Бауыржан Әліқожа : "Мен өлеңді емес, өлең мені жазады"

Бауыржан Әліқожа : "Мен өлеңді емес, өлең мені жазады"

Алматыдағы "Раритет" баспасынан ақын Бауыржан Әліқожаның "Ақтүн" атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы орайда ақынның өзімен тілдесіп, кітабы, шығармашылығы туралы сұрағанды жөн көрдік.

"Бауыржан Әліқожа 1990 жылы 10 сәуірде Түркістан облысы, қазіргі Арыс ауданы (бұрынғы Отырар) өңірінде дүниеге келген. "Айтұма", "Хұснихат" жыр жинақтарының авторы. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Жас қаламгерлердің Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлығының, халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің "Баспасөз және электронды БАҚ" кафедрасының аға оқытушысы. 

– Бауыржан алдымен өзіңді таныстырып өтсең, қай жақтың тумасысың?

Түркістан облысы, Арыс ауданы Қожатоғай деген ауылдың тумасымын. Бұл жерде кезінде Қоқан хандығына қарсы шыққан Мәделі батыр, "Майлықожа, Құлыншақ, Пірім еді бас ұрған" деп Жамбыл жырлаған Майлықожа туған жер. Содан кейін әдебиетте, өлеңде бағыт-бағдарын берген ағамыз Аманхан Әлімұлының, саз әлемі, өлең өлкесінде ізін қалдырып келе жатқан Жәкен Омаровтың туған жері. Солардың аға буындардың ізін алып әдебиетке келдік.

 – Өлеңді қанша жастан жаза бастадың, алғашқы жазған өлеңің есіңде ме?

5-6 жасымда ауыл арасында туған-туыс, көрші-қолаң жиналған кезде 1-2 шумақ тақпақ оқып беретін едім. Сол өлеңдер "ақын бала" атандырды. Қазір олар есімде жоқ. Әже, ата, ұстаздарға арналған еді. 2003 жылы 13 жаста аудандық, облыстық газеттерге туған жер туралы өлеңдерім шықты. 7-сынып оқып жүргенде республикалық "Ұлан" газетіне тырнақалды туындыларым басылды. Содан кейін "менің де өлеңдерім қалтарыста қалып кетпей, жарыққа шығады екен" деген сенім берді. Қанаттандырды, шабыттандырды.

Негізінде, өлеңге келуіме ақын Аманхан Әлімұлы тікелей себепкер болды. 2001 жылы тірі ақынды тұңғыш көруім, ауылымызға Аманхан ағамыз келді. Мектепте кездесу  болды. "Апа", "Құйын" деген өлеңдерін бұрқыратып оқыған кезде өлеңдеріміздің өлең емес екенін, жырдың талғамы, талабы бөлек екенін түсіндік.

Кейіннен Алматыға келіп, журналистика факультетінде оқыдым. Сол кезде Алматыдағы менмін деген классик ағалардың жылы пікірлерінен өлеңге деген көзқарасымыз анықталып, солардың сынын естіп қанатымыз қатайды. Өлеңге деген көзқарасымыз, талғамымыз қалыптасты. 

– Лирика музыканың тіл арқылы жазылған көрінісі. Өзіңді лирик ақын дейді. Бүгінде ақын болуға, оның ішінде лирик ақын болуға бола ма?

Жалпы, "лирика" дегеніміз көңіл күйдің көрінісі ғой. Неден әсерлендің, нені сездің деген сияқты... Соны қаз-қалпында, шырпыны жаққан сәттегі сезіміңді дәл қағазға түсіре білсең лирика сол. Ал екі жол жазып қойып, кейін жалғастырамын десең дәл сол кездің сезімін бере алмауы мүмкін. Жүсіпбек Аймауытов "Абайдан соңғы ақындарында": "Әрбір адамның жүрегінде бір жасырын тіл, күй, сыр бар, ақынның сыршылдығы сол сырды тап басып көре білуінде, сезінгенін жаза білуінде" дейді. Кейде бір өлеңдерді оқып отырғанда "мынаны неге мен жазбадым, менің басымнан өткен жай ғой?!" деген сезім болады. Бұл іштарлық емес, шығармашылық қызғаныш. Ақынның ақындығы жүз жүректе булығып жатқан сырды оята білуінде. Жалпы, осындай ақын сыршыл, лирик ақын болады.

 – "Ақтүн" атты кезекті өлеңдер жинағыңа пікір жазған, ақындар – Темірхан Медетбек пен Нұржан Қуантайұлы, жазушы Кәкен Хамзин де өзіңді күз ақыны деп сипаттайды. Өлеңді күзде жазасың ба? Сен үшін күз нені білдіреді?

