Шумер және Вавилон әдебиеті

Шумер және Вавилон әдебиеті

Шумер және Вавилонның әдебиетін әлемнің ең көне әдебиеті деп айтуға болады. Ғалымдардың зерттеуіне орай, ең алғашқы қолжазбалар іскери құжаттар болған. Дегенмен, одан өзге ежелгі поэзия мен көне аңыз-әңгімелер легі бізге дейін сақталған. Солардың ішіндегі толық нұсқасымен жеткені «Гильгамеш туралы аңыз» эпосы болып табылады.

Алғашқы ескерткіштер

Ең ежелгі шумерлік және вавилондық  мәтіндер б.з.б. IV-III мыңжылдықтарды қамтиды. Бұл тіркеу тізімдері, әнұран жазбалары, мақалдар, жаңылтпаштар мен аңыз-әңгімелерден тұратын қарапайым нұсқалар. Б.з.б. III-II мыңжылдықтан «Ниппур ережелері» деп аталатын 87 әдеби мәтіннен тұратын аңыздар жинағы сақталып қалған. Тура сол кезеңде «Гильгамеш туралы аңыздың» көне вавилондық нұсқасы жазылды. Б.з.б. II мыңжылдыққа орай әдеби ескерткіштер аккад тілінде жазыла бастады. Сол кезеңде аккад тілі негізгі тілдердің біріне айналды. Ал б.з.б. I мыңжылдыққа келіп Гильгамештің негізгі бізге жеткен нұсқасы жазып қалдырылды. Түпнұсқа б.з.б. VII ғасырда Ассирия патшасы Ашурбанипалдың айтуымен салынған кітапханада сақталған (1849 жылы табылды).

Гильгамеш туралы аңыз

Екі өзен аралығының мәдениетіне жататын көне ескерткіш болып табылады. Поэманың соңғы нұсқасы Синликиуннинни деген адамның авторлығына жазылады. Бірақ басқа әдебиет тарихын зерттеушілер аңыздың жылдар бойы жинақталып жазылғанын мақұлдайды.

Гильгамеш – шумерліктердің Урук деген қаласының аты аңызға айналған билеушісі. Аңыздың желісі бойынша қаланың өркениетіне енді үйрене бастаған Энкиду есімді жігіт биліктен әбден масайраған Гильгамешке жолығады. Энкидудің мінезі тік, бағыты нақты болғандықтан Гильгамешті күшпен де, оймен де жеңеді. Сосын тұғырсыз патша адамдықтың негізін ұғу мақсатында тау-тасты аралап, қаңғып кетеді. Энкидумен достасып алып, ерліктер жасайды. Дегенмен, өзін басып озған досы Энкиду өмірден озғаннан кейін, мәңгілік өмірдің сусынын іздеуге бел буады. Бұл идея келесі мыңжылдықта алхимиктердің миссиясына айналғанын бәріміз білсек керек.

Гильгамеш пен Энкиду туралы жеке өлеңдер де біздің дәуірге аман жеткен. Екі достың бір жауы бар, ол – Хумбаба (Хувава). Олардың соғыстары мен ерліктерін көне аккад мифіндегі құдайлар бақылап отыратын болған. Бірақ осы жеке өлеңдерде бір-бірін жалғайтын еш ұқсастық жоқ. Тек батырлардың есімдері ғана бір аңыз екеніне дәйек болып отыр. Гильгамеш туралы аңыз – бұл нағыз достықтың бейнесін көрсететін ежелгі аңыз. Достардың тек бір-біріне деген қолдауы ғана емес, сонымен қатар, іштей адамгершілігін түзеуге бағытталғаны айдан анық. 

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: profilib.com

Ж. Өрісбай