Бейбіт Қойшыбаев. "Таңдау" (әңгіме)

Бейбіт Қойшыбаев. "Таңдау" (әңгіме)
Фото: Snim.net

Мен ортаңғы cаяжолмен төмен түсіп келем. Әлгінде ғана Гүлнұр мен Нұғман менен бөлініп, сол қанатқа бұрылған. Ол жақта автотұрақ алаңшасына бар. Мен оларды елемегендей түр көрсетем. Ал ішім қыз-қыз қайнайды. Көңілсіз ойларға шомып, аялдамаға жетем. Автобус тосып тұрмын. Кенет жұтынған сұр мәшине мінген Нұғманды көрем.  Қасында Гүлнұр отыр. Капюшонын шешіп, шашын екі иығына түсіріп қойыпты. Екеуі тура алдымнан зыр етіп жүйткіп өте шығады. Мен теріс айналам.

Мен бұл қызды  жақсы көрем. Жақсы көретінім сондай, оған басқа оқу тобындағы Нұғманның әдейі келіп жолығып жүргенін байқаған сайын жыным ұстайды. Қалай жынданбайсың. Әдепкіде Нұғман менімен жолдас секілденетін. Соңғы кездері маған үйірілгенін қойды. Неге қойғанын енді түсінем. Түсінем де тістенем. Сәлемдессе, қолын  немқұрайлы алам да қоям. Сөйлеспеймін. Оның да менімен сөйлесуге құмартып тұрмайтынын білем. Ол менімен алғашқы курста танысқан қалпынан көп өзгерген.  Қазір маған еріксіз, Гүлнұр қасымда тұрғандықтан ғана сәлем береді. Гүлнұрға үзіле, ерекше телміре қарайды. Сондайын көргенде, тіпті, құсқың келеді. Былай қарағанда, курстас достардың бірі. Бірақ өзінің оңбағандық қылығымен мен үшін жиренішті типке айналып үлгерді.

Әлгінде ғана біз студенттік пікірсайыс клубында бас қосқанбыз. Нұғманның сондағы серкелік сөздерін естіcеңіз ғой. Соншалықты бір паң кескінмен, тамағын қынай сөйлеп, біздің айналамыздағы қазіргі ахуалды өзінше түсіндірген болды. Оның қасында оқытушымыз жолда қалатындай. Бейне бір әлеуметтану ілімінің жеке-дара шыққан жалғыз көсемі тура осы сияқты.  Жеркеніп кетесің. Ол жастардың әлдебір қалалық ұйымының жұмысына белсене қатысады. Содан да шығар, оның ой түю көкжиегі көп көтеріліп, кеңейіп кеткен. Білгіш. Тіфу!

– Білесіңдер ме, достар, – деді ол сонда, бізге жоғарыдан төмен қарап тұрып, – қазір қоғамымызды үш қабаттан тұрады деуге болады.

 Галстугінің түйінін бір дұрыстап алды да, әлгі айтқан қабаттарын нобайлайтын сызықтарды ауада екі қолымен сызуға кірісті. Әңгімесін ұғымға жеңіл ете түсу үшін. Айтқан үш қабатының қалай орналасқанын  бейнелегені кәдімгідей-ақ түсінікті шықты.

– Жоғарыда, – оң қолын кеуде тұсында жаюлы сол алақанының үстіне апарып, екеуін де көкке көтерді, – дәулеттілер тобы бар. Олар аз, бірақ бәрінің үстінде тұрады. Елді билеп, басқаратындар – солар. Жеке басының байлығын жасап алғандар. Үкіметке сондай адамдар ғана барады. Мұны үлкен кісінің өзі айтқан. Өйткені біз байлар қоғамын құрудамыз. Ал елді қалай байытуды солар біледі.

– Сен де білесің бе? – дей салам мен жақтырмаған сарынмен.

