Нұршат ТҰРСЫНХАН: "Тимирязев... Кофехана... Түнгі бір..."

Нұршат ТҰРСЫНХАН: "Тимирязев... Кофехана... Түнгі бір..."

Нұршат ТҰРСЫНХАН – 2003 жылдың 6-сәуірінде БҚО, Бөкей Ордасы ауданы, Сайқын ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚУ 3-курс студенті. Халықаралық “Алаш” өнер орталығы ұйымдастырған “ЖАС ЖҰЛДЫЗ” шығармашылық байқауының жеңімпазы. Республикалық “Үздік жас ақын-2021” төсбелгісінің иегері. Республикалық “ҚАУЫРСЫН ҚАЛАМ”, “АЛТЫН ҚАЛАМ” шығармашылық байқауларының І орын иегері. “Ғазал” жас ақындар клубының мүшесі. “Сүмбіле” шығармашылық бірлестігінің жетекшісі.

Элегия
(I)

Сормаңдайлар мына біздей жоқ тегі,
Көз жасы боп қарашыққа мұң сіңген.
Мен сен жайлы ойлағанда, көктегі
аспан жылап, Алатау да күрсінген...

Қос жанардың нұры сөнген секілді,
Көктөбеден көрік кеткен, сән кеткен
Ғашықтықтың балладасын не түрлі
Алғашы рет сонда жүріп әндеткем.

Сұр перденің арасынан сығалап,
Қу әйнекке телміреміз еріксіз.
Сен болмасаң Алматының ең әсем
жерлерінің барлығы да көріксіз...

Сезгендей-ақ жүректегі мұңды кіл,
Кәрі таулар тыныштыққа бас ұрған.
Тимирязев.
Кофехана.
Түнгі бір.
Көрмеген боп өте шығам қасынан.

Күз келсе айып жапыраққа тақпа түк,
Жаны жетім мен сияқты оның да.
Қурағанша тәнін жерге таптатып
кетпеші деп жылап жатқан жолыңда.

Мекеніне кештеу жеткен хабар бар,
Қалам - қару, ал жазылған тор - түнек.
Бір-бірімен түйіспеген жанар бар,
Бірін-бірі ұғынбаған жоқ жүрек.

Үнсіздікті ұға алсақ қой құба-құп,
Мен-мен деген сезімдер де тым әлсіз.
Ғашықтар жүр бірін-бірі жұбатып
Тек біз ғана сыңарсыз...

***

Жазмышымнан ғайып боп Сен кеткелі
дәрменсіз дерт алды ғой дендеп мені…

Көкірегіме ең мөлдір мұң тұнады,
Білем, түбі бәрі де ұмытылады…

Қайдан саған қайырылды кекшіл басым?
Менің әлсіздігім ол – Сен шығарсың…

Самайымнан сипалап «аяулы өлең»,
Оттай қарашықтардан қаяу көрем…

Сонда маған қарадың тым алыстан,
Сонда саған көңілім құрақ ұшқан…

Жалыныңа аяусыз күйемін кеп,
Сен айтпадың бірақ та «сүйемін» деп…

Бір сәт болды бар сыры мәлім маған,
Сұрақ қалды жауабы табылмаған…

Саған мені ұнай ма қинайтының?
Маған сені ұнайды қимайтыным…

Ішке жұтып жасымды, үнсіз бүгін,
Менің әлсіздігім ол – Сенсіздігім…

Сенің үнің – ең тәтті жұбанышым,
Сенің үнің – ең сәтсіз қуанышым…

Күлдім бе шын, білмеймін, жыладым ба?..
Сенің үнің, әйтеуір, құлағымда…

«Қимасым» боп үзілдің кірпігімнен,
Бақытты боп кетемін бір күні Мен…

Көресің!

***

Жолдар жүйрік, бірінен бір озған, ә?
Біз келеміз,
Жатыр жетім боз дала.
Сағынышқа құл боп әбден жалықтым,
Сағыныштың жәйін, Апа, қозғама!

