Естай Божан. Екі портрет (әңгіме) #1

Естай Божан. Екі портрет (әңгіме) #1
Жас қалам иесі Естай Божан 1991 жылы дүниеге келген. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған.  

 

Бірінші портрет

Ұмайдың оты

Мен сарқылып біттім. Торығыстың ең бір шырқау шыңында тұрып өлімнен қорқатыныма таң қалам. Парасатымның қалтасы соңғы екі айда қағылып болды. Санамның түкпір-түкпірін тінтісем де шығармаға лайық бірде-бір сүйекті ой таба алмадым. Алты айдан бері қанша бояу ұнтағын езіп, қанша қыл қаламды матырдым; қанша матаны былғап, қанша парақты айғыздадым...  Өзімді қыстаған сайын қолым ауырлап, соңында бір сызық салуға да жүрегім дауаламай барады. Бар қайратымды бойға жинап, өзімді-өзім жігерлендіре, бір қолыма бояу тақтамды, енді бір қолыма қыл қаламымды алып кергіштегі матаның алдына келгенге дейінгі бар құлшынысым бір-ақ сәтте, бояуды құтырына шашып, қылқаламды қабырғаға пәрмендеп лақтырумен, матаны дарылдата айырып, сосын естен танған адамдай еденге күріс құлай кетумен ақырласа салады. Шалқалай жатып бояу баттасқан қолыммен жүзімді шеңгелдеп дым сызбай ұзақ қалам, кейде сол күйі ұйқтап кетем, бұл тіпті дағдыға айналып барады.

Құлағыма күдік сыбырлайды: «Болашақ дарынды суретші (ішкі «менім» мені осылай атайтын), сенің күнің дәл осында батты». Бұған өзім «шықпай жатып» деген сөзді қосып қоям. Басында намыстанып кететін едім, соңғы кезде оған да бойым үйрене бастапты. Япыр-ау, шынымен де менің дарынымның бар қылары осы ғана ма? Бұған дейін бәрі жақсы емес пе еді? Қаншалаған тоқыраулардан кейін де кереметтей туындыларым болды ғой. Ары қарай бұлдырлап кетеді... Кейде өзімнің қалыпсыз ырымшылдығымнан салдар іздей бастаймын: Қап! Өткендегі сыған әйелге садақа берерде неге оң қолыммен бердім екен? Түс ауғасын садақа бермейтін әдетімнен қалай жаңыла салдым, а? Одан болмаса, көре алмайтын біреулер дуалатып кетті ме? Осы менің бойыма әлдебір нас қонып алған жоқ па... Одан ары ойлаудың өзі үрейлі ғой.

Өнердегі атақ-даңққа мен өз қатарымнан ерте жеткен едім. Қоғамдық жүйелер жаңаланып, әдебиет пен өнерде мең-зеңдік жайлап тұрған кездің өзінде менің бірнеше туындым республикаға, арысы бір қатар шетелдерге танылып кетті. Менде тың идеялар толқыны аласұрып жүрген еді онда. Алыс шетелден келетін өнертанушылар мен суретшілерді Орта Азиядағы көшпелінің дүниетанымындағы өнер туындылары жерден алтын тапқандай қуантатын еді. Бірақ олардың қуаныштарын мойындағысы келмейтіні іштей намысымды қайрайды. Олардың арасында «өнерпаз ұрылар да» келіп жүретінін байқаймын. Әне, солардың өзі де менің суреттеріме таңғалыстарын жасырған емес. Шығыс-Батыстың ылғи да бағы жанған стильдерін барынша жинақтаған  туындыларымның бояу-бөгенайы бөлек екенін өзім де жақсы сезем. Мендегі уақыт пен кеңістіктің ұштасуы өзгеше болды дерлік, жинақылықпен шетінен центрге қарай тереңдеп шөгіп жату, арғы-бергі мифологияны бірдей қамту, салқын реңдердің, қанық түстердің шекарасыздығы, міне бұлар менің өзгеде жоқ қолтаңбам болды. Бір мақтанышым туындыларымнан көшпелілердің жылқы иісіне аралас тер иісі бұрқырап тұратын. Бір өңшең айдарлылардың Азия далалықтарына тән бет сүйегі шығыңқы, тағы жанары өңменіңнен өтіп, есте жоқ ескі заманды және бүгінді шарпитын. Бізде одан өзге мақтаныш та жоқ секілді мен үшін. Обалы қане, салған суретім мақтау мен марапатқа іліне берді. Республикадағы аты мәлім суретшілер мен беделді өнер иелері менің әдірісіме сан қошамет айтып жүрді. Тіпті соның кейінің ішінде маған деген араз ниеттің иті шулап жататынын сезетін-дім.

