Қасқыр асыраған егіздер. Жапон аңызы

Қасқыр асыраған егіздер. Жапон аңызы
Фото: Обои - Аватары

Хида тауының қойнауында қасқырлар жортып жүрген кез. Ол заманда қасқырға аңшы атаулы тимейдi екен. Таудағы бөрiлердiң арасында адасқан адамға жол көрсетушiлерi де болыпты. Анасынан айырылған сәбидi емiзiп бағатын қасқырлар да бар дейдi. Сондай таулы ауылдың бiрiнде баласы жоқ ерлi-зайыпты өмiр сүрiптi. Екеуi таудағы алып ағаштың түбiне барып, таудың пiрiне сиынып бала тiлептi. Тiлектерi қабыл болып, егiз қыз дүниеге келедi. Бiрақ әйел босана салысымен көз жұмады. Асыраушысынан айырылған қос сәби iңгалауын қоймапты. Әкесi қос бөбектi көтерiп, таудағы алып ағашқа барады. Қараса ағаштың түбiнде бiр қасқыр қос бөлтiрiгiн емiзiп жатыр екен.

— О, Көк Бөрi! — дейдi сәбилердiң әкесi. — Мына екi нәрестенi де бауырыңа баса гөр. Екеуiн емiзiп бақ. Өскен соң бөлтiрiгiңе әйел ғып әпер. Ал, саған табыс еттiм, қош — деп, адам қос сәбидi қсқырдың бауырына салады да, өзi керi қайтады. Бұл жай қасқыр емес, талай жетiмдi асыраған қасиеттi Бөрi болатын. «Таудың пiрi рахым қылды» деп, тәубе етедi әлгi кiсi.

Қасқыр бөлтiрiктерiмен бiрге адамның балаларын емiзiп, асырайды. Адам да өз балаларының қалай өсiп жатқанын бақылап жүредi. Екi қыз бойжетедi, қос бөлтiрiк бөрiге айналады. Бiрақ күздiң бiр күнiнде қос көкжал өлiп қалады. Қыздар өксiп-өксiп жылап, мерт болған қасқырларды көмедi. Қасқырлардың өлгенiне қыздардың әкесi қуанбаса, мұңаймапты. Ол қыздарының бөрiге әйел болуын қаламап едi.

Егiздер екi шаруаның ұлдарына ұзатылады. Олар келiн болған күннен бастап күйеулердiң өңi бозарып, күннен күнге жүдей бередi. Жiгiттiң бiрiнiң әкесi баласынан соншалықты арықтауының себебiн сұрағанда ол былай дептi:
— Күнде түнде әйелiмнiң бас жағында алып қасқыр отырады. Маған отты көздерiн қадап, дәп бiр атылып келiп, менi талайтындай сұс көрсетедi. Ұйқыдан да, күлкiден де айырылдым.

Екiншi қыздың күйеуiнен оның нелiктен жүдеп кеткенiн сұрағанда ол да дәл осындай жауап берiптi. Екi бөлек үйде бiрдей оқиғаның орын алғанына жұрт шынымен де таң қалады. Екi жiгiттiң әке-шешесi, «ол неғылған қасқыр екен, көрейiк» деп, түнде ұйықтайтын бөлмеге сығалайды. Бiрақ бөрiнiң рухы күйеу жiгiттен басқа ешкiмнiң көзiне көрiнбептi. Күндер жылжыған сайын екi жiгiт арықтап, ақырында құр сүлдерi қалып, аяғын алып жүре алмайтын деңгейге жетедi. Екi үй ақылдаса келе қос келiндi төркiнiне қайтарыпты дейдi.

Аударған: Шарафат Жылқыбаева
kazgazeta.kz

@. @assel_assanova