Жұлдыз-жорамал (Әңгіме)

Жұлдыз-жорамал (Әңгіме)

Бүгін сіздерге жас жазушы Ардақ Құлтайдың әңгімесін ұсынамыз. Әңгіме өте қызықты, кестелі тілмен жазылған. Бір оқығаннан-ақ оқырманды психологиялық иірімнің терең шырмауына батырып, еріксіз ойлануға мәжбүрлейді.  Оқығанша асығыңыз, оқырман!

Жұлдыз-жорамал

(әңгіме)

Гороскоп! Осы бір өгей сөзді естісе Мырзаның лезде тауы шағылып, еңсесі түседі де қалады. Орайын таппай бір мақтау көрмеген осы бір бәлекеттен иттей шоршынып, бойын аулақта ұстағаны соншалық, осы тақырыпта шүлдірлесе қалғандардың жанында делебесі қозады. Қарсы сөз айтуға бір-ақ дем жетпей қалады дейсің. Төбе құйқасынан башпайына дейін сынаптай сұйықтық жүгіріп өткендей.

Мырза мырзалығын жасай алмады.

Филологиялық оқуды бітірген соң қаладан жөнді жұмыс таппағанына кейде жатып налиды да. Бірде керігіп, қырсығып тал түсте дал-дұл сезімдерді бастан өткереді. Заманның зауалы десеңші. Қайбір қажеттігіне екен. Сүмең-сүмең етіп, жұмыс сұрап барып, одан кейін сұлық күйде қайта оралып келіп жатқан жолдастарына қарайды да қараяды. Меселін қайтарған заман-ау дейді ішінен. Бұлай болғанына сенгісі де, көнгісі де жоқ мұның. Жадау жұмыстардың біріне жақында ғана орналасып алған. Кітап дүкені. Тең-тең болып, көз алдында мұнартады. Арғы бір сөреде орыс классикасы. Булгаков, Акунин, Бунин, Кунин... Әрмен қарай еуропа! Әдебиетті жалпы әлемнің тұтынар қорегіне айналдырған мифология желісі. Өтірік құдайлар. Шекспир. «Сон в летнюю ночь», «Король Лир», «Комедия ошибок», «Венецианский купец», «Буря». Сайрап тұр! Арғы жақта оқырмандар жиі бара бермейтін бір сөре бар. Мұның шықпайтын жері. Қараңғылау, күңгірт шамның жарығына көз майын тауысып, алғысөздерінің бәрін де оқып алған. Толық оқуға мұрша жоқ. Бастық келіп қала ма деген қорқау ой. Бұрышта отырған жетім баладай сұлбасын ғана танытар әдебиет. Қазақ әдебиеті. Сын көтермейтіндігінен емес қой, әрине. Қазақшалығында. Мырзаның қазақшадан басқа ешбірін түсінгісі де келмейді. Сырты-түсі жылтыраған шет ел әдебиетін қолына ұстап та көрмепті. Бәлкім қызықтың бәрі сонда ма дейтін де қоятын. Ал мұнда Абай, Сәкен, Мағжан, Ахмет, Мұхтарлар. Одан қалды жаңа Мұхтарлар, жаңа Сәкендер, жаңа Ахметтер. Әрқайсысын қолы бос кезде парақтап отырып, бір сырлы әлемнің жетегіне кетіп қалады. Касса жақтан «Мырза!» деген ащылау дауысты ести сала аяғы сықыр басып, тұра жөнеледі. Барса ылғи запыран айғай... Осылай да осылай жарқ-жұрқ етіп бір күнді бір күн, бір түнді бір түн алмастырып та жатыр.