Менің қалам тербейтін мезгілім күз бен көктем. Көктемді жақсы көрген себебім, сол маусымда дүние жасарып, құлпырып кетеді. Жаңа тыныс ашылып жатқан кезде сенің де ішкі әлеміңде буырқанған сезімдер бас көтере бастайды. Ол кезде қалай жазу үстеліне отырғаныңды байқамай қаласың. Ол кезде өлеңді сен емес, өлең сені жазып жатқандай болады. Күздің де шығармашылығыма, шабытымның маздауына өзіндік әсері бар. Ақынның шабыты құстар қайтқанда немесе келгенде қозатын ауру сынды. Құстың сыңсып қоштасып бара жатқан әуені, қоп-қоңыр, төгіліп жатқан жапырақтар ақынның ішкі әлеміңдегі сағынышты, мұңды қоздырады. Сондай кезде қолыңа қалам алып, жазып жатқаныңды өзің де байқамай қаласың.  

– Содан соң, өлеңдерде Ай көбірек суреттеледі екен. "Сұлуым, есімің Ай" сынды жырларың да бар. Әр ақынның бір музасы болады. Сенің музаң Ай ма?

Айдың бүкіл ақынның шығармашылығында өзіндік орны бар. Ай деген жарықтың, түнекті қуудың символы. Ал, ақын әлемінде Аймен сырласып отырып ішкі мұңын жеткізетін сияқты. Ай саған жақыннан төніп сәулесін төгетін сияқты немесе бұлттарға тығылып жасырынып қалатын сияқты. Оқушы кезде:

"Ай менен бұлттарға тығылып қалады,
Жасырынбақ ойнар тәрізді.
Айтқанымды ұғып та алады,
Анам сияқты жаны ізгі", - деп жазғаным бар еді.

Жалпы, Айды жырлау арқылы оған ғашықтығыңды жасыру мүмкін емес. Кітаптан байқаған болсаң "Айменен астасқан қыз", "Аймен сұлу Айсұлу" деген тізбектелген өлеңдер бар. Айды жырлау арқылы есімі "Ай" мен басталатын қыздарға ғашық болдым. Есімі "Ай-мен" басталатын қыз музам болды. Сол Айды жырлау арқылы Аймен астасқан қызға қол жеткіздік.

 – Бұл кітабыңа түрік ақыны Вейсел Шатыроғлы мен әзербайжан ақыны Хусейн Жауидтен өлеңдерінің аудармаларын енгізіпсің. Жалпы, аудармаға қалай келдің? "Аударма ақынды шыңдайды" деген сөзбен келісесің бе?

Кейде 5-6 айға дейін өлең жазбауың мүмкін. Чеховтың "шабыт деген жалқаулардың үйіне бас сұқпайтын тәкаппар сұлу" дейтіні бар. Өзіңді жұмыс үстеліне шегендеп қойып,  бір шумақ та өлең жаза алмаған кезде аудармамен айналыссаң, табиғатың жақын ақындарды тәржімаласаң жарысып аударасың. Бәсекелесесің. Кейде ол айтпаған сөзді айтпаған ойды көркемдеп жіберуің мүмкін. Бірақ сұлбасын, қаңқасын сақтап. Кейде аудармаға түскен кейбір өлең жолдарыңды аудармаға да қимай қаласың.

2011-12 жылдары марқұм Әмірхан ағамыз түрік поэзия антологиясын құрастырды. 21-22 жастағы жас жігітпін. Сол кезде маған Вейсел Шатыроғлының жолма-жол аудармасымен 10 шақты өлеңін берді. Бұл еркін аударма болды. Бірінші аудармам сол. Әзербайжан ақыны Хусейн Жауидтің өлеңдерін Бауыржан Жақып ағамыздың қолқалауымен тәржімалап шықтым. Осылай аудармаға деген тәжірибем қалыптасты.

– Неге кітабыңның атын "Ақтүн" деп қойдың?

2013 жылы магистратурада оқып жүргенде Санкт-Петербургке барып, диссертацияма материалдар қарадым. Маусымның орта кезі еді. Мен түн мен күннің айырмашылығы жоқ  – "Ақтүнге" тап келіппін. Сол кезде кітаптың атауы туды. Бір жағы ақ пен қараның текетіресі және жаздағы жарық түннің аты. Лирика, махаббат барлығын біріктіріп "Ақтүн" деп атауды ұйғардым.