Ол менің сұрағымды жауапсыз қалдырады. Тамағын кенеп, биіктегілердің макроэкономиканы қайтіп құрғаны жөніндегі макротолғамын бастап кетеді. Үлкен бизнес элитасы жайында айтады. Бәрі оған таңырқай, сүйсіне қарап отыр. Таңырқайтын, сүйсінетін реттері бар: ол біз біле бермейтін жәйттер хақында өте еркін, тым сенімді сөйлейді. Сүйсініп отырғандардың бірі  – Гүлнұр. Міне ол, мәселені анықтай түскісі келгені болар:

– Бұл ең биіктегі топ қой? – деп сұрайды.

– Иә. Ал одан төменіректе қомақты бір қабат бар.

Нұғман төменіректегі қомақты қабатты тағы да қарама-қарсы жайылған қос алақанымен ауаны сызғылап бейнелейді. Сосын оның атауын:

– Орташалар тобы, – деп нақтылайды. – Мұны қоғамымыздың сүйегі десе болады.

Әлдебір ақылдылардың жиындарына барғыштап жүріп, құлағына құйып алғаны болса керек. Көлденең ұстаған оң қолын маңғаздана көтеріңкіреп:

– Осы топтан жоғарғылар ішіне өтетіндер болады, – дейді. – Табысы молайған жағдайда, әрине... – Сосын сол қолының алақанын төңкере түсіріңкіреп: – Керісінше, әлдебір сәтсіздікке ұшыраған жағдайларда, жоғарыдан төмен сырғитындар да кездеседі, – деп қояды. Одан қос қолын жоғарылы-төменді айқыш-ұйқыш қозғалтады: – Қысқасы, бұл екі топ ішінде өзара алмасулар жүріп жатады.

Түсіндік. Біреулер өте байлар қатарына қосылады, ал өте байлардың кейбірі аздап кедейленеді. Шамасы, оларда да жұт тәрізді бірдеңке ұшырасып қалатын шығар. Нұғман осы үдерісті сипаттауын аяқтай бере:

– Бұлардың табанында қара құрым астыңғы қабат бар, – дейді.

Өзара байланысқан қос топтан өстіп төмен түседі. Сосын астыңғы қабаттың қара құрымға толы көлемін құшағын жая бейнелейді. Қолдарын үстелдің үстін жаба керіп, аумақтылығын көрсетеді. Гүлнұр әуестік жетегімен:

– Ал бұл көлемі зор төменгі қабаттағылар кімдер? – деген сауал қояды.

Ананың көзі жарқырап кетеді.

– Неудачниктер, – дейді. Гүлнұрға күлімдей қарайды. Ізінше нақтылайды. Өзінше түсіндіреді. – Бұлар – қалың қара тобыр, – деп саусағын шошайтады. – Өмірде жолы болмағандар. – Мұрнын шүйіреді. – Олар, әдетте, өз күндерін өздері көруге тырысып, ілдәлап жүргендер. Тапса – біреудің жұмысын істейді, итшілеп жүріп алған тиын-тебенімен күнін көреді. Талайы ондайды да таппайды. Кәсіпсіз, жұмыссыз...

Қыз-жігіттер оның қоғамымызды осынша түсінікті етіп жіктеп бергеніне тәнті. Бірге оқып жүрсек те, бізден көш ілгері екенін көрсеткісі келген курстасымыздың даналығына бас шұлғуда. Байқаймын, Гүлнұр да разы. Сонда мен қитығып қалам да:

– Бізді қай қабатқа жатқызасың? – деймін. – Біз қай топта тырбаңдап келеміз?

Саспайды бұл саппас. Паң кейпін бұзбастан:

– Біз әлі мамандық алып үлгерген жоқпыз, – дейді, – сондықтан, оқу жолындағыларды бірден төменгі қабатта деуге менің аузым бармас еді. – Көзін айналдырып, төбеге тастайды. – Дәл картина ертең, біз университетті бітірген соң айқындалады. – Жөткірінеді. – Жұмыссыз қалсаң, – маған қарап, жұмбақтау сарынмен сөзін сабақтай береді, – онда өзіңді төмендегі топта, яғни неудачниктер мен әлеуметтік аутсайдерлер қатарындамын деп есептей бер.

