Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Грант құтты болсын,
Грант құтты болсын, "балмұздақ"!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / "Бүгінгі проза" #2

"Бүгінгі проза" #2

Massaget.kz сайтында "Бүгінгі проза" атты жаңа жоба қолға алынғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгінгі кезекте Арман Әлменбеттің "Ерлі-зайыпты" атты әңгімесін ұсынамыз. Өткен жолы айтып өткеніміздей ұсынылған шығармаға замандас-қатарлас жазушылар, сыншы-әдебиеттенушылар сыни пікір білдіріп, талқыға салады. Кез келген оқырман пікір айтып, ойын ортаға салуға ерікті. Бұл ой "Бүгінгі жас жазушылардың аяқ алысы қалай?", "Кім не жазып жүр?", "Қалай жазып жүр?", "Қатарлас қаламгерлер бір-бірін оқи ма?" деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында туындап отыр. Шығарма қызу талқыға салынып, лайықты бағасын алады деген үміттеміз!

Ерлі-зайыпты

Бауыржан Мұқановқа арналады

Жұмадан сенбіге қараған түні Серәлі мен Майра облыс орталығы Қарағандыдан ауылға ең жақын қала – Жезқазғанға жүретін таксиге мінген. Қарағандыдан да әріде тұратын құдағилары қайтыс болып, соның жаназасынан келе жатқан беттері еді. Бір күн болса да ертерек үйге барайық деген ниеттің жетегіне еріп, жолдың тайғақтығына, күннің аязына қарамай шыға беруді жөн көрген болатын.

– А-а-л, біссімілә, – деп алақанын бір ысқылап алды жүргізуші жігіт жүрер алдында, – Жол тайғақ. Құдайға сиынып отырыңыздар.

Майра білгенін айтып, дұға жасаған болды. Серәлінің құлағының мүкісі бар еді, шопыр баланың не айтқанын естісе де, үндеген жоқ. Алдыңғы жаққа қарап қойып, отыра берді. Серәліден кейін отырған осылар қатарлы әйел де бетін сипап жатты. Алдыңғы орындықта, жүргізушінің жанында отырған жас жігіт қана тіл қатты:

– Жол ашық па екен өзі? Тайғақта жауып тастаушы еді ғой?

– Түстен кейін ашыпты. Таңертең жабық деп жатыр еді. Бірақ, Құдай сақтасын, жол бойы шалқалап, қырындап жатқан мәшинелер дейді. Құдай өзі сақтасын.

Арт жақтағылар да «Иә, Құдайларын» айтысты.

Автовокзалдың жанында тұрған жасыл түсті, асты аласалау келген шетелдік автокөлік қарды сықыр-сықыр еткізе таптап, орнынан қозғала берді.

Тайғақ күнгі жүріспен он сағаттық жол еді, соның тең жарыма артта қалғанда жолаушылар алғашқы сәттегі қорқыныштарын ұмытып, жайбарақат күйге түсіп, қалғуға көшкен. Жолда аударылып жатқан машиналарды, олардың айналасында бүрсең қаққан адамдарды шопыр бала жалғыз өзі байқап келе жатты. Майра бір оянғанында күйеуіне қарап еді, шалқайып, ұйықтап отыр екен. Иығына басын сүйеді де, алдыңғы жаққа – жолға қарады. Сөйтті де, көзін қайта жұма берген. Зуылдаған мотордың үні мен ызыңдаған пештің дауысын естіп жатып, ештеңе ойлауға шамасы келмей, қалғып бара жатыр еді, кенеттен... Кенеттен алдыңғы жақтан әлдененің жарығы жарқ ете қалды. Майра анық көрді. Бірақ ненің жарығы екенін пайымдап үлгере алған жоқ. Әйтеуір өте жақын жерден жанғанын түсінді. Шопыр бала тежегішті шірене басып, рөлді оңға бұрып қалды. Машина шыр айналды. Екі рет айналды ма, үш рет айналды ма, әйтеуір теріс қарап сырғыған күйі, қырындап барып биік тас жолдың шетіндегі цементтен құрылған аласа қоршауды соқты. Осындай жағдайда машинаны жолдан шығарып жібермей, ұстап қалу үшін жасалған қоршаудың быт-шыты шықсын. Шақыр етіп соққанда жұлынып кетті де, машинаға жабысқан күйі төменге аунай жөнелді. Бәрі де қас қағым сәтте болды.

