Анар Кабдуллина. Онлайн қыз «Montale» жұпарын ұнатады (хикаят)

Анар Кабдуллина. Онлайн қыз «Montale» жұпарын ұнатады (хикаят)
Фото: Massaget.kz

Жақында республикалық патриоттық, әдеби-танымдық «Ұлт болмысы» журналы мен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы бірлесе отырып ұйымдастырған «Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым!» атты поэзия және проза жанрлары бойынша қаламгерлер арасындағы байқау өз мәресіне жетті.

Бұл байқауда бас жүлдені,  яғни, 1 000 000 теңгелік «Ұлт болмысы» сыйлығын Ерлан Жүністің «Жалғыз сөздің өмірі» атты туындысы жеңіп алды.

Ал, проза жанры бойынша Анар Кабдуллинаның «Онлайн қыз «Montale» жұпарын ұнатады» атты хикаяты үздік шығып, 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. 

Ендеше, жүлделі орынға ие болған шығарманы бірге оқиық!

1 000 000 теңгелік «Ұлт болмысы» сыйлығын, яғни, бас жүлдені Ерлан Жүністің «Жалғыз сөздің өмірі» атты туындысы жеңіп алды

Толығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/debiet/poeziya/43191/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз
Республикалық патриоттық, әдеби-танымдық «Ұлт болмысы» журналы мен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы бірлесе отырып ұйымдастырған «Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым!» атты поэзия және проза жанрлары бойынша қаламгерлер арасындағы байқау өз мәресіне жетті.

Толығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/debiet/zhaaly/43180/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз

Онлайн қыз «Montale» жұпарын ұнатады

(хикаят)

Құс қанат ұшақ ақбоз бұлттардың бауырынан ажырап, әуежайға келіп қонды.  Әлгінде ғана сіркіреп өткен көктемгі жауынның соңғы тамшылары жерге жарыса тамып түсіп жатыр. Ауадан сағыныштың жұпары аңқып сала бергенде, бала  көңілім құлындай асыр салып, өрекпіді. Ығы-жығы көп жолаушының шығар есікке лықсыған дүрмегіне ілесіп, анам екеуіміз де ілгері аяңдап келеміз. Бес-алтылардағы балдырған қыз қан-сөлсіз боп-боз ернін икемге келтіруге тырыса күлімдеп, маған қайта-қайта шидей ап-арық қолын бұлғайды. Кішірек қоларбаға отырғысы келмей, жаяу жүргісі келіп, кейде шамасы жеткенше арсалаңдап та қояды. Бұл қағылез де сүйкімді бүлдіршінмен  бірнеше сағат бұрын Лондон әуежайында ұшақ күтіп отырғанда танысқанбыз. Басында ол планшеттегі ойынның қызығына кіріп кеткен жасы менімен шамалас бозбаланы түрткілеп, қыңқылдап отырды.

-Ішім пысты, менімен ойнашы, -дейді оған кішкентай қыз.

-Шамалыдан кейін ойнайық, - дейді ағасы айпадтан көзін аудармастан.

-Неге қазір емес?

-Ботақан, сенің ішің пысса, менің ішім ауырып отыр!

-Неге ішің ауырады?

-Себебі, мана сені жеп қойған едім! – деп, кенет қарындасына «тап бергенде», қыз сақылдап күліп жіберді.

Екеуіне қарап, езу тартып отырған мені байқап қалған бозбала жігіт тез бойын жиып ала қойып, салмақты қалып таныта қалды. Ол енді менен көзін алмастан, бірдеме деп қарындасының құлағына сыбыр етті. Кішкентай қыз да назарын маған аударып, қулана күлімсірейді. Сәлден соң ол менің қасыма жайғасып алып, еркін әңгіме-дүкен құрып отырды:

-Сенің атың кім?

-Жанель.

-Ал сенің ше?

-Менің атым – Аяулым. Ал ағамның аты – Қуаныш. Ол саған өзін әлеуметтік желіден тауып алсын деді. Былай іздейсің...

Қуаныш екі қолын айқастырған күйі, орындыққа шалқалай жатып, менен көзін алар емес. Мен  де оған қарап, өзіне мейлінше естірте былай дедім:

-Аяулым, ағаңа айтшы, мен әлеуметтік желіге мүлдем тіркелмегенмін!

-Қалай сонда? – дейді сүйкімді бүлдіршін аузы аңқиып. – Сен тұрмақ, ол жерде мен де бармын!

Осы кезде Қуаныш та қасымызға келіп отырды.

-Астанаға ұшасыңдар ма? – деді ол.

-Иә, Астанаға.

-Онда қалада жолығып қалуымызға мүмкіндік бар екен ғой!

-Әрине, бар деп ойлаймын.

Осы сәт «Лондон-Астана» рейсінің реті жарияланып, біз тұруға ыңғайлана бастадық. Қуаныш пен кішкентай Аяулым қасымызға келген анашыммен жаймашуақ амандасып, өздерін анадайда күтіп қалған ата-анасына қарай беттеді.

Астана әуежайынан бізді әкем тосып алды. Көптен көріспеген соң, қатты сағынысып қалыппыз. Көлікке отырып, ұзын жолға түскенде, әке-шешем жаңадан сатып алған үйге жасалған күрделі жөндеудің «тауқыметін» сөз етісіп, «Құдайға шүкір, бұл қорқынышты түстің де аяқталар күні болады екен-ау, Құдай енді басқа салмасын!» - деп, күлісіп отырды.

Әкешім:

-Паркинг – дәл үйдің астында, осы зырлағаннан зырлап отырып, жеңіл көліктер мекенінен бір-ақ шығуымызға болады. Сосын жеделсаты арқылы төртінші қабатқа көтеріле саламыз, - деді. Бұған анам екеуіміз бірден қарсылық таныттық,  бірінші рет үйімізге үлкен есіктен кіргеніміз дұрыс емес пе.

Анам:  Жанелдің әжесі айтпақшы, оң аяқпен, «бісміллә» деп кірген жөн болар.

Әкем:  Сен бір-екі  апта бұрын ғана келіп кеттің емес пе, жаңа ұямыздың есігін бірінші рет ашқалы тұрған Жанелжан ғана.