– Сенің ақын ретінде таныла бастаған кезіңде адамдардың, қоғамның өлеңге деген ықыласы ерекше еді. Түрлі сайттарда, БАҚ беттерінде ақындардың өлеңі бұрқырап шығып жататын. Кейінгі кезде сол белсенділік, ақындар басылып қалған сияқты. Өзің ақыннан бөлек университетте ұстазсың. Филология мен журналистикаға ақындар көптеп келуші еді. Қазіргі жастардың беталысы қалай?

– 2010 жылы "Шабыт" фестиваліне алғаш рет бардым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ақындармен таныстық. "Поэзия" аталымы бойынша қателеспесем 50 шақты ақын үміткер болды. 2012 жылы барғанымда Фариза апамыздың қолынан 2 орын алып қайттым. Сол жылдары халықтың өлеңге деген ықыласы ерекше еді. Әрине, қазір де жоғалып кеткен жоқ. Бірақ сол кезде өлеңге сусаған, шөліркеген жастар мол еді. Бүгінде олар республикаға танымал ақындарға айналып жатыр. Мағжан ақын айтқандай "толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады" екен. ҚазҰУ-дың журналистикасы мен филологиясы ақындарға кенде емес. Жақында "Көкжиек" әдеби ұйымы "Санадағы сәйгез оқ" деген поэтикалық дуэль өткізді. Сонда қазылар алқасының мүшесі болып, жастардың беталысын байқадым. Поэзияның жұлдызы бұдан да биікте жана беретініне көз жеткізгендей болдық. Жалпы, Жәнібек Әмре, Алмас Борис, Ақгүлім Ерболқызы, Ерасыл Дарханұлы, Ықпал Қапарғазы, Шұғыла Адалбек, Мағжан Асқар сынды жас буындар өсіп келеді екен.

Ақын, Бауыржан Әліқожадан бір өлең:
 
Ұзақ түнге сұлу Аймен сырласып,
Мұңын шағып отырады бір ғашық.
Себезгілеп нұр төгеді толған Ай,
Жымыңдаған жұлдыздармен жымдасып.
 
Түн баласы бірге екеуміз қайда да,
Жанымды ұғар бұл әлемде Ай ғана.
Көлеңкемдей жүреді ылғи ілесіп,
Кенелтердей бір сезімге қаймана.
 
Төңкерілген кесе сынды бүгінгі Ай,
Бұлтқа кіріп жатып алды бұрылмай.
Торқа түгі қоюланып түнектің,
Қара қайғы бастадың ба-ей ырылдай?
 
Қара қайғы-қап-қара түн үрейлі,
Қорқыныштар елестетіп дүлейді,
Төбе шашы тік тұрды ма дүниенің,
Дымы ішінде кірпік іліп сілейді.
 
Көкте жүзген секілдімін Ай кезбе,
Бұдан басқа сұрамаңдар жайды өзге.
Жер бетінде мені жоқ деп есепте,
Жоғалады Ай қара аспанда қай кезде.
 
Мен мұңдансам Айда бірге мұңданар,
Мен нұрлансам Айда бірге нұрланар.
Оның хаты-мөлдір жаңбыр шер жуған,
Жауабымды алып ұшты тырналар.
 
Саған барар айналғандай жол мұзға,
Өміріңді сүре аларсың жалғыз да.
...О, несі екен есім ауа береді,
Есімі Аймен басталатын сол қызға.

– Өзіңнің қатарыңнан өлеңдері ұнайтын, өндіріп жазып жүргендерді атай аласың ба?

Тіршілік, жанбағыс деп бәрін соған ысырып қоюға да келмейді. Жазып жатқандар да бар. Өндіріп жазбаса да арасында отты өлеңдерімен бір жарқ ете қалатын қатарластарым бар. Журналистика факультетіндегі жатақханада бір бөлмеде тұрып, алғашқы өлеңдерімнің сыншысы да оқырманы болған Олжас Қасым кейінгі кезде поэмаға да құлаш сілтеп жүр. Онысы өзін-өзі ақтап "Алтын тобылғы" байқауынан бас жүлде алды. Мирас Асан да жан-дүниеңді төңкеріп жіберетін өлеңдер жазады. Жадыра  Байбұланова да өлең өлкесінде жарқырап көрініп жүрген есімдердің бірі. Қазір олардың бірін атап, бірін ұмыт қалдырып жатқан шығармын. Жалпы, болашағынан үміт күттіретін үркердей топтың бары анық.

– Әңгімеңе рақмет!

Т. Раушанұлы