Қар неге аппақ?

Қар неге аппақ?
Фото: wallpapersite.com

– Сағынжан, тұра ғой, ботам, сағат тілі 7 болып қалды.
– Сәл ұйықтай тұрайыншы, апа.

Апасы күйбеңдеп терезенің пердесін ысырды.
– Міне, ертегі әлемі, уыздай тіршілік, көбік қардың көктен құйылуы керемет.
– Апа, қар неге ақ? Неге қызыл, сары, көк емес?
– Қар ма? Қар баяғыдан бері аппақ. Тәңірдің ырыздығы ғой.

– Сондай да жауап бола ма? Бесінші сыныптың оқушысы, бес жасар баладан бетер қиқарланады келіп. Апасы айналып, толғанған сайын қырсыға түседі. – Бүгін мектепке бармайыншы. Ұйқым кеп тұр. Сіздердің сүйікті ұлдарыңыз бар ғой, Амандық деген. Сабақтан қалмаған, бестіктен басқа алмаған, қандай күлкілі! Өйткені ол – үлгілі студент. Ал мен ондай болмаймын. 9-сыныпқа дейін «үштікпен» ілбіп жүрем. Мектептен шығып қалмасам болды. Ар жағында кәсіппен айналысамын. Қаражатты күреп табамын, шаруаны дөңгелетемін. «Сағынжан, аздап ақша ауыстыра алар ма екенсің?» деп сығырайып сіз келіп тұрасыз. Міне, өмір

– Апыр-ай, ә? – Анасы абыржып, аңырып, қатты дағдарды. Тәрбие бірдей, ал бір үйдегі екі бала неге екі түрлі? Екі бөлек пайым. Аралары тым алшақ еді, бар пәле содан болып жүрмесін.

–Оу, батыр, бұл не жатыс? Амандық бөлмеге кірді де, «болашақ бизнесменнің» көрпесін жұлып алды. Бол, жинал, жуын, тамақ суып қалады.

Сағындық ұшып түрегеліп шалбарына жабысты.
– Ағасы, алтын тонның жағасы, қардың неге ақ екенін айтсаң, минутта мен дайын.

– Күннің кеңістікке үздіксіз бөліп шы­ғаратын ұсақ бөлшектерінен мағлұ­матың бар ма? Мәселен, құйрық­ты жұлдыз туралы түсінігің қай дең­гейде? Естігенің, миға тоқығаның, оқығаныңды сарапта.
– Қардың түсін сұрасам, құйрық­ты жұлдыз дейді ғой. – Сағындық қарқылдап күліп алды. – Сен өзің құйрықты жұлдыз!

– Құйрықты жұлдыздың басты бөлігі – ядросы – «мұздатылған газдар мен метан, аммиак, қатты көмір­қыш­қылымен қосылған әдеттегідей бор­пылдақ, нығыздалмаған мұздан және балмұздақ сатушылар пайдаланатын кәдімгі «құрғақ мұздан» құралған.

– Қар туралы пәлсапа соқпай, бір­ден қардың түсі жайлы айтпайсыз ба?
– Қар түйіршіктері қалай қа­лып­тасады, пішіндеріне, бірін-бірі қайталамайтын таңғажайып құры­лысына алаңдағың келмейді, сөйте тұра оның түсін ғана қызықтайсың. Демек, келешекте не нәрсенің де тереңіне бойламайтын тайыз немесе надан адам болғың келе ме? Қардың ақ болуы күн сәулесінің сан алуан түрінің шағылысып, шашырауынан. Мол нұрдың әсерінен қарды ақ түрінде көреміз. Мысалы, мұзды алайық. Ол күн сәулелерін өзінен өткізіп жібереді, сондықтан түссіз, мөлдір. Егер бір зат кеңістіктегі сәулелерді тұтас жұтып қойса, қап-қара түске енеді.

Тамақтанып алған соң Сағындық құлдыраңдап, мектебіне асықты. Аяғының астында – күн тәжіне, яғни ұзын шашақты аппақ күміс түсті шашақтарға малынып, ақ қар сықыр-сықыр етеді.

– Білім жинау, табиғат құбы­лыс­тарын қадағалау – ақшадан гөрі қызық, әрі мазмұнды екен-ау! Ол басын көтеріп, шексіз аспан әлеміне – Галактикаға алғаш рет сұқтана қарады. Кіршіксіз таза, сүттей аппақ қар ұшқындары түрлі-түрлі өрнекпен қалбалақтап, жапалақтап жерге қалай-қалай жауады? Сондай қызық, өте әдемі-ақ. –Кешке аспан денелері төңірегінде пікірталасты қыздырмасам ба? Әлгінде ағасы күн жүйесіндегі 9 ғаламшар туралы айта бастағанда сөзін аяғына дейін тыңдауға шамасы жетпеді емес пе?!

–Шіркін, қоршаған ортаны тани алсам ғой! Ол осылайша табиғат құ­былысына таңырқаумен келе жатып таным дүниесінің есігін қалай ашқанын өзі де білмей қалды.

Нұрлан ҚҰМАР

anatili.kazgazeta.kz

М. Ақан