Анам: Еврожөндеудің кейбір жерлеріне көңілім толмайды-ау, толмайды, қонақ  бөлменің аспалы шамдарына да ақша бермедің.

Әкем: Бағасы не деген қымбат ол аспалы шамдардың, аттың басындай алтыннан жасалған ба?!

Әрі қарай бла-бла-бла... Шет-шегі жоқ  болып көрінетін ата-анамның осы тектес екеуара диалогы сабын көпіршіктері тәрізді кенет жылп етіп пайда болып, пырс-пырс жарынып,  тез жоқ боп кетіп жатады.  Мен құлаққапты киіп, бір әдемі әнге елітіп, сыртқа көз жібердім. Жол бойындағы жасыл желек жас талдар әу бастан аялы алақаннан күтім көрген, әрқайсы монтиған тәп-тәтті балақанға ұқсайды. Жаңа қылтиған жап-жасыл балғын  жапырақтары құдды жарық дүниеге айран-асыр болған сансыз аялы көз тәрізді жыпылық-жыпылық етіп қуанатын сияқты. Жамырасып қол бұлғай, кейін қалып барады. Есілдің үстіне сұлап түскен аспалы көпір тынымсыз зулаған көліктердің табаны арқасына батқанын елемей, мыңқ етпей жатыр.

Біз «Қалалық романс» тұрғын үйлер кешеніне қарай бұрылдық та,  әдемі жасыл бақтың темір өрнекті қоршауын бойлай жүріп, ағылшын стиліндегі қызыл телефон үйшігінің қасындағы көлік тұрағына ат басын тіредік. Сыртында «Бірінші дақ», «Екінші дақ» деп кете беретін төсше белгілері бар ағылшын стилінде салынған алты қабатты бірнеше үй шахмат тақтасы жүйесімен бір бөлек дара шоғыр құрапты. Біз соның  «Бесінші дағына» қарай беттедік. Гүл мен саф ауаның иісі мұрын жарады. Аяғыңның астына төселген жұп-жұмыр тас кілемнен бір де бір кертік таба алмайсың. Сыртқы есіктердің аузында гүл отырғызылған биік тас құмыралар қаз-қатар тізіліпті. Бірен-саран болмаса, көзге кісі аз шалынады. Су жаңа әткеншектер алаңында ойнап жүрген балалар мүлдем көрінбеді.

Бойы бәкенедей, бұты шидей жас өрік ағаштарының иісі әтірдей бұрқырап, қызара алабұртады.  Көз аудармай қарап өтіп бара жатып:

-Ағашқа шаншылған алқызыл балмұздақ тәрізді екен! – деп жымиғанымда, анашым:

- Менің қызым бейнелі ойлайды, бейнелі сөйлейді, түбі өзінен жазушы шығады, - деп масайрады.

«Бесінші дақ» сонадайдағы жас шыршалар молынан отырғызылып жатқан үлкен баққа таяу, шеткеректе орналасыпты. Талғаммен безендіріліп, жабдықталған шағын, ұядай жинақы кіреберісте консьерж отыр. Көзілдірік астынан сүзіле қараған орта жастағы әйелдің кенет жүзі жылып, басын изеді.

Біз ол кісіге:

-Сәлеметсіз бе! – деп жамырай, бірінші болып амандастық.

Консьерж де күлімсіреп:

-Қош келдіңіздер! – дегенде, жылтырақ рең беретін қарақошқыл ерін бояуы әппақ тістерін одан сайын жарқыратып жібергендей болды. Біз оң қапталдағы шағын дәлізге өтіп, жеделсатының түймесін бастық.

-Төртінші қабат! – деді әкем сұқ саусағын шошайтып, төбеге қарап.

«Білеміз ғой!»

Біз үнсіз жымиып тұрдық. 

Жеңіл қозғалып кеп, есігі жайлап айқара ашылған жеделсатының ішінде төменнен, паркингтен болар, көтеріліп келе жатқан екі кішірек баласын ерткен әп-әдемі жас келіншек көрінді. Бізбен емен-жарқын амандасып, жымиған күйі үнсіз қалды. Алты-жеті жастағы сүйкімді балдырған қыз маған қарағыштап, ұялып қояды. Үштер шамасындағы балақайдың қаперінде ештеме жоқ, шешесінің етегіне оратылып, тып-тыныш тұр. Әр қабатта екі пәтер болса, бұлар бізге қарама-қарсы есікте тұратын көршіміз болып шықты. Есікті ашып жатып, бір қарағанда, кішкентай қыз көзі ойнақши күлім қағып тұр екен. Мен де оған иек қағып, көзімді қыстым. Қыз болса, қолын көтеріп, кішкентай алақанын тез ашып-жұмды да, есік ашылған кезде, зып беріп ішке кіріп кетті.

Жаңа пәтерді сатып алу, рәсімдеу, керекті мамандарды табу, еурожөндеу сияқты қыруар жұмыстары алты ай бойы ата-анамды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғаны анық. Анам телефонмен жиі сөйлеседі, сәл болса, айпадты қолына алып, интернетті ақтарады. Оған «Тоғжан сәулетші» дегеннен хабарламалар, жоба-сызбалардың суреттері, интерьер үлгілері тынымсыз, бір үзілмей келе береді.

-Өзінің дегені болмаса, кісінің айтқанына көнбейтін не деген адам, - деп, бірде әкеме көңілі толмай, жағын таянып алып, мұңайып отырса, енді бірде екеуі бір келісімге келіп, қайтадан жаймашуақ сөйлесіп жатады.

Бүгін, міне, бірінші рет табалдырықтан аттап тұрып:

- Мына жердің кеңдігі сонша, ішінде футбол ойнауға болады екен ғой! – деп, аузым ашылып, айран-асыр болдым.

- Сен әлі өзіңнің бөлмеңді көрген жоқсың, Жанель! Өзіңнің бөлмеңді көрсең ғой! – деп, екеуі жарыса, жамырай бетіме қарағанда, жүздерінде толқыныс, сонымен бірге, перзентке деген ұлан-ғайыр махаббат та бар еді.