– Ал егер сен жұмыссыз қалсаң ше? – Мен қаным қайнап тұрса да, мейлінше сабырлы болуға тырысып, сұрағымды толықтыра түсемін. – Сен де өзіңді жолы болмағандар мен қатарға ілікпей қалғандар санатына түстім деп ойлайсың ба?

– Мен жұмыссыз қалмаймын. – Нұғман танауын көкке көтереді. – Тек ақылсыздар, білімі жоқтар ғана жұмыс таппайды.

– Ну, Нұғман, сен дегенмен асыра сілтеп тұрсың, – деді менің арт жағымда отырған әлдебір қыз. – Талай білімділер жұмыссыз жүр...

Нұғман қасын керіп, қолын жаяды. Отырғандар күледі. Гүлнұр да мәз. Күйіп кетем. Тістеніп, тағы бір сауал қоюға ыңғайланам. Бірақ біреулер кие-жарып, төменгі қабат жайын жарыса әңгімелей жөнеледі. Нұғманның айтқандарын алыс өңірде ереуілдеп жатқан жұмысшылардың жағдайымен салғастырады. Нұғман разы. Оның теориясының өмір тәжірибесімен дәлелденіп тұрғанын тыңдармандары  айтуда. Демек ол – данышпан... Шынымен де солай қабылдаса керек, Гүлнұрдың көзі тұманданып барады.  Одан назарын айырмайды.  Қалай қапаланбассың.

Қыз-жігіттер орын-орындарынан жарыса үн қатып, пікірталасты жалғастыра берді. Біреуі төменгі қабатта жұмыссыздық көп екенін еске салды. Сол орайда олардың түрлі наразылық шараларын жасауы ықтималдығын екіншісі ескертті. Оған үшіншілері келісіп, енді біреулері күдігін, келесісі толықтыруын айтып жатты. Ал Гүлнұр үнсіз құлақ түруде. Оған да шүкір. Бір кезде пікірсайысшылардың тағы бірі тура жанымнан:

– Сондықтан қилы толқулар солардан шығады, – деген болжамын естіртті.

– Демек, ондай келеңсіздіктердің алдын алу керек, –  деп, оны келесісі дамытты.

Мұның айтуынша, келеңсіздіктердің алдын алу – жұмыссыздардың тілін табуға тырысу дегенді білдіреді. Дұрыс ой тәрізді. Алайда ондай мүмкіндікке шәк келтірушілік те айтылмай қалмады:

– Алайда бұлар көп-ау, олардың тілін табу оңай болмас.

Осы кезде біздің данышпанымыз әңгіме тізгінін өз қолына алды.

– Олардың тілін табудың не керегі бар? – деді асқақ үнмен. – Өмірде жолдары болмағанын өз талайларынан көрсін. Егер жағдайларын дұрыстауға тырысса, маңдай терлерін аянбай төксін. Сонда біртіндеп ортаңғы топқа тақалулары мүмкін. Болмаса – сол қалың тобырдың ішінде жүргендері. – Иығын қиқаң еткізеді де, даусын көтере сөйлейді. – Достар, естеріңде болсын: артта қалатындар әрдайым кездеседі. Өмір –  бәсеке, күрес. Онда тек күшті ғана жеңеді. Табиғаттың өзі сұрыптайды. Бұл бүкіл әлемде солай, біздің елде оқыстан пайда болған тосын жаңалық емес.

Көсемсуін. Бүткіл жұртты аузына қаратып, әрдайым шамшырақша жанып тұрғысы келетіні анық байқалады. Көзім шалып қалды: Гүлнұр оның үйлесімді шатпақтарына арбалыпты,  аузын ашып алға ұмсына түскен. Тағы да басы айналды десейші. Ызам келеді. Бірақ мейлінше сабырлы болуға тырысам.

– Тыңда, достым, біздер ғой – тәуелсіздік құрдастарымыз, – деймін, – сол себепті тәуелді дәуір шындықтарымен тікелей таныс емеспіз. Алайда сол заманды көрген ересек ұрпақтың айтуынша – бұрын  біздің елде мұндай әлеуметтік қабаттар бары естілмепті.

