Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы(әңгіме) #2

Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы(әңгіме) #2

(Басы мұнда)

Ғалым жақын жатқандардың бəрін атын атап айтып өтті, қандай жақындықтары бар екенін тəтпіштеп түсіндірді. Əнебір бейіт қоршалмапты да, тіпті жермен-жексен болуға айналыпты. Тəкеши елден ерек қоршалмай қалған, басында белгісі жоқ бейітке қарай бергесін:

– Бұл біздің ең жақынымыз, – деді Ғалым.

– Үлкен атамыз. Баласы нəшəндік мілитса. Сол қоршап, қада қақпай-ақ қойды əкесінің басына. Нəшəндік мілитсаға ешкім ештеңе демейді. – Інісі мүлтіксіз аударды.

– Əруақты қорғау керек. Ол сонда сені де қорғайды, – деп жермен-жексен боп томпиып жатқан төбешікті шырт еткізіп суретке түсіріп алды. Үйге қайтып келгенде былбырап піскен қойдың басы мен «мені тура» деп иір-шиір боп қазы-қарта күтіп тұр екен.

– Құда сорпаға айран қосып ішсін, – деп құдағиы Бибіхан əдеттегідей кең көңілмен жайылып жастық болды.

– Сұйық айран іше ме екен, əлде қоюын ба?

– Апам да қызық. Əрине, сұйығын, – деп кəрі шешесінің қылығына шыдас бере алмаған үлкен ұл бағжаң етіп бір қарады. Қауындықта ашылмай қалған ақ келді. Құда толтырып құйылған стаканның ернеуінен бір ұрттады.

– Алып қойыңыз, – деді Ғалым құда.

– Жоқ, мен осылай ішемін. Сіздер барлық уақытта осылай толтырып құясыздар ма? – деді қысық көзі күлімдеп, Ғалымның босап қалған қырлы стаканына үрейлене қарап.

– Енді құда келгенде неге тауыспаймыз? Құда үшін жан пида, – деп Ғалым қопаңдап қалды.

– Біз арақтың алдында сыра ішеміз. Сонда жеңіл болады, – деді Тəкеши.

– Дəу кесені толтырып сұйық айран əкелші. Сыраңды он орасын, – деді Ғалым. Мөп-мөлдір сұйық айранды сіміріп салған жапон құда бет орамалымен аузын сүртіп, басын шайқады.

– Таза сүттен жасалған ғой. Ешқандай қоспасы жоқ.

– Таза жусан мен изеннің, таза құрақтың, таза шиіннің жемісі, – деп Ғалым ауылда өскен шөптердің атын мақтанып тізіп шықты. Үшеуі екі бөтелке арақ ішті. Қызып алған Ғалым:

– Бəрі де ағарған ғой, – деді.

– Жоқ, сіздердің ағарғандарыңыздың орны бөлек. Осындай өз ағарғандарыңыз тұрғанда басқанікін неге ішесіздер? Мынау орыстікі ғой, – деді бөтелкенің сыртындағы жазуға шұқшиып. Күн батқасын өзінің сағат оннан қалмай ұйықтайтынын айтып, қауындық жаққа беттеген құдаға ермей, Ғалым қалып қойды. «Тыштымханаға бір өзі барсын, ере барғаным сөкет болар» деп өзін-өзі тежеді. Інісіне ер деуге де аузы бармады. Құда, бірақ тыштымханадан шұғыл оңға бұрылып, батқан күнмен бірге қарауытып жатқан қауындықтың ортасында аяқкиімін шешіп ап, суы тартылған арық ішінде жалаң аяғымен əрлі-берлі жүрді.

– Мынау не қып жүр? Мас боп қалған ба? – деді Ғалым інісіне.

– Жоқ, табанымен таза топырақты басып жүр.

– Топырақтың бəрі таза емес пе. Сол құрбақа іздеп жүрген жоқ па? Бұл кезде күн түнге ауысып, қауындықтағы құрбақалар қосылып əндете бастаған. Құда тор-тор аяқкиімін қолына ұстап келді де, рахат күй кешкен кейіп танытып:

– Бұлар көп екен ғой. Қандай тамаша оркестр, – деп құрқылдаған құрбақа үніне елтігендей рахаттана құлақ түрді. Күнде естіп жүрген əулекі əуен қызылтаңдықтарға əсер ете қойған жоқ. Уақыт тығыз, жұмыс қауырт. Бір түнеген құда Тəкеши таңертең қайтатынын айтты. 

ЖАЛҒАСЫ

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: hibatulla.kz

Е. Қайрахан