Мен өмірімнің екі жылын Лондонда өткіздім. Көп кешікпей, он бесінші көктеміммен Сарыарқа төсінде қауышатынымды ойлап кетсем, арқама қанат біткендей  болатын. Ол «қанат» періштенікі сияқты үлпілдеген жеп-жеңіл, ертегідегідей ғайып қанат емес, қырандікіндей қатқыл, қара қошқыл, нән қауырсынды, кесек болып елестейді. Көз алдыма балдырған кезімнен жадымда жақсы сақталып қалған иен жазық дала келеді. Шексіз көк аспан киіз үйдей дөңгеленіп төбемнен төнеді. Кең дала төсінде бұла асаудың тұяқ дүбірі естілгендей күй кешсем, жүрегім де кенет соған қосыла, тарсылдай соғып кеткендей болады.

Анам тұманды Альбионды сүйеді. Себебін сұрасаң, «Жауын - менің стихиям», - деп күлер еді. Ол өзінің «Westfield» сауда үйінде жасайтын шопингтарын, қолшатырлар коллекциясын қимайды. «Несі бар, құрбыларым үшін таптырмас сыйлық», - деп өзін-өзі жұбатып, күлетіні бар. Соңғы кезде аяғы ауырлап, беймаза күй кешіп жүрген анашым маған бұрынғыдай «киноға барайық, серуендеп қайтайық» деп, күнде қолқа салуын азайтқан. Көп ешкіммен араласып, қыдыруға деген әуестік о бастан табиғатымда болмаған соң ба, мектептен келісімен, көбінесе, ұзақты күнге ешқандай жоспар құрмаймын. Төсекке жатып алып, кітап оқыған маған әлдеқайда көбірек ұнайды. Қызық кітапты қолға алсам, тауысқанша бір орнымнан қозғалмауға бармын.

Менің әкетайымның іскерлік қабілетін, күндіз-түні бір тыным таппайтын еңбекқорлығын жұрттың бәрі біледі. Алайда, кәсібі бір жүйеге түсті-ау деген кезде ол жерден бар ақшасын алып алып, туған елдің нарығына салам деген шешімі ойламаған жерден болғаны сонша, анам бір сәт тіл-ауыздан айрылып қалған. Сөйтсе де, еріне қарсы келмейтін әдетімен ләм демеді.

- Балалардың ата-баба рухымен тыныстап, елде өскені дұрыс, - дейді әкем. – Ел ішінде отырып, елге қызмет еткенге не жетсін!

«Ел» деген сөзді ол қашан да айрықша сүйіспеншілікпен айтады.

Баласының серуендеуге шыққысы келмей, дос-жаранымен хабарласуды қойып, күні бойы кітапты құшақтап отыра бергені қай ата-анаға жақсын.

- Астанаға келген бойда үйірмелерге жазылайық, «Астана Операға» апта сайын барып тұрайық, - дейді анам. Мені сергітіп, серпілткісі келеді. Сөйтіп, ауыз жиып үлгермей, кенет әлдене есіне түскендей интернетке кіреді. Әлеуметтік желіні ақтарып, мектеп, үйірме, болып жатқан іс-шараларды қарап шығып, Астанадағы құрбысына хат жазып, әр нәрсе жөнінде ақылдаса бастайды.

- Мен Астанаға келген соң, қазақ мектебінде оқимын, - деймін мен. – Бұл менің бұлтартпайтын бірінші шартым.

- Екінші шартың қандай? – деп бала көңілді, ақжүрек анашым бар зейінімен аңтарыла қалады.

- Мені Астанадағы «Haileybury» британ мектебіне орналастыруға тырыспаңыздар.

- Сонымен, қазақ мектебі ғой?

- Әлбетте, қазақ мектебі!

Анашым маған ішкі абыржуын білдірткісі келмей, үнсіз қалады.

Астанада таза ағылшын тілінде оқытатын еуропалық мектептер баршылық. Солардың бірінде оқып жүрген әкемнің танысының кішкентай баласы:

- Әкетай, осы мен ұлмын ба, қызбын ба?- деп сұрапты томпиып.

- Әрине, ұлсың, оны неге сұрадың?

- Мұғалім айтады ғой, ұлсың ба, қызсың ба – оны кейін өздерің таңдау жасап, шешесіңдер деп.

- Балам-ау, сен дүниеге келгенде шаңыраққа ие болып қалатын ұл туды деп не үшін қуандым? Не үшін дүйім елді шақырып, ат шаптырып сүндет тойыңды жасадым? Сен – ұлсың, ата жолын жалғастыратын мұрагерсің! – деп томырылыпты қайран әке.

- Сұмдық-ай! – деп ыза болады әкешім де жаны күйзеліп. – Сонда біз не үшін балаларымызды қыруар ақша төлеп шетелдік қымбат мектептерде оқытуымыз керек? Кейін жынысы белгісіз, дүбәра біреу болып қалыптасуы үшін бе?  Апырмау, күндіз-түні тыным таппай, маңдай терімізді төгіп тұрып тапқан ақшамызды қайда шашып жатырмыз осы біз? Жоқ! Барлық пәндерден жеке оқытушы жалдасам да, ондай жерге бала оқытпаспын.

Бірде төрт көзіміз түгел жиналған отбасылық кешкі ас үстінде айтылған осы әңгімені анам ұмытпаған болар.

-Қандай мектепке баратыныңды әкең шешеді, - дейді анам. Осымен бұл әңгіме тәмам болды.

Кешке қарай таза ауамен тыныстайын деп есік алдына шыққанымда, балалардың ойнайтын алаңында біраз балақайлардың асыр салып  жүргендерін көріп, қызықтай бақылап, сәкіге енді отырған едім. Жеделсаты ішінде көрген кішкентай қыз қасыма жүгіріп келді де, кілт тоқтап, әрі қарай өзін қалай ұстарын білмей, төмен қарап монтия қалды.

- Сәлем! – дедім мен.

- Сәлем! – деді ол да басын көтеріп, ұяла күлімсіреп.

- Менің атым –Жанель.