Нұғман тосылмайды.

– Совковая показуха, – деп бір кесіп тастайды да, сөзін немкетті сарынмен сабақтайды. – Кеңестік кезде де мұндай топтар болған, тек айтылмайтын...

Мен онысымен келіспеймін. Нұғманның да бұл өмірге, осы отырғандардың көпшілігі секілді, тәуелсіздікпен бір жылда келуі себепті, кеңес өкіметі тіршілігінің исі мұрнына бармайтыны анық. Сондықтан да оны соншама немқұрайды кескінмен жамандай салуы жынымды келтіреді. Қазіргі жаргонға салып, «советтік дәуірдің жасанды жағымдылығының көрінісі» деуін қарай гөр... Сыпайы ғана:

– Әйтсе де дәл осы күнгідей әділетсіздік ол заманда болмапты, – деймін. – Жұмысшылар, әсіресе кеншілер, жалақыны кеңсе қызметкерлерінен әлдеқайда көп алған деседі...

Сондай сыпайыгершілікпен сөйлегеніме өзім таңғалам.  Гүлнұр да таңырқаған сияқты. Селт етіп, үстел арқалығына сүйенеді. Маған көзінің қиығын тастап, күлімдейді. Жүрегім дір ете түседі. Сыр білдірмей, пікірлесу барысын аңдаған болам. Оным дұрыс та екен. Өйткені  Гүлнұрдың жүзі тез-ақ қайтадан төрге бұрылды. Анау жоспарлы және бәсеке еңбек хақындағы бірдеңелерді құлақ құрышын қандыра гөйітіп жатқан. Күйесің бе, күймейсің бе – соған Гүлнұр қайтадан елтіді де қалды.

Рас, бұны бір құдды көктегі күн дерсің. Ылғи назарда. Меніңше, шақырайған, бірақ жылуы жоқ қысқы шамшырақ секілді. Соған да алданады екен-ау... Көңілсізденіп кетем. Клуб мүшелері еске алғандай, алыс бір қиырда Нұғман айтатын төменгі топтағы аутсайдерлер пәлен ай бойы ашық аспан астында қол жайып отыр. Одан өзге мәлімет сараң. Бірақ бірден-бір білгіш – осы Нұғман. Сондықтан да құрбыларымның бәрі соған қарайды. Алайда заманамыздың бұл жарық жұлдызына мен сенбеймін. Маған оның айтқандары жасанды тәрізді. Себебі, жолы болмағандарды түсінетін сияқтымын. Жақтасам ба, жоқ па, қайдам, бірақ жүрегімнің түкпірінде олардың ақтығына деген сенім жатқандай. Мынау соларды жамандаған сайын – бұған емес, ішкі түйсігіме сенгім келеді. Неге екенін білмеймін, бірақ солай.

Менің күйетінім – Гүлнұрдың соған бар ынтасымен құлағын тоса қалатыны. Енді қайтсін – бұл қаншама биік, аспани сөздер айтуда. Көктегі күнше жарқырап тұр. Қазіргі замандағы еңбек қатынастарын соншама әрлеп жырлауда. Өз пайымын дәлелдеу үшін, тіпті, Конфуцийді алға тартқанын қайтерсің. Жұмыс беруші мен жалданушының өзара қатынасы әке мен баланың ара-қатынасындай болу керек дейді. Айтарын алып ойшылдың фәлсафасымен тұздықтағанынан ба екен, Гүлнұр ғана емес, күллі клуб мүшелері аузын ашып, көзін жұмады. Құдды бір кемеңгерді тыңдағандай. Ызам келеді, бірақ білдірмеймін. Мен оған бәрібір сенбеймін. Маған оның конфуцийшілдігі жалған тәрізденеді.