Бірде басы қатып, бастықтың бақылдауық даусынан мезі болғанда ауылға тартып кеткісі келеді. «Алматы-Атырау» бағытындағы темір тұлпарға мініп алып Шуға жетесің, одан кейін әупірімдеп Шудың шуылдақ базарынан екі келі алма-алмұрт аласың да «Мойынқұм, қайдасың!» деп, безгектейсің. Жадыралы, жазиралы даланы көргенде көшпенділене қозып, ат еріне жармасасың да ал кеп шапқылайсың! Теңізде жүзген кемедей алып-ұшып ауылдан бірде алыста, бірде маңайлап, сексеуіл деген толқындардан озып, кешқұрымға болдырып жетесің-ау. Ауылдың бір қасиеті демің кеңейіп, уақытың ұзара түскендей болады екен. Жайма-шуақ бала күндеріңді, терекке ойған сыйықсыз әріптеріңді оқып, бір серпілесің тағы. Ал болашақта бажайлап болашағың тұр деп, қым-қуат та тар Алматыға қайта тартасың.

Мырза перронда тұрған «тірі» базардың айғай-сүреңінен құтылғысы келіп, пладскард деп аталатын ашық мекенге кіріп кетті. Құлағы тынышталғандай болған. Енді бір еркектің дауысы шықты. «Кітап аламыз! Кітап!» О тоба! Мынау осыдан он екі жыл бұрын менің балалық шағымда осында жүрген Жетпісбай Дауылбайұлы деген сатирик қой! Әттең, жетпіс түрлі байлықта болсын деп, атын Жетпісбай қойса да жеті түрлі байлықты да ала алмапты бүгінде. Әлі де сол кейіпте «Қарныма қойып қол қоям» әдетімен мұның да бөлмешігіне кіріп келді.

-  Аға, мен сізді танимын ғой!

Бала көңілі басылмай, ақын ағатайына жылы көрінгісі келген.

-  Тануың мүмкін, шырақ. Жиырма жыл болды ғой осында сарнап жүргенімізге.

-  Айтқандай, аға, 1 сәуір, күлкі күнінде сізді Жазушылар үйінде көре алмадық қой, керемет қызық өтті.

Жетпісбай ағасы бір қысылып, бір қымтарылып тұрды-тұрды да:

-  Мен... мен билет алып қойғам, тек уақыт болмай...

Арғысын Мырза ұқты да. Сауда кентін тастап, бала-шағасының аузын құрғатып қайда бармақ екен. Әрине, бара алмайды! Мырза өзінің желөкпелігіне күйінді. «Қап» деп тілін тістей бергенде қытайдың қотыр дорбасынан сүрленген еттей етіп, бума-бума кітаптарын шығарған ақынның қолына көзі түсті. Кітап. Кітаптан бұрын көз жасындай елестеді бұған.

-  Кітабыңыз қаншадан?

-  100-150...

-  Арзан екен ғой, ал бізде...

Мырза тағы да тартыншақтап қалды.

-  Арзан болса алсай...

-  Мына, мына кітаптарыңыздан беріңіз.

Сырты қара қағазбен қапталған «Осы кітапты оқыңыз» деген кітапты алды. Сосын тағы да бір әзіл-сықақ жиналған кітапшаларды өкіртті дейсің. Сосын ақынға жылы шырай танытқысы келіп:

-  Кітаптарыңыз оқылып жатыр ма? - деді.

-  Оқылады ғой. Тек мәселе басқада... Сен өзің жазасың ба?

-  Проза жазатыным бар еді.

-  Дұрыс, жазыңдар...

-  Жазуда шындық керек қой...

Басын төмен салып, Мырзаның жанына түйедей ақын ағасы отыра кетті. Екеуі айнымаған «Дон Кихот пен Санчо».

-  Мен саған қолтаңба беруді ұмытыппын ғой.

-  Қарныңызға қойып па?

-  Ахахаха! Сен ол өлеңімді де оқыған екенсің ғой.

-  Иә...

Мырза қария көңілін тапқан болып, бір жасарып, бір қуанып отыр. «Ал Мырза, басыңа бақ қонсын! Әумин!». Бұл ақынның қарнына қойып тұрып жазып берген қолтаңбасы еді.