- Менің атым – Малика, - дегенде, жалт қарап, ұялшақтығын сөйлесуге деген қызығушылығы тез жеңіп кетті. – Анау көзілдірікті, жоғарыда секіріп жүрген менің інім – Әбілмансұр, ол – бесте, менен екі жас кіші.

- Ол өткенде біз жеделсаты ішінде кездескенде болған жоқ қой?

- Иә, ол балабақшада болды. Ал анау бала бағушымыздың қасында жылап тұрған ең кіші інім – Әміртемір, ол үштен асты, бірақ сөйлемейді.

- Қалай сөйлемейді?

- Әлі тілі шыққан жоқ, бірақ бәрін түсінеді, өзі сондай ақылды. Аздап жылауықтығы болмаса.

- Бауырларыңның есімдері әдемі екен!

- Иә, солай.

- Әбілмансұр деген – үш жүздің басын біріктірген айбынды ханымыз Абылайдың азан шақырып қойған аты.

Малика сұраулы жүзбен бетіме қарағанда, таңданысын жасыра алмай тұрғаны байқалды.

- Әрине, сендер әлі кішкентайсыңдар, әлі білмеулерің мүмкін. Демалыс күндері бәріміз бірге Әбілмансұр туралы киноны - «Көшпенділер» фильмін көрсек қайтеді?

- Керемет! – деді Малика жүзі бал-бұл жанып.

- Келістік!

Сөйтті де:

- Мансұр!- деп айқай салғанда, бес жасар ұл қасымызға жүгіріп келді. – Жанел бізді демалыс күні бірге кино көруге шақырды.

-Егер ол күні қолым бос болса, келейін, - деді Мансұр. - Әдетте, демалыс күндерін отбасымызбен бірге өткіземіз. Себебі, жұмыс күндері бір-бірімізді дұрыс көрмейміз ғой: мен – балабақшада, Малика – сабақта, әкем – жұмыста, ал анам үй тірлігі мен біздің қамымызды жасаудан қолы босамайды.

-Сені білмеймін, Мансұр, ал мен анамнан сұранамын да, келемін!

Мансұр жан-жануарлар мен қыбырлаған құрт-құмырсқалардың тұрмыс-тіршілігі туралы сөйлеп кетсе, ауыз жаппайды екен. Энциклопедиялық білімі бар, зерек балақай – Мансұр! Міне, қолын сермеп қойып, ынты-шынтысымен сөйлеп тұр. Сөз арасына сөз қыстыра алмайсың. «Танымдық әңгіменің төресі осы екен-ау! Мына данышпан баланың тәттісін-ай! Апыр-ай, ә!», - деп тамсанып, басымызды изеп қана отырудан басқа амалымыз болмады. Арасында Малика оны түзеп қояды. Мансұр «кедергі жасама» деген кісінің кейпімен оны тыйып тастап, сөзін жалғастырады. Мен оның ақылдылығына тәнті болып:

- Өскенде кім боласың, Мансұр? – деп сұраймын.

- Зообақтың бастығы, - дейді ол маңғаздана.

Малика да, Мансұр да өте қағылез балақайлар екені көрініп тұр. Екеуі де түстен кейінгі уақытта менталды арифметика мектебіне барады екен. Бал биімен айналысқандарына екі жыл болыпты.

-Мансұрдың жұбы бар, ал менің жұбым жоқ, - дейді Малика. - Бал биінде жұбыңның болғаны маңызды.

- Маған қалай билейтініңді көрсетесің ғой, Малика?

- Білмеймін, мен көбінесе ұяламын. Мысалы, маған сыныбымда бірге оқитын Темірлан деген бала ұнайды, бірақ оған бірдеңе дейін десем, қатты ұялып кетемін. Неге бұлай, түсінетін емеспін, - деп екі қолын екі жаққа жайып, ойнақы түрде бар сырын ақтарып салған Маликаның мына қылығы шек-сілемді қатырды.

- Малика, сен мүмкін, Темірланға «бал биін жұптасып билейік, би мектебіне кел» деп шақырарсың?

- Мүмкін менің анам оның анасымен сөйлесіп көретін шығар. Бірақ, Жанель, мен оған бұлай деп айта алмаймын, неге екенін сен білесің! – деп қолын сермегенде, екеуіміздің шегіміз түйілді.

Мектептен шығып, анам мені көлігімен алып кетіп жүрген жерге келдім. Бұл үлкен емен ағашының түбі. Тарамыс-тарамыс жуан тамырлары жердің бетіне шығып, көрініп жатыр. Діңіне қол тигізіп, ақырын сипаласаң, алақаныңа кедір-бұдыры батып, тырнап, ол да өзінше жауап қатады. Мұрныңды тақап, иіскесең, жапырақтың жұпары білінеді.

Телефоныма сыңғыр етіп хабарлама келді.

Анам: Қызым, мен дәрігердің қабылдауынан босай алмай жатырмын, «Сарыарқаға» келе берсең қайтеді?

Мен:     Жақсы.

Анам:   Мен біраз уақытта сол жерге келемін.

Мен:     Келістік.

Анам:   Мен сені жақсы көремін.

Мен:     Мен де сені, анашым.

Анам:    Сүйдім.

Мен:      Сүйдім!

Сөмкемді арқама асып, автобус аялдамасына қарай жүрдім. Мектеп қала шетінде салынып жатқан жаңа құрылыс жақта орналасқандықтан, бұл жерден тек 21-ші автобус қана жүреді. Әрі оның өзін көп тосасың.

Бағдаршамнан өтіп келе жатып, бір көз тастағанда, автобустың аялдамада тұрғанын көрдім де, өкпемді қолыма алып, тұра жүгірдім. Мен жеткенше есігі тарс жабылып, автобус орнынан қозғалып та кетті. Қалай қатты жүгірсем де, үлгермегеніме өкініп, шарасыз күйде автобустың соңынан қарап, аңтарылып тұрып қалғаным сол еді, қасыма  жеңіл көлік келіп, тоқтай қалды.

-Жанель!

Мен де өткенде әуежайда танысқан Қуанышты бірден шырамыттым.

-Кездесеміз деп айтпап па едім, - дейді ол ашық-жарқын амандасып  жатып. –Қайда барасың?

-«Сарыарқаға».