Менің көңіліме өз мүддесін қорғаушылар жақын. Әділдік сұрағандары үшін. Бітті. Ал оларды менсінбейтін шешенге, курстасым болса да, жеркеніп қараймын. Солай. Бірақ, амал не, оның жылтыр сөздері қатарымызды, әсіресе Гүлнұрды тәнті етіп тұр. Ыза болам. Қимаймын. Ішкі сезімім оның өз жағымда екеніне, әйтеуір, күдік келтіртпейді. Менің қалаулым жылуы жоқ жарқырауыққа алданбауға тиіс. Менің жүрегімнің түкпірінде сондай үміт бар. Мен соған сенгім келеді...

Аялдамаға менің күткен автобусым келіп қалды...

...Тәуелсіздік монументі түбіне бір қора жұрт шоғырланған. Аязды күнгі ауада аузының демін бұрқ-бұрқ будақтатып, бір байырғы саясаткер сөйлеп тұр. Дауыс зорайтқыш жоқ, сондықтан тамағын жырта айқайлауда. Қолын жігерлене сермеп қояды. Алыста орын алған тәртіпсіздіктер үшін жорымалы біреулерге кінә артуда. Кеше кешкісін бір жайсыз хабар естігенбіз. Мына кісі соны өршелене дамытуда. Ол көпшілікті әлдебір жаққа баруға шақырып, сөзін ұрандата аяқтады. Сосын монумент баспалдақтарымен нық басып төмен түсті. Топты жарып шетке шықты да, алаң жиегімен көшеге беттеді. Соңынан жақтастары топырлап кетіп бара жатты. Мен биікке көтерілген келесі шешенге қарадым. Ол қолымен айналасын нұсқап, алаңның бұдан ширек ғасыр ілгергі кейпі жайында айтып жатты. Көкейдегіні айтып жатқан секілді: халық сөзін әлсін-әлсін қол шапалақтап қолдап қояды. Сосын бір ақын жұлқынып өлең оқыды. Тыңдаушылар ризашылықпен қол соқты. Осы кезде біреу ту сыртымнан ақырын үнмен:

– Нығмет, – дейді.

Мен дір ете түстім. Тұла бойымды қуалап ыстық қан жүгіріп өтті. Үндемеймін. Мелшиіп тұрмын. Ол қатарыма келеді.

– Неге ештеңе айтпай кетіп қалдың?

Мен әрең дегенде оған қарай бұрылам. Жан-дүниемді еріткен нәзік үн иесіне бір жылы сөз арнағым келеді. Бірақ тап сол кезде сонадайда тұрған Нұғманға көзім түсіп кетеді. Ойымнан айнып қалам. Көзіммен монумент түбіндегі жұртты нұсқап, салқын ғана:

– Мен ескерткішке мана мыналармен бірге тағзым еткенмін, – деймін, – сондықтан осылардың соңынан жүре бердім.

Әлгінде онымен «Тәуелсіздік таңы» жанында кездескенмін. Сол кезде Нұғман да сап ете қалған. Бізді ескерткішке гүл қоюшылар сапына тұруға шақырған. Гүлнұр ұсынысты қуана қабыл алды. Ал мен үнсіз, кері шегіндім. Олармен жүргім келмеді. Екеуі кезек күтіп тұрған топ жаққа кеткен. Ал мен  ескерткіш етегінен шығып, Тәуелсіздік монументіне бет алғандарға қосылғанмын.  Бар болғаны сол.

– Нығмет, қазір бір маңызды кездесу бар екен. Кешегі дүрбелеңді оқиғаға байланысты. Жастар арасына белгілі жазушылар келмек көрінеді. Нұғман апарам дейді, жүр, бірге барып қайтайық.

Тағы Нұғман... Мен тітіркеніп кеттім. Бастарттым, әрине. Олар монументтің артын айналып, төменге беттеді. Төменде Нұғманның мәшинесі тұр. Мен  алаңмен оңға қарай жүрдім. Жылдам жүріп кеттім. Олардың мәшинеге қалай мініп жатқанын көрмесем деймін. Алдымнан әлдебір түсініксіз қарбаласты аңғардым. Алаңнан төмен созылған көше бойы қыбыр-жыбыр. Екі-үшеу жақсы киінген ересек кісіні қолтықтап сүйретіп барады. Тағы біреулер адамдарды бір-бірлеп автобусқа мінгізіп жатыр...     

