Салтанат Минайхан. "200 теңге" (әңгіме)

Салтанат Минайхан. "200 теңге" (әңгіме)

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті Салтанат Минайхан Massaget.kz танымдық порталына өзі жазған бір әңгімесін жолдапты. Біз еш өзгерту енгізбей сол күйі оқырманға ұсынуды жөн көрдік. 

Жолдас ұйқысынан ерте тұрды. Тұрды да беті-қолын жумастан қазан-аяқты сылдырлатып қалған-құтқан тамақ болып қалар дегендей тіміскіленді. Дым жоқ. Қаңсып қалыпты. Кеше өздері ішіп-жеген қалыбы, астаң-кестең кеселер, керзендер шашылып жатыр.  Қынжылғандай қарнын сипап, Сәкеннің трубкасын көтеруге дәретханаға кірген соң шайына салып, жұмысына беттеді.

Түс бесіннен ауған уақытта жұмысынан шығып жатақхана мекенін бетке алып, асығып келеді. Қарын қабысып қалғандай қырып ауырады. Қалтасын ақтарды. 200 теңгесі бар екен. Жол-жөнекей талға жақ бірдеңе алам деп ойлаған.

Ойлаған болмайды, бұйырған болады, иә...

Жол шетіндегі аялдама. Жақындаған сайын сар самсаның иісі мұрнын қытықтап әкетіп барады. Бар екі жүз теңгесін беріп үш бұрыш торттың тілігіндей самса сатып алды. Бірден екеуін. 80 теңгеден 160 теңге. Миығынан күліп енді сені жеймін дегендей басын шайқап самсасына қамдана берген. Мұрыннан гөрі көз көңілдің қалауын көп көрсетері заңды дүние. Аялдама іргесінде жайылған кітаптарға назары кетті. Көзі жанып кітапты алыстан жылы қабылдап, сүйсінгені болмаса сатып алам деген ой әсте келмеген болатын. Қалай қолына іліккенін аңдамай Жюль Верннің кітабын ақтарып тұрғанын телефоны шырылдағанда бір-ақ аңғарды. Тұрған кітаптардың барлығы дерлік әлемдік классика екен. Джек Лондон, Эрнест Хеменгуэй, Оскар Уайльд, Лев Толстой, Оноре де Бальзак сияқты сақа жазушылар көзге, көңілге тоқ көрінеді. Кітап қызығына кіріп кеткен Жолдас сатушы шалды әсте байқамаған екен. Келген тұтынушыны, жоқ... кітап құмар қара баланы ол да елейтін түрі жоқ. Өзі де кітап оқып отыр. Көзінде әйнегі томпайған көзілдірік. Селдір шашынан, жұқа құйқасынан өткен күн ыстығына да түкіргені бар, ырғалып құлағалы отыр. Оқып отыр... Үстінде қураңқы қара костюм; екі жан қалтасы, қос жағасының орайы күнге шағылысып жылтырайды. Күллі келбетін өмір дауылы жұлмалап кеткендей қожық-қожық, әлем-жәлем толқын секілді. Оң тізесіне сүйенген үшінші аяғы тұр. Ол да қажыған...