- Жолымыз бір екен,  отыр!

Мен көлікке отыруын отырсам да, басқа ештеме демей, иығымды қиқаң еткіздім. Шынымды айтсам, бірдеме деуге тілім икемге келмей қалған сияқты. Өткенде көргендей емес, түрі тым тартымды көрінді. Өз-өзіне  сенімді, нық қалпы. Q-рор стиліндегі киім үлгісі өзіне әскере жарасып отыр. Іле-шала мен енді ойша өз-өзіме сын көзбен қарай бастадым. Қысқа қиылған шаш үлгісі мойнымды қылқитып, сұр түсті мектеп формасы үстімде ебедейсіз көрініп тұрғанына сенімдімін. Оның көзіне жай оқушы қыздың бірі болып көрініп отырғаныма күмәнім жоқ. Ал ол ше? Сыңар езулеп тесіле қарау мен әдемі жымию ғылымдарының докторы. Q-рор стилінің профессоры. Сондықтан, біраз тәкаппарлана, кербез кейіп танытайыншы, бәрібір ештеме жоғалта қоймаспын деп тас түйін бекіндім. Өзі сияқты оған да жоғарыдан бір-екі рет көз аударып қойып, қолымды айқастырып отырдым.

Көлік бағдаршамға тоқтағанда, ол ұялы телефонын алып, бір-екі рет тез-тез шұқылап алып:

- Қап, менде бірлік бітіпті, Жанель, телефоныңнан қоңырау шалып алсам бола ма? – деп сұрады. Мен сөмкемнің жан қалтасынан телефонды алып бердім.

- Көтермейді. Рахмет, - деді ол қоңырау соғып болған соң, смартфонды қайтарып беріп жатып.

- Оқасы жоқ.

«Сарыарқаға» жеткен соң, ризашылығымды білдіріп, көліктен түсуге ыңғайланғанда, ол кенет:

- Мүмкін, телефон нөміріңді беріп кетерсің?- деп қиыла қалды.

- Меніңше, нөмірім ендігі, сенде бар деп ойлаймын.

- Қалайша?

- Жолда келе жатқанда, менің смартфонымнан өзіңе қоңырау шалдың емес пе? – деп жеңіл мысқылмен, мырс еттім мен.

- Қалай білдің? – деді ол таңданысын жасыруға тырысып.

- Оп-оңай. Телефон соққаныңда - дызылдады, қойғаныңда – үнсіз қалды.

- Мен сені аңқау ма деп ойласам!

- Аңқауды тауыпсың! – деп, мырсылдай бастадым да, дер кезінде «рөлден» шыға алмай қалғаныма сол сәтте-ақ өкініп, тілімді тістей қалдым.

Қуаныш басын шайқап, ақжарқын кейіппен бір күліп алды да:

-Көріскенше, Жанель, -деді.

-Көріскенше!

Мен анадайда тоқтап тұрған анамның көлігін бетке алып, қанат біткендей ұшып бара жатып, өз-өзіме таң қалдым. Апырм-ау, жаңа ғана жап-жас, сымбатты жігітке қылық көрсете сөйлескен мен бе, басқа қыз ба? Расында, өзімнен мұндайды күтпеген едім. Бойымды бір түсініксіз сезім биледі. Кішкентай құрбым Маликаға айтып берсем, екі қолымен иегін сүйеп алып, аузы ашылып, сыңғырлай күліп отырып тыңдайтын шығар.

Көлік ішінде ақ жібек жейдемнің үстінен жасыл джинсы сарафанды сұға салып, туфлидің орнына жайлы кроссовка киіп алған соң, басқа бойжеткен болып шыға келдім. Ауыр мектеп сөмкесін көлікте қалдырып, жеңіл-желпі, енесіне еркелеген құландай ойнақтап, өз-өзімнен шаттық күй кештім. Анам өзінің шаршағанын, кешке дейін бірге уақыт өткізіп, біраз сергігісі келетінін айтты. Қасында жүрсем, жаны жай тауып, демалып қалатынын білемін. Әкем екеуі мені «балатерапия» деп бекер атамаса керек.

Екеуіміз алып сауда орталығының әртүрлі дәмханалар орналасқан үшінші қабатына эскалатормен көтеріліп, өзіміз үнемі түстеніп жүретін сүйікті орнымызға келдік.

- Бүгінгі күнің қалай өтті? – деп сұрады анам.

- Өте жақсы.

- Мектепте жаңа достар таптың ба?

- Иә, әрине.

- Біз сенің достарыңның көп болғанын қалаймыз.

- Ол жағын алаңдамасаңыздар болады.

Мен біраз уақыт бұрын ғана жүрегімде орын алған «жол-көлік оқиғасын» анамнан жасырып қалдым. Анығын айтар болсам, сыр ашуды кейінге қалдырдым. Біз түстеніп болып, киноға кірдік.  Сиқырлы ну орманның ішінде,

ертегі кейіпкерлерінің арасында тыныш өмір кешіп жатқан сиқыршы қыз Малефисента туралы фильм екен. Олардың сүттей ұйыған әлеміне сұғанақ адамдар сына қағып еніп, бәрін аяусыз бүлдіре бастайды. Сиқыршы қыз қара магия арқылы қорғануға көшеді. Мен экрандағы Анжелина Джолидың ойынын тамашалап отырып, өз қиялыма ерік бердім. Өмір де кино сияқты оқиғалардан құралады. Оқиғаның экспозициясы болады. Ол дәл бүгін менің басымнан өтті, яғни, менің жеке оқиғам басталды дейік. Оқиға басталмай жатып, үзіліп қалмауы тиіс. Дамуы мен басқа кезеңдері әсерлі шығу үшін кейіпкер үнемі әрекетте болуы керек және ол іш пыстыратын, немқұрайлы жан болмауы керек. Оқиға тез өрбуді сүйеді. Сондықтан бұл жерге үнемі соғып тұратын жүрекпен қоса, сағаттың тіліндей бір қалғып кетуді білмейтін ми да керек. Анығында, бұл деген, қандай жағдайда да ойыннан шығып қалмауға тырысу, жанталасу деген сөз. Мұндағы ең бастысы – тартыс, яғни, конфликт. Қызық, егер Қуаныш екеуміздің таныстығымыз достыққа ұласса, теп-тегіс дамыса, бұл жерде қандай «конфликт» орын алуы мүмкін? Біле алмадым. Бір білетінім, нағыз толыққанды оқиғаның шешімі сәтті болып келеді. Менің жүрегім: «бәрі жақсы болады», - деп соғып тұрған сияқты.

