Рүстем Еркінұлы. "Ескерткіш хикаясы"

Рүстем Еркінұлы. "Ескерткіш хикаясы"

Бүгін сіздерге Массагет порталының тұрақты оқырмандарының бірі Рүстем Еркінұлының "Ескерткіш хикаясы" атты шағын әңгімесін ұсынғалы отырмыз. Рүстем Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультеті мен Қазақ Гуманитарлық инновациялық-заң университетінің заңгерлік факультетінің түлегі. Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше газеттерде тілші қызметін атқарған.

Ескерткіш хикаясы

Ол басын қос қолдап ұстап отыр. Түні  бойы араққа сылқия тойған маскүнемдей басы мең-зең. "Қайдан ғана бұл пәлеге тап болдым?" деген сауал жанын жегідей жеп, жұмысқа деген кежегесін кері тартады. "Тыныш қана өз орнымда жүре берсемші..." Таң  атпай безек қаққан телефонды тыңдағысы келмесе де, тұтқаны амалсыз көтерді.

-Мен ғой, Бақсыгелді Иембаев.

-Тыныштық па?

-Болмай тұр, Сержан Қасымұлы. Алаңдағы ескерткіштің жағдайы баяғы.

-Е, оған не болды? Тұр емес пе қайқайып. Әлде... Құлап қалып па еді?

-Аманы аман ғой... Бірақ енді аман болмайтын сияқты.... Қазір өзіңізге кіре аламын ба?

... Бұл ауданға басшы шақ келмейді. Өзінің нешінші болып келгенін кейде ұмытып қалатын болыпты. Ұмытпай қайтсін. Аудан тізгінін қолға алғаннан бері неше түрлі табиғи апаттар мұның әкім болып келгенін тосып тұрғандай қаптап кетті. Талай жылдан бері арнасы тазаланбаған өзен жарықтыққа қардың суы қосылып кеткенін айтсаңшы. Қырсықтың көкесі де осы... Үлкен кісіден де тәуір сөз естіді. Тым болмаса, қардың суын бөгеуге күл толтырылған қаптарды ыңғайластыру қиын болды ма? деген телефон тұтқасының ар жағыннан шыққан ызғарлы сөзі оның түн ұйқысын төрт бөліп, жандайшаптарының да берекесін  қашырды.

...Есіктің қағылуы қаумалаған ойын тағы бөліп кетті. Ұры мысықтай ішке лып берген Бақсыбек Иембаев ақсаңдай басып, алдына жайғаса кетті. Өмірі кісі көзіне тура қарамайтын оның ауданның ішкі саясатын басқарып келе жатқалы талай жыл. Талай әкім келіп-кетсе де, орнынан мызғымайтын ол шешендігімен де жұртқа танымал. Қара сөзден сорпа қайнататын қулардың бірі осы. Не айтқысы келді екен, таң атпай, ә? Тағы не бүлінді?

-Пәлеге ұрындық....

-Әй, осы сіз де... Тағы не болды?

-Анау тыныш жүрмей, - деп күмілжіді Бақсыбек.

-Иә? Кім тыныш жүрмеген? Ақсақалдар ма тағы?

-Анау алаңда тұрған ескерткіш аудандық газет тілшісінің көңіліне жақпай қалыпты. Онымен бірге көрші  ауылдағы бидің ескерткішін қоса сынапты....

-Жарар. Жаза берсін, оның жазғанын кім оқып, кім керек қылып жатыр дейсіз. Жазып-жазып қояды. Айтпақшы, ол өзі әлі істеп жүр ме еді?

-Істеп жүр. Сержан Қасымұлы....

-Не тағы?

-Ол үлкен кісіге осы ескерткіштер туралы сұрақ қойыпты...

-Не қарап жүрсіңдер?! Не депті ол үлкен кісіге?

Бақсыбек тағы күмілжіді. Менің бұл жерде кінәм қанша деп айтайын десе, зейнет жасына жетіп қалған жасы мен жұмсақ креслоны қимайды. Атаңа нәлет... Өзіңнен мүшел жас кіші адамнан сөз түгілі сөгіс естімеген шақшадай басы шарадай болды-ау...

-Енді... Айтарын айтыпты. Жазып беріпті жіпке тізіп...Қолын да қойып жіберіпті. Абырой болғанда, сіздің атыңызға жаман сөз жазылмапты....

Мәссаған, безгелдек! Енді жетпегені осы еді. Көктемгі сүргіннен аман өттім-ау дегенде. Қап, сені ме?! Қаны басына тепті. Орнынан әзер түрегеліп, телефонды қарманды.  