Күндер қалды тулап жігер, тасынған,
Табылмайсың сен де менің қасымнан.
Мұнда бәрі қатыгездеу, тәкәппар,
Сипамайды ешкім келіп шашымнан.

Балаң шақты күрсініп құр ойға алам,
Шыбық мініп, тай қуалап ойнаған.
Ентігіп кеп әжем сауған саумалға,
Сүзбе менен ірімшікке тоймаған.

Қалай ғана қия аламын жұртымды,
Жүрегіме сағыныштан жыр тұнды.
Маған сақтап жүрші, Әже, жарай ма?
Өзің сүзіп, өзің қатқан құртыңды.

Кешір, Әке, тұра алмасам сертімде,
Отыра қап мұң шағайын мен кімге?
Мені тірлік алалайды көр де тұр,
Арашалап жүрші бірақ сен күнде.

Солай, Апа, қадіріңді рас - ұқтым,
Құшағыңа аңсар ауа асықпын.
Күйреуге де, сағынуға үйреткен
Беу, дүние!
Мен өзіңе ғашықпын!

Қайран менің, реңі кеткен боз далам,
Талайлардың жүрек қылын қозғаған.
Менен асып озған жүйрік жандар бар,
Сенен асып, мен алайда озбағам.

Көнбіс тағдыр,
Кетті қанша түн ауып,
Сағыныштан солғын бейне қуарып.
Бізден басқа жанның бәрі бақытты,
Біз Алматы екеуіміз жылауық...


***

Жолданбаған хаттарыма жыр куә!
Сезіміме түндер куә бейкүнә!

Теңіз болып толқын тербеп тілдесіп,
Аспан болып ақ арайдан нұр кешіп…

Қайыры жоқ тәуекелге бас ұрып,
Талай күнді бұлт ішіне жасырып –
…біз екеуміз – жаңбыр болдық жаумаған.
Шағаламыз қиқу әнге салмаған.

Біз екеуміз – еріп кеткен ақ қармыз,
Біз екеуміз – ерте біткен ақпанбыз…

Біз екеуміз – сары ала күз сағыныш,
Біз екеуміз – жазылмаған жазымыш…

Басымыздан талай нәубет өткеріп,
Тағдыр бәрін қалғандай ма көп көріп?!

Қыз-қыз қайнап өкінішім тұр іште,
«Кетпеші!..» деп жылайтындай Періштем.

Мен ажалға асықпаймын дегенмен,
Сенің ғана құшағыңда өлер ме ем?!

Аттап өтіп бұйрығынан Құдайдың,
Құшағыңа үнсіз келіп құлаймын…

Құлаққа ілмей дүниенің мазағын,
Мақұл көріп дүмпуі мен азабын.

Сен туралы түрлі ойларға көмілем…
Айтпай кеттім екен тағы нені мен?

Өткен күннің буына үнсіз масарып,
Тамып жатты қимастықтың жасы анық…

Мұң сіміріп алдыдағы құс жастық,
Біз екеуміз жас боп тамып, қоштастық…

Тербетіліп бесігінде дәуірдің,
Тербеп бізді тұрғандай ма тәуір мұң?!

Менің мәнсіз ғұмырымның – ғажабы!
Менің мәнсіз ғұмырымның – Ғазалы!

«Сен!» деп үнсіз тілейтіндей тек іштен,
«Сен!» деп үнсіз сыбырлайды Періштем…

Сағымға еріп бара жатып Мен күлдім,
Сағымға еніп кеттің де Сен ұмтылдың…

Қош!..