Кинодан шыққан кезде, анама тырнақ жөндейтін шебер хабарласып, жазылып қойған уақыты келгенін есіне салды. Шеберді күттіріп қойғаным ұят болар деп ол кісі жылдамдатып екінші қабатқа түсіп кетті. Мен болсам, шыны жақтауға сүйеніп, төменде болып жатқан іс-шараны бақылап тұрғанмын. Жүргізуші қыз бен жігіттің дауыстары саңқылдап шығады. Зейін салып қарағанымда, мұның «Қайырымдылық қоры» ұйымдастырып жатқан ізгі шара екеніне көзім жетті. Ортаға үлкен шыны жәшік қойылыпты. Үрмелі аспаптар оркестрі Бетховен шығармаларынан попурри орындап жатыр. Қолымда бар ақшаны жәшікке салсам деген ой жетелеп, эскалатормен бірінші қабатқа түстім де, ғажайып музыкаға құлақ түре, көпшіліктің ортасын киіп-жарып, жәшікке жетуге тырыстым. Алайда, адамдардың көп жиналғаны соншалық, діттеген мақсатыма жету үшін әлі де төрт-бес  рет жақсылап алға ұмтылуым керек-тін. Кенет оркестрдің дәл ортасында, музыкаға еліте бар денесімен қозғалып, барабан таяқшаларын ырғаққа ере соғып отырған таныс бейнені көзім шалды. «Бұл – Қуаныш қой!», - деп, таң-тамаша қалып та үлгермей, оның тұсына ілінген баннерге көзім түсті.

Онда Мансұрлар шамалас, бес-алты жастағы қыз баланың суреті басылыпты. «Аяулымға көмек қайырымдылық қоры» деген жазуды оқыған сәтте, бірден көзіме жас үйіріле қалды: «Құдайым-ау, бұл – Аяулым ғой!». Осы кезде телефоныма дыз етіп, хабарлама келді. Анам мені іздеп жатыр екен. Мен Қуанышқа қарап, қол бұлғап қоштастым да, іштей ізгі шараның сәтті өтуін тілеп, «есік аузында күтем» деген анамды тауып алу үшін ол жерден ұзай бердім.

Кешкілік үйге келген соң, көңілімді беймәлім мұң шарпып, тезірек ұйықтап қалғым келді. Достарымнан келіп жатқан хаттарға да жауап беруге зауқым соқпады. Осы кезде телефоныма бір хабарлама келді. Онда: «Қайырлы түн, Жанель», - деп тұр екен. Мен күліп жібердім де, бірнеше минутты араға салып барып: «Қайырлы түн, Қуаныш», - деп жазып жібердім.

Малика келіп, ертегі құрастырып, оның суретін қоса салып келуге тапсырма берілгенін, соған көмектесіп жіберуімді өтінді. Ол үйге берілген  тапсырмаларын желеу етіп, пәтерінен сытылып шығып, менің бөлмеме мысық құсап жымын білдірмей, зып беріп кіріп алуды «өмірінің барша мән-мұратына айналдырған». Мен Маликаның бұл қылығына қарай еркелетіп «мысығым», кейде «үлкен» қыз болып өсіп қалғанын есіне салып, «жан құрбым» деп атаймын. Кейде тапсырмалар жайына қалып, екеуіміз «өмір жайында» әңгіме соғамыз. Үнемі кішкентай жүрегі бірдемеге ауырып, елжіреп отырғаны:

-Аулада кіп-кішкентай, панасыз мысық жүр екен. Ұстап алайықшы деп едік, бізден қорқып, ауладағы жеңіл көліктердің бірінің астына зып беріп кіріп алды. Қарны аша ма деп үйден сүт әкеліп құйдық. Сосын биде жүргенде көлік байқамай басып кетпеді ме екен деп қатты уайымдадым. Кешке Мансұр екеуіміз жүгіріп барып әлгі жерді қарадық. Тірі сияқты, - дейді.

 Келесі бірде:

- Асфальттың үстінде біреу жауынқұртты мыжып кетіпті. Барлық жерге асфальт төселіп тасталған, ол байғұстар қайда барып жайылады енді? Асфальт – адам игілігі үшін, эстетика үшін төселетіні рас, алайда, адамдар әлемді жалғыз өздері мекендемейді ғой, аяқтарының астына қарап жүруге болмас па, - деп көзінен жасы ыршып кетеді. Бүгін Малика маған салған суретін көрсетті. Бірнеше жыл қатарынан көркемсурет курсына қатысты деген атым бар, мен суретке анықтап қарап, былай дедім:

-Суретті ешқашан қаламсаппен салмайды. Себебі, сурет – ең алдымен, көркем дүние. Классикалық тұрғыдан қарастырғанда, бұл маңызды ереже.

- Бірақ мен суретті қаламсаппен салғанды ұнатамын ғой?

-Дегенмен, алдымен сурет өнерінің классикалық алғышарттарын меңгеріп алған соң барып, өзіндік көзқарасты талғаммен жүзеге асырған дұрыс болады, мысығым.  Дұрысы, әзірге, қарындаш және бояу.

Малика құрастырған ертегісін айта бастайды.

- Міне үй салдым. Біздің үй екенін аңғардың ба?

- Қане, неше қабатты екен? Иә, алты қабатты. Тура біздің үй.

- Үйден орман жаққа бастайтын жол шығады. Мынау Алсу құрбым екеуіміз орманға жидек теруге бара жатырмыз. Осы кезде екі қыздың алдынан дауысы сарқыраманың гүріліндей, азуы алты қарыс арлан қасқыр шыға келеді. Міне, Жанель, әрі қарай қалай құрастыруды білмей, саған келдім.