«Қария. Заман көшімен даладан қалаға келген заманауи ақсақал. Ее-е, сенің ақылың кімге керек, кімге? Қаншалықты ақылды болған сайын дүбірің азайып, мұңлықтың азанын айғайлайсың кеп, айғайлайсың. Айғайлар алысқа естілгенмен, тез өшеді. Өте тез. Тым келте. Ең бірінші ет жақын жақындарың тірідей жерлейді. Сенің қабірің уақыт өткен сайын томпая береді. Елдің елігіп жүрген тауларына көлеңке түсіре бастасаң керек, келемеж, күлкіге көмілесің. Әйтеуір атың шығады, аппақ параққа тамып кеткен қара сия сен боласың, иә, болғансың ақсақал. Себебі сен кітап оқисың ғой. Ал кітапты адамдар жазған. Кітапты адам емес кісікиік екенін білгендер оқиды. Сен, сен адамдардың аз екенін менен де жақсы білесің, солай емес пе, ақсақал?! Жаманы, адамдар неге адам тәрбиелей алмай қалады екен? Ақсақал... балаларың қайда... ммм... олардың төбесіне кітап құлап кеткен-ау. Жалғызбын де. Шойырылып қалыпсың... шойын кітап бір ұрынсаң өмірі өшпейтіні өкінішті. Өмір сүре келе қаптай бересің, қаптай бересің, әлгі кітабың кітапханаға айналып кеткенде кітапханашы ешқашан табылмайды. Тек өлгендерден іздейсің. Ал таптың делік, жо-жооқ табылып та қойған шығар. Ол қайта тіріле ме? Жоқ! Айтпақшы, ақсақал, қазір адамдар көбейген. Кітаптары көп, өте көп. Сол үшін таралымын азайтып өзімізді құтқарып қалдық қой. Оқып үлгермейміз, адамдар саны көбейіп кетер дейтін шығар...»

Жолдастың жан айғайы ұзаққа созылған болуы керек. «Иә, балам, айта бер. Қай кітапты қалайсың?», – деген сатушы шалдың сөзі ойын бөгеді.

– Ата, сіз өз заманыңызға жақын  кітаптарды сатып отырған сияқтысыз. Қызығы, кітаптарыңыздың арасында біздің адамдардың шығармалары жоқ. Неге, ақсақал? – деп әлгіндегі ойының жалғасын айтқанын «ақсақал адам» тіркесін іштей қайталағанда ұғынды. Ойын оқып отырғандай:

– Е-е, олар да адам ба? Білмеппін, адамдар полкасынан ұшырата алмадым, – деп әлгі шал бір ескі кітаптың сыртқы мұқабасын кәрі қолымен сүртіп қойды.

– Иә, ақсақал, айтуларына қарағанда адам-ау.

– Бәсе, менің сатып отырған кітаптарымды менсінбей нансыз қалдырып жүргені сол де...

Іле Жолдастың жүрегі шыр ете қалды. Қалтасына қолын салды, ақша бәрібір жоқ болатын. Ұялған көңілді ұятсыз қолы көрсетіп қойды. Жолдас та адам еді. Адам болған соң қалтасы ақша шақырмайды. Қасын керіп:

– Иә, дұрыс айтасыз, менсінбей жүр. Бағасы тым арзан деседі, – деп күлді.

– Онда ертең қымбаттатам, сонда келіп аларсың, балам, жарай ма? – деп бір жақ езуін қисайтып, түсіндім дегендей рай танытты.

– Онда мына Толстойдың «Война и мирі» қанша, ата?

– 200 теңге, - деді, қысқа да нұсқа.

– «Қап», - деп алған самсаны жеуге жиіркеніп, лақтырып жібергісі келді. Қайтарғанмен ала қояр сатушы жоқ. Көптің бірінің тірлігін істеп, қарынның қамын бірінші жасағанына ашынған жігіт екі самсаны екі-ақ асады. Ашумен шайнады. Том-том Толстойың сар самсаның бағасынан аспайтын заманда кітап оқудың өзі ұят па қалай... Ал жазғанда кім үшін жазасың. Бүгін мынау, ертең не болады? Жер бетіндегі адам атаулы кітап жазып кететін шығар. Бәрі ақылды ғой...

Өз отына өзі күйінген жігітіміз атасына саулық айтпастан кезекті келген автобусқа отырып кетті. Қолына алған Толстойын да қайтармаған болатын. Аңдамады. Терең ойға кеткен «ақсақал адам» кітапты сұрамай алып кеткен «жас адамға» жолың болсын дегендей ұзақ қарап шығарып салды.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: Салтанат Минайханның жеке мұрағатынан

Ж. Өрісбай