Өткен күзден бергі күйім мынау, салғандарымның бәрі де қалтырап шыға бергені. Кейде күні бойы қаланы бейбағдар жаяу кезіп кетем, бірдеңе іздеп жүргендегім, сананы оқыс сілкитін бірер құбылыс не кейіпкер жолыға ма деп. Затында асыл деген көп жұрт жүріп таптанды болған маңда жататын ба еді, есесіне сананы шаңдатып шаршап оралам. Оралам да, айында бір жинастырылатын пәтерімнің ішінде делқұлы уақыт өткізем.  Жасы жетсе де үйленуге құлқы жоқ суретшінің пәтеріне әдетте ботен-бастақ ешкім басын сұға бермейді. Айдың соңғы күндерінде пәтер ақысын алуға саргідір тартқан орыс «тәтем» келеді. Алайда, ол екеуміздің арамызда үнсіз келісім жасалғандай – ол маған безендірусіз өткізген пәтерінің тазалығы мен күтімі жайында тіс жармайды, мен де оған ақысын кешеуілдетпеймін, көңілім түссе үстемелеп берем. Былтыр ғана әлгі шегір көзді, өмір бойы теңіз бетінде сапар шеккендей, үстінен ащы теңіз тұзының иісі мүңкіп тұратын италиялық сатып алған бір суретім әлі талай уақытқа асырайтын түрі бар. Суретті қолына алғанда оның жанары байбағытқа ұзақ тесіліп еді, менің суретімді Еуропаның тіліне қалай аударсам екен деген қиялын бірден оқыдым. Сосын ағылшыннан өзге тілде түсініксіз бір сөз айтты да, қоштасқан болып жүре берген, өз тілі болар деп топшыладым, маған «қандай дарынды ақымақсың» деген болар. «Ой, сорлы-ау, Батысыңның да күні батыпты-ау» дегем мен де өз тілімде күбірлеп.

Әрі пәтер, әрі шеберханамның тағы бір қонағы өзім ұсыныс ететін натурашы қыздар. Нью жанры мені пәлендей қызықтырып кетпейді. Тек кей-кейде шабытқа мейлінше ерік беріп, қиял мен зауық арасынан бірер жарық сәуле табу үшін, көшедегі бірнеше жерге байланыс нөміріммен бірге хабарлама қалдырам, артынша модель болғысы келетін қыздар өздері хабарласатын. Бұл қонақтарыммен ашылып-жарылып әңімеде болып көрмеппін. Көбінің жанарында зәрулікті көретін ем, соның өзі көп әңгіме емес пе. Тіпті кейбірі бұған бірінші рет қадам басып тұрғанын іш киімдерін шешердегі жүзіне шығатын қамығыспен білдіріп тұрады. Ондайда оның іш киімімен қала беруіне келісем де. Себебі, менің танымымда шын сұлулықтың тырдай күйін көруден, не оны бейнелеуден гөрі, әлі қол да, көз де жетпейтін көмескі тұстарының болуы әлдеқайда әсерлі болады. Бұған қоса ұят пен мұқтаждық арасындағы көңіл-күй арпалысы тым сұрапыл болады ғой, егер ол бет-әлпеттен көрініп тұрса оны бейнелеу қиынның қиыны, портреттің шынайылығы үшін оларға да еркіндік беріп, өзім де бұл сыннан айланып өтуге тырысам. Менің натурашыға бірнеше сағат үшін төлейтін ақым өзге күндік ақылардан көп артық болғасын да, арасында тағы келуге сұранатындары, әйелге тән әуейлігі ұстап қонып қалғысы келетіні де ұшырасады. Тегіннен менің олармен бар қарым-қатынасым портретте ғана қалып қояды, зауқы ашылған жат жыныспен төсекке құлағаннан артық ләззатты да содан табам. Неге екені, соңғы кезде бұл жанр мені өзіне тартпай кетті.

Бұлардан өзге мұнда ат ізін салар бір жан –  көптен бері көрінбей кетіп еді, түр-келбеті түркіден гөрі испандарға көбірек ұқсайтын ақын досым. Міне, қазір езуінен тастамайтын сұлу күлкісін үйіріп, есік қоңырауын басып тұр. Ол әдетінше сәңгірлей сөйлеп кірді:

- Дарынды суртешім, барсың ба, ей?! – Ішкі менімнен соң, сол ғана мені осылай атайтын.

