Көз жасыңды шайып кетсін тамшылар...

Көз жасыңды шайып кетсін тамшылар...

Әлішер Әлімжан Әлішерұлы 1994 жылы ОҚО, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген.

Қазір М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің 2-курс студенті. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері. Атап айтқанда, облыстық «Поэзияда-2012» сайысының бас жүлде иегері. 2009 жылы Қ.А. Яссауи бабамызды ұлықтау мақсатында республикалық көлемде Түркістан қаласында өткен жыр сайысының грант иегері, республикалық «Махамбет» мүшәйрасының 3-орын иегері.

Сен маған ешкiм де емессiң...

Құмыққан

Көңiлде көмескi үн…

Бүгiнде тоспайды менi ешкiм.

Сен маған ешкiм де емессiң,

Мен саған ешкiм де емеспiн.

Сезiмнiң түсiнбей астарын,

Бейкүнә сананы ластадың.

Сен маған сыйлаған тұмарды,

Бүгiн мен лақтырып тастадым.

Қорықтым сезiмнiң күзiнен,

Торып мұң...

Үмiттi үзiп ем.

Өзiңнен басқа бiр қандай қыз,

Жiгiттiң жүрегiн мүжiген?

Жыры бiр бiз күткен үмiттiң,

Сезiмнiң қорғанын үгiттің.

Есiме алмаймын мен енді,

Ұмыттым,

Ұмыттым,

Ұмыттым.

Көңілде құмыққан көмескі үн...

Бүгiнде тоспайды менi ешкiм.

Сен маған ешкiм де емессiң,

Мен саған ешкiм де емеспiн.

 

 ***

Көк орындық, сол саябақ сарғайған,

Ақын жүрек күзге жырын арнай дал.

 Шақырымдар, жылдар-жолдар, Алматы,

 Мына менiң сезiмiме салды ойран.

 

Сенделгем мен жалын iздеп сан жылда,

 Оң берген де сен ең сол бiр тағдырға.

 Ауған кезден тағдырыңнан жанарым,

 Жауған көзден шомылып жүр жаңбырға.

 

Сен туралы мұңайтады түн бөлек,

Сен туралы сыр айтады гүл де ерек.

 Күл өмiрмен жанып кеткен жүрегiм,

 Жүрегiнде ендi кiмнiң гүлдемек ?!

 

...Көк орындық, сол саябақ сарғайған,

Таныс кылық нәзiк сыбап маңдайдан, -

Алақаны әлдекiмнiң көзiмдi,

Жауып калды... Сен бе екенсiң ?

Әй, қайдам…


Жаңбыр жауған түн

Түйiстiрiп қара түн мен таң нұрын, 

Тағы ессiз көше кездім, қаңғыдым.

Жасын найза бұлтты аспанды тескілеп,

Жауғызғандай маған арнап жаңбырын.

 

Араласып жаңбырменен аңсап жыр,

Ағады бір жанарымнан моншақ мұң.

Келгенменен қашып бірге өзiңмен,

Көлбеңдеген бөгет бөліп, қоршап тұр.

 

Көкте мен де жарқырауға бекідім,

Көк тамыры жүрегімнің оты біл.

Күркiрiмен найзағайдың сырласып,

Күрсiнумен мұңлы өлең оқыдым.

 

Бүгін менің көңілімде Шәмші дал,

Бәлкiм үнсіз салған жаным ән шығар.

Көшеге шық жасып тұрсаң, ақылдым,

Көз жасыңды шайып кетсiн тамшылар.

 

Менiң қазір бар қалауым қалаған,

Маған ендi өкінішпен қарама.

Келістік пе?

Көк жасымен буланып,

Кеңiстiкке сiңiп мен де жоғалам.

 ***

Сиқырланып дидарыңа қалыппын,

Ұйқымды анық алдың ұрлап, көріктім.

Сүйгем әттең, санасудан жалықтым,

Түймедақпен пал ашудан зеріктім.

 

Алаңдаймын алыстатып алардай,

Түйсігімде небір ойлар іркілді.

Отырғаным сізге теңеу таба алмай...

Періштеден аумайсыз ба, біртүрлі.

 

Тосып жүрмін ерекше бір ыңғайын,

Сосын мүмкін қайта сүйем көктемді.

Бір тармаққа қойылуға тұр дайын,

Сізден жақсы хабар күтіп леп белгі!

 

 Кешір жаным тұңғиық тым мұң едім,

Жоқ та шығар маған, сірә, сай теңіз.

Сізді уақыт күте алмады, білемін,

Бізді бақыт тосып жүр ғой, қайтеміз???

М?

 

Келісім

(ассонанс)  

Ең жұпарлы – мамырдың гүлдерінен,

Ең бақытты – өмірдің күндерінен.

Ең сиқырлы – махаббат әуенінен,

Ең балауса – ертегі әлемінен.

Ең мейірлі – адамның назарынан,

Ең шуақты – көктемнің ажарынан,

Ең шынайы – махаббат базарынан.

Ең шырайлы – сезімнің ғазалынан,

Ең нұрланған – өмірдің тармағынан,

Ең кіршіксіз – ақ ұлпа қарларынан.

Ең әдемі – сұлулық көздерінен,

Ең ғажайып – сөйлемнің сөздерінен.

 

P.S. Егер өлең өрнектесем сен үшін,

Еркем, сонда беремісің келісім?!

Көшедегі кейіпкер

 Қанша пенде иыққа сап жүр мұңды,

Жаным қаяу, көңiл неге кiрбiңдi?

Өлең менiң перiштемдi жұбатты,

Әлде мені жылаңқы қып тындырды.

 

Жанарыма тығып қойдым ызаны,

Ызамды да бiр назiктiк бұзады.

Мүмкiн менiң сабырымның сынағы,

Мүмкін ызам сайтандардың тұзағы.

 

Елiктеген перiлердiң биiне,

Пенделердiң болмысына күйiнем.

Мейiрiмдi жиып алып неге осы,

Сәтсiздiкке ұшырасам жиi мен.

 

Түйсiгiмде миға сыймас аңсар көп,

Ойлап қоям жарқырап бiр жансам деп.

Өлеңдетiп ескi ауыл көшесiн,

Жүрiп келем герзi етiгiм шаң-шаң боп...


Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: wnemy.mypage.ru, chitalnya.rupearlinthemud.blogspot.com, 

goodfon.ru

А. Әбілхан