- Осы кезде екі қыз бар дауысымен «Аа-ааа» деп айқайды салады, -деп күлемін мен. Малика шабыттанып:

- Қыздардың дауысының қаттылығы сонша, аспан күркіреп, жер сілкініп кетеді, ал қасқыр қорыққанынан қаша жөнеледі! – дейді шек-сілесі қата күліп. Сосын қыздардың аузынан «Ааа-аа» деген жазуды шығарып қойып, қайта күлкіге көміледі.

Күн сенбі болатын. Мен айпадты қолыма алып, бүгін қалада қандай мәдени шаралар өтетіні жайында ақпарат іздей бастадым. «Бейбітшілік және келісім»  сарайында бүгінгі күннің сәнге айналған суретшісі Аңса Мұстафаның көрмесі ашылыпты. Суреттерінің мән-мағынасының тереңдігіне тәнті болып, бір кездері Лондонға көрмесі қашан келер екен деп армандаған ата-анамның аса құрметтейтін суретшісі. Сағат ондар шамасында Малика хат жазып жіберіпті: «Сәлем, Жанель. Біз сені сыртта күтеміз». Есік алдына шыққанымда көрші балалардың үшеуі де ойын алаңында асыр салып жүр екен. Көрме туралы естігенде, «біз де барамыз!» - деп шу етті. Біз алдында, бұл көрмеге Қуаныш екеуіміз бармақ болып келіскенбіз. Түс ауа Әміртемір ата-анасымен үйде қалды да, Малика, Мансұр үшеуіміз екі-үш аялдама жоғары жүріп, көрме жаққа жаяу бармақшы болдық. Шағын саябақ ішіндегі сәкіге тізе бүгіп, жол-жөнекей алған балмұздағымызды асықпай жеп алдық та, орнымыздан қозғалдық.

- Бәлкім, автобусқа отырармыз? –деп сұрадым мен.

- Бізді онда мінгізе ме?

- Билетіне ақша төлесек, мінгізеді.

- Мәссаған! Қоғамдық көлікке ешқашан отырып көрмеген едім, автобусқа отыру – менің үлкен арманым! –деп қолын шапалақтады Мансұр аялдамада тұрған кезде. Жеке көлікпен бір паркингтен шығып, діттеген жеріне жеткенде, екінші бір паркингке кіріп кететін, серуен кезінде болмаса, аяғы жерге сирек тиетін, қоғамдық көліктің не екенін әлі танып үлгермеген бұл балақайға таңсық нәрсенің бәрі қызық.

- Жанель, біз осы уақытқа жазылып қойып па едік? – деп ол маған тағы да сұраулы жүзбен аңтарыла қарайды.

- Мансұр, қоғамдық көлікке міну үшін, алдын-ала жазылып қоюдың қажеті жоқ, - деп түсіндірдім мен. – Бұл саған алдын-ала жазылатын тіс дәрігері емес қой.

Біз автобустан түсіп, гүлмен көмкерілген кең алаңды кесіп өттік те,  Пирамида сарайын бетке алдық. Пирамида - Астанадағы сәулет өнерінің триумфы, көркіне көз сүрінетін көркем жерлердің бірі. Қуаныш екеуіміз сағат үш шамасында осы жерде кездеспек болып уәделескенбіз. Кеңдігі атшаптырым баспалдақтармен жоғары өрлеп келе жатқанда, бізді көріп, қарсы жүрген бозбаланы көзіміз шалды. Қуаныш жарқын жүзбен күлімсіреп келіп амандасты. Мансұрға жігітше қолын ұсынып:

- Батыр, қалың қалай? – деді. Малика бұл кезде көзін төмен салып, мойнын мейлінше ішіне тыға қойды. Ол бейтаныс жандармен бірінші болып  сөйлесуден қаймығып, қорқатын. Алайда, дос көңілге қызығушылығы бәрібір үстемдік алып, артынан жадырап, еркін араласып кететін. Бұл жолы да сөйтті.

- Малика, мен сені Жанелдің айтуы бойынша сырттай танимын, - деп басынан сипауы мұң екен, бірден Қуанышты аға көріп, қолынан мықтап ұстап алды. Біз үшінші қабатқа жеделсаты арқылы  көтерілдік. Көрмені тамашалаушылар өте көп екен. Бұл жерде қатты сөйлесуге болмайды. Себебі, сурет көрмесі - жоғары мәдениет дәріптелетін орын.

- Маған Аңсаның суреттері ұнайды, - дедім мен Қуанышқа қарап.

- Бұл суретші қоғамның ең өзекті проблемаларын қарапайым тілде жүрекке жеткізе алатын графика шебері екені рас, - деп өз пікірін білдірді Қуаныш. –Қазір жастардың смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелді болған кезеңі ғой.

- Иә, біз бір-бірімізбен қарым-қатынас жасаудың қандай болатынын ұмытып барамыз...

Мансұр мен Малика жетімдер мен қариялар тағдырын баян еткен бір суреттерге көз аудармай қарап, біртүрлі үрпиісіп қалыпты. Өнердің өзіне тартатын сиқырлы қуат-күшіне балапан жүректері бір сәт арбалып қалғандай. Аңсаның суреттеріндегі трагедиялық көңіл-күйді ешкім түсіндіріп бермей-ақ, оп-оңай сезінуге болады. «Сарыарқада» қайырымдылық кеші өткен күннің ертеңінде, Қуаныш екеуіміз тағы сол жерде  кездесіп, үшінші қабаттағы кофеханада әңгімелесіп отырғанбыз. Ол өзінің музыкалық колледж студенті екенін сол жолы айтқан.

- Қуаныш, кешір, мен Аяулымды әуежайда алғаш көргенде, оның науқас екенін білдім, алайда, халінің мұншалықты ауыр екенін білмедім...

- Иә, Аяулымның ақ қан ауруына шалдыққанына біраз болып қалды. Тез арада Кореяға апармасақ болмайды. Уақыт болса, тығыз. Колледжде бірге оқитын достарым әр жерде қайырымдылық шараларын өткізіп, қаражат жинап  жатыр.

- Солай ма?!