Майра есін жиса, жоғарыдағы терезеден біреулер қолынан тартып, көтере алмай жатыр екен. Қабырға тұсы түйіп бара жатқанын сезді. Басы мең-зең. Тартып жатқан кім, қайдан шығара алмай жатыр, түсіне алар емес. Далаға алып шығып, жерге отырғызған соң, есіне түсе бастады. Алдымен үш баласы ойына оралды. Олар бұл машинаға мінген жоқ. Күйеуі... Орнынан атып тұрды:

– Серәлі? Серәлі қайда?

– Мен мұндамын, мұндамын.

Артынан келіп күйеуі ұстай алды. Сөйтсе де, әлгінде машинаның терезесін шығарып алған екі адамның біреуі осы күйеуі екен. Дін аман. Майра жылап жіберді. Шүкір айтып жылады. Сосын өксігін баса алмай тұрып, қалған адамдарды сұраған. Олар төңкеріліп жатқан Машинаның арғы бетінде екен. Машина солар отырған жақпен соғылса керек, ол кісілердің жағдайы бір шама қиындау секілді. Оны көріп Майра тағы жылады.

Арқаның жаяу бұрқасыны соғып тұр екен. Бұлар Қарағандыдан шыққанда күн ашық секілді еді. Қырынан жантая жатқан машинаны ықтап бесеуі едәуір уақыт отырды. Біраздан соң Жезқазғаннан жедел жәрдем көлігі келді де, ауруханаға алып кетті.

Серәлі мен Майраны, шопыр үшеуін сол түні босатты. Серәлілер қызының үйіне кетті де, шопыр жігітті полицейлер ертіп әкетті. Қарсы бетке шығып кетіп, бұлардың аударылуына себепкер болған кінәлі машина табылған екен, соның ісімен кете барды. Кейін сотқа Майраларды да шақыратын болып, мәліметтерін жазып алды. Ал жас жігіт пен қартамыс әйел бір аптадай емделетін болып, ауруханада қалған.

Ертесіне ауылға келген соң, Майра күні бойы есін жия алмай жүрді. Хәл сұрай келген әйелдермен де көп сөйлесе алған жоқ. Балаларын ойлай берді. Өліп кеткен болса, қызының, күйеу баласының халі не болар еді деп бір жылады. Қаладағы былтыр оқуын бітірген ұлының жағдайын ойлап, тағы егілді. Ал енді әлі бастауыш сыныпта оқитын кенжесінің жайын ойлауға тіпті дәті бармады. Үнсіз өкси берген.

Кешке жақын май былғап отырып, болған оқиғаларды тағы есіне алды. Шайдан кейін қисайып жатқан Серәлі ұйықтап кеткенге ұқсайды. Кіші ұлдары есік алдында ойнап жүрген. Оңаша сәтті пайдаланып, күйеуін оятып алып, аман қалғанына шүкір айтып, бір ақтарылғысы келді. Балаларға деген, оның өзіне деген махаббатын да айтқысы келді. Бірақ отасқандарына отыз жылға таяса да, олай шешіліп сөйлесіп көрмепті. Кітаптарда, киноларда болатын ерлі-зайыптылардың қарым қатынасына Майра таңқала қарайтын.

Солар құсап шешіле сөйлеу біртүрлі жасанды секілді көрінеді. Одан гөрі томаға тұйық күйеуімен үнсіз түсініскенді тәуір көретіндей. Бұйра шашын жастыққа батырып, ұйықтап жатқан күйеуіне қарап жымиып қойды. Кешеден бері үнсіз жүргенін, әлсін-әлсін бұған қарап тұнжырай беретінін де байқаған.

Бұндай сәттерде тіпті іші елжіреп кетеді. Жай күндері болмашыға бола ұрсысып қалатындарын ойлайды. Бір-бірінің бар екенін көпсіне ме, осы адамдар керісе беретіндері несі екен. Кеше, мысалға,екеуінің біреуі жазым болып кеткенде не болар еді?

Құдай-ай, өзің сақтай гөр... Майра жас шалына бастаған көзін білегімен бір сүртіп өтті де, күйеуіне тағы қарады. Қартаяйын дегені ғой, Серәлінің шашы селдір тартып, маңдайы жарқырай түсіпті. Жас кезінде қалың кекілі қабағына түсіп тұрушы еді. Ол кезде Майра де жас. Тура мына бүгінде тұрмыс құрып отырған жалғыз қызы секілді. Ол өзі осы Майраға тартып, жүзінде нұры ойнаған сұлу болып өсті ғой. Одан кейінгі екі ұлы да сымбаттан кенде емес... Майра осындай ойлармен отырып, майын былғай берген.