...Үйде мен әлемдік өрмектор желілеріндегі бекеттерді кезек-кезек ашумен болдым. Мереке күнгі оғаш көріністермен және солардан туған ой-пікірлермен тағы таныстым. Әлдебір лауазымды оқымысты мейрам күні елдің берекесін алғандарды аямай жазалау керектігі жайында сөйлеп жатты. Келесі бір видеохабарда жергілікті маңғаз әскери бастық ереуілдеген тобыр жағына шыққан әріптесін қақ маңдайдан атып жібергенін хабарлады. Шені одан да үлкен бір лауазым иесі кіжініп, егер бұзақылар тағы бас көтерсе, ондайларды аямай атуға өзі бұйрық беретінін мәлімдеді.  

Ызғарлы сөздер. Мен сайттарды ақтаруды доғардым. Клубымыздағы кезекті бас қосуға жиналдық. Қыстың осы бір беймаза күндері баршамыздың өз беттерімізше теледидардан, интернеттен көріп-естіп білгендеріміз шамалас сияқты.  Бірақ, баяғы Нұғман... Ол қашанғысынша бізден көп хабардар. Араласатын ортасы биік дәрежелілерден, сол себепті бізге беймағлұм жәйттер оған мәлім.  Міне ол сөз алды. Алыс өңірдегі әлемді елеңдеткен келеңсіздікке түсіндірме жасап тұр. Баяғы әлеуметтік қабаттарын тіліне тиек етеді.

– Жоғарғы және ең төменгі топтар арасын ушықтыруға мүдделі біреулер бар, – дейді ол, – бүлікшілдерді алыстан қаржыландырып, шоқ-шоқ деп қарап отыратын зиянкестер. Соларды ұстап алып, сазайын тартқызу керек.

Осының да шығармайтыны жоқ. Мен тыжырынып:

– Қаржыландырғаны қалай? – деп сұраймын.

– Не қалайы бар, қаладағы жұмыссыздардан топ құрған. Әрқайсысына жиырма мың теңгеден ақша берген. Сөйтіп соларға ғимараттарды өртеткен. Мейрам өтіп жатқан жерді ойрандатқызған. Полицияға қарсы айдап салған. Әне, ақша не істетпейді.

Нұғман мұны өз сөзіне өзі соншалықты бір иланған кескінмен айтты. Мен оның әлдекімдерден естіген сөздерді қайталап отырғанына күмәндаймын. Тотықұс ол. Айнытпай қайталайды. Бірақ тағы да соған менің Гүлнұрым ұйып отыр. Қалай күймейсің. Жоқ, тотықұстың өтірігін әшкерелеу керек. Іштей осылай түйем де, клубтан шыққаннан кейін құрбымды нағыз әділ сөз айтатын кісіге ертіп апармақ болам. Қайтерсің, Гүлнұр қабыл алмайды. Күлімсірейді. Қажет емес дейді. Сосын мені одан сайын торықтырып, тағы да Нұғманның шақыруын қабыл алады. Маған елеусіз иек қағады да, Нұғманға ілесіп, автотұраққа қарай жүре береді.

...Мен  Ерік ағама өзім баруға бел байладым. Бардым. Бірақ ойлап келгенімді сұрай алмадым. Оның қажеті де жоқ болып шықты. Өйткені, үйіне кіргенімде, күллі естіп-көріп білгеніме төңкеріс жасаған бір жәйтке ұшырастым. Ерік аға кішкене немересімен бірге отыр еді. Әке-шешесі балақайды атасы мен әжесіне төрт-бес күнде бір әкеліп, бірнеше сағатқа қалдырып кететін. Ол келген бетте атасының тізесіне мініп алып, бірден компьютерді иемденетін. Талай көргем. Курсорды ютуб терезешесіне апарады. Одан клавиатураны кішкене саусақтарымен нық басып, жаттап алған әріптерін тереді. Сосын жыпырлап шыға келген сурет-таңбаларға қарайды. Таңдап, өзінің жақсы көретін мультигін ашады. Мен оның Айда туып, Жерге түскен бір ғаламат тіршілік иесінің бастан кешкендерін жалықпай қызықтайтынын білетінмін. Тағы да сол ғаламат достары қоршаған Айбегін көріп отырған шығар деп шамаладым.