- Мен достарыма ризамын. Оның үстіне, өзімнің қайырымды жандар елінде өмір кешіп жатқаныма осы жолы шын көзім жетті. Қажетті ақшаның жартысы бір апта ішінде жиналды, сенесің бе, Жанель?

- Көп түкірсе көл деген осы ғой. Бәрі де жақсы болатынына сенемін.

Осы кезде даяшы келіп,  құлпынай қосылған екі сүт коктейлін үстелге әкеліп қойған.

-Құлпынайдың иісі қатты ұнайды.

-Оны айтқаның жақсы болды!

-Қуаныш, Джон Гриннің «Тағдырдың кінәсі» романындагы Хэйзел деген қыз да  қатты сырқатқа шалдыққан. Алайда, ол өмірі үшін күресіп, ақыры

жеңеді! Осылай десем де, жүрегім ауырып, Аяулымның өмірі үшін қатты алаңдап отырдым. «Тағдырдың кінәсі» мен басқа да кітаптар жайында ұзақ әңгімелескенімізде, Хейзелдің жан досы Огастустың осы дерттен көз жұматынын бұл жолы Қуанышқа айтпай, ішіме бүгіп қалған болатынмын.

Біз көрмеден шығып, кафеде шырын ішіп отырғанымызда Қуаныш:

- Бірде Аңса Мұстафаның сатылған картинасынан түскен ақшасын қайырымдылыққа жұмсауды көздейтінін естіп қалған едім. Жақында «Аяулымға көмек» қайырымдылық  қорына да біраз ақша аударған екен, - деді.

- Өнер адамдарының талантына ғана емес, адамгершілігіне де тәнтімін,- дедім риясыз риза көңілмен.

- Мен өскенде суретші болуды ұйғардым! – деп мәлімдеді Малика.

- Түсінікті. Ал Мансұр, сен кім боласың? – деп күлді Қуаныш.

- Оны елдің бәрі біледі, - деп қолын сермеді Мансұр. - Зообақтың бастығы! - дегенді үшеуіміз бір мезгілде қосыла айттық та, күліп жібердік. Кафеден шыққан соң, төртеуіміз Есілдің бойында сейіл құрдық. Ертеректе абаттандырылған өзен бойындағы саябақ күтімсіздіктен тозайын депті. Шамасы, дәл осы жердегі табиғатты өз дегеніне көндіруде адамның шамасы кем болған-ау. Төселген тас плиткалардың арасынан жасыл шөптер қылтиып, кейін бой бермей кеткен. Темірден иіп жасаған өрнек қаңқалы ағаш орындықтар тозса да міз бақпай мығым тұр. Әрқайсының жанында қоқыс жәшіктері. Мансұр шөп арасында шашылып жатқан пластик бөтелкелер мен бос қалбырларды жинап, сол жәшікке салып, әуре болып жүр.

-Табиғатты ластауға болмайды, тазалықты сақтау біздің міндетіміз, - деп арасында сұқ саусағын жоғары көтеріп қойып, ауыз жаппай саңқылдайды ол.

- Қуаныш, мен қашан Аяулыммен танысамын, оны көргім келеді, - деп қиылды Малика.

- Біз ертең Сеулге ұшамыз. Аяулым жазылып келген соң, бәріміз тағы да бірге қыдырамыз, жақсы ма, Малика, - деді Қуаныш қызды еркелете басынан сипап. Қуаныш бізді үйге жеткізіп тастаған кезде уақыт тым кеш болып қалған еді. Ертеңгі сапарына сәттілік тілеп, қоштасарда  ораудағы сыйлығын берді, күлімсіреп қолын бұлғады. Осы кезде ол маған ұшақ қанатынан қол бұлғап тұрған тәрізді көрініп, көңілім бұзылды.

Қуаныш маған «Montale» француз жұпарын сыйлаған екен. Оның құлпынай иісті екеніне о бастан еш күмәнім болмады. Үйге келіп, смартфонды қолға алған бойда, Қуаныштан хабарлама келді: «Бір-бірімізден алыста болсақ та, мұны уақытша деп біл. Мен сенің үнемі онлайн болғаныңды қалаймын».

 Аз күн өте, құр сүлдерім қалды. Менің соншама қатты күйзеліске түскен жан дертімнен ата-анам қатты шошып кетті.

- Аяулым қайтсе де жазылып кетуі керек. Қуаныштың айтуы бойынша, қаршадай қыздың еміне қаражат жетпей жатқан көрінеді, - дегенде, көзімнен жас ыршып кетті.

Анашымның да жаны құлазып, үздіксіз күрсінеді. Бар көңілімен: «Кішкентай Аяулым тезірек құлан-таза жазылып кетсе екен» деп тілейді.

Біз қол қусырып отыра бермеуді жөн көріп, бір кеште «Аяулымға көмек» қорының сайтын аштық.

- Елде орын алған девальвацияға байланысты, доллар бағамы күрт өсіп, емге қажетті ақша шартты бірлікке шаққанда көп азайып қалуы мүмкін, - деп, болжам жасады әкем.

Туған-туыс, дос-жарларымыздың барлығы «Аяулымға көмек» акциясынан сол  кеште-ақ хабардар болды. Малика мен Мансұр да Аяулымға жандары ашып, тиын салып жүрген құтыларын сындырыпты. Кішкентай достарымның ата-анасы сол күні:

- Не көмек береміз? –деп, бізге хабарласты. Емге қажет деген қомақты қаражат көп уақыт өтпей,  дайын болды.  Әкем оны сол сағатында көрсетілген есепшотқа аударып та жіберді. Менің көңілім енді орнына түсіп, көкірек кере демалғаным сол еді, түс мезетінде әкешім  үйге алқын-жұлқын кіріп келіп, маған қарап былай деді:

- Қызым, жинал, үш сағат қана уақытымыз бар, екеуіміз Сеулге ұшамыз!

 Ұшақ терезесінен ақжелең бұлттарға қарап отырып, езу тартамын. Ертеңгі күннің риясыз көңілдей  ашық болатынына сенемін. Мен бұдан былай құлпынай иісті «Montale» жұпарын ұнатамын. Сол сияқты, сол бір жан үшін қашан да «онлайн» боламын.

Н. Айдархан