***

Жол апатынан кейін үш күн өткенде, дүйсенбіде Майра жұмысына барды. Жағдайдан хабардар болған бастығы түсіністікпен қарап, түске дейін көп жұмыс істеткен жоқ. Майра әріптес әйелдерге басынан өткенін айтумен болды. Олар да өз кезектерінде естіген, көргендерін айтысып жатты.

Түстен кейін әңгіме сұрап келушілердің қатары сиреді де, кабинетте Майра жалғыз қалған. Күні бойғы әңгімеден кейін біраз жеңілдеп қалған екен, енді оны-мұны қағаздарды толтыруға отырған беті еді, кабинетке күйеуі кіріп келгені. Қолында қорабы бар.

– Неғып жүрсің?

Күйеуі жауап берген жоқ. Қорапты ұстаған күйі алдына келді де, қағаздар жатқан столдың үстіне қоя салды. Неге екені, осы кезде Майраның жүрегі тулап кетті. Бірақ онысын білдірмеуге тырысты. Қорапты көрмеген адамдай, ол туралы ештеңе сұраған жоқ. Күйеуі болса оқушы бала секілді түп-түзу бұрылды да, анадай жердегі орындыққа барып отырды. Майра енді күйеуінен жұмысын, кенжесінің сабағын, малдың жайланған-жайланбағанын сұрай бастады. Серәлі де түскі аста ғана айтылған, белгілі нәрселерге мағынасыз жауап беріп, өзінен өзі қипақтап, сәл отырды. Сосын тұрды да, үндеместен кабинеттен шығып жүре берді.

Күйеуі шығып кеткен соң, Майра қызыл түсті әдемі жіппен байланған қорапты аша бастады. Ашып қараса... ішінде шаш кептіретін фен екен. Жылтыр қағазға әдемілеп оралыпты. Майра өлімнің аузынан қайтқаннан кейін, есі кіріп-шығып жүргенде бүгін өзінің туған күні екенін де ұмытып кетіпті. Өмірінде бірінші рет күйеуінен сыйлық алып тұрғанда есіне бір-ақ түсті.

2012 жыл.

"Бүгінгі проза" #1 - Мәди Алжанбай. "Үрей" (әңгіме)

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 29 қаңтар 2014, 11:59
Пікірлер
+0
29 қаңтар 2014, 15:15

Ұнады!

+0
29 қаңтар 2014, 18:26

Арман Әлменбет XXI ғасырдың жазушысы! Жазушы ағамызға шығармашылық табыстар тілеймін! "Мимырт" атты романын оқыңыздаршы..

+0
30 қаңтар 2014, 11:13

Не алғашқы шығармасының бірі, не сәтсіздеу күні ыңғайсыз көңіл-күймен жазылған ба деймін. Бастар алдындағы жоспары мен ой дұрыс, бірақ, тура ойлағанындай алып шыға алмаған. Тұтас шығарма бойндағы артықшылықтарға көз жұмуға да болмайды. жаңа буын қазақ прозасына Арман естірген лептің жылуы бұрқырайды.

+0
30 қаңтар 2014, 16:51

Бұ шығараманы кітаптан оқыған ем алғашқыда. Ұл-ағаң айтқандай, мен басқаша сөжет пен кульминацияны күткен болатынмын. Дегенмен қарапайым ғана әр қазақтың басындағы нәрсе ғой. Жалпы А.Әлменбет мырзаның қаламынан туған "Мимыртты" қатты ұнаттым да әңгімелерін солай қабылдай алмағаным бар. Арекеңе бір айтқам да. Лебіз ғой біздікі.
Ал енді шығармадан түйген түйіннің бірі: қазақта әйелдің ерге көңіл бөлгенін бағалау бар да, ердің әйелге деген көңіл жықпастығын төмендеткіміз келіп тұратын мінез бар. Арылу керек дейді-ау Арман бұдан. Дұрыс. мен бірақ "өз деңгейінде" арылса екен деймін.
Жазар көбейсін!

+0
30 қаңтар 2014, 23:33

Шығарма жақсы. Әр басқа оқиғалардан құрастырылатын киноальманахтардың бір хикаясы ретінде алуға болатын әңгіме сияқты. Мазмұнына қатысты сын жоқ, идеясы авторлық еркіндікті толық ақтайды. Тек қана шығарманың басынан-аяқ емле қателерінен тұратыны қынжылтты. Көркем шығарма клавиатураны асығыс-үсігіс басып жаза салатын дүние емес қой. "Шаш кептіретін фенЬ" кульминацияның абыройын төгіп тұр.

+0
04 ақпан 2014, 13:05

Бұл бір сілкіну, арылу сияқты. Үлкен дүниеге отырар алдындағы ойды тазарту үшін салынған қиқы-шойқы сурет іспеттес.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.