- Суретшің бар, ал дарындыңнан айырылып қалдың, – дедім оған көңілсіз қарап.

- Аллаху-Әкбар! – деп бетін сипады. Мысқыл күлкісі көзінен нұр боп шығып тұр. Мен еріксіз езуіме күлкі алдым.

- Сен мына суреттеріңді ақырластыра алмағаныңа бола дарынды атыңнан баз кешіп отырған секілдісің, - дегені оның кешеден қалған шимайдың алдына барып тұрғандағы айтқаны.

- Бұл осы айдағы алтыншысы.

Ол енді ғана менің жүзіме сәп сап қарады. Жанары менің бойымдағы торығыстың барлық элементін тауып болғаннан кейін барып:

- Сенің мұндайыңды алғаш көріп тұр екем, сондай салмақты ма?

- Иә, өзім де бірінші рет үлкен тоқырауды өткеріп тұрмын. Мүмкін менің өмірімнің қалғаны да осылай өтетін болар.

- Тек ей! – ол түрін бала қорқытқандай өп-өтірік суытты, - кәне, алдымен отырып темекі тартайық...

Қаланың шығыс жақ шетіндегі ескі жиһаздар сататын базардан әкелінген көнетоз диванға жайғасып, аспай-саспай шылымын тұтатты. Екеулеп отырып жарты қорап темекі шегіп біткенде мен оған соңғы жарты жылдағы күйімді шағынғандай тауысып айттым. Ол үнсіз тыңдады, арасында бөлменің әр жерінде жыртылып, жұмарланып шашылған сызбаларымды қарап шықты. Ішінен біреуін кардонға орап, сосын оны жарғақ қалтаға салды да есік жаққа апарып қойды. Әр жолы келгенде менің «жарақсыздарымнан» бірнешеуін өзімен ала кететін оның әдеті. Бұл жолы ол тек бір ғана суретімді жаратқан сірә. Оларды не істейтінін сұрағанымда:

- Поэзияға аударам, - дейтін күліп.

- Сенің маған: «Сен ұлы суретшісің, мен ұлы ақынмын! Бірақ, біліп қой, сурет поэзиядан ұлы емес» деп даурығатының қайда? – деймін оның мастығында айтқан сол сөзінен ұстап мұқатпақ боп.

- Дәл осында, - дейді ол жұлып алғандай, - поэзияның ұлылығы тап осында, сенің аяқтай алмағаныңды аяқтап, жеткізе алмағаныңды жеткіземін... Көресің, көп кешіктірмей оқып берем, - дейтін де, маған келерден бұрын достарына жайып кеткен дастарханның есебін айтатын, мен әмиянымды қолына ұстатам, ол жетерлік алып, әмиянымды қайтып беретін. Ақшаны алатын да  «шайырлар күтіп қалды» деп жіти басып жөнелетін. Жаратылысында риядан жұрдай оның осы мінезіне күліп қарап қала беретінмін.

Ол енді терезе алдына барып аз-кем тұрды да, маған оқыс бұрылды:

- Батыр еке, сенің суретіңнен неге мен бұрынғыдай әйел бейнесін таба алмадым, а? – деді. Бұл ойдың оған тосын келгені білініп тұр. Мен «не айтасың?» дегендей қарап отырым. Ақыным енді шашылған суреттерді қайта ақтарды, бір-біріне қосып, бүтіндерін жинастырған болды, қайта басын көтеріп:

- Сенің көптен бері натурашы қыздарды шақырмағаныңды сезіп тұрмын, - деді жымиып. Ол екеуміз бір-біріміздің шығармашылық ғадетімізді жақсы білетін едік, бұл тұспалының дәлдігіне таңданып кетпедім.

- Көңілім соқпады, - дедім сүле-сапа.

- Олай болмайды, - деді досым жаныма отыра бере тағы бір тал темекі ұсынып жатып, - әйел заты екеуміздің шығармаларымыздың құнары екеніне талай жерде келіскен едік қой. Досымның сөзінің жаны бар, мен көптен бері әйел образына қалам жұмсап көрмегенімді енді ғана ойлана қалдым.