Өміріңнің тең жартысын кешіп қойсаң да, сен көрмеген, білмеген дүниелер көп. Соны танып‑білер күш-қайратты Алла берсе дейсің... Бір өкінесің, бір қуанасың. Көзі соқыр бола тұра әлемнің қандай күй кешетінін тапжылмай табатын Ванга деген құдіреттің құлағына шайтан сыбырлаған екен. Нострадамустар қаншама. Жындар қаншама! Ауылдан шыққан қара қатынның тамыршы, бірде тәуіп болып кететініне қайран боп жүрген Мырза қызығынан шыжығы көптеу бір оқиғаға тап болған. Алакеуімде кездескен бір арумен тіл байласып жүргеніне де көп болмаған еді. Шаршаңқы түстер көріп, өз ойымен әуре-сарсаңның белшесінде жүрген бұған «Гороскопта несің?» деді әлгі бойжеткен. Ойланбастан «Торпақ!» деді әлдебір мақтанышпен. Газетін ақтарыстырып отырған, сонсоң бірдеңелерді оқи жөнелген қыз былай дейді: «Торпақтар, өз күнін өзі әрең көріп жүрген, бірақ әрнәрсеге алаңдайтын жандар. Иыю-қию өсектерге құлақ түріп, соңынан баз кешіп, сол айтылғандардың бәрін де ойынан екшелейді. Фильтр! Бұл белгілердің бір ерекшелігі «данагөйлігінде». Көп ойлап, аз қимыл жасайтындар қатарында. Темекінің соры»... Солай да солай. Өңкіген танадай боп боп-боз қалыпқа түскен Мырза мырзалығынан жаңылды. Қайсыбір газеттің шытырмағына сенген қыздың көзіне мүләйімсіп қарайды. Қас-қабағы қатулы қарындасы қымп беріп, теріс айналады:

- Темекі шегетінің рас қой, енді...

- Шеккеніме көп те болған жоқ қой...

- деп танауын тартады айыпты Мырза. Бұғалақ атып бұғына түскендей кейіп танытқан қылбырау сезім. Үзілуге шақ. Күнегі жалған сөйлемейтін әдетімен нық сенімде айтып отыр еді. Ендігісі тіптен басынушылық. Ішінен «қызыңды ұрайын» деді де теріс қарап жүре берді. Осылай бұлқан-талқан мінезін тағы көрсетті. Шап етіп, соңынан қыз да бұған айтарын айтып қалып жатыр.

- Дәл өзі екенсің! Сұмырай!

Құлағынан кетпей гөй-гөйлеген әлгі дауыс артынан қуып берді. Шыңыраудан естіледі. Бір сәтте дауыс бақылдауық бастығының сүреңіне ұласты. Сыр бермеген қалпы көкбеттене бір қарап, әлгі казитті төрт-беске жыртты. «Қап!» бүк түсіп, бүйрегі айналып кеткенше сол күні қара кешке дейін жатқан. Жұмысы жайына қалды. Түнгі сменнің кезегі келсе де сазарып жатыр. «Өмір – өмір емес». Қанаты қайрылып, төзімі түгесілген. Құлағы шың-шың етеді... «Торпақ дегенің сондай да сондай, торпақ жаман...» Жылағысы келген. Өз-өзінен қысыла ұялып, бетін басып ауыр өксікке тұншықты.

Көзді ашып-жұмғанша таң атып кетіпті. Бұның көзі ісініп, ашылмайды. Қолымен әрнәрсені бір түрткілеп, жатқан бойда бас жағынан бір кірпіштей кітапты ұстай алған. Былшықтанған көзін әрең ашқаны сол еді, «Бхагават Гита. Путь к просвещению» деген мұқабаны оқыды. Көкірегіндегі сәби үн сағыныштан айрылып, өзі сұлық жатқан бойда көк тұма тұманның арасына сіңіп бара жатқандай болды...

Сурет Ардақ Құлтайдың жеке мұрағатынан алынды

Л. Лига