Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы (әңгіме) #3

Қуандық Түменбай. Жапон құданың қалауы (әңгіме) #3

(Басы)

Дастархан басында қаймағы бетінде қалқыған сүтті шайді қолына ала алмай ойланып отырып-отырып:

– Кешегі ақ коктейльден қалды ма екен? – деді күйеу баласына бұрылып. Ол түсі бұзылып, бірден қазақшалап:

– Сұйық айран сұрап отыр, – деді.

– Əй, көк шелекті осы жерге əкеп қойыңдаршы. Құмары қанғанша ішсін. Кеше арақ өтіп кеткен ғой, – деді құдағиы жанұшырып.

– Өздерің де зорлай бердіңдер. Құдағиы сапырып-сапырып ұсынған гүлді кеседегі сұп-суық айранды сіміріп сап:

– Табиғаттың таза сусыны. Сəл тоңазытқышқа салып қойыңыздар, – деді.

– Қарап отырмай ақыл айтады, – деді Ғалым жақтырмай.

– Сұрашы, кетераяққа қалай қарайды екен? Жөпелдетіп жапонша аударған күйеу баласы іле жауабын алды.

– Жоқ, мен үшін мына ақ коктейльден артығы жоқ. Нағыз қазақтың арағы. Сіздер өз арақтарыңыз тұрғанда басқанікіне неге құмарсыздар?! Інісі күле отырып аударып еді, ағасы қабағын шытты.

– Бізге ақыл айтатын кім бұл?! Қызын бергенін біліп, артын қысып отырмай ма. Онан да қызының бақыты үшін бір рет алып қоймай ма? – деп еді, інісі өңін айналдырып, «Ішем десе арақ дайын» деп аударды.

– Жоқ, жоқ, – деп ол қолын жүрегіне қойып келіндей иілді.

– Əй, жолынан қалдырмай, құданың алдына китін қойсаңдаршы, – деді кейуана шешесі. Ең тəуір деген қытайдың кастөм-шалбарын төрт бүктеп алдына əкелді. Оның мəнін күйеу баласы түсіндірді. Қайын атасы қап-қара кастөмнің жағасын ұстап:

– Қытайдың фабрикасінікі. Бұлар бəрін жаулап алды, – деді.

– Не деп отыр? – деді айтқаны болмай, сіркесі су көтермеген ағасы.

– Қытайдікі екенін танып отыр. – Қытайдан басқа неміз бар қазір. Ілкі сəтте Тəкеши құда Ғалым құдасына қарап бірдеңе деп былдырлап еді, күйеу баласы Манаттың екі беті алмадан бетер қызарып кетті де, басы салбырап отырып сөйледі.

– Мен мына сыйлықтарыңды алмай-ақ қояйын. Менің қалауым бар дейді.

– Айтсын, – деді ағасы інісінің сөзін ақырына дейін тыңдамай.

– Кешегі қауындықтағы құрбақаны сұрайды. Алып кетсем дейді.

– Оны қайтеді екен?

Інісі аударып еді, қайын атасы ағынан жарыла сөйледі.

– Менің коллекциямда Орта Азиядағы жылан мен тасбақа бар. Мынадай құрбақа жоқ еді. Біз оның өмір сүруіне бар жағдайды жасаймыз, ол өз ажалынан өледі. Өлгесін қатырып, мұражайға қоямыз. Құрметтейміз. Қайдан алғанымызды, кімнен алғанымызды астына жазып қоямыз.

– Құдамнан алдым десін. Мен бұған бір қабын ұстап берейін.

Ғалым мақтанғанмен, құрбақа ұстатпады. Құда бастап арықтың ішіне қол созғанмен, секең-секең еткен бір уыс жəндік алақанға ілікпеді, ұстай бергенде секең етіп секіріп кетіп, құшағын ашқан күйі етбетінен түсті. Ақ көйлектің омырауы қоймалжың батпаққа былғанған ол «Тап əкеңнің аузының қорлығы-ай, ə!» деп боқтады. Сосын «Ешкім көрмесін, ешкім естімесін», – деді. Інісі де шалт қимылдап шап бергенмен, жат-жұрттық боп кеткен оны да туған жерінің жəндігі маңына жолатпады. 

Жалғасы бар

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azh.kz

M. Auelkhan