«Жұбату»

Миықтан күліп, қызара бөртіп тұратын,
Өз ұясына батып барады бұла күн…
Мен – Аспан болдым!
Нөсерлетпеген жаңбырын,
Жаурамас үшін жердегі жүрген «бір Ақын…»

Қара жер болдым кеудесін зілдей көтерген,
Күнәсі болдым өтелмеген һәм өтелген.
Табанын күнде тіреп жүретін топырақ,
Сол топыраққа айналып бір күн кетем мен…

Жайық та болдым!
Кең дариясы бұлқынған…
Арнасына кіл қасірет тұнған, мұң тұнған,
Менің жағамда уыс парақтар жыртылған,
Менің жағамда күйбең тірлік те ұмтылған.
Алыстан көз сап, көмілгенде ауыр ойларға,
«Ақын» деп үнсіз қарап жатушы ем сыртыңнан…

Мен – Өлең болдым,
«Мәңгілік» содан есімім…
Ебіл де, дебіл жылайды іште есіл үн…
Дүниеге бір күн Өлең әкелсе Өмірің,
Менің атыммен атаңдаршы оның есімін…

***

Біз ешқашан жолықпайтын көшемен,
Жолығудан жалықпайтын көшемен.
Ізін қуып есте қалған көп күннің,
Ізін қуып есте қалған көп түннің
«жалғыз» өттім кеше мен…

Басын иіп жолымдағы ақ қайың,
Ақ қайыңның жапырағын қайтіп қана таптайын?
Көз алдымда ойнақтайды сағым сәт,
Кеше ғана орын алған шақтайын…

Мың құбылып сабыры жоқ көңілім,
Күйін кешіп тірінің һәм өлінің.
Осы жолда өтіп жатыр өзіңсіз
Менің мынау мағынасыз ғұмырым.

Алыстатып тентек тағдыр араны,
Қала бердім, болмай басқа амалым.
Жалғыз кезіп сен жүрмейтін жолдарын,
Сен тұрмайтын қаланың…

Қуысында көкірегімнің мұң сыздап,
Қанаттарым қатулы ғой сенсіз де-ақ…
Кімді, не деп жазғырамын мен бұған,
Болған ба еді мұңсыз бақ?..

Біз ешқашан жолықпайтын көшемен,
Жолығудан жалықпайтын көшемен.
Естелігін теріп ескі күндердің,
«жалғыз» өттім кеше мен…

Сен ешқашан оралмайтын қаланың,
Мен сені іздеп бара алмайтын қаланың,
Көшесінде жалғыз кетіп барамын…

***

Элегия
(II)

Сағыныштың пілтелерін қарып мұз,
Біздер-біздер... Жатсынып та қалыппыз.

Жүрегімді есті әуен тербемей,
Ессіздерше мұң құшамын мен неге, ей?!

Бәрі де өлген!
Естелік те!
Есім де!
Мен, жалғыздық,
Алматының кешінде...

Мылқау тірлік. Алагеуім шақтарда,
Бір қыз өлең оқиды екен бақтарда.

Сол қасірет кернеп боп-боз сұлбасын,
Жанарында ұшқын өлген, мұң басым.

Үмітінің үзілгендей сабағы,
Ұялыға үнсіз көзін қадады.

Бір адам бар...
...қайырылмайтын, шернеме!

Бір үміт бар...
...соғып тұрған кеудеде.

Өзеурі өлең,
Ей, өміршең, жырлар-ай,
Іште өліп кете барды бұл қалай?

Менің неге сені іздеуге жоқ хәлім?
Мен несіне жетісемін?! Ұқпадым.

Саған-саған, барар жолдар шалғай тым,
Жолдар ұзақ сезімдерді жалғайтын.

Менмін, Апа!
Дүниеден безінген,
Сені іздеймін, кәусар, мөлдір кезімнен.

Кештің бе әлде, кешпедің бе, білмеймін,
Мені өксітіп барады ғой өңкей мұң...

Жабырқатып, жатырқатып біздерді,
Алматыға көптен күткен күз келді.

Ұмыт болып, ұмытылмас сәттерім,
Қойынына жиып бәрін дәптерім.

Жасқа күліп жанарымнан ыршыған,
Өз қайғыма өзім ғана тұншығам.

Мен тағдырдың әр үкімін құп алам,
Мені неге түсінбейді, бұ ғалам?!

Айтшы, Апа...

Т. Раушанұлы