Кешегі қанды майданда: Соғыс туралы өлеңдер

Кешегі қанды майданда: Соғыс туралы өлеңдер
Фото: cameralabs.org

Ұлы Отан Соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар да болды. Тек теңіздің тамшысындай ғана етіп, солардың бір парасын ұсындық. 

О, ерлер - ау, ерлер - ау

О, ерлер - ау, ерлер - ау!
Еділге бүгін жау шапты,
Ежелгі ерке, ер Еділ
Солдат болып оқ атты.
Ерегісте, ұрыста
Еділ бетін боятты,
Су орнына қан акты,
Мұз орнына қан қатты.
Күн туды ер басына,
Ер бойына тер қатты,
Күн туды ат басына,
Арғымаққа ер батты...
Елім сүйген ақ Еділ
Азаланып тіл қатты.
Сұлу Еділ, сырлы Еділ,
Жібек Еділ, жырлы Еділ
Құшағында майданның
Аналық адал ақ сүтін
О, ерлер - ау, қандатты!

О, ерлер - ау, ерлер - ау,
Еділ, Жайық біздің жер,
Өлең қылған неше рет,
Көтеріп оны біздің ел,
Бұл — Төлеген өлген жер,
Бұл — Чапаев өлген жер,
Азамат ақын ардагер,
Некрасов сүйген жер.
Ер-азамат, жігіттер,
Атысар жер осы жер!
Алысар жер осы жер!
Тартысар жер осы жер!
Жоғары көтер кеудеңді,
Ұмтыл алға тезінен
Жүріңдер тез, жүріңдер!

О, ерлер - ау, ерлер - ау,
Сүйісейік келіңдер!
Бекінейік сертпенен,
Жағасында Еділдің
«Ант!» де де қолың бер.
Сыннан өткен жігітті
Сүйіп-сүйіп Ақ Еділ:
«Арыстаным, айбаттым,
Ардагерім жауынгер,
Міне, менің, ұлым!», — деп
Көтеріп сені көрсетер.

Баубек Бұлқышев

***

Бұған құлақ түрмеген түбі арандар

Кеше ғана бала едік,
Сенесің бе?
Жүрміз қазір қырықтың белесінде,
Жоқ есімде көңілді балалық шақ,
Жұтқын соғыс бірақ та әлі есімде:
Ашу-ыза көбейіп қанымызда,
Азайған кез жанымыз,
Санымыз да.
Сол жылдардың таңбасы өшер емес
Басып кеткен күйдіріп жанымызға.
Көре алмадық қу жанын жасырғанды,
Қу өлімнен қулығын асырғанды.
Анасы боп жетім ұл,
Жетім қыздың
Ақ жаулықты жеңгеміз жесір қалды.
Естімедік ол кезде мұңсыз әнді,
Қаралы күй кернеді үнсіз маңды.
Жиырмасында жас қыздар гүлдей солып,
Алпысында әжеміз ұлсыз қалды.
Мүлік емес қайтадан құрап алар,
Ойсыраған жүрекпен жүр аналар.
Адам түгіл
Адамның суретінсіз
Үңірейіп қалмай ма рамалар?!

Қадыр Мырза-Әли

***

1941 жыл. Ақпан

1941 жыл ақпандатқан,
Сыртта аяз.
Аулымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат аспан, жерді аттандатқан.
Аттан! деді,
Ол ертең аттанады.

Аттанады еңбектің ақ табаны:
Күрегінің орнына қару алып,
Жауынгердің ролін атқарады.
Ол ертең аттанады.

Жарты Ай тұр шар аспанда - тозған таға,
Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма?!
Әжем жүр туған жердің топырағын,
Тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға.

Ол отыр.
Аямай-ақ ішіп алған.
Санасын мазалайды күшік-арман.
Аттан, әке.
Таныс қой күрес саған,
Күресуі керек қой күші бар жан.

Here бізге үмітсіз тесілесің?
Аттан, әке.
Жолыңнан кешігесің.
Кеудесінде шыбыны бар паңырлар,
Тауып жейді сенсіз де несібесін.

Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана,
Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана.
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, әке бізге табыла ма?

...Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған...

Мұқағали Мақатаев

***

Кешегі қанды майданда

Кешегі қанды майданда
Хабар-ошарсыз кеткендер
Қайтып келер ме еді бір?!
Туған ауылдарын,
Тума бауырларын
Табысып көрер ме еді бір?!
Жыламау мүмкін емес,
Бәрі де жылар еді,
Бәрі де сұрар еді
От-судан аман ба деп
Туған жердің құба белі.
Біз игерген тыңды айтар едік,
Су келген құмды айтар едік.
Көрсетіп бау-бақшаларды,
Көрсетіп Қапшағайларды,
Қаратау, Теміртауларды,
Аралап бір қайтар едік.
Туған жер, уыс топырақ,
Бір сәттік көркің үшін де
Он өліп, он тірілсең де,
Пида ғой жан менен тән.
Ұмытылмас бірақ
Қайран Отан, қайран Отан!

Кеңшілік Мырзабеков

А. Оралқызы