарға толы болса, Ахметжан Талаптанның шығармалары бір сарындас. 

Асқар Алтай жайлы сөз қозғалмайды. Тіпті ол жайында білетін жастар аз. Асқар Алтай десе «Сүлейменов пе?!» деп ауыздан қағылып қалады. Асқар Сүлейменов пен Асқар Алтайды шатыстырып сөйлейтіндер де бар. Дегенмен «Туажатты» оқып отырып «Бесатар» жайында қалай әңгіме қозғауға болады? 

Аты мен тегі болмысына сай асқар биік шыңды өз жолымен бағындырған Асқардың, Алтай тауларында жүріп қазақ әдебиеті үшін сіңірген еңбектерін оқу және оны дәріптеу бүгінгі әдебиетшілердің парызы. 

М. Ақан