Л.Толстой. Шалдың үш ұлы

Л.Толстой. Шалдың үш ұлы
Фото: vk.com

Бір шалдың үш ұлы болыпты. Ол ұлдарына жиған дүниесін бөліп беруді ойлайды. Алдымен үлкен ұлын шақырып:

— Мен секілді өмір сүр, сонда өмірің баянды болады», — деп, қолына байлық ұстатып, бөлек шығарады. Ол: «Әкемнің өмірі рахатқа толы. Мен де солай рахат кешейін», — деп ойлайды. Бар дәулетін оңды-солды шашып, алдамшы рахат өмірді бастан кешеді. Араға бірнеше жыл өткен соң бар байлығы таусылады. Бала әкесіне қайта барып дүние сұрайды. Әкесі жауап қатпайды. Ол арзанқол сыйлық әкеліп, алдап-сулап көрмек болады. Бірақ әкесінде дүние жетерлік еді, ол сыйлықты қажет етпейді. Бала әрі ойлап, бері ойлап, «мүмкін әкем ренжулі шығар, кешірім сұрайын дейді де, өтірік көңілін аулап, тағы да байлық беруін өтінеді. Әкесі бәрібір үн қатпайды. Амалы таусылған ұлы ашуланып, қарғыс айта бастайды:

— «Мен секілді өмір сүр» дедің. Саған еліктеп өмір сүрдім. Арты баянсыз болды. Сен маған байлығыңның аз бөлігін беріпсің. Таусылып қалды. Алдадың. Бар қызығым бір сәттік қиындығыма татымады. Сен әкем емессің. Барып тұрған сұрқия, өтірікшісің. Қарғыс атқан өмірім-ай, сені де қарғыс атсын. Сені көргім келмейді, — деп кетіп қалады.

Кезек ортаншы ұлға келеді. Әкесі оған да мол дүние беріп, бөлек шығарады да:

— Ұлым, мен секілді өмір сүр. Баянды бақытқа жетесің», — дейді. Бірақ, ол үлкен ұлы секілді аса қуана қоймайды. Ағасының жағдайын көргендіктен, әкесі берген байлықты түгесіп алмаудың жолын ойлайды. Ол: «Ағам әке өсиетін дұрыс түсінбеді. Оған еліктеп рахат өмір кешті. Ақыры кедей болып тынды. Әкем бай адам. Ол сияқты өмір сүру үшін дәулет жиып, бай болуым керек» деп ойлайды. Ол әкесіне келіп, байлықты қайтып жинау керектігін сұрайды. Әкесі үн қатпайды. Болмағасын қорқытады, үркітеді, айқайлайды. Өздігінше әкесінің дүниесін зерттеп көреді. Түк нәтиже шығара алмай, бұл да байлығын тауыса бастайды. Күндіз-түні байлықты ойлап, күлкіден, ұйқыдан айрылады. Ел-жұртқа «байлық жинап жатырмын» деп мақтанған қара басы, көшеге шығуға ұялатын болады. Байлық үшін туыстарын, достарын талақ етеді. Ақыры, жалғыз қалады. Жалғыздық түбіне жетеді.

Кезек кіші ұлға келгенде ол әке өсиетінің терең ойланып, мағынасын түсінуге тырысады. Үлкен ағасы рахат кешіп құрыды, екіншісі байлықты ойлап жүріп опат болды. Ол ұзақ ойланып, әкесінің өміріне көз жіберіп көреді. Бірақ, өзі дүниеге беріде келгендіктен, әкесінің арғы өмірі жайлы білмейді екен. Тек көз ашқалы әкесінің мейрімі мен шапағаты, өзін асырап-баққан еңбегі ғана есінде қалыпты. Ол әкесі сияқты өмір сүруге бел байлайды. Аш адамға тамақ береді, бейшараны киіндіреді, көрші-қолаңға қарасады, ел-жұртпен тату болады. Байлығын елдің игілігіне жұмсайды. Мектеп ашып балаларды оқытады. Бау-бақша салады. Өзге үшін еңбек еткен сайын өмірі мән-мағынаға тола бастайды. Өмірін елге арнағандықтан елде оны аш қалдырмайды. Қызу еңбек етіп жүріп әкесі жайлы ұмытып кетеді. Бір күні есіне түсіп: «Осы әкем қалай екен. Менің ісіме көңілі тола ма екен. Ол сияқты өмір кеше алдым ба? » – деп ойлайды. Сөйтіп жатып ұйықтап кетеді. Таң ертең оянса жанында әкесі отыр екен. Ол қуанып кетіп:

— Әке, қашан келгенсің? – деп сұрайды.

— Ұлым менің рухым сенімен үнемі бірге болды ғой. Мен жақсылыққа, игілікке үйірмін. Әрқашан сенімен бірге болдым. Сенің жақсы ісіңді естіген соң, сенің қолыңа келіп тұрғым келді, — дейді. Сөйтіп әкесі кенжесінің қолына көшіп келіпті.

Бұл жерде әке образы – Құдай, ұлдары – адамдар, ал дүние-мүлік – берілген өмір еді. Кей жұрт үлкен ұлы сияқты өмірін қызық қуу үшін берілген деп ойлайды. Өмірін өткізіп, ажалы жеткенде өкінеді. Құдайдан қайта өмір сұрайды. Құдайды алдамшы, жауыз ретінде балағаттап, өміріне қарғыс айтып өтеді. Екінші бір адамдар ортаншы ұл сияқты ғұмыр кешеді. Құдай сияқты болғысы келеді. Өзін өзгеден жоғары қойып жалғыздыққа ұрынады. Өмірін ұзартқысы келіп зерттейді. Өлмеудің қамын жасайды. Алайда, өмірдің мәні мен мағынасын түсіне алмай баянсызға құл болады. Ал, енді бір адамдар тобы «Құдай жайлы білетініміз – Ол адамдарға жақсылық жасайды, мейрімін төгеді. Бізді жаратып, бізге бола әлем жасады. Әлемдегі барлық игілікті біз үшін берді. Әр адамға уақыт беріп, уақытын арнады. Құдайға еліктегіміз келсе біз де өзгеге уақытымызды бөліп, жақсылық етуіміз керек, — деп ойлайды.

А. Оралқызы