Қараша – ақындар айы

Қараша – ақындар айы

Қараша – күздің соңғы айы. Жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды. Аспанды зілмауыр қара бұлттар қаптап, дамылсыз жаңбыр жауатын, жаңбыр арты қарашаның қарына ұласатын мезгіл. Жыл құстары туған мекенінен жылы жаққа бет түзеп, мәз дәуренімен қимай қоштасатын қиқулы уақ. Осындай өліара кезең болғандықтан шығар бұл айды "ақындар айы" деп те атайды. Массагет порталы қараша туралы қазақ ақындардың өлеңдерін ұсынады.

Қарашада өмір тұр

Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң, қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші — қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да, сөнер ме?
Талаппен ұшып, талпынып,
Шартарапты көздемес.
Пайданы қуып алқынып,
Өзгені әсте сөз демес.
Кеудесі — толған қулық ой,
Бәрі де пысық, езбе емес.
Құмары оның айт пен той,
Пайда мен мақтан, өзге емес.
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтап, шалқып, шатпай ма,
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын бұлдап сатпай ма?
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
„Қу", „пысық" деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?

Абай

Қараша

Құстар да жоқ күні кеше шуласқан,
Қара бұлттан көрінбейді дулы аспан.
Ақ тұманға оранғанда хауыздар,
Алып айна сияқты екен бу басқан.
Жыр оқысаң бәрі де анық әріптің
Жаздың түні болушы еді жарық түн.
Күзгі парк жапырақсыз,
Гүлзарсыз —
Парк емес —
Әруағындай парктың.
Жастар құмар бақыт дәмін татуға,
Жазда олар асықпайтын жатуға,
Қазір енді, айтпағанда адамды,
Күннің өзі асығады батуға.
Күз бояуы өшірген бе,
Көріңдер:
Гүл сияқты емес күзгі еріндер...
Бірақ кеше ғажап көктем өткенін
Салады еске аяғы ауыр келіндер! 

Қадыр Мырза Әли

Мезгіл ауып барады Қарашаға

Мезгіл ауып барады Қарашаға,
Хал-жайыма Қараша караса ма?
Əлі күнге өзіңді аңсай берем
Жəрмеңкесі жастықтың тараса да.
Топ ішінен өзің ең таңдағаным,
Тағдырыма жазбаса, бар ма амалым,
...Тоты қыздың қылығы еске түссе,
Төсегімнен тұра алмай дал боламын.
Балақаздай баптаған құсым едің,
Алажаздай айдында ұшып едің.
Көрсем-ау деп жүзінді жүдей-жүдей
жүз батпан жүк жүрекке түсіремін.
Мезгіл ауып барады Қарашаға,
Қарашамен жай-күйім жараса ма?
Жалғыздықтан құтқарар жан көрмедім,
Өзің келіп түспесең арашаға...

Исраил Сапарбай

Қараша да келіп қалыпты

Қараша да
Келіп қалыпты…

Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.

Үйкүшік боп алдым:
Аяққа тұсау салынғандай.
Жан-жақтан
Құрсау қағылғандай.
Күні кеше ғана
Үйге сыймайтын едім,
Үй түгілі
Дүниеге сыймайтын едім.
Сөйтіп мен
Екі көзі төрт болып
Жолымды тосқан
Бәйбішем Шолпанды
Қинаудай-ақ
Қинайтын едім.

Бүгінде, міне,
Мен жүретін
Маршруттардың
Бәрі де жоқ болып,
Мен мінетін
Көліктердің
Бәрі де тоқтаған…
Басқаша айтуға
Амалым жоқ қой,
Осылай ақталам…

Бір кезде
Аспанға шапшып
Лаулап жанатын
Жанымның оты
Өлеусіреп тынғандай.
Жапырақсыз
Анау ағаштардың
Желмен қозғалған
Жалаңаш бұтақтары
Мен байғұсты
Мошқап тұрғандай…

Күмән мен
Күдік жайлаған
Кеудем ішінде –
Түсініксіз! –
Қауіп тұр.
…Ал сыртта
Қар аралас
Жаңбыр жауып тұр…

Қараша да
Келіп қалыпты…

Темірхан Медетбек

***
Қалада кешегі уақыт,
Дымқылдау қараша демі.
Жылатып,
Тағы да жұбатып,
Үлгерді ол мені.

Көшелер өлеңнің жолы,
Ешкім де табылмас оқыр,
Автобус тағы да толы,
Тағы да бос келе жатыр.

Бос кетіп барады көңіл,
Көңілсіз радио үні.
Қалада кешегі өмір,
Мұңымның алғашқы күні.

Сезінген алғашқы күнім,
Жалғыздық,жалғыздық сені.
Сендірді-ау көңілдің гүлін,
Ызғарлы қараша демі.

Бір топ тұр біреуге қарап,
Қабаттан құлаған биік.
Ол байғұс ішіпті арақ,
Пышақтың жүзіне құйып.

"Өлгенше ішкені несі,
Ақылдан адасқан болар?!"
Меніңше,тым дұрыс есі,
Білмейді олар.

Мейірімсізге өлі жатып,
Қарсылық көрсетер бәлкім.
Қалада кешегі уақыт,
Уақыт сұрап жүр әркім.

Өзімде өзімнің мұңым,
Өзіме уым да балдай.
Жылағым келеді бүгін,
Ешкімді жылатып алмай.

Қымсынар несі бар елден,
Бәрі жай көрінер бекем.
Шын жылап алғысы келген,
Жассыз-ақ жылайды екен.

Ызғарлы қараша демін,
Жұтамын бар жандай өші.
Бір досым бар еді менің –
Ал оның жоқ екен досы.

Автобус келеді үнсіз,
Радио қарлығып сөнген.
...Сіз қайда жүрсіз,
Мен кеше жаныммен сенген?!

Сендіре алмадым ба әлі,
Ақынға сенбей ме бақыт?
Уақыт сұрап жүр бәрі –
Қалада кешегі уақыт.

Тұнжырап келемін түндей,
О қайда барарын білмей.
Әлдене өзгертетіндей,
Әлдекім өзгеретіндей...

Тәңірден,қоғамнан жырақ,
Соңғы өлең лап етіп ойда.
Әлдекім тағы өлді-ау құлап...
Әйтпесе мен сенгем қайда?

Ерлан Жүніс

Қараша

Қоштасу айы – қараша.
Үйренді дәтім Жалғанға.
Мұңның өзі де – тамаша,
Өмірді ұға алғанға?
Адасқақтармыз – біз әлі,
Тағдырдың тармақ жолынан...
Алысқа құстар ұзады.
Еріп кетсем ғой соңынан!
Ыңылдап жүрсе үнемі,
Адамдар,
Мұңға бөленіп!
Кері ақпас уақыт, білемін.
Қоңырлау, сірә, өлеңім?
Шілік те, тал да қалтырап,
Шеңгел де тоңды-ау Түздегі.
Қайыңдарды да, балтыры ақ,
Өкпелеткендей Күз желі...
Қоштасу айы – қараша.
Мен бармын – үміт үзбейтін.
Қызғана сүйем оңаша,
Өмірдің осы қыз кейпін.

Мерей Қарт

Т. Раушанұлы