Аса дұрыс шамаламаппын. Ерке сәби бұл жолы атасына әмір жүргізбеген сияқты. Бұрынғысынша алдында отырғанмен, монитордағы әлдебір ересектер бейнеленген  көрініске атасымен бірге үңілуде.  Жандарына келдім. Қайта қойылған роликке көз cалдым. Алыста – өртке оранған ғимараттар. Беріде – жыпырлаған, әлдеқайдан жүгіре басып тарап келе жатқан адамдар. Біреу құлап түсті. Төрт-бес кісі оны көтеріп ала жөнелді. Көшеде ақ қалқанмен құрсанған  жауынгерлер сап құрып жүріп барады...

Атасының қобалжулы көңіл-күйін анық сезінген Толағай балақай кинодағы көрініске түсінік беруін сұрап отыр. Ана сап құрып келе жатқандар кімдер?.. Неге қалқандары  сондай үлкен?.. Мыналар ше?.. Бұлар неге қашып келеді?.. Тарсылдап жатқан не?...

Сүйір қалпақты бір жас жігіт кері қайрылып, артына тас лақтырды. Жанындағылар жүгіріп қаша бастады, ол да кейін жүрді. Асықпай адымдайды. Кадр сыртынан: «Мына бала неге қашпайды екен басқалар сияқты, кетсейші тезірек!» – деп ышқынған дауыс шықты. Көріністі жоғарыдан  видикке түсіріп тұрған әйелдердің бірінің даусы. Кенет көшеден үйлер арасына қарай қашып бара жатқан адамдар көрінді. Әлгі бақылаушы әйелдің бірі: «Ойбай, бірдеңе болды анаған!» – деп шошына айқай салды.  Біреулер құлап-құлап түсті. Видеодағы қорқынышты көріністерді әйелдердің кадр сыртынан естілген үрейлі үндері үстемелей түсуде: «Әне, бронжилетпен келе жатыр!»  «ОМОН емес пе?!» «Иә-иә, ОМОН!» «Қашсайшы, қасқа бала-ау, өлесің ғой!» «Ойба-ай!»

Жығылғандардың бірі ұшып тұрды да, қайта құлады. Өзге де қимылсыз қалғандар көрінді. Құлаған жерінен жанұшыра көтерілген келесісі жалғыз аяқпен секеңдеп қашты. Енді бірі жандәрмендеп еңбектеп бара жатты. Төрт-бес қалқанды полицей оны қуып жетіп, шоқпармен соққылауға кірісті. «Анаң қара, өлтірді! Ойб-а-ай-ойбай!» «Әне, өлтірді...» Қуып келе жатқан әскерилердің  ішінен жәй азаматша киінген  біреу оқшауланды. Көше шетінен шыға бере, тапаншасын қос қолдап алға кезеніп тұра қалды. Атқылап тұр. Қалқан ұстағанның бірі жерде жатқан жігітті бастан тепті.  «Ойбай, өлтіріп жатыр, әне!» Көше бойы тарс-тұрс атыс. «Әне, ана балаға да оқ тиді!» «Қара, мына қашқан адамдарды арғы жағынан қоршап алмақшы». «Жан-жақтан тықсырып келе жатыр». «Әй, бүйтіп атуға болмайды ғой! Соғыс па еді бұл, жалдаптар?!!!» – дейді күйінген әйел даусы.

Монитордан көз алмаған Толағай балақай жыламсыраған үнмен:

– Неге өйтеді, ата?! – деп қалды. – Жамандық жасауға болмайды ғой! – деді жаутаңдап.