-Шақыр ана редакторды! Тез келсін!

-Тілшісін де шақырайын ба?

-Жоқ! Керек емес ондай антұрғанмен сөйлесіп....

Бақсыбек Иембайұлы басын шұлғып, артын көрсетпестен кабинеттен мысық табандап шығып кетті. Есіктің жабылғаны табыттың қақпағы жабылғандай естілді. Не істеу керек? Ана бір жылы ерекше ықыласпен қолға алған орталықтағы ескерткішті тұғырына қонғанда барлығы жатып кеп мақтап еді. Бәріне ұнаған жарықтық неге, неліктен оған ұнамады екен? Анау ауылдағы бидің ескерткіші осыдан сегіз жыл бұрын бой көтергенде, ешкім қарсы болмап еді...  Ашылу салтанатында дауылдың қара топырақты аспанға көтергені болмаса... Жұртқа  қара дауыл таңсық емес. Үлкен кісіні айтсаңшы, үлкен кісіні... Оның алдында әзер дегенде жинаған беделін мына боскелбай ескерткіштер арқылы шашпақ ойда ма? Жо-жоқ... Ол бола қоймас....

Оның басының ауыратын жөні бар. Домалақ арыз жазатын белсенділердің аузын әзер жапқанда, енді жер астынан шыққан жіктей болып мынау шықты. Оны аш бөрідей қаумалаған ойларын ішке енген Бақсыбек Иембаев пен газет редакторы Жарықгүл Құлғазина бөлді.

-Иә.... Отырыңыздар...

-Сержан Қасымұлы... Менің еш кінәм жоқ.

Басталды тағы. Иә... Алаңсыз билік құру деген мына заманда қиялға айналып барады. Азулы ақсақалмен соттасқан бұрынғы әкімнің әлегінің өзі неге тұрады. Қария да қызық адам. Несі бар тыныш жүрмей. Орнында отырмайтын әкіммен жағаласып... Содан басталған сайқымазақ сот оны аудан әкімі алдында жығып берсе де, шалың қыңқ етпеді. Жығылған күреске тоймастың керін келтіріп, жоғары шапты. Ақыры жеңіп шықты. Енді, міне мына ескерткіш сопаң етіп шыға келді...

- Менің бұл жағдайға еш қатысым жоқ. Маған айтпай істеді. Қарсы келеді маған. Жазба дегенді жазам деп, жанталасады да жүреді. Сенбесеңіз, мына кісіден  сұраңыз...

Оның қаны басына тағы шапшыды. Ендігі қалғаны қияңқы тілшінің тірлігін түгендеп шығу еді. Кім ол сонша? Не істеу керек? Қалай құтылса болады мына пәледен деген ой оның жанын жегідей жеп барады. Оның ойлы қалпын аңғарды ма, мүләйім халдегі екеуі үнсіз ғана тыныш отыр. Не десең де, «Ләббай, тақсырдан» басқа айтарлары шамалы. Осы бір газет ашылғаннан бетін ашып қарамайтын еді. Үлкен кісі газетті көп оқиды дегенді естігеннен бері, шамасы жеткенше барлық газеттерді парақтауды әдетке амалсыз айналдырды. Жарықтық комсомолдың дәуірлеп тұрған кезінде атағынан ат үркетін орталық газеттің өзін оқымайтын. Енді міне....

-Қойған сауалында сіздің бастамаңызбен салынған антиядорлық ескерткіш-монумент қатты сынға алыныпты. Аудан қоржынынан бөлінген ақшаның керекті мақсатта жұмсалмағыны көрініп тұр деп лағып кетіпті... – деп редактор байғұстың жаны шығып барады. Шықпағанда қайтсін-ай.. Әзер дегенде қолын жеткізген қызметінен айрылып қаламын-ау деген үрейі зор. Құдай сақтағанда, мақаласын қадағалағаны абырой болыпты. Маңдайынан шып-шып шыққан ащы тер көзіне құлай сырғып, жылағысы келгендей ме... Мақаланың соңындағы аттың аталық мүшесіндей қасқайған ескерткішті түйрей сынаған тұсын алдап қиғызып тастағанына қатты қуанды. Сақтады, Құдай, үлкен сақтады. Тәлтіректей түрегеліп, кеше қала баспаханасынан бастырып әкелген қызыл-ала газетті әкімнің қолына ұмсынды.

- Міне, көріңізші. Айтқаныңызды мүлтіксіз орындадым. Қи деген жеріңізді түгел қидым. Қиянқы немені әзер көндірдім.

Газетке қарағысы келмесе де, амалсыз қолына алды. Парақтай жөнелгені сол-ақ, іздегені көзіне оттай басылды. Не дейді-ей мынау, ә? Мына ақымақтың істегені ме...  Сылқ етіп креслосына қонжия кетті. Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп едім дегеннің кері осы. Мына редактор да қырсыққандай тілшісімен ерегісіп алды. Көктемде елдің жалақысы өсіп қуанып жатқанда, оның жалақысына тиіспей-ақ қоюы керек еді. Ал бұл болса жағаласып алды қырсық шалғанда... Онсыз да қалтасы жұқа аудан бюджетінен қағыстырып берген ақшаны қанағат қылмайтын жемқорлығы бар оны қайдан ғана қойды осы орынға. Қайдан? Бұрынғы әкімнің фавориті болған оның оған қай жері ұнады екен, ә? Редактор бұл жерде кінәсіз болса да, қипақтап-ақ отыр. Білдей  аудандық газеттің басшысы бұрын басқа салада қырғаны шамалы болса да, әйтеуір газет уақытында жарыққа шығуда. Соған бәрі шүкірлік қылып, тыныш жүр еді. Енді міне... Әкімнің алдындағы беделінен қазір жұрнақ та қалмады. Жұмысқа аларда тойған қозыдай момақан тілшісі жүре келе айбат көрсететін қасқырға айналды. Көктемдегі су тасқыны кезінде әзер тоқтатқаны есіне түссе, төбе шашы тік тұрады. Тыныш тұрған ескерткішке шүйліккен оны жарты жыл бөгей алғанымен, қияңқылығын көрсетті ақыры. Үнсіздікті ұзаққа жалғастырғысы келмеген әкім газетті жайына қалдырып, алдындағы екеуіне тесіле қарады. Байғұстардың өңі қашып кеткен. Ылғый да осы хал. Енді қимылдамаса болмайды. Сонымен, не істеу керек өзі? Үлкен кісіге қандай да болса жауап беруі керек. Жауапты жазатын өзі болмаса да, қиналары белгілі. "Жаз!" деді ол өктем дауыспен. Осыны күтіп отырғандай, екеуі орындарынан ұшып түрегелді. "Нені?" десті қосарланып.

-Жауап жазыңдар.

-Кімге, сізге ме?

- Маған емес! Облысқа жазыңдар.

-Не деп? 

-Тақауда жөндейміз дейсіңдер ме, қазір құлатамыз дейсіңдер ме, өздерің біліңдер. Ал ана қияңқыны мен енді көрмейтін болайын. Түсінікті ме? Боссыздар.

Аман құтылғандарына қуанышты екеуінің кіргендегі әлемтапырық түрлерінен қуаныш нышаны байқалады. Жандары қалғанына шүкірлік етіп, жылыстап шығып кеткен олардың кеткенін де байқамай қалған ол тағы да қалың ойға шомып кетті. Орынбасар болып жүрген кезі бір дәурен екен-ау... Жиналыстар мен концерттердің шымылдығын ашып қана тыныш жүр еді-ау... Ақсақалмен тірескен алдыңғы басшының арыны қайтады деп ешкім де ойламады. Ақыры оны үлкен кісінің өзі басқа ауданға жіберіп, дүрліккен ауыл әзер тыншыды. Орнына қоятын жан таппағандай бұны мәслихат депутаттары облыстан сұрап алды. Иә, сұрап алды. Басында қипақтап, келіскісі келмесе де, билік шіркін дегенін істетті. Енді, мына мәселе шешімін таппаса, бұдан жаман әкім жоқ..  Қайтсем, жағам?!

...Содан бері талай уақыт өтті. Басшы шақ келмейтін ауданның басшысы тағы өзгерді. Бұрынғы әкім орнын босатқанда, жай кетпеді. Өзімен қоса ескерткішін де ала кетті десті жұрт.  Жаңа басшыға ұнай қоймаған сайқымазақ есткерткіштің орнына еңселі монумент бой көтерді. Ескерткіш пен «авторы» кеткенімен, оның маңайындағы жар жағалаған жантықтар орнында қалды. Оны сынауға әуес тілшіні қазір орнынан таппайсыз. Қалғаны қаз-қалпында....

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Рүстем Еркінұлынан және tourgenius.ru