Досым осыдан кейін тақырыпты бұрып көп сөйледі. Мен оның алдыңғы сөзінен өрбіген ойымды өз алдыма қуалап кеттім. Сөзінің соңы әр келгендегі бұйымтайына тіреле бергенін байқадым да қалтамнан көкала валютадан бірнешеуін сурып қолына ұстата бердім, өз ойыммен өзім дал боп. Республикаға тарайтын беделді басылымда қызмет етіп жүрсе де, қолы ашық, ақын ағайын-бауыры көп досымның ай соңында қалтасы қағылып бітетін, бір топ жыншалықтардың (олар бір-бірін солай атасатын) ай соңындағы ішістерінің есебі кейде менен болушы еді.

- Анда өзіңе таныс шайырлар күтіп отыр, жүр кеттік, - деді ол ақшаны алардағы ығайсызданғанын білдірген боп. Бас шайқадым, ішкілікке зауқым жоғын білетін ол артық қыстамады.

- Мен бір топ дарынды ақынның парасаты мен жадын жууға ақша беретініме қамығам, - дедім оған талай айтылған сөзді қайталап. Жаратылысы бөлек бұндай жандардың бір сәт жүректеріне беріліп, алау-жалау боп отыруын іштей қаласам да, кейде мақсатсыз да сілтеп жататына үнсіз ренжуші ем.

- Жоқ, рухани үстелдің демеушісі боп жүрсің.

- Рухани үстелдеріңнің түрін көргем бірді-екілі, басында образды қылықтар, терең бояулы сөздермен басталып, соңы ессіз-түссіз ақырласады.

- Есесіне қаншама ой ортақтасып, қаншама жүрек шерін төгіп кеңиді... қаншама... қаншама....

- Таласпайық, бір күні сол «рухани үстелдеріңнің» сыртынан тұрып сурет салам да, ертесі сендермен саудаласам, - бұл менің көптен бергі ең бір әзілге жуық, көңілді сөзім болды.

- Салсаң батырым, сен сол бір ғана суретіңмен тарихта қаласың онда, - деді ақыным тағы сөзден ұтып. Жылы күлдім де қойдым.

****

Досым кетісімен натурашы қыз керектігі жазылған хабарламаны қан көшедегі бірнеше жерге жапсырып қайттым. Қайтып кіргенім сол еді, қолфоным келтехат түсті деп хабарлады. Мұнша тез боларын күтпегем, келтехатта белгісіз нөмер модель болуға келісіп, мекенжайымды сұрапты, жедел жауап қайтардым. Айналасы сүт пісірім уақытта есік қоңырауы безілдеді. Кішкентай әйнек саңылаушадан жалғыз екеніне көз жеткізгесін күттірмей есікті ашқанымда, бұл қонағым мені қатты таңқалдырды –  маған өз ұлтымнан бірінші рет натурашы қыз келіп тұр. Мөлдіреп қана қалған сұлудың өзі, сұңғақ бойлы, мүсінінде мін жоқ, суретшінің көзі жаңылмаса он сегіз бен он тоғыздың ары-берісі. Таңырқасым сонша есікті ашқан күйі әудем тұрып қалыппын. Сәлемдескенін аңғармадым, әлде сәлемдеспеді-ау, менің оған алғаш тіл қатқаным боп «Кіре ғой, қарындас» деппін.

Кірерін кіріп алса да қатты қысылып тұрды. «Қарындас» деген бір-ақ ауыз сөз оны менің пәтеріме енгізгенімен, сол бір сөз оны осында жерлеп тұрған жоқ па, кемінде менің алдымда. Басқа не деуге болатын еді. Тек жанарына қарағым келмеді. Білем, қазір оның жанарында өрімдей қызды менің пәтеріме дейін жетектеп келген күштің терең табы тұр. Оны менің суретшіге тән жанарым аңғармай қалмайды, аңғарармын-ау, әрі қарай не болады... жоқ, қарамаймын... сен де қарамашы, өтінем...

Әлде оны ақысын беріп, кері қайтарсам ба? Мүмкін солай оның мезеттік қиыншылығына адам ретінде болысып, оны ар азабынан бостан етсем дұрыс-ау. Бірақ, сан айдан бергі бұрлығысымды сейілтетін мұндай мінсіз тәннің мүсіні менің алдыма қайтып келе қоя ма? Ой, Тәңірім-ау, ұят пен ардың алдында тұрып мен тағы ертеңгі атақ-даңқымды, мүмкін жанымның мезеттік рахатын  ойлап тұрғаным ба?! Мені де біреу... дейді-ау.

Жалғасы мұнда

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

M. Auelkhan