Сағыныш тәтем қасына жетіп барды. Шекесінен иіскеп, сүйіп,  жұбатып жатыр. Бұл кино ғой дейді. Өбектеп, бәйек болуда. Біз үндемедік. Видеобейне таусылды. Ерік ағам діріл араласқан дауыспен жәй ғана:

– Мына видеокуәлік алдамшы жамылғыны сыпырып тастады, Нығметжан, – деді. 

Денемді суық тер жауып кетті. Мен үйге келіп, компьютерімді қостым. Әлгі роликті тауып алдым. Гүлнұрдың ұялы телефонының нөмірін тердім. Ол аң-таң. Құты қаша тыңдады. Желіде мұндай бейнекөрініс пайда болғанынан әлі бейхабар екен... 

...Ертеңіне осы уақытқа дейінгі білгеніміздің астан-кестенін шығарған ролик жайын әңгіме еттік. Курстастармен кездескен бетте. Біз бұл жайында дәрістердің ара-арасында да қызу пікір алыстық.

– Құрастырылған, – деді Нұғман қашанғысынша менмен білгірлікпен. – Өте шебер қолмен жасалған монтаж. Оны істегендер әлі-ақ табылады. Заң алдында жауап береді.

– Жоқ, – дедім мен, – ол ешқандай да монтаж емес. Табиғи суреттер.

Анау өз пікірінен таймады. Балалар екіұдай ойда қалды. Жаңа видеотаспа біразына бейтаныс екен.

– Арандатушының қылмысы көп ұзамай-ақ ашылады, – деп, Нұғман кесімді сөз айтты. –  Оны кім түсіргенін із кесуші арнайы орган ендігі анықтаған да болар. Нағыз халық жауы – сол жауапсыз. Ол әлі түрмеде шіриді. 

– Ол – жауапсыз емес, ол – нағыз жауапты адам! Оны мадақтау керек, мақтан ету керек, – дедім мен қырсығыңқы үнмен тістене сөйлеп. – Себебі онда құрастырылған дәнеңе де жоқ, ол сенің көз бояғыш жалған ақпараттарыңды әшкерелеп тұр. Сол қысқа көріністі түсірген және ебін тауып желіге салған адам – нағыз қаһарман! Халық жауы ол емес! Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам!

– Кімдікі өтірік екенін әлі көрерміз, – деді Нұғман сұстанып.

Гүлнұр үндемеді. Жүзі әлемтапырық. Дәрістер аяқталғанға дейін  ешқайсымызбен сөйлескен жоқ. Оқу корпусынан шығып, қар басқан ортаңғы аллеяға түскенімізде, Нұғман тағы да Гүлнұрға қапталдаса тақалды. Әдеттегісінше өзімен ала кетпекке шақырды. Автотұрақта оның жап-жаңа әппақ внедорожнигі тұр. Мен көңілсізденіп кетем.  Анау әлдене деп сөйлеп келеді, ал мен оларға назар аудармаймын. Елемеген түр көрсетем. Дұрысында, жорта солай етем. Ернімді қыршып ала жаздаймын. Гүлнұрдың дыбысы шықпады. Көзімнің қиығымен аңғардым: басын шайқады. Олар тағы бірлі-жарым тіл қатысты. Сосын Гүлнұр маған қарай ығысты.

Мен түс бермеймін. Көзімді алдымнан айырмаған беті, онымен қадамымды теңестірем. Екеуіміз қатарласып жүре бердік. Мұндайды күтпесе керек, Нұғман аңтарылып, қалшиды да  қалды. 

Автобустың аялдамасында тұрмыз. Алдымызға үлкен ақ джип келіп тоқтады. Нұғман. Түсіп, бергі жаққа шықты. Мәшиненің екі есігін де айқара ашты.  Бізді ішке шақырды.

– Келіңдер, үйлеріңе апарып салайын...

Мен Гүлнұрға көз тастадым. Ол басын шайқады.

– Міне, автобус та келді, – дедім мен.

Гүлнұр басын изеді. Біз аялдай берген  автобусқа қарай жүгіре жөнелдік... 

@. @assel_assanova