Қарымталы қайыршылық

Қарымталы қайыршылық

Харитон жаңа жылдың алғашқы күні ертемен, қаланың адам аз мезгілінде қала сыртындағы саяжайына жетіп алмақ болып, метроға мінді. Үйге жеткенше кітап оқып барармын, немесе аздап көз шырымын алармын деп ойлаған. Олай болмады. Көлік қозғалғаны сол еді, сақал-мұрты өсіп кеткен, алба-жұлба киімді бір еркек вагон ортасына талтайып тұрып алып:

-  Мейірімді жандар, көмектесіңіздер, қол ұшын беріңіздер! – деп қайыршылық хәлге түсу себебін айтып тұрып алды.

Бірлі-жарым жұртқа ілесіп, Харитон да қайырымдылық жасады.

Әлгі қайыршы еркектің кеткені сол еді, ізін басып вагонға нәресте көтерген егделеу әйел кіріп келіп:

- Мейірімді жандар, көмектесіңіздер, қол ұшын беріңіздер! – деп қолындағы нәрестесін шыр еткізгенде, Харитон қалтасына қолын тереңірек сүңгітіп жібергенін өзі де байқамай қалды.

Харитон бұлай боларын білмепті. Жағдайы мүшкіл, мүсәпір жандар көл-көсір екен. Келіп кірген қайыршылардың әрбірінің осы кейіпке түсуінің себебін естіең қабырғаң қайысады, жүрегің сыздайды. Оның үстіне бұл болмысынан әсерленгіш және сенгіш жан. Қайыршы біткеннің хал-жайы мұны бей-жай қалдырмай, кірген жанның әрбіріне қалтасын қағып, меселін қайтармады. Тіпті мына бір азаматтың баласының көлік апатына жолығып, қызы газға уланып өлгенін естіп, қалтасының түбін қағып, бере қояр соқыр тиын қолына ілікпеген соң, қарадай ұялып, бітінің оты шыға ыңғайсыз күйге түскені.

Енді ойласа өзі де метродан түсіп, өз үйіне дейін автобусқа міну керек екен. Әйелі де жол-жөнекей демалыс күндеріне тап келген жаңа жылды тойлауға жетерлік азық-түлік ала кел деген еді. Ал сосын үйінде ем-дом алып жатқан енесіне дәрі-дәрмек те ала бару керек.

Ал керек болса! Құры қол саяжай қақпасынан аттап көр!

Харитон амалсыздан көрші вагонға кірді:

- Мейірімді жандар, көмектесіңіздер, қол ұшын беріңіздер! – деп мүсәпір кейіпке түсті де, қалай қайыршылық күйге түскенін термелей жөнелді.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: elares.net

